Әрқилы адам тағдырының уақыт көшіндегі бедері – ырғақ. Жаралмыш сезінген, түйінген құбылыстары...
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ халқының XV ғасыр мен XIX ғасырдың ортасына дейінгі кезеңдегі тарихын бейнелейтін көптомдық шығарма.
Оқырмандарға сөз
Қымбатты достар! Сіздер Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын қолға алып отырсыздар. Кітап жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылып, басылымның Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жарыққа шығуы назар аударарлық оқиға болып отыр. Осы арқылы аса көрнекті жазушының шығармашылығын қастерлеушілер мен бағалаушыларға, біздің тарихымызды қымбат көретін барша жұртшылыққа бұл шығармаға ежелден азаттыққа ұмтылып, ұлттық тәуелсіздік үшін ерлікпен күрескен қазақ халқының жүзеге асқан арманы тұрғысынан жаңаша қарауға мүмкіндік беріледі. Бүгінгі таңда трилогияны қайта оқи отырып, егемендік алу ісіне біздің бабаларымыз–Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар, Наурызбай, Қобыланды, Бөгенбай батырлар, Төле би, Асан қайғы, Бұқар жырау сынды даналар қаншалықты зор үлес қосқанын ерекше түйсініп, пайымдайсыз. Олар, олардың серіктері мен ізбасарлары өз отанын шексіз сүйді, оның болашағына сенді, осынау көкейкесті мұратқа жету үшін аянбай күшқайрат жұмсады. Трилогияның тағдырында оны жаратушы, бірнеше мәрте жала мен жазалауға душар етілген адамның тағдырына ұқсастық бар. Идеологиялық және цензуралық талай кедергілерден өткен соң, тек тәуелсіздік жылдарында ғана бұл кітап шын мәнінде қалың оқырман қауымның қолы жететін игілікке айналды. Атап айтқанда, ол мектептердің оқу бағдарламасына енгізілді, ендігі жерде жастар одан рухани мықтылықтың, адамгершілік пен отаншылдықтың үлгісі мен тағылымына мөлдір бұлақтан су ішкендей қана алады. Ал енді аға ұрпаққа келетін болсақ, кітапты қайталап оқып шыққаннан кейін, олар өздері осыдан біраз ғана бұрын байыбына бара алмастай көрінген көкейтесті сұрақтардың көпшілігіне жауап таба алады. Олардың ең бастысы, менің ойымша, жеке және ортақ мүдделері үйлесім тауып біріккен халық, өзін түлетіп өсірген жерге адал берілген халық тауды қопарып тастауға, ең қиын проблемаларды шешуге қабілетті екендігін түйсінуде болса керек. Ал, қымбатты оқырмандар, сіздерге «Көшпенділердің» беттерімен қызықты әрі пайдалы саяхат жасауға тілектестік білдіремін.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті