Ұларбек Нұрғалымұлы. Даралық драмасы

ӘДЕБИЕТ
1852

Театр өнерінің тарихы ғасырларға кеткен батыс жұртында пьесаны оқып алып спектакльге баратын көрермендер қарасы аз болмайтынын көзі қарақты оқырман жақсы білсек керек. Қазір де көптеген театрларда қойылым билетіне пьесаның қоса сатылып жататыны содан. Қарапайым көрерменнің спектакльге ондай дайындықпен келуі бізде әлі қалыптаса қоймаған жағдай. Қойылымды көрермен ретінде көруге болар, бірақ пьесаны тек оқырман ретінде оқып қана қоя алмайсың. Міне, бұл қызық емес пе?! Енді спектакльде режиссермен іштей «жарысқа» түсіп, тапқыр шешімдеріне тәнті боласың немесе керісінше пікір қозғағың келеді. Осы тұста драматургпен қайта қауышуың бек мүмкін. Өйткені қағаздан бастарын көтеріп сізге қарап отырған қаншама сұрақ не жауабын тауып жабылады, не қаздиып қараған қалпы санаңның терең бір түкпіріне асықпай барып мықтап жайғасады. Сосын?.. Сосын ақырындап тырмалап, бүлк етіп басылып, жылт етіп жоғалып, мазалай бермек.

жазушы-драматург Роза МұқановаЖазушы-драматург Роза МұқановаҚазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанованың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағын оқығаннан кейін орасан бір оқиғаларды бастан өткеріп, иә, қиын да хикіметті алыс бір сапардан аман оралып, өлім мен өмірдің, жақсылық пен жамандықтың, адамдық пен азғындықтың парқын сезіп, «өмір дегенің осындай да осындай…» деп ұзааақ толғап әңгіме айтқың келетін немесе тірі жанға тіс жармай, сөздеріне құлақ та қоймай, тас бүркеніп жатып қалғың келетін – бір-біріне кереғар арпалысты күй кешкеніміз бар-ды. Сол шығармалар түйсіндірген түрлі жайды дәлел-дәйегімен, төгіп-шашпай, көңілдегідей етіп қағаз бетіне қондыру дегеніңіз де бір қиямет. Құдды автордың «Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурдындағы кейіпкер драматургтің: «Бұл не туралы? Қысқаша мазмұнын айта саларсыз…» – деген театр директорына: «Жазған дүниеңнің оқиғасын өзің айтып, жан ауыртқаннан ауыр азап жоқ шығар. Қалай десем екен…» – деп қипақтағанындай жағдай. Сондай сәтті тап қазір біз де басымыздан өткеріп отырғандаймыз.

Қалай десек екен… Кітапта «Сен» дейтін драма бар. Кейіпкері – өмірде болған адам. Яғни, талантымен ғана ерекше емес, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі өзгеше бейнесімен де алматылықтарға аңыз болған, өмірінің соңғы отыз жылын Алматы шаһарында өткізіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары дүниеден өткен әйгілі орыс суретшісі Сергей Иванович Калмыков. Жынды адамша әлем-жәлем киініп, үстіне консервілерден босаған құтыларды жапсырып, белін сым темірмен шандып буып, көшелерде сурет салып жүретін суретшінің бейнесін жасау бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, оның жан әлеміне жақындап, оны ерекшелеген барлық қасиеттерді айқындап беру оңай емес. Шығармада әбден тозған, шаршаған, жиырма жылдан бері шам жанбаған үйі әбден ластанған суретшіден көршілері жиіркенеді. Оны жасырмай: «Сізбен көрші тұра алмаймыз, қорқамыз, есіңіз ауысқан, біртүрлісіз», – деп суретшінің өзіне айтады. Сонда Калмыков не дейді дейсіз ғой? Ол өзін осында әкелген әлдебіреулерді кіналай сөйлеп отырып: «Ұлы суретшi Сергей Калмыковты тоғышар тобырдың ортасына топ еткiзiп тастай салған. Осынша қатыгез болар ма едi», – дейді. Қайшылық, бірақ бір-бірімен қиыспайтын қайшылық! Көршілер мұны мүсіркеп тұрса, бұл оларды адам құрлы көріп тұрған жоқ. Әрине оны ешкім тәкаппарлықпен шатастырмас. Бұл жерде суретшінің жан дүниесі көрініс береді. Яғни сахнаға шығады. Енді оған сыртқы қайшылықтар соншама күйкі, соншама ұсақ, соншама елеусіз болып көрінеді екен. Осы ойымызды шығарма тағы да үстей түседі. Кезінде Калмыковты қызғанған біреулердің айтағына еріп сынап мақала жазған, кейін арының алдында ұлы суретшіні еріксіз мойындап кешірім сұраған зиялы суретші Мацуркеевичке Калмыковтың жауабын қараңыз: «Айтпақшы, сен менің алдымда кінәлі емессің. Өйткені сын мақалаңды мен оқыған да жоқпын. Оған бола қамықпай-ақ қой». Ал, ендеше!Сонда Калмыковпен кім алысып жүр, Калмыков кіммен алысып жүр? Әрине өзімен алысып жүр. Және ол өзін, өзінің шығармашылығының деңгейін танымауы мүмкін емес, жақсы біледі. Алайда одан да биікке, кейіпкердің өз сөзімен айтсақ, «шексіздікке ұмтылады». Жарықты көлбеу түсіргенде көлеңке сонша ұзаратыны секілді, маңындағы кейіпкерлерді Калмыковпен дәл осылай сөйлестіргенде оның «мені», «жаны» осынша анық көрінеді екен.

«Сарра» кітабына енген шығармаларда сыртқы тартыстан гөрі иірімі ұршықша иіріп ішкі дүниенің тұңғиық түбіне тарта жөнелер жанның тартысы көбірек тайталасып жатыр. Қазіргі кезде өте жиі айтыла бастаған әдебиеттегі психологизмнің дәл өзі. «Адам баласының мазасыз жанының арпалысынан асқан алапат бар ма екен?» дейсің. Роза Мұқанованың драматургиялық шығармаларының көпшілігіне осы жұмбақ та құпиялы адам жаны арқау болады. Оның кейіпкерлері көбінде біреумен, яғни, сырт­тағы «жаумен» айқасып жүрген жоқ. Өзінің ішкі менімен күресіп жүрген адамдар. Өзін-өзі кеміріп, өзін-өзі түтетін, өзін-өзі аямай шықпыртатын, өзімен-өзі күресетін, сол арқылы тазалыққа, кемелденуге ұмтылатын адам жаны. Міне – мәңгілік тақырып.

жазушы-драматург Роза МұқановаЖазушы-драматург Роза Мұқанованың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағыҚазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Роза әңгімелеріндегі оқиғалар жалаң болмайды, әңгімелерінің әрқайсысына ол қоғамдық, әлеуметтік, моральдік, саяси астар беріп отырады» («Қазақ әдебиеті», 1994ж.), – деген екен. Ал осы әлеуметтік астар дегеннің өзінен жазушы адам санасын, қоғам психологиясын көрсетіп берсе ше? Мысалы, «Мәңгілік бала бейне» драмасындағы мүгедек Ләйланың тағдырынан қырауар ақша жасағысы келген айналасы секілді. Онда шығарма ауқымы мүлде бөлек кеңістікке құлаш ұрады. Белгілі режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сатыбалды Нарымбетовтың: «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйлә бейнесі арқылы тек қазақтың басындағы қасірет емес, жалпы адамзат­тық проблеманы көресіз» («Жас Алаш», 2001 ж.), – дегені еш үстемесіз айтылған анықтама. Парижде француз тіліндегі қазақ әдебиетінің антологиясы таныстырылғанда аудармашы Филипп Риго «Мәңгілік бала бейне» шығармасы туралы кеңінен айта келіп: «Бұл – барлық әлем елдерінің оқырмандарына қатты әсер ететін туынды», – деп бағалапты. Мұндай тұлғалардың бағасынан кейін бұл шығарма жайында біздің бірдеңе айтуымыз артық, әрине. Алайда тағы сол айналасының ластығын ашып бергенде тап-таза мұнтаздай боп көрінген Ләйланың жан дүниесі арқылы автордың «ізіне» түскіміз келеді. Ол, сірә, нені іздейді? 

Роза Мұқанова – кейінгі бірнеше жылдың өзінде театрлардың репертуарын тың, жаңаша шығармалармен толықтырған қаламгер. Еуропа елдері мен өзге де шетелдерде бұрыннан дамып, өз көрерменін қалыптастырған абсурд жанры қазақ театр өнерінде енді ғана көрініс беріп жатыр деуге болады. С.Сейфуллин атындағы драма театрында қойылған «Ешкім де кінәлі емес» спектаклі театр майталмандарынан жақсы баға алып, қанаттанып жатқан жаңа жанрдың қарлығашындай қанат қақты. Осы тұста бір нәрсені айта кету керек. Өнердегі кез келген бағыт қоғаммен бірге дамиды. Модернизм дегеніміздің өзі ұлттың, қауымның ішкі жаңаруынан туындаса, ол – шын өнер де, тек сыртқы формасы ғана алынып, ішкі мазмұны қоғамның тамырын, ауруын дөп баспаса ол әшейін көшірме ғана. Ал «Ешкім де кінәлі емес» қаншама құндылықтар құлаған, қажеттіліктер жылдам алмасып, адамдардың өзі нені қадір тұтып, неден аяқ тарту керектігін дұрыс бағамдай алмай жатқан, анығы санада бір абсурдтың жүріп жатқан тұсын дөп басады. Балабақшаға ұқсас, бірақ балаларға арналған балбақ емес, қарттарға арналған ойын алаңындағы балаларын күтіп отырған қарттар. Оларды сонда отырғызып қойып, белгілі уақытта алып кететін – балалары. Біздің дәстүрлі өмірімізге мүлде жат, бірақ кінәлай алмайтын әрекеттер. «Мама, қайтқың келмей ме? Әлде танымай отырмысың?» – деп жанары жасаураған әйелге мамасы емес, қасындағы кемпір тіл қатады: «Таниды, танып отыр. Просто, өзі кейде сөйтіп қалады…». Осы жалғыз сөйлемнің өзі шығармада қанша жүкті арқалап тұр? Ол кемпірдің кейде сөйтіп қалатынын өз қызы емес, басқа кемпір айтып отырғаны да абсурд қой. Осы спектакль жайында Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер Талғат Теменов: «Кинода көпшілік қауымға арналып түсірілген фильмдерді блокбастэр десек, ойлы, интеллектуалды қауымға арналған авторлық кино деген ұғым бар. Розаның шығармасы да ойлы, интеллектуалды қауымға арналған деп есептеймін. «Блокбастэр жанры шыққаннан кейін авторлық кино жоғалады» деген пікір қалыптасты. Бірақ олай болған жоқ, себебі көрермен салмақты, үлкен философиялы дүниелерге әр кез зәру. Сондықтан бұл спектакль көрерменнің жаппай келетін спектаклі емес, тұрақты көрермені бар спектакль», – десе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, театр режиссері Еркін Жуасбеков: «Қазіргі уақытта көрермен дайын дүниеге үйренген. Бұрыннан таныс кейіпкерлерге көрерменнің еті үйреніп, сахнада болып жатқан қойылымның байыбына барып, сырын ашуға көп дағдыланбаған. Таптаурын болған сюжеттік желілер легі көп. Көрермен жеңіл қойылымдарға әуес. Ал осындай терең философиялы дүниелер қазақ сахнасында, өкінішке қарай, аз. Біз бұқаралық өнер мен жоғары санатты өнердің болатынын айтудан қорықпауымыз керек», – деген екен. Бұл шығармадағы адамның жалғыздығы мүлде басқаша жалғыздық. Айтып отырмыз ғой, абсурд. Оның бәрін талдау шағын мақаланың шанағына сыймайды және айтып беру де қиын екенін жасырмаймыз.Енді «Фаризаға» келейік. Еліміздің бірнеше театрында және Мәскеудің «Современник» театрында қойылды. Біз пьесаны оқыдық. Тағы да жанның драмасы. Драмасында сегіз қатысушы бар. Бірақ көбі белгісіз. Дұрысы, арасында бір жалт ете қалатын Мұқағалидан басқасының бәрі белгісіз. Олар ештеңе шешпейді. Олар ақынның өмірінде бар. Маңайында жүр. Олардың дауыстары жаңғырық сияқты. Бір-бірін қайталайды, бірдей ойланады. Әп-сәтте сатқындық жасайды, әп-сәтте достық ниетін ұсынады. Автор сол жаңғырықтарға таңбалап ат қойып та жатпай, «1-Ақын», «2-Ақын», «Белгісіз» деп белгілейді, болды. Ал Фаризаның олармен жұмысы жоқ. Калмыков секілді. Өз әлемінде өзі арпалысып жатыр. Мұнда мүмкін жұрт көргісі келген Фаризаның сырты жоқ, бірақ аласапыран іші бар. Өзін-өзі жеген Фариза! Мақтағанға іші селт етпейді. Бірақ жұрт қуанар деп мақтайды. Ұлы суретші Микеланджелоның: «Егер жұрт менің шеберханада қалай қиналатынымды көрсе, онда олар үшін менің салған суреттерімнің еш мәні қалмас еді», – деген мағынадағы сөзі бар ғой. Міне, сол қиналыс. Ол неге cелт ету керек? Ол неге елп ету керек? Суық жүзін сыртына салған сайын өзі ішіне ене беретін, үңги беретін, өзінің қайғы-қуанышымен, өкпе-ренішімен, шер-шеменімен, барлық артықшылық-кемшілігімен, бастысы ақындық табиғи болмысымен Фариза – жалғыз. Драматург сол өз-өзімен арпалысқан дара бейненің жан әлемін көпшілікке осылай ашады. Сахнада жылаған Фаризаның сырты емес, сахнаға шыққан ақынның жүрегі. Оны қабылдамайтын, қабылдағысы келмейтін жұрт та жетеді. «Егер менің ішімді жарып көрсең, Жылауыңды тоқтатып шошыр едің» демей ме Абай. Тірліктегі ақылдың құрсауындағы адамның адами бейнесін жасау түк те қиын емес, ол өнердің шын мақсаты да бола алмайды. Оқырман, көрерменді өзінің сүйікті ақын қызымен, өмірдегі Фаризамен, дұрысы, ақынның артық та емес, кем де емес, нақ поэтикалық бейнесімен қауыштыру қиын. Драматург басы артық ремаркаларды қолданбаған. Декорация атымен жоқ. Көп дүние режиссердің шешіміне қалдырылған. Жасанды, жалған дауыстар екінші планда. Өз-өзімен арпалысқан, ақиқатқа ұмтылған ақын Фаризаның бейнесі ғана шып-шымыр, айқын. Көзге оттай басылады. Ал ажалды да жігіт бейнесінде қарсы алатын арпалысын біз түйсіне алмаймыз, «тайқы маңдайдан табаның тайып барады», – дейтін кейуана Фариза сөзінің сырын да…

Форма табудағы шеберлігі Роза Мұқанова драматургиясына тән ерекшеліктің бірі. Осы драмадағы көркемдік шешім, оның ішінде жан-жақтан шығып тұратын дауыстар, кейіпкерлердің бір-бірінің ту сыртынан сөйлеуі, Фаризаның жерде емес, кеңістікте қалықтап жүргендей мұғаллақ бейнесі, бәрі-бәрі – драма мазмұнын ашуға дәл табылған форма дер едік. Бұл орайда «Мысықтар патшалығы» драмасын айтпай кетуге болмайды. Аллегорияны шебер қолданатын драматург мысықтар арқылы өмір шындығын, қоғамның кеселін, адамдар арасындағы бақталастық пен сатқындықты, үрейді, жауыздықты жетесіне жете жеткізеді. Адамның барлық әрекетін мысыққа «жапсырған» драматург жүйе дейтін конвейерге түсіп кеткен пенделердің былық-шылығын қарапайым оқырманның алдына жайып салады. «Шатыр астындағы мен» трагикомедиясы жеке тоқталып, кеңірек талдауды қажет ететін үлкен шығарма. Роза Мұқанова кейіпкерлерін сондай аялайтын автор. Осы шығармадағы бас инспектор Анти-Шректің өліміне автор ретінде немесе кейіпкерлер аузынан арнайы сөз айтпайды, бірақ соған самалдай ескен бір аянышы сезіліп тұрады.

Кітаптың атына қойылған «Сарра» драмасы ұзақ жылдық еңбектің жемісі. Ібраһим пайғамбардың жары Сарраның жан арпалысы. Пайғамбардың ұрпағы үшін қызғанышын жеңіп, Ажарды алып беріп тұрып, Ажар құрсақ көтерді дегенде қызғанышы қайта лап еткен сәттегі құбылыстар, одан кейінгі өшпенділік, өкініш. Бұйрық тікелей Жаратушыдан келіп тұрғанын көре тұра Ажарға көрсеткен қысастықтар. Алланың әмірімен бар айтқанын орындап тұрған пайғамбар күйеуіне таусылмас назы мен қалауын арттыра береді. Тіпті түбі пейіштегі алманы жеген Хауа ана табиғатына бірақ апарардай көзге көрінбес желі. Бұл – әйел табиғатындағы парасат пен махаббат, сүю мен қызғаныштың пайғамбарлық деңгейдегі шынайы көрінісі. Осы арады «Ешкім де кінәлі емес» драмасындағы бір көрініс те ойға оралып отырғаны. Кемпір шалына: «Сені сүймеу мүмкін емес, сен ше? Айнып қалған жоқсың ба?» – дейді ғой жас кездерін есіне алып. Сонда шалы: «Осы мінезіңді-ай сенің. Осы сұрақтан бір жаңылған емессің. Жас кезіңде де осы сұрағыңмен әбден жауыр қылып едің», – дейді. Әрине солай айтады. Бұл шал Ібраһим пайғамбар емес қой. Алайда әйел табиғатының ер адамның назарына соншалық ынтықтығына қайран қаласың.
Міне, осының бәрін ашқан – драматургия! Өзімен арпалысқан адам міндетті түрде даралыққа ұмтылады екен. Қазір бірдей мінез, бірдей ой, бірдей әрекетпен тұтастай біркелкіленіп бара жатқан уақыт қылаң берді. Бірдей адамдар өзін өзгелермен шатастырып алатын уақыт болмақ-ты. Енді даралықты дәріптеу тіптен керек. Даралық кемелдене, ізгілене түспек екен. Ізгілер молая түссе жақсылық кең жайылмақ-дүр. Автор әсіресе суреткерлердің ішіне үңіле бергісі келе береді. Даралықты іздей беретін секілді. Үңіле берсін, іздей берсін. Қиындығы – өзіне, тапқаны – көпке!

Осыншама қазына арқалаған бұл драматургиялық жинақ үшін авторға Мемлекеттік сыйлықты беру әбден орынды дер едік. Кезінде әйгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Роза Мұқанова қазақ әдебиетіне дер кезінде келген тұлға. Ал драматургиядағы қадамының өзімен ол осы саланы елең еткізіп, ортаға енген жазушы – драматург. Розаның шығармашылық барометрі қашанда өзінің бабында», – деген екен. Біз соған бабы мен бағы қатар шауып, бәйгелі болсын деген тілек сөзді ғана қосамыз.

qazaqadebieti.kz

author

Роза Мұқанова

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...