Отандық композитор әрі музыка әрлеушісі Сырым Нәбиқұловты «Audi Cup 2019» турнирінің ұйы...
Әсеттің ән шығармашылығы
XIX ғасырдың екінші жартысы - XX ғасырдың басындағы музыка өнерін танытқандар қатарында дәстүрлі мәдениеттің ірі, танымал шеберлері - композиторлар мен орындаушылар, әншілер мен аспапта орындаушылар болды. Бұл жоғары орындаушылық шеберлігімен, айқын даралық стилімен, үлкен көркем мәнерлі шығармалар тудырумен ерекшеленген музыканттардың тамаша шоғырының авторлық өнері еді. Жоғары таланттың биік шыңы ретінде әнші-композитор
Біржан, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Естай, Мұхит, ЬІбырайдың; композитор-аспапшылар - Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғаптың және т.б. туындылары бағаланды. Жоғарыда аталған әрбір автордың өзіндік жарқын болмысы бар.
Қазақтың ауызекі дәстүрінің кәсіпқой мәдениеті тарихындағы осы тамаша шоғырдың жарқын өкілінің бірі танымал ақын, композитор және әнші Әсет Найманбайұлы (1867-1923). Ол көптеген әндер, өлеңдер, айтыстар, қисса-дастандар («Ағаш ат», «Ер Шеризат» және т.б.), аудармалардың (Абай ақынның дәстүрімен А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударған және бұл шығыстық аңыздар стилінде жазылды) авторы. Қырықтан астам музыкалық мұрасы халық арасында кеңінен танымал әрі олар қазақ музыка мәдениетінің классикалық туындысы болып табылады.
Әсет Қарқаралы уезінде туған (қазіргі Қарағанды облысы Қызыларай ауылы). Ерте жасынан сауатын ашқан оны 7- 8 жасында әкесі Семей облысындағы имам Зейнулланың медресесіне оқуға береді. Медреседе оқып жүргенінде-ақ жас баланың музыкаға қабілеттілігі айқын байқалады. Филолог зерттеушілердің айтуынша, осы жылдары ол «өлең мен домбыраға да, гармонға да құмарлығын білдіреді» [1, 512]. Көз көргендердің айтуынша [2, 4] Әсет медреседегі оқуын үлкен тойларда, мейрамдарда алғашқы әртістік тәжірибесімен ұштастыра білген. Мұнда ол поэтикалық шығармалар мен әндерді орындаған, осы арқылы алғаш рет халық оның қабілетін, болашақ шебер әнші және айтыс ақыны ретіндегі күмәнсіз табиғи мүмкіндігін байқаған.
Ақын 14-15 жасқа келгенде әкесі Найманбай қайтыс болады, сөйтіп Әсеттің оқуы үзіледі, себебі олар шешесінің туыстарына көшіп кетуіне тура келеді. Мұнан әрі Әсет туыстарымен бірге бұл жерді де тастап, шалғай ел - Қытайға өтеді. Сөйтіп ақын туған жерінен мәңгіге алыстап кетеді. Ақын 1923 жылы Құлжа (Қытай) қаласында қайтыс болған.
Әсеттің ақын, композитор болып қалыптасуы сол кездегі ауызекі дәстүрдің көптеген шығармашылық канондары негізінде жүзеге асты. Дереккөздеріне қарағанда, ерте жастан-ақ ол өнерге ерекше құштар болған. Әсет сол жас шағының өзінде көптеген шығармалармен танысқан, поэтикалық поэмаларды, эпикалық ертегі-аңыздары, өткен және сол кездегі ақындардың өлеңдерін жатқа білген. Оның репертуарында сол жылдары жақсы танымал болған Біржан сал, Ақан сері және басқалардың әндері кеңінен орын алған. Сол арқылы ол өз жерлестерін ұлы дала музыканттарының мұраларымен таныстырып отырған. Әсет бірінші кезекте (осы дәстүрдің заңдылығы болып табылатын) көпшілікті өзінің қайталанбас жарқын әншілік қабілетімен баурап алды. Замандастарының көпшілігінің айтуынша, ақынның даусы ерекше күшті, өзінің регистрлік мүмкіндіктерінің жоғарылығымен, тембрлік мәнерлікпен ерекшеленеді. «Әсеттің даусы айрықша биік болса керек...» [2, 7].
Әсет көптеген айтыстарға қатысқан, үлкен жеңістерге жеткен, талантты айтыс ақыны ретінде танылған («шебер айтыс ақыны...») [3, 418] Оның өткір тілі, айқын, образды, көркем-мәнерлі сөзі, ой тереңдігі, сөз сайыстарында көтерген жаңа тақырыптары тыңдармандарын тәнті етті (ең кең тарағаны - Әсеттің Рысжанмен, Кәрібаймен айтысы). Көп уақыт өтпей-ақ Әсеттің өз жанынан шығарған әндері де көпшіліктің көңілінен шықты.
Оның атағы қазақ даласының түкпір-түкпіріне таралды, алайда, Әсеттің өмірі оның алдындағы замандас ақындарының өмірінен көп өзгешелеу болды. Өмірінің мақсаты мен мәні болып табылатын әншілікке бар өмірін арнайтын сал мен серілерге тән ерекше дәстүр ақынға онша тән емес. Филологтардың алғашқы зерттеулерінде-ақ оның шығармашылығындағы осы ерекшелік айтылады: «Әсет ел қыдырып, өлең айтуды әдет етпеген ақын. Ол өлеңдерін, көбінесе, сауық кештерде, жиын-тойларда халық өтініп сұрағанда ғана айтқан» [3, 418]. Қоғамдық өмірдің жағдайлары өзгерді, сал мен серілер дәстүрі өткеннің еншісінде қалды. Бірақ соған қарамастан, ол басқа ипостасияда жалғасуда және Әсет әндері оның алдында өмір сүрген ақындардың әндерінен кем танымал емес. Сал мен серілер өміріне тән «аңыздылық» Әсет өмірі мен шығармашылығына да тән. Ілияс Жансүгіровтің дәл осы Әсетке арналған танымал поэзиялық шығармасы «Әншіні» еске алайық (Әсеттің өз әндерінің мәтінімен қатар, автордың ерекше сүйсіністі өлең жолдары көркем бейнеленген). Поэма бір тыныспен жазылған, оның өзі Әсет шығармашылығына арналып жазылған жарқын, сезімге толы арнау ән, әнұран сияқты қабылданады. Сонымен катар мұнда қазақ әнінің, толықтай алғандағы қазақ музыкасының образы берілген:
Если будешь ты петь, пой легко и протяжно, как я, -
Должен петь широко, сладко должен ты петь.
Словно белую лебедь, ты в воздух напев поднимай,
Как гусей темно-серых, ты плавно его опускай.
...Если будеш ты петь, пой красиво, как старый Асет,
Чтобы песня твоя то громадным потоком неслась,
То струею тончайшей, когда это надо, лилась
Чтоб она заставляла людей замереть, изнемочь,
А потом вдруг будила их, в чистое небо рвалась [4, 44].
Ақын жайлы өмірбаяндық мәліметтер, өмірінің қуаныштары мен күйініштері жайлы деректер жоқтың қасы. Бірақ оның өміріндегі көптеген оқиғалар, әрине, басқа да ақындардыкі сияқты шығармашылығына қатысты болып келеді және өмірбаяндық сипатқа ие. Жас кезінде шығарған өлеңдері негізінен махаббат тақырыбында, керемет сұлулар және олармен болған ұмытылмас кездесулер туралы болып келсе, кейінірек өмірдің баянсыздығы, оның басты құндылықтары жайлы жыр туған. Ал өмірінің соңына қарай - терең толғанымдар, көңілсіз, тіпті кей сәттерде түңілу мен қайғыру сарындары байқалады (мысалы, «Ақырғы сөз» әніндегі «Баянсыз тіршілік»),
Әсет әндерінің стилі тақырыбының көпжанрлығымен, көпқырлылығымен, құрылымдық жаңалығымен, поэтикалық-музыкалық үйлесімділігімен ерекшеленеді. Мұнда деңгейлес ауқымдар - таңдаулы поэтикалық сөз бен мәнерлі мелодиялық желі өзара тығыз қарым-қатынаста. Көптеген жазушылар, филолог зерттеушілер (М.Әуезов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Е.Ысмайылов, М.Дүйсенов, Б.Абылқасымов және т.б.) оның бойындағы ірі ақындық қасиетпен қатар, ақынның өзі музыка өнеріне, шығармашылығына ерекше көңіл бөлгенін атап өтеді. Әсеттің әншілік шығармашылығына қарап отырып музыкатанушылар оның поэтикалық стилінің бай палитрасына, көп бояулығына, жарқындығына, жандануына да ерекше көңіл бөледі.
Әсет шығармашылығына тән тақырыптық, жанрлық көп-қырлылық оның әнші, ақын, композитор болып қалыптасуындағы қайнар бастаулардың сан алуандылығымен түсіндіруге болады. Ақын өміріндегі жағдайлар оның өмірлік, әрі поэтикалық-музыкалық әсерлерінің соншалық алуан түрлі көрінісін жасап берді. Ақын Қарағанды облысында дүниеге келген, бірақ көшпелі өмір оны жастайынан басқа да елді мекендермен таныс қылды. Соған орай оның туындыларында әртүрлі аймақтық өнер дәстүрлерінің сипаты байқалады. Мысалы, Қ.Жүзбасов ақынның Тарбағатай (Шығ. Қаз.) мен Жетісудың (Оңт. Қаз.) әншілік мәдениетінің дәстүріне көңіл бөлгендігін атап көрсетеді. Ал А.Жұбановтың атақты «Замана бұлбұлдары» кітабында Әсет шығармашылығынан Жарылғап, Ыбырай әндерінің әсері байқалатындығы айтылады.
Әсеттің «Майда қоңыр», «Мақпал» әндерін зерттеуші Орталық Қазақстанның ән дәстүрімен байланыстырады («Арқаның ән дәстүрі»), Бірақ жоғарыда айтылғандар Әсет шығармашылығының айқын даралығын, стильдік даралығын кемітпейді. Мысалы, «Інжу-Маржан» әнінің мелодиялық дамуын өзге таза фольклорлық үлгілер -«Маусымжан», «Қамажай» әндерімен салыстырғанда олар бұл шығарманың өзіндік болмысын, оның поэтикалық қырлары - поэтикалық сөз байлығын, түпмәтіндердің мағыналық тереңдігін, ең бастысы, айқын үйлесімділік тудырудағы үлкен шеберлік
- сөз бен әуеннің өрілуін айқындай түседі. «Бұлардың әуен-сазынан бір-бірімен үндестігі, жақындастығы байқалса да, поэтикалық мәнері жағынан алшақтығы аңғарылады. Себебі, Әсет әндерінің поэтикалық сөз өрнегі әуен-сазымен шебер ұштасуымен қатар, мән-мағынасы жағынан әсерлі де асқақ келеді» [2, 5].
Осындай қайнар бастауының ауқымдылығы ақын шығармашылығындағы көпқырлылыққа себеп болса керек. Бұл бірінші кезекте жанрлық тұрғыда байқалады (зерттеушілер ақын поэзиясында жанрлық көпқырлылық барын атап көрсетеді. Тек жалпыға белгілі ән үлгілері ғана емес, сонымен қатар арнау, толғау және т.б. кездеседі). Ақында тек сол кезеңнің тарихи-мәдени дәстүріне тән кең кантилеж, созылыңқы, лебізді лирикалық әндер ғана емес, сонымен бірге тамаша жанр - ән терме, жыр терме, речитативті әндер бар
- «Әсеттің термесі», «Өсиет», «Адамның жасы жөнінде» (терме), «Керуенді дүние-ай». Бұл Әсет заманындағы аға ақындарға аса тән емес құбылыс.
Әсет шығармашылығы көпжанрлылығымен қатар, тақырыптық сан алуандылығымен де ерекшеленеді. Егер өткен ғасырдың көптеген ақындары негізінен бір тақырып, бір бағытқа тәуелді болса, ал Әсетте біз барынша кең көріністі көре аламыз. Тек қана лирикалық емес (жанға әсерлі, нәзік, сырлы әндермен қатар гимндік, жарқын эмоционалды), сонымен бірге ғибратты-философиялық (жастарға арналған әндер), әшкерлеуші (осы жағынан оны Біржанмен жиі салыстырады), өмірдің өткіншілігі, тағдыр қиындықтары туралы қайғылы ойлар, көптеген ой-ниеттердің іске аспайтындығы жайлы терең философиялық әндер де бар.
Әрине, сол кезеңнің музыкалық өнерінің дәстүріне сай Әсет шығармашылығында мол кездесетіні - махаббат лирикасы. Бұл танымал, көпке мәлім әндер - «Қарагөз сәулем көз көрген», «Мақпал», «Ардақ», «Әпитөк», атақты «Інжу-Маржан» және т.б. Бұлардың көбісі негізінен ақын шығармаларының бастапқы кезеңіндегі әндер, олар ашық көңіл-күй, кең әуенді, поэтикалық стильдің көркемдігі және мелодиканың мәнерлілігімен ерекшеленеді.
«Інжу-Маржан» әні Әсеттің шығармашылық мұрасында айырықша орын алады, ол оның ең танымал әні, ақынның атын шығарған ән. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі бұл әнде халықтық дәстүр мен автордың дара стилінің ерекшелігі жақсы үйлестірілген тілдің, форманың классикалық кемелділігі, жалпы туындының тұтастығы байқалады.
Әсет мұрасында автопортрет-әндер мен өнер тақырыбына, ақын мен оның туындыларының халық өмірі мен тағдырында алатын орнына арналған әндер ерекше бір топты құрайды. Мұндай әндерді бір топқа жинақтаған орынды, себебі өзі туралы, өз өмірі туралы баяндай отырып ақын міндетті түрде ән, өнер туралы, әннің шығуы мен орындалуы туралы айтып отырады, дәл осы шығармашылық ол үшін ең басты өмірлік құндылық болып табылатынды.
Бұл - «Қоңыр қаз», «Ырғақты», «Қисмет», «Алакөлім», «Керуенді дүние-ай», «Жайма шуақ» және т.б. әндер. Олар суреткердің өмірлік және шығармашылық ұстанымын танытады, оның тұтастай алғандағы өнерге қатынасын, өнер мазмұнына деген өзіндік көзқарастары мен қағидаларын байқатады, яғни, ақынның шеберлігін, эстетикалық пікірін береді. Бұл тақырып тұрақты канондар, көркем шығармашылықтың заңдылықтары жасалған ақындық кәсіпқой шығармашылықтың төлсипаты болып табылады (Біржанның атақты «Жонып алды» әнін еске алсақ). Аталған әндер, әрине, шығармашылықтың кемелденген кезеңінде дүниеге келген, себебі, өзіндік өткір стилі, дара жазба мәнері бар танымал шебер ақынның қолынан шыққандығы айқын аңғарылады. Бұл топтағы көптеген әндерге шаттыққа толы, көтеріңкі көңіл-күй, гимндік интонация тән. Мысалы, «Қоңыр қаз» әні өмірдегі барлық тамаша, көңілді және жарқын дүниелер туралы, әдемілік пен өнер туралы сүйсініс әні. Оны осы нәзік және таңдаулы методикалық даму ерекшелейді.
Сондай-ақ бұл әндерде ақындар шығармашылығындағы дәстүрлі мотив - өзін-өзі таныстыру, өзін-өзі мойындату мотиві кездеседі. (Бірақ, өзге де топтағы әндерде де дәл осындай төлсипатты жолдар кездеседі, мысалы, «Інжу-Маржанда» мынадай сөздер бар: «Әсеттей сал, ән салсаң, аңыратып, орман, тоғай, өзенді жамыратып»). Ақын бұл мотивті өзінің әндеріне, шығармашылығына тән ашық, мәнерлі, өзгеше, жарқын көркем эпитеттермен береді.
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлдай даусым көкте дамылдаған.
Көмекей көк қобызын әнмен ашса,
Төгіліп меруерт-маржан сауылдаған.
Бұл топта өмірдің басты құндылықтары - оқуға, еңбек сүйгіштікке, тәрбиелік пен білімділікке ұмтылыс жайындағы жастарға арналған («Әу, жастар» әні) ғибратты тақырыптағы әндер де бар («Бозбала, саған айтар өсиетім - Жақын жүр әлпештеген ардақтыға»). Мұнда ақынның айтарлықтай көркемдік табыстары тұтастай алғанда интонациялық, композициялық сипаттағы, тілдік жаңа құбылыстары айқын көрінеді. Бірінші кезекте бұл күрделілік поэтикалық және музыкалық-интонациялық қырларының өзара ықпалдастығынан келіп туындайды: бірінші фразалардың өзі өлең мен әуеннің асинхрондығын көрсетсе, екінші жол, мысалы, өзіне дейінгі музыкалық фразаның аяғына қойылады. Бұл ерекше мәнерлік мұнан соң бір-бірінен ажырамас шумақ пен қайырманың, барлық форманың созылыңқылығымен жалғасады. Ішкі буынды өлеңдету бұл жерде өзгеше (бір поэтикалық стильде - 10 музыкалық тон).
Орындаушылық тұрғыдан да бұл күрделі, себебі, оның бірінші фразасының жоғары регистрі, шиеленісті интонациясы, кульминациялық кілті - үлкен шеберлікті қажет етеді. Осындай кең жайылған, ашық фразадан соң тыныштық сәті болады: терме жанрындағы соншалықты сараң, ықшамды фразаның бірнеше рет қайталануы:
Соңына қарай шумақ материалына негізделген қайырма кезек алады. Оның интонациялық білігі түрленеді, алғашқы интонацияға ішкі импровизация болғандай әсер береді.
Философиялық сипаттағы ой-толғам әндері - «Адамның жасы жөнінде», «Әсеттің термесі», «Өсиет», «Ақырғы сөз» (Қ.Жүзбасовтың образды айтуынша - «Ақын реквиемі»), Олар ой толғау жанрында жазылған. Бұл әндер кемелденген және кейінгі шығармашылық кезеңдерге жатады. Оларда ақынның өмірден түңілуі баяндалады және ұстамды, терең сипатта суреттеледі. Бұл мазмұнға, жалпы көңіл-күйге өзгеше бояулар да сай келеді: құралдардың ықшамдылығы, әуеннің болмауы, декламациялық тұрғыдағы мелодикалық даму. Бір қарағанда шығарма формасы соншалықты қарапайым, онда бұған дейінгі әндер тобында кездесетін астарлылық жоқ. Бірақ, сонымен қатар музыкалық дамуда мұнда да үлкен күрделілік барын байқауға болады: бір-бірінен төмендей беретін фразалар соншалықты дара қабілетті, олардың бірде-бірі қайталанбайды, және олар жүйелі түрде поэтикалық мәтіннен кейін жүреді, осыдан келіп өз дамуында өте еркін тақырып тудырады.
Көріп отырғанымыздай, Әсет әндерінде интонациялық даму айқын өзіндік даралығымен ерекшеленеді. Мұнда созылыңқылық та, күй таңдағыш мелодиканың да, кең ауқымды кантилена да, лапидарлық декламация да, речитативтік те бар. Бірақ, біздің пікірімізше, ең айқындаушы сипат ретінде жалпы үдемелі интонациялық қозғалыс, музыкалық көңіл- күй, шиеленісті, қанық ерекше кульминациялық саланың болуын атауға болады. Олардың қатарында динамикалық өсім, ритмикалық көпбейнелік, мелизмнің болуы бөлімдер арасындағы шекара соншалықты шартты болған кездегі біртекті қозғалыс және т.б. атауға болады. Мұндай әндер сөзсіз жоғары орындаушылық шеберлікті, кең тынысты, кең жайылған дауыс диапазонын талап етеді. Ақынның кемел шағында туған кейбір әндерін ерекше табиғи дауыс мүмкіндігі бар таңдаулы әншілер ғана орындай алады. Әншінің әншілік қасиеті соншалықты жарқын және күшті болғанын бұған дейін де айтқан едік. Әсет әндері жоғары дауыс параметріне құрылған. Бұл жайлы С.Мұқанов былай дейді: «Біржанның әндері сияқты, Әсеттің әндері де аса биік, аса ырғақты, қайырымы қиын болған. Сондықтан оның әндерін үйрену де қиын еді» [2, 7]. Ақынның өз сөздерін еске алсақ: «Әсеттей сал, ән салсаң, аңыратып». Бәлкім, Әсет мелодикасының негізгі ерекшеліктері дәл осы сөздерде жатқан болар: жақсы дамыған эмоционалды толысу, ерекше мәнерлі, «безенді» дыбыстың туына себеп болады. Қ.Жүзбасов кітабында орындаушылыққа соншалықты көп сипат берілуі кездейсоқ емес - «Сызылта әндетіп айтылатын», «бұл ән құбылмалы, ойнақы ырғақты айтуға ыңғайлы, әсем сазды, назды әндер тобына жатады, күрделі, ауыспалы...», «бұл майда қоңыр үнмен орындалатын ән» [2, 6-8]. Ал, зерттеушінің «шырқата созылып» деген анықтамасы, Әсет әндерінің интонациялық өзіндік даралығын айқындайтын болар: айқын жанданудың бірігуі, кең созылыңқы дауыс динамикасы, кантилена.
Осылайша, ақын шығармашылығын 3 кезеңге бөлуге болады:
- ерте кезең, негізінен лирикалық махаббат тақырыбына арналған әндер («Мақпал», «Ардақ», «Ырғақты»), Халықтық үлгілер мен өзге де стильге еліктеушілік те бар;
- кемел шеберлік кезеңі, бұл кезеңде айқын даралығы, талғампаз стилі бар мелодикалық тілі күрделі, ырғақтық күй таңдағыш жаңа туындылар дүние келді («Інжу-Маржан», «Қисмет»).
- Соңғы кезең, белгілі бір тұрғыда қарапайымдылық пен құрылымның ықшамдылығына қайта оралу, бірақ жаңаша оралумен сипатталады. Бұл ақынның философиялық лирикасы («Ақырғы сөз», «Керуенді дүние-ай!»).
Әсет әндері поэтикалық мәтін мен музыканың тамаша үйлесімділігімен ерекшеленеді. Осы екі жарқын, дамыған көлемдер бірігіп, бір дамуға бағынады: мелодия сөздің нәзік ньюанстарын безендіреді, сөйтіп оның мәнерлі, бай толықтырушысы болып табылады. Бұған дейін айтып өткеніміздей, Әсет әнші-композитор ғана емес, сонымен қатар танымал ақын, көптеген өлеңдер, поэмалар, дастандар, аудармалардың авторы, сондай-ақ өнерлі айтыс ақыны. Мұнда Әсеттің айтысқа қатысушы өзге ақындармен салыстырғанда коп жағдайда шығармашылық палитрасының сан алуан қырлылығы оның ақындық, әншілік және композиторлық қасиетінің баламасы болып көрінеді (Мысалы, Біржанда таза поэтикалық шығармалар болмаса, ал Ақан сері өзінің поэтикалық және музыкалық шығармаларымен жақсы танымал екенін еске сала кетейік).
Ақынның әншілік шығармашылығы екі дәстүр - халықтық музыка мен ауызекі дәстүрдің кәсіпқой мәдениетінің нәзік те органикалық өзара байланысы байқалады. Фольклордан негізінен шығармашылық жолдың бастапқы кезеңіне тән ұлттық мелос, фразалардың жинақтығы, кантилена, өтпелі сәттердің бір қалыптылығы берілген. Бірақ, шығармашылық мұрасының ең айқындаушы белгісі ретінде кемел шағы мен соңғы кезеңде жазылған, кәсіпқой музыка арнасында туған кең кантиленасы, созылыңқылығы, сонымен қатар мәнерлі декламациясы, речитативі, кең өрістеуі, композиясының күрделілігі, ырғақтың күй таңдағыштығы бар поэтикалық мәтіннің философиялық тереңдігі, дамыған, айқын мелодиялық желілі әндерін атауға болады.
Әсет әндері кейінгі ұрпақ өмірінде де кең танымал. Оларды осы дәстүр мәдениеті өкілдерінің талантты әншілері орындап жүр, оларды әртүрлі музыкалық ұжымның жаңартылған орындауында, Қазақстан композиторларының опералық партитуралары мен симфонияларында тыңдауға болады. Мысалы, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы мен А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында цитаталық материал ретінде Әсеттің «Інжу-Маржан» әні орындалады.
Әсеттің поэтикалық, сонымен қатар музыкалық шығармашылығын зерттеу оңай іс болған жоқ. Ақынның жекелеген өлеңдері туралы алғашқы жалғыз-жарым мақалалар 1928, 1933 жылдары І.Жансүгіровтің жетекшілігімен жарық көрді [5]. Мұнан соң тек кейбір шығармалары ғана хрестоматияға енгізілді және бұл жинақтың құрастырушысы І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин болды [6]. Ақын өлеңдерінің толық жинағы тұңғыш рет 1968 жылы жарыққа шықты [7]. Зерттеу ісіндегі алғашқы тәжірибелер 50-жылдардың соңына тиесілі, бұл ретте Қ.Мұхамедханов, С.Ордалиевтердің мақалаларын атауға болады [8].
Әсеттің музыкалық мұрасына алғаш рет көңіл бөлген қазақ музыкалық мәдениетін тұңғыш зерттеушілердің бірі - А.Затаевич, ол өзінің 1925 және 1931 жылдары жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» және «500 қазақ әндері мен күйлері» атты жинақтарында ақынның кейбір әндерін жариялаған. Мұнан әрі оның әншілік шығармашылығы танымал музыкатанушылар А.Жұбанов, Б.Ерзакович, З.Қоспақов еңбектерінде зерттелген. 1989 жылы Қытайда «Ән салсаң Әсеттей сал» атты Әсет әндерінің жинағы жарық көрді. Ал, 1992 жылы Әсет әндерінің біршама толық жинағы «Найманбайұлы Ә. Інжу-Маржан: Әндер» (құрастырушы Қ.Жүзбасов) деген атпен жарыққа шықты.
Әсеттің музыкалық шығармашылығы туралы негізгі қиындықтар шығармалардың авторын айқындауда туындады. А.Затаевич жинақтарында Әсеттің кейбір әндерінде автордың аты жазылмаған, яғни, халықтық үлгілер ретінде ұсынылған. Соңғы музыкалық-этнографиялық жинақта зерттеуші Қ.Жүзбасов ақынның шығармашылық палитрасын ашып көрсете отырып, дәлелді түрде көптеген әндерді Әсеттікі деп көрсетеді, бірақ кейбір әндердің авторын белгісіз етіп қалдырған. Осылайша, Әсеттің көпқырлы шығармашылық мұрасы әлі де көптеген жан-жақты зерттеулерді, оның қайталанбас, дара стилінің ерекшелігін жаңаша ашатын еңбектерді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ордалиев С. Әсет Найманбайұлы //Қазақ әдебиетінің тарихы. II том, I кітап. -Алматы, 1961.
2. Әсет. Інжу-Маржан. Әндер (құраст., музыкалық ред. жүргізген Қ.Жүзбасов). -Алматы, 1988.
3. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары. - Алматы, 1961.
4. Джансугуров И. Избранное. - Алма-Ата, 1984.
5. Жансүгіров I. Сағанақ. Өлеңдер жинағы. - Алматы, 1928; Жансүгіров I. Шығармалар. - Алматы, 1933.
6. Айтыс. I том. - А., 1942; Қазақ әдебиетінің тарихы. - А., 1948; XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті (составитель И.Джансугуров). - А., 1959; Алыптың адымдары (составитель С.Мұқанов). - А., 1959; Қазақ халқының ауыз әдебиеті (составитель М.Габдуллин). - А., 1959.