Есбол НұрахметҚанат айтылған жерге кешігіңкіреп келді. Келсе Ұлпан жол шетіндегі ағаш орындықта жыла...
Антон Чехов. Хирургия (әңгіме)
Аударған Р.Ахмедов
Земство ауруханасы. Дәрігер үйленбекші болып жолаушылап кеткен. Сондықтан ауруларды жасы қырықтардағы фельдшер Курятин қабылдап жатты. Үстінде көнетоз ақсары, жібек жеңді қамзолы, бұтында сілікпесі шыққан трико шалбары бар-ды. Жүзінде жауапкершілік сезімі мен сүйкімділіктің сипаты бар жуан денелі адам. Аңқыған иісі адамның қолқасын қабатын сигарды сол қолының сұқ саусағы мен қолының арасына қыстырып алыпты.
Қабылдау бөлмесіне кең жеңді, шұбалаң қызыл қоңыр желең киіп, беліне жап-жалпақ былғары белдік буынған, ұзын бойлы, еңгезердей шал Дьякон Бонмигласов кіріп келді. Ақ түскен оң көзі қысыңқы, танауына шыққан сүйелі шыбыннан аумай қалыпты. Дьякон бірер секундтай көз жүгіртіп иконаны іздестіріп еді, бірақ ондай ештеңені көре алмағасын, карбол ерітіндісі құюлы тұрған жуан бөтелкеге қарап шоқынып қойып, қызыл орамалынан тарту - таралғысын алды да, фельдшердің алдына әкеп қойды.
─ А-а-а... сәлем бердік! - деді фельдшер есінеп. - Не шаруамен кеп қалдыңыз?
─ Жексенбі күнімен сізді, Сергей Кузьмич... Сіздің мархабатыңызға... Ғафу етіңіз, "Сусын ішсем бұлаймын көз жасымды" деп дұғалықта ақиқат әрі ып-рас айтылған ғой. Бағана шай ішкелі кемпіріммен отыра қалып едім, құдай - ау, өңешімнен бір тамшы, бір түйір өтсеші, тіпті жата кетіп, жан тапсыра берсең де болғандай... Титтей ұрттадым бар ғой - шыбын жаным шығып кете жаздады. Ал енді тісімнің дәл өзін былай қойып, тіпті күллі мына жағым... сырқырайды дерсіз келіп, сырқырайды дерсіз келіп! Құлағыма да шапты, құлағымның ішінде, ғафу етіңіз, құдды бір шеге немесе өзге бірдеме жүргендей, шырт-шырт етеді дерсіз келіп, шырт - шырт етеді дерсіз келіп! Қиянат қып, күнәға батып... Жанымды мұздай күнәға қарып, өмірімді еріншектікпен өткізген бір пенде едім, мінеки енді соныма қарай... Күнәмнің сазайы Сергей Кузьмич, күнәмнің сазайы! Ғибадат намазынан кейін пірәдар: "Ефим, сен өзің тілің күрмеліп, бос гөй-гөйлеп кеттің, әндеткен дұғаңа ешкім түсінбейтін болды" деп кінә тағады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, аузы ашуға келмей, әрі түн баласы ұйқы көрмей жүрген кісіден қайбір берекелі мақам шыға қоюшы еді...
─ Иә... Отырыңыз... Аузыңызды ашыңызшы!
Вонмигласов отыра кетті де, аузын ашты.
Курятин қабағын түйіп, ауызға көз жүгіртеді де, қартаң тартып темекінің түтінімен сарғайып кеткен тістердің арасынан үңірейген қуысы бар бір тісті көре қояды.
─ Дьякон әкей араққа хрен батырып бас деген еді - ем болмады. Тәңірім жаныңа жамандық бермегір, Гликерия Анисимовна, қолыңа тағып жүр деп, Афон тауының жібін беріп, тісіңді жылы сүтпен шай деген еді, бірақ шынымды айтайын, жіпті тағуын тақсам да, сүт деген емін істей алғам жоқ: ораза болған соң, құдайдан қорықтым...
─ Жоқтан өзгеге нанушылық... (тым-тырыс). Суырып тастау керек оны, Ефим Михеич!
─ Сіз жақсырақ білесіз ғой, Сергей Кузьмич. Қайсысын суырып, қайсысын дәрі тамызып немесе басқа бірдемеден деген сықылды... бұл істің мән-жайын түсінгендей білім алған адамдарсыз ғой сіздер. Тәңірім жандарыңа жамандық бермегір, есіркеушілеріміз, тілеулеріңді күндіз-түні біздің тілеп жүруімізге бола қойылғансыңдар ғой, туған әкетайларым... көз жұмып, көрге кіргенімізше...
─ Бұл оп-оңай...- деп шкафтың қасына келіп, аспаптарды ақтарыстырып жатқан фельдшер қарапайымдылық көрсеткендей болды. - Хирургия дегеніңіз түкке тұрмайтын нәрсе ол. Мұның бәріне де, машық қол батылдығы керек. Бәрі де оп-оңай... Бағана ауруханаға тап өзіңіз сықылды, помещик Александр Иваныч Египетский келген болатын... Оның да тісі ауырады екен... Оқыған адам ғой, сұрастырмаған жайт қоймай, бәрінің де байыбына барып жатыр. Аты-жөніммен атап, қолымнан қысып қояды. Петербургте жеті жыл тұрып, профессор атаулының тамырын түп-түгел басып көрген... Екеуіміз осында ұзақ отырып... Сергей Кузьмич, осының өзін құдай үшін суырып тастаңызшы деп жалынды. Суырып тастамайтын несі бар? Суыруға болады, бұл арада тек түсіне білу керек, түсінбей болмайды... Тіс дегеніңіз әр алуан болады. Біреуін қысқашпен суырсаң, біреуін тістеуік, енді біреуін кілтпен суырасың. Әркімге әртүрлі. Фельдшер тістеуікті алып, оған бірер минуттай мүдіре қарап тұрды да, содан соң орнына қойып, қысқашты алды.
─ Кәнеки, аузыңызды кеңірек ашыңыз, - деді ол қысқашымен Дьяконге таяп келіп. - Біз оны қазір... бұл оп-оңай... Тек қызыл етін ғана сөгіп, тік біліктен тракция жасай қою керек... осы ғана... (тістің етін сөгеді) осы ғана...
─ Есіркеушіміз біздің... Көкірегіңе тәңірім сәуле берген сіздер болмасаңыз, біз сықылды ақымақтардың ақылы да жетпейді ғой.
─ Аузыңызды ашқан соң сөзді қойыңыз... Мұны суыру оп-оңай, ал кей-кейде тістің тек түбірі ғана тұрады. Мынаны суыру оп-оңай (қысқашты салады). Тұра тұрыңыз, жұлқынбаңыз... Қозғалмай отырыңыз... Көзді ашып - жұмғанша тракция жасайды... Ең абзалы тістің қабығын шытынатып алмай (тартады)... терең қамту керек.
─ Әкетайым, ізгі әулие анам!
─ Ол емес, ол емес! Қалай еді әлгі? Ұстама қолыңмен! Қоя бер қолымды! (Тартады). Қазір міне, міне... Оңай нәрсе емес қой бұл..
─ Әкетайым... ағайын-жұртым... (бақырады). Періштелерім! Ойбай, сығыр - ау, жұлсаңшы! Несіне бес жыл созып тартып тұрсың?
─ Мәселе енді хирургия ғой... Бірден бола қоймайды... Міне, міне...
Вонмигласов екі тізесін шынтағына жеткенше көтеріп, саусақтарын жыбырлатып, көздері ақшиып, алқына дем алды. Күреңіткен жүзіне тер шып-шып шығып, екі көзі жасқа толды. Пыс-пыс еткен Курятин Дьячоктың алдында тыпырлап тісті суырып жатыр. Сонымен жанды қинаған жарты минут уақыт өтеді де, қысқаш тістен сыпырылып шығып кетті. Дьячок орнынан атып тұрып, саусағын ұртына жүгіртті. Ұртын сипалап қараса, тісі бәз-баяғы орнында тұр екен.
─ Жұлғаныңа болайын! - дейді ол жыламсырап, сонымен бірге әрі мысқылдап қойып, - О дүниеде өзіңді өстіп жұлмалағыр! Құлдық ұрамыз! Суыра білмейді екенсің, жуыма! Құдайдың жарық сәулесін көре алмай тұрмын...
─ Ал енді өзің қолыңмен неге ұстайсың! - деп фельдшер ашу шақырды. - Тартып жатсам, қолымды қағып, аузыңа келген сөзді айтасың... Ақымақ!
─ Сен ақымақ!
─ Мұжық - ау, сен тіс суыруды бір оп-оңай нәрсе ғой деп тұрмысың? Суыра қойшы, кәнеки! Бұл саған шіркеудің мұнарасына шығып алып, қоңырауды соғу емес! (Мазақтайды). "Білмейді екенсің, білмейді екенсің!". Ақылшының табыла қойғанын көрдің бе? Қарашы өзін... Керек десең, Александр Иваныч Египетский мырзаның да тісін суырдым, сонда ол кісі тіс жарып, жалғыз ауыз сөз айтқан жоқ... Өзіңнен аяулырақ адам бола тұрса да, қолымен де ұстаған жоқ... Отыр! Отыр, деймін!
─ Жарық сәулені көре алмай тұрмын...Есімді жияйыншы... Оһ! (Отырады). Тек әйтеуір ұзақ тартпай, жұлқып қал.. бірден!
─ Оқымыстыны оқыта түс! Әй, тәңірім, білімсіз халық - ай десеңші! Міне, тап осы сықылдылармен бірге өмір сүріп көрші!.. Жүнжіп кетесің. Аш аузыңды... (қысқашты салады). Хирургия дегеніміз ойыншық емес, бауырым... Бұл шіркеудің клиросында ән салу емес... (тракция жасайды). Жұлқынба... Ескірген тіс болған соң тамыры, әлбетте, тереңдеп кеткен (тартады). Қозғалма... Солай...солай... Қозғалма... Солай... солай... Қозғалма... Ал, ал... (шықырлаған дыбыс естіледі). Өстерін өзім де білген болатынмын!
Вонмигласов тап бір есі ауып кеткен кісіше бірер минуттай тырп етпестен отырып қалды. Түсі қашып кеткен екен... Екі көзі алысқа бұлдырай қарап, шөлмектей аппақ бетіне тер шып-шып шығыпты.
─ Тістеуікпен неткенімде болатын еді... - деп міңгірлейді фельдшер. - Қырсықты қарашы!
Дьякон есін жиып, саусақтарын ұртына жүгіртті. Ауырған тісінің орнында шошайған екі тұқыл қалыпты.
─ Сүмелек, сайтан... - деді ол. - Сендей азғындарды ажалымызға бола әкеп отырғызған ғой, тәйірі.
─ Салғыласшы, кәнеки, тағы да... - деп күңкілдеді фельдшер, қысқашты шкафқа салып жатып - Көргеніңіз... Бәлем, бурсада өзіңді қайыңмен сыйлағаны аз болған ғой... Александр Иваныч Египетский мырза Петербургте жеті жыл тұрған... оқығандығы дегенің... бір костюмінің өзі жүз сом тұрады... сол екеш сол да түс шайысқан жоқ еді... Ал енді сен қандай кербез тоты едің? Саған түк жуымайды, арам қатпайсың!
Дьякон үстелден әкелген тарту-таралғысын сыпырып алды да, алақанымен жағын басып, жөніне тайып тұрды.
1884