Василий Шукшин. Ойлар

ӘДЕБИЕТ
615

Василий Шукшин

(әңгіме)

Түн баласында істейтіні осы!

Селодағы абыр-сабыр басылып, жұрттың көзі ұйқыға бара бере-ақ ол іске кіріседі... Селоның бір шетінен шыға сала азынатып келе жатқаны сайтанның. Жүре тартып аңыратады да отырады. Ал оның гармоны да ерекше итше ұлиды. Жібі түзік, үн де жоқ, дауыс та жоқ дарылдаған бірдеңе.

Нинка Кречетоваға ауылдастары:

– Мынаған сен тезірек күйеуге шық! Бұл жексұрын мазамызды әбден алып болды, – деп жік-жапар болады.

Нинка қылымси күліп:

– Оны тыңдап қайтесіздер. Ұйықтай беріңіздер, – дейді.

– Қайдағы ұйқы, терезенің дәл түбіне келіп күжілдетіп тұрғаны жексұрынның. Өзен жаққа да қия баспастан, осы маңда жүреді де қояды айналсоқтап. Қасақана дерсің.

Ал еңгезердей, салпы ауыз Колька Малашкиннің өзі көздерін сықсита қалып:

– Қақым бар. Заңда бұл жөнінде ешқандай бап жазылмаған, – дейді.

Осындағы колхоздың председателі Матвей Рязанцевтің үйі дәл Колька мүйістен айнала бере көшеге шығатын бұрышта. Мүйістен шықпай жатып дарылдаған гармонь дауысы сол үйді айналып өтеді де, содан көпке дейін естіледі де тұрады.

Гармонь дауысы мүйістен басталысымен-ақ Матвей төсектен басын көтеріп алып, екі аяғын төмен салбыратып жіберіп:

– Жетеді енді, ертең оны колхоздан шығарамыз. Сыныққа сылтау іздеп табамын да шығарамын, – дейтін.

Ол түн сайын осыны айта тұра, Кольканы колхоздан шығарған да жоқ. Тек күндіз онымен кездесе қалғанда:

– Сен осы түні бойы сайран салғанды қоясың ба, жоқ па? – деп сұрайды. – Күндізгі жұмыстан соң жұрт демалып жатса, сен зікір салып оларға маза бермейсің!

– Қақым бар, – дейді Колька баяғысынша.

– Көрсетемін мен саған қақыңды!

Бар болғаны сол. Осымен әңгіме де бітетін. Ал Матвей күн сайын төсегінің үстінде отырып алып:

– Ертең шығарамын, – деуден жазбайды.

Сонан соң төсек үстінде ұзақ отырып ойға кетеді...

Гармонь көше бойлай ұзап, оның үні өшкеннен соң да Матвей отыра береді. Орындық үстіндегі шалбарын сипалап тауып, оның қалтасынан шылымын алып, тарта бастайды.

– Түтіндетпеші, әрмен!— деп күңкілдейді зайыбы Алена.

– Ұйықта, – дейді Матвей.

Ойға не келді сонда? Былайша... айтарлықтай ештеңе де жоқ. Тек өткен күндер еске түседі. Бірақ тайға таңба басқандай сайрап тұрған ештеңе жоқ, үзік-үзік, бұлыңғыр бірдеңелер. Дегенмен, гармонь дарылдап, ашық тұрған терезеден салқын самал аралас бақшадағы жусанның ащы исі аңқыған сондай бір айлы түнде басқа бір түн еске түскен-ді. Ол өте бір тастай қараңғы түн болатын. Әкесі және інісі Кузьма үшеуі деревнядан он бес шақырым жерде шоп шауып жатқан-ды. Кузьма күндіз терлеп жүріп бұлақтан мұздай су ішкен еді, сол түні оның тамағы жұтындырмай қырылдады да қалды. Әкесі Матвейді ұйқыдан оятты да Игренканы (ең шалымды дөнен) ұстап мініп, құйғытқан бойы барып ауылдан сүт әкелуге жұмсады.

– Мен мұнда от жаға берейін... Кузьмаға ыстық сүт ішкізбесек, баладан айырылып қалып жүрерміз,деді.

Матвей жайылып жүрген аттарды іздеп тауып, Игренканы жүгендеп мінді де, оны тұсау жіппен қамшылап деревняға қарай құйғытты. Міне, енді... сол Матвейге кешікпей алпыс жас толады, ол кезде он екі-он үштегі бала еді сол түнді әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Ат та, адам да қараңғы түн қойнында жұлдыздай ағып келеді. Түн де бұларды қарсы алып, шық басқан дымқыл шөптердің жұпар иісі бетке ұрып тұр. Баланы әлдебір тосын желік билеп алғандай, құр екпін боп ағып келеді. Ұшып келеді дерсің жер бетінен көтеріле сала ұша жөнелгендей. Түн көзге түртсе көргісіз: жер де, аспан да, тіпті астындағы аттың құлағы да көрінбейді, тек мұның құлағы ғана шулайды, түнгі зұлмат дүние мұны қарсы ала жөңки зулап өтіп жатқандай. Кейінде қалған інісінің халі нашар екені есінде де жоқ. Көңілі тасып, өне бойын ағын билеп алған... Әлдеқалай бір дес бермес қуаныштың аңсаған армандай сәті тап болған.

...Бұдан соң ол қайғыға кездесті. Ол сүт алып келгенде, әкесі кенжесін көкірегіне басып, оны бейнебір әлдилегендей-ақ ошақты айнала жүгірумен жүрді.

– Сабыр ет, балам... Мұның қалай? Сәл шыдай тұр. Шыдасаңшы. Қазір сүт пісіреміз, қазір ес жиясың, айналайын... көрдің бе әне, Мотька сүт әкелді!..

Ал кішкентай Кузьманың тынысы тарылып, жүзі көгеріп бара жатты.

Матвейдің соңын ала шешесі келгенше Кузьма үзіліп те кетті. Екі қолымен басын таянып әке отыр, теңселе түсіп, күйзеле, күңірене аһ ұрады. Матвей інісіне әлдеқалай бір таңырқаумен шошына қарады. Күні кеше ғана онымен шөпке аунап, асыр салып жүрген еді, міне, жүзі қу шүберектей болып бөтен бір бала жатыр. ...Таң қаларлық бір нәрсе: жексұрын гармонь мұның есіне неліктен осы оқиғаны түсірді екен? Басқа да емес, сол бір түнді. Одан соң да талай дәурен өтті емес пе... Үйлену, ұжымдастыру, соғыс. Небір түндер келіп, небір түндер кетті де ғой! Бірақ оның бәрі де көнеріп, естен шығып қалған. Матвей өмір бойы қажетті істерден бас тартып көрген емес. Колхозға кіру керек деген еді кірді, үйленетін мезгіл жеткен еді үйленді, Алена екеуі балалы-шағалы болды оларды тәрбиелеп өсірді... Соғыс басталған еді майданға аттанды. Жаралы болды да, басқа жігіттерден бұрын ауылға қайтып оралды. "Матвей, сен председатель бол. Басқа лайықты адам жоқ" дескен еді. Төраға болды. Қадірінше бұл іске де төселе бастаған, басқалар да оған бауыр басып кетті, сол жүкті бұл күні бүгінге дейін арқалаумен келеді. Жұмыс деген өмір бойы оның есінен екі елі шыққан емес, жатса-тұрса ойлайтыны жұмыс. Соғыста да ойлағаны сол жұмыс болған. Оның өміріндегі қуаныш та, өкініш те сол жұмыспен байланысты болды. Кейде, мәселенки, айналасынан "махаббат" деген сөзді ести тұрса да, оның не екенін онша түсіне де қойған емес. Өмірде махаббат дегеннің бар екенін білді, өзі де кезінде Аленканы (қыз күнінде сұлу болатын) сүйген болар, бірақ бұл жөнінде бірдеңе білетін едім деп көрді ме екен жоқ. Басқалардың махаббат жайында он салғанын, күйіп-жанғанын көргенде, тіпті сол үшін атысып та қалады екен дегенді естігенде, олар осының бәрін былайша көз алдау үшін жасамай ма екен деп те күдіктенетін. Көз алдау болмаса, махаббатты сөз ету адамдардың бойындағы әдет сияқты бірдеңе шығар, сонан соң, махаббат жайын әңгімелей беретін болар деп те ойлайтын. Үйлену сайып келгенде бәрі де осыған тіреледі! Ал Колька сүю дегеннің не екенін біле ме екен? Әрине, ол Нинаға сүйкімді бойжеткенге көз тастайды. Үйленетін уақыт жетіп кернеп әкетіп бара жатса, ол ақымақ неме түн баласында тыным таппай сандалып, итше "үріп" жүргені. Жүрмеске лажы қайсы? Жас, тепсе темір үзгендей. Ежелден осылай болып келеді. Бір тәуірі, әйтеуір, бүгінде қызға таласып төбелесу жоқ, бұрын қырқысып жататын. Матвейдің өзі де сан рет төбелеске түскен-ді. Онда да осылай болатын қол қышып, күш кернеп бара жататын. Ол күшті бір жаққа жұмсау керек емес пе.

Бір жолы Матвей осылайша ойға шомып, төсек үстінде отырған шағында шыдай алмай әйелін түртіп қалып:

– Тыңдашы... Оянсаңшы, сенен бір нәрсе сұрағым келіп отыр, – деді...

– Не боп қалды? – деді Алена таңырқап.

– Сенде ертелі-кеш сүйіспеншілік деген болды ма? Маған болсын, басқаға болсын. Бәрібір.

Алена айран-асыр боп біраз жатты да:

– Сен өзің ішкеннен саумысың, – деді.

– Қайдағы ішкен!.. Сен мені сүйдің бе немесе былайша... әдет бойынша тидің бе? Мен шынымен сұрап отырмын.

Ерінің "жұтпағанына" Аленаның көзі жете тұра, тағы да біразға дейін үн-түнсіз жатты, бұл да білмейтін еді, ұмытса керек.

– Мұндай ой сенің басыңа неліктен келе қалды? – деді.

– Бір нәрсені түсініп алғым келеді, түбі түскірді. Көңілім әлдеқалай бейжай. Ауырып қалмасам жарар еді...

– Әрине, сүйдім! – Алена кесіп айтты. – Сүймесем саған келемін бе. Минька Королев соңымнан қалмай-ақ баққанды. Оған барғаным жоқ. Түн ортасында сүйіспеншілік жайын неліктен еске алдың? Ойыңда бірдеңе бар ма еді?

– Кетші әрі! – Матвей жақтырмады. – Ұйықта.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, сиырды таңертең табынға қос, мен елең-алаңда қатындармен жидек теруге барамын.

– Қай жаққа? – деді Матвей жұлып алғандай.

– Сенің шабындығыңа бармаймыз, қорықпай-ақ қой.

– Шалғынды жапырар болсаңдар, ұстап аламын да, он сомнан айып саламын.

– Біз өзіміз білеміз, шабылмайтын, ал жидегі қып-қызыл боп тұнып тұрған бір жер бар. Сен ана сиырды табынға қос.

– Жарайды.

Бәсе, інісіне сүт әкелуге барған түні не болғаны, сол түннің бүгін аяқ астынан еске түсе қалғаны қалай?

"Тегі, ақылдан алжаса бастасам керек, – деп ойлады Матвей қамығып. – Қартая келе адам алжасады".

Ал іштегі кесел айығар емес. Ол тіпті қолындағы "дарылдағанымен" қоса Кольканы күтіп елегізіп отыратынды шығарды. Көпке дейін көрінбей кетсе, мазасыздана бастайды. Нинаға ыза болып: "Құнажын сиырдай болған неме! Оны оңайшылықпен жібере қояр ма!" деп тісін қайрайды.

Солайша күтумен отырады. Шылым шегеді. Шеткергі бір көшеден гармонь даусы естіле бастаса, кесел де күшейе қалады. Бірақ өзі бір түрлі түсініксіз, сол кесел қажет те сияқты. Онсыз әлде бірдеңе жетпей тұрады.

Тағы да бір таңертеңгі мезгіл еске түседі... Шөптесін жермен жалаң аяқ келе жатасың. Шөпті меруерттей шық басқан. Соңында көкпеңбек болып ізің жатады сайрап. Аяғыңды шық қариды. Есіңе түсе кетсе қазір де аяғың мүздап сала береді.

Бір мезет өлім еске түседі: демек, кешікпей бәрі де бітпек керек. Қорқынышы да, уайымы да жоқ, бірақ түсініксіз: бәрі де орын-орнында болмақ, бұл түсінікті, ал сені зиратқа апарады да көмеді. Сонда мұндағылар не болмақ, бәрі де баяғы қаз қалпында тұра бере ме: осы жағын түсіну қиынырақ? Мәселенки айталық, күн шығады, батады әлімсақтан бері шығып та, батып та келеді, бұл жағы белгілі. Ал деревнядағы адамдар басқа болады: оларды сен еш уақытта да танымайсың... Мұны ешбір түсініп болмайды. Матвей Рязанцев деген кісі болғанын олар он-он бес жылдай естерінде сақтар" ал сонан соң бітті. Мұндағылардың тіршілігін білгің-ақ келеді емес пе. Ешқандай өкінішің де жоқ сияқты: күнді де көріп бақтық, мерекелерде де сайран салып, көңілді дәурен сүрдік... және... Жоқ, өкінерлік ештеңе жоқ. Көпті көрдік. Бірақ ойлап қарасаң: сен жоқсың, басқалар орнында, енді қайтып келмейсің. Қалғандар үшін сенің орның толмайтын да шығар. Әлде олай емес пе екен?

"Тфу!.. Жоқ, қартая бастаған екенмін". Осындай ойлардан ол әбден шаршап та болды.

– Естимісің-ей!.. Тұр. – Матвей әйелін оятты. – Сен өлімнен қорқасың ба?

– Саған бірдеңе көрінген шығар! – деп күңкілдеді Алена. – Ондай жалғыз көзді тажалдан кім қорықпайтын еді.

– Мен қорықпаймын.

– Олай болса ұйықта. Оны несіне ойлайсың?

– Сен де үйықта!

Көзге түртсе көргісіз сол бір түн ат үстінде құйғытқан түн еске түскенде жүрек шымырлап кетеді.

Сескене де, лүпілдей соғады. Жоқ, тіршілікте бірдеңе бар, әлдене өлердей өкінішті. Ойласаң көзіңе жас келеді.

Түні бойы ол Кольканың гармонының үнін ести алмай қойды. Отырып алып шылым шекті... Колька сол күйі қарасын көрсетпей қойды. Ақыры кездестіре алмады. Жалықты.

Елең-алаңда Матвей әйелін оятты.

– Біздің азаншының қарасы қайда батып кетті бұл?

– Үйленді ғой ол! Жексенбі күні тойы болады.

Матвейдің көңілі жабырқап қалды, ұйықтамақ болып жантайған еді, ұйқысы келмеді. Таң атқанша көз ілместен жатты. Өз өмірінен тағы бірдеңелерді еске алмақ болған еді, бірақ ойына еш нәрсе түсе қоймады. Тағы да колхоз жұмыстары тұс-тұстан анталай қалды... Кешікпей шөп шабу басталады, шөп шабатын машиналардың тең жартысы ұста дүкенінің жанында қаңтарулы тұр. Әлгі соқыр сайтан Филя ұста серуен салумен жүр. Енді ол тағы да тойға кездеседі ендеше бір апта текке өтті дей бер.

"Ертең Филямен сөйлесуім керек".

Ертеңіне салпы ауыз Колька кездескен еді. Матвей жымия күліп:

– Қалай, туысқан, сайтаның қағылды ма? – деді. Колька да езу тартты... Ол күле қалса екі езуі екі құлағына жететін.

– Қойдым, Матвей Иваныч, бұдан былай түнде сізді мазаламаймын. Бітті.

– Байқа, байқа. – Матвей өз жайына кетті, тағы да: "Несіне жетісесің сен бұқашық? Сені енді Нинка мүйізіңнен алып тырп еткізбей қояды. Кречетовтер шетінен сондай келетін" деп ойлады.

Арада бір апта уақыт өтті. Ай сәулесі бұрынғысынша терезеге төгіле қалған бақшадағы жусан мен картоптың балауса жапырағының иісі аңқып тұр. Төңірек құлаққа ұрған танадай тым-тырыс.

Матвей жөнді ұйықтай алмады. Оянды, шылым шекті... Квас ішпек болып сенекке шықты. Баспалдаққа барып отырып тағы да шылым тартты. Деревня жап-жарық. Тып-тыныш, мүлгіп қалған.

author

Василий Шукшин

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...