Тамаша Қойшыбайтегі Омарқызы - Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентінде 1979 жылы,...
Ерболат Баятұлы. Бөрісырғақ (әңгіме)
- Қасқыр ішігімді қағып- сілкіп, жолға дайындап қойшы- деп, әйеліне әмір еткен Аспанқұл, ескі бесатарынының шақпағын майлап болғасын, орнынан тұрған. " О, жазған-ау, күннің райы болса мынау, бұл қайда барады екен? Жалғыз өзі..."- деп іштей ойлаған келіншегі. Қарағай есікті сықырлатып ашып, сыртқа шыққан. Қаңтардың ортасынан ауған. Тау ішіндегі суық жел бөрідей ұлып, аңғар аңырап тұр екен. Үшшоқының басына үйірілген ұшпа бұлт бірде тұтастанып, енді бірде жүндей түтіліп, жөңкіліп жатыр. " Қалай да бүгін бару керек"- деп шешкен. Осы Аспанқұлдың аңкөстігі де шамалы болатын. Былай жай ғана. Мылтықты қолына ұстайтын кезі аз. Биылғы қысқа қолына алып отырғаны осы. Бір ғажабы атқан оғы зая кетпейтін. Ал, әкесі әйдік аңшы болды. Атағы осы өлкеге жететін. Әкесі өлерінде қатты қиналған. Көз алдына әлденелер елестеген болуы керек. Құдайдың құдыреті күшті ғой. Есін бір жиғанда,- Балам, жазықсыз аң-құсты көп аттым. Солардың киесі қинап жатқан сияқты. Қолыңнан келсе, мылтық ұстап, оқ атпа!- деген болатын. Содан ба екен ол жаз болса, арқа-басы кеңісе ел аралап, сауық құрып, сейіл жасағанды ұнататын. Сейіл, серуен - жан рахаты ғой! Домбыраға қосылып ән айтатын өнері де бар еді. Әжептәуір. Тегінде өнер деп оның соңына түспеген. Машық қылмаған. Кейде біреулердің қолқасымен айтатын. Ондайда кәдімгідей желпініп қалатын. Өзін жап-жақсы әнші сезінетін. Иірімін тауып, үзілдіріп, ырғалтып келіп, жоғары көтеріп әкететін тұсында еркін құлаштайтын. Аспанқұлдың ауыл ішіндегі әншілігі әсіресе сауықшыл сылқым қыз-келіншектерді еліктіретін. Басқасы басқа, солардың ортасындағы Бибісараның көзқарасы, ықыласы бөлек болды. Осы ықылас Аспанқұлдың ішіне шоқ тастап, соның ақыры әуейі әңгімеге ұласқан. Осы өңірдегі сылқым, кербездің маңдайалдысы. Оншақты жыл бұрын күйеуі болған екен. Қайда кеткен, өлі ме, тірі ме - ол жағы жұмбақ. Бұл да ашып сұрамаған. Жасы қырыққа келіп қалса да ту байталдай туырылып тұрған, бәденді, сауырлы, шырайлы, күлімкөз келіншек. Сынын бұзбаған, мүсінін жоғалтпаған. Пұшпағы қанамаған екен. Бұл көңілде тоқтам бар ма тәйірі, алғашқы ұшырасқаннан-ақ мұның есін алған. Аңсап, іздеп тұратын күйге ауысқан. Қапысын тауып әредік елбіреп, езіліп жететін. Ол да солай. Құшағы ашық. Бұл барып, құлап түсетін...Сосын бір-екі күн тапжылмай сонда болатын. Осы жолы да солай болса деп. Түс көрген. Түсінде "Келмей кеттің ғой" - деп наз қылып, ренжіп отыр екен. Оянғанда көкірек басында тәтті бір сағыныш пен аңсар қабыздап жатыр екен. Ақтарылғысы келіп. Сол аңсарын сарыққысы келіп. "Түс те - шайтан- ау осы"- деген ішінен. Жымиып.
Енді міне, күрт бұзылайын деп тұрған ауарайына қарамай, сауығына қарай салып ұрып барады. Қу көңіл-ай деген. Шөліркеген көңіл суатын аңсаған екен ғой.
" Аспанқұл- ау, ауарайы болса мынау, дәл осы күні аңшылық керек пе еді? «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» - деген, абай болғайсың!"- деген әйелінің сөзін үзіп-үзіп естіген. Қаракерін тебініп қалып, сайды құлдилай тартқан. Иығындағы бесатардың оқпаны шошайып, түлкі тымағының екі құлағы салпаңдап, сыдырта желіп бара жатқан Аспанқұлдың соңынан: екі ұлы мен әйелі қарап тұрған еді...
...Сырттан - мойыны жуан, қүдірейген, кеудесі кең, басы қазандай арлан еді. Көздері шоқтай жанып тұратын. Әсіресе түнде. Үшшоқының биігінде тұрып түнімен ұлыған болатын. Мұның зор даусын естіген қасқа үйірдегілер де әр тұстан ұлып, дыбыс беріп шықты. Шоқыдан әнеу төменге қарап тұрып, ауарайын болжаған. Ұшпа бұлттар шың-шоқыларды торуылдап, Тәңіртауын айналсоқтап жүр екен. Қаңтардың басында мол түскен қар күмістей жалтырап көрінеді. Енді жел тұрып, қар аралас боран басталса болды, бұлар да етекке қарай құламақшы. Мауықбасу ойнына. Бәрі Сырттанның бұйырығын күтіп тұрғандай. Сырттан Аққаншықты алабөтен таңдап та қойған. Оны Аққаншық та сезеді. Күртік қарға аунап, түктерін жылтыратып, әдейі көз қылып жүр. Ол да " Бөрісырғақтың" басталуын күтіп әзер дәс қылып тұрғандай.
Түс ауа Тәңіртауын бұлт бүркеп көрсетпей қымтап алды. Айналада елірме жел тұрып, ұшынып жауған қарды ілестіріп әкетіп жатыр. Күртік қардың үстінен жайлап сырма жүрді. Енді мұның соңы неге ұласары бұларға белгілі еді. Көптен, ұзақ күткен мауық ойны басталды деген сөз. Сырттан басын бір кекжитіп алып, ұзын құйрығын солаңдатып еңіске бүлкектей жөнелгені сол еді, өзге қасқырлар да асыр сала қуысып, етекке қарай шұбырып берген. Өзгелерден оқ бойы оза ойқастап, ойнақтап бара жатқан Аққаншықты бағдарлаған Сырттан да қалың қарды омыраулай алға ұмтылған. Көздері шатынап, тұла бойын кернеген күш пен қуат тәтті ләззаттың дәмін сездіріп келе жатты. Оны енді ешкім де тоқтата алмасы белгілі. Сырттан Аққаншықты бөліп алып, өзіне қарай икемдей берген. Оның да көзінен айрандай кілкіген құштарлықты көрген.
... Түс ауа жеткен Аспанқұл түнімен ойнап-күліп, сауығын сарқып, ентігін басып болғасын "Бүгін де бола кет. Тым қүрыса түс ауа аттанарсың. Мына "Бөрісырғақ" басылсын.."- деген Бибісараның наздана айтқан сөзіне де қарамай, таң елесінде аттанып кеткен. Жылы қорада жемге қойған қаракер де тықыршып тұр екен. Өзі де қунақ. Жеп- жеңіл. Бешпетінің қалтасына салған екі оғы бар. Сол иығында бесатары. "Жол болжаусыз. Бөрісырғақ болса мынау. Қалай да, қандай жағдайға тап боларын кім білсін". Осылай қам қылған. Аспанқұл бесатарын оқтап алған. Өстіп жүріп даланың бөрісіне жем болмаса игі еді. Денесі аздап қалтырағандай болған.
Таң жамырай атты. Алақұйын боран басылған сыңайлы. Әлде алдамшы. Жануар қарагердің жүрісі өзіне ыңғайлы. Бірқалыпта сыдыртып келеді. Айнала тегіс аппақ қар. Көз қарықтырады. Ауа саф. Салқын. Мұның ыңылдап ән айтқысы келген. Шолақсайды өрлей бере оң қапталдағы биік жартастың үстінде шоқиып қарап тұрған үлкен қасқырды көрген. Жалма- жан мылтығын ыңғайлаған. Бір сәтте жоқ болып кетті де, енді алдын орап, анандайдан көрінді. Мұны қызықтап ойнайтын тәрізді. Әлде аңдып келеді. Екі оқтың бірін босқа шығын қылғысы келмеген. Адам мен қасқырдың арбасуы, аңдысуы. Аспанқұл Құйматастың тұмсығын айнала бергенде ол соңғы рет ап-айқын көрінді де жоқ болды. Ол қасқыр - кешегі бөрісырғақта әбден құмары қанып, Аққаншықтың көңілін тапқан Сырттан болатын. Ол мүмкін Аспанқұлды таныды, бәлкім мұның да қапсын тауып, көңілін жайлап "бөрісырғақтатып" келе жатқанан сезген болар. Екеуінің де Иесі - Тәңірісі бар! Басқаның үкімі жүрмейді. Аспанқұлға тағыда желік біткендей.
Бөрісырғақ дегенде, бөрісырғақ,
Ақ маңдайлы қалқаның бойы сұңғақ.
Көңіл деген көзі жоқ көбелек бір,
Алғаны сол екен ғой мені шырмап...
Аспанқұл Тәңіртауын жаңғыртып ән салып келе жатты. Түнде Үшшоқының басынан Сырттан ұлыды...
Ерболат Баятұлы
27.01.20