ЕСТЕЛІКТЕР ҚОЙМАСЫ (Адам Мекебаевтің “Құпия қойма” атты романы туралы)

ӘДЕБИЕТ
3602

Жұттың сипаты

Аштықтың адресі жоқ – жұт, жеті ағайынды, бүкіл қазақ жерін жаулады. Жылқыдан айырылған Арқа жаяу қалды, қорлықтың басы, өрісі тарылған бетпақтың төрт түлік  малы қырылды, теңізден балық жоғалды, ағаштан жеміс азайды. 

Тепсеңде жатқан бір ауылдың жайлауы қиылды, өрдегі жұрттың сайға құлаған жайылымы тозды, етекті паналаған алаштың қыстауы кесілді.

Мал қырғыны – жан қырғыны. Кезінде, сусыны, асы, көлігі, дәулеті еді, қазір ырыстан береке, байлықтан бақыт кетті, 

Совет өкіметі орнаған күнінен бастап қазақты аштыққа дайындады, 1919-1921, 1923-1924, 1925-1928, 1929-1932 жылдар аралығында сақарада бірнеше дүркін аштық болды.

Қытай ауды, Иранға көшті, Ауғаныстанға қашты. Ресейге қоныс аударғандар да бар еді.

Халық жан сауғалап босты. 

Кейбір қалалар күнде таңертең төрт-бес арба өлік жинайтын еді. Ел қырдан шаһарларға ағылды. Қақпалар жабылды, іргеден қуылды. Ұрыны қарақшы тонаған заман туды.

Әр өлген жатақтың алақанында жарты тілім нан жататын. Ақтық сәтке сақталған дәм ақыры әлсіреген кезінде иесіне бұйырмайтын еді. Аштық өтіп кеткен адамның тәбеті қашатын көрінеді, сөйтіп, мүсәпір қайратынан айрылып, күш-қуаты азайып, әбден титықтап, болдырып өледі.

Арқада – әр ауылдың аштық туралы өз аңызы бар. Аңыз дегені – жай сөз – шындықтың бізге жеткен формасы.


Кітаптың маңызы

Уақытында, Бейімбет қалам тартты, Мұқтар Мағауин жазды, Смағұл Елубай бейнеледі, кейіптеген жұрт – баршылық.

Сосын, Адам Мекебаев кірісті.

“Құпия қойма” – ел басына күн туған заманда адамдығынан, кісілігінен айрылмаған ана (Сырға, Мәдина) образын жырлаған роман.

Жұртты талаған Түктібайдың ит өлімі жақсы келтірілген, һарам жолмен келген дүние бойға да сіңбейді, ұрпаққа да бұйырмайды. Қалай келді – солай кетті.

Жақсылық жалғасын тапса, жамандық желкеден үзіледі. Әкедегі теріс қылық балаға өтпейді екен (Тоқшылық). Қасиет қана жұғады (Серғазы). Кісіден – кісілік, иттігі өзімен бірге қалады (Түктібай). Құдай адамзатты сөйтіп сақтайды.

Қандай кереғар заман туса да, тіпті, қазақ бастан кешкен ашаршылық елді қаншалықты діңкелетсе де, титықтатса да, құлдыратса да, халықтың адамгершілігін жоя алмайды екен. Адамның хайуаннан айырмашылығы осында – кісілігі үнемі тұрақты.

Ұлттың жады – әдебиетте. Әдебиет жадында әлем тарихы бар. Қазақтың арғы-бергі құпия да, жария да шежіресі ұлттық әдебиетінде жазылып та, жаңғырып та тұр. Тіпті, қала берді, кешегі қырғын, сонау жаугершілік заман, ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама түгел есте, ұмытқанымыз – өкпе ғана. 

Болар ұлт өткенге байланбайды.

Дидар Амантай

28.02.2019 

author

Адам Мекебаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...