Ботагөз Омарова жалған ақпарат таратқанын мойындады

Фото: әлеуметтік желіден

ЖАҢАЛЫҚТАР
25

Қазақстанда белгілі журналист Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» серіктестігі мен оның жетекшісінің қызметіне байланысты бұған дейін жариялаған ақпараттарының шындыққа жанаспайтынын мойындап, ресми мәлімдеме жасады. Сондай-ақ құзырлы органдар тарапынан БАҚ өкіліне қатысты қозғалған қылмыстық істің толықтай тоқтатылып, оның үйқамақтан босатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұған дейін, нақтырақ айтқанда 21 наурызға қараған түні, сот шешімімен журналиске қатысты екі ай мерзімге үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасы таңдалған болатын. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы түсініспеушілік толықтай реттеліп, құқықтық шешімін тапты. Журналистің жеке Телеграм-арнасында 22 мамыр күні жарық көрген ресми мәлімдемесінде 2026 жылдың ақпан және наурыз айларында елордадағы ат спорты кешенінің құрылысы аясында мердігер ұйым алдында берешек пайда болды деген ақпараттардың ешқандай негізсіз екені айтылған. Ботагөз Омарова тиісті құжаттармен таныса келе, заңды тұлғаның ешқандай қарызы жоқтығына көз жеткізгенін жазды. Өз қателігін мойындаған ол өз үндеуінде былай деп көрсетті:

«Мен, Омарова Ботагөз Көшкінбайқызы, ресми журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның директоры А.Е. Үсімбековтің қызметіне қатысты өзім таратқан мәліметтерді ресми түрде теріске шығарамын. Осылайша, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында «Instagram» (101tv.kz) әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамда және «Айтпа, Ботагоз» Телеграм-арнасында жарияланған бірқатар материалдар арқылы «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның құрылтайшысы әрі директоры А.Е. Үсімбеков Астана қаласындағы ат спорты кешенінің құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар үшін «Ремстрой-1» ЖШС жұмысшыларына берешек және ақшалай қаражатты төлемей отыр деген көрінеу жалған мәліметтер тараттым».

Сонымен қатар БАҚ өкілі аталған компания басшылығымен кездесіп, қалыптасқан жағдайды өзара талқылау арқылы толық шешкенін жеткізді. Ол өз үндеуінің соңында барлық әріптестерін кәсіби жауапкершілік танытуға және кез келген ақпаратты көпшілікке ұсынбас бұрын оның анық-қанығын мұқият тексеруге шақырды. Полиция департаменті де Омароваға қатысты қылмыстық қудалаудың тоқтатылғанын ресми растады.

Бұл оқиға елімізде ақпараттық қауіпсіздік пен сөз бостандығы мәселесі қызу талқыланып жатқан шақпен тұспа-тұс келді. Еске сала кетсек, таяуда ғана Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиевтің жетекшілігімен кезекті пленарлық отырыс өткен болатын. Жиынға судьялар корпусы, Бас прокуратура мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар, нотариустар мен заңгер ғалымдар қатысып, азаматтар мен заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғауға бағытталған жаңа нормативтік қаулы жобасын жан-жақты талқылаған еді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтауда Telegram арқылы психотроптық заттарды насихаттайтын парақшалар таратып, ғимараттарға граффит...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана-Щучинск тас жолында жеңіл көлік бұланмен соқтығысты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Оқиға...