ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ. ЗАМАН ЖӘНЕ АДАМ

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2158

 Әбдіжәміл Нұрпейісов... Қан мен тер.

Бүкіл тіршіліктің салмағын арқалаған осы бір-екі сөзбен аталғандықтан жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың жаңа романының көтерген мәселесі де, көрсеткен дәуірі де ерекше елеулі шығар деп ойлағанбыз. Шынында да, солай болып шықты. Роман ежелден бір-біріне есесі кетіп, арасында ерегіс оты тұтанып келе жатқан, аспан мен жердей алшақ, бітісуінен түтісуі оңай кереғар екі қауымның әншейін бітуажамен бітпейтін кескекті күресіне арналыпты. Бұл ашу, бұл бұрқақтың от алар ұшығы да тым тереңде; ол сонау көп ғасырлардың көне шатқалдарын аралап кетеді. Ол ұшықтың аты да — жазықсыз төгілген пәк қан мен бейнет малшындырған ащы тер. Бас көтеріп, бой көрсеткендерді мұратына жеткізетін де сол екеуі — қан мен тер. Демек, автордың көп кітапты күрделі еңбегін тап осылай атауы әбден орынды.

Октябрь және қазақ ауылы. Революция және қазақ сахарасы. Бұл — романның көтерген тақырыбы. Бұл — қазіргі қазақ прозасының ең басты, әрі ең өзекті тақырыбы. Советтік шындықтың сонау елең-алаңында туған «Тар жол, тайғақ кешуден» бастап, қазақ романында бұл тақырыптың өрмегі бір үзіліп көрген емес. Өзгерген өңірізімізді пайымдау, халқымыздың ұлан-асыр өмірінің ұланғайыр шежіресін жасау — бүгінгі қазақ прозасының бірден-бір парызы.

Кеш туып, тез есейген қазақ прозасы ұлтымыздың, жұртымыздың рухани кескін-келбетін, жан байлығын, қаһарман тарихын біршама танытып үлгерді. Бұл игі бастаманың басы да, жеткен шыңы да, асар-асқар алар биігі де — М. Әуезовтың «Абай жолы». Қаһарманы — бүкіл бір ұлт, қамтығаны — бүкіл бір ғасырлық тарих роман әрі жас, әрі жаңа қазақ прозасының барша қадыр-қасиетін, мінез сипатын түгел ашып бергендей. Ондағы көп қырлылық, алуан аялылық күллі қазақ совет романының түс мінез, төл сипатына айналып келеді.

Қазақ романының осы бір озық сапасын Ә. Нұрпейісов кітабынан да байқадық. Оның да қаһарманы — қазақ сахарасы. Қазақ даласын қапысыз көрсеткен ұлы шығарма туып, күллі ғаламның аузына іліксе де, қазақ жазушыларының бұл талап, бұл бағыттағы әр қадамын құптауымыз керек. Өйткені, қазақ даласы қандай ұланғайыр мол болса, оның өткені мен бүгінгі көп қырлы, көп сырлы шындығы да соншалықты мол. Оны қандай кемеңгер талант, қандай кемел шығарма болса да, біржолата тауыса қамтып, сарқа бейнелеуі тіптен мүмкін емес. Орыс әдебиеті атты ұлы тарихшының орыс өмірінің қат-қабат шежіресінен қамтымай кеткен беті кемде-кем. Орыс әдебиеті атты ұлы жиһанкездің орыс өңірінен қақас қалдырып, бармаған-баспаған түкпір-түбегі табыла қояр ма екен! Соның өзінде Максим Горький сонау отызыншы жылдары орыстың аса үлкен суреткерлері Москва маңынан шыққан, біздің прозамыздағы орыс пейзажы, орыс тұрмысы тек Москва, Петербург маңын, Орталық Россияны ғана бейнелеген, байтақ Россияның көп өлкесі көзге ілікпей жатыр деп қайғырғаны мәлім. Үлкен жазушының осы пікірі айтылуы-ақ, мұң екен, әдебиеттегі орыс географиясының соны материктерін ашқан соң шығармалар жарық көре бастады. Орыс әдебиетінің көркем сурет галереясына Фадеев қаламынан шыққан Қиыр Шығыс, Тайга пейзаждары, Шолохов кескіндеген Дон даласының нұр шұғылалы картиналары ілінді. Ал, бізде ше?

Рас, кәрі Шыңғыс, Ертіс бойы, Толстой, Пушкин , Горький жазған Орталық Россия, Кавказ, Еділ бойының әрлі де нәрлі әсем суреттеріндей тек қазақ оқушыларының ғана емес, бүкіл әлем оқушыларының көз алдында. Ал, қазақтың шартарап, кең байтақ жерінің қаншама өлке-өңірі әлі қаламға іліккен жоқ? Біздің әдебиетімізде Абай заманы егжей-тегжейі көрсетілді; ал көл-көсір тарихымыздың қаншама қызғылықты беттері қақас қалың кетеді? Біздің әдеби әлемімізде бояу тимеген ақ теңбілдер әлі көп.

Бұл орынсыз өкпе, орынсыз кінәмшылдық емес. Әр ұлттың әдебиеті сол ұлттың өлкесінің, өңірінің, өмірінің барынша терең, барынша дәл көркем кескінін жасауға міндетті. Ол сол арқылы әр халықтың өзін тануына, өзгелерге танылуына жағдай жасайды. Кейінгі жылдары қазақ жазушылары бұны жете түсіне бастады. Қазіргідей өз тұсымызды бейнелеу сияқты ұлы міндет қызу әңгіме болып жатқанда бұл сөзіміздің біреулерге ерсі естіліп, әбес көрінуі де мүмкін. Алайда, әдебиет елдің тарихи да, рухани да шежірешісі екеніне ешкім дау айта қоймас. Ендеше, суреткерлеріміз сол шежіренің етек-жеңін түгел қамтуға кіріскеніне қуанамыз да, құптаймыз да. Соңғы жылдары қазақ әдебиеті көркем сурет галереясына Ғ. Мұстафин, X. Есенжанов романдарындағы Сарыарқа мен Жайық бойларын бейнелейтін үлкен эпикалық тыныстағы соны сом полотнолар, Т. Әлімқұлов, Б. Соқпақбаев, Қ. Ысқақов, С. Мұратбеков, Ә. Тарази шығармаларындағы Қаратау, Жетісу, Алтай, Алатау өңірінің нәзік лиризмге толы әсем акварельдері ілінді. Қазақ тарихының көптеген құнды беттерінің көркем сырына қанықтық.

Бұл – әдебиетімізді ғана емес, оқушы көкірегінің көркемдік әлемін де байытатын ізгі құбылыс.

Ә. Нұрпейісов кітабында да оқушы қауым назарына бұрын ілікпеген соны аймақ, соны характер, соны шындық бар. Жазушы оқушы назарын бұрын-соңды қаламға ілікпеген Арал төңірегінің сұсты табиғатынан бастайды. Романист белгілі бір өлкенің белгілі бір кезеңдегі өмірін көрсету арқылы жалғыз бір өлкенің ғана емес, бүкіл ұлттың белгілі бір тарихи кезеңдегі кескінін мүсіндеген.

Біз романның алғашқы бетін ашқанда-ақ түтеп келе жатқан өкпек дауылдың өктем лебін сезе қоямыз. Көк мұздың үстінде, жар қабақтағы балықшы ауылға келген әр қараға бір қарап, екі көзі төрт боп жүрген Еламанның жүгіре-қабына үйіне жеткенде, төрінде отырған Тәңірбергенді көріп, томсырая қалуынан бастап-ақ, сермескелі тұрған семсерлердің жүзі жалт етеді. Жетімдік пен жарлылықтың қорлық-азабын мықтап шеккен жыртық өкпе Еламанның жарық дүниеге келгелі көрген қуанышы — қойнындағы Ақбала, алдындағы жарқын үміті — Ақбаланың құрсағындағы нәрестесі. Оның осы өмірден тапқан игілігі — сол екеуі-ақ. Міне, енді оны да көпсініп, сырттан сұқтанып, тағы біреу көз аларта бастады. Ол — Тәңірберген мырза, Еламанның ата жауының тұқымы. Оның әкесі Еламанның әкесін өлтірсе, ағасы Қаратаз енді Еламанның өзінің көзін жоймақ боп, ындыны құрып жүр. Қырдың қақаған қысы мен шыжыған шілдесінде аянбай тер төккен Еламанның олардан алған алғысы — арқадан аямай осқан аяусыз қамшы болды. Сондықтан да ол бай ауылынан безіп, көк теңіздің көкірегін саялап кетіп еді. Қашса да, өкшелеген жауының қалар түрі жоқ. Қыз күнінде Ақбаланың оң қабағына тап болған сері жігіт мұның төрінде отыр. Еламанның қабағына қонған бұлттың сыры да сонда. Ол — әйелін қызғанудан шыққан әншейін томырық ашудан гөрі ескі жараның қайта сыздап шамырығуына келіңкірейді. Екі адамның ортасындағы пенделік араздықтан гөрі, есесі кеткен жанның сілкініп томаға сыпыруына ұқсайды. Есесі кеткен жалғыз Еламан ғана емес. Сондықтан да, оның басындағы сілкініске Дос, Мөңке, Рай, Қален, тағы басқа Еламан тағдырлас жандардың бәрі де ортақ. Ал, Қаратаз бен Тәңірберген де көп жауға қарсы шапқан ақ көз жау емес тәрізді. Олардың да білек қосарлары жеткілікті, олардың ауын бірге құрысып жүрген Федоров, татар саудагері Темір келер.

Демек, романда көрсетіліп отырған өмір — екі пенденің емес, екі таптың арасындағы қақтығыстар.

Романның алғашқы беттері осылай ашылады. Кейіпкер басындағы интимдік оқиға үлкен әлеуметтік өмір арнасына қарай ойысады. Адам мен қоғам арасындағы, тағдыр мен тарих арасындағы әрі нәзік, әрі берік байланысты, тап арасындағы қайшылықтың өмірдегі шын бейнесін жазушы дұрыс байқап, дәл басқан. Ондай қайшылық пен қақтығыстың әлеуметтік төркіні де дұрыс пайымдалған. Ниеті бөлек, кереғар екі таптың тұсында қорлық көруші де, қорлық көрсетуші де жалғыз болмайтынын дәлелді бейнелейді. Соңдықтан да Еламанның басына туған күн Қален мен Райдың, Федоровтың басына туған күн Қаратаздың басына да туады. Автор көрсетіп отырған әлгіндей қақтығыстардың қанды көйлек анасы — өмір, Соны түсінген жазушы бұл қақтығысты ешқашан айналасынан бөліп, жалаңаштамайды; өзі көрсетіп отырған өмірдің қай қырын суреттегенде де, бұл қақтығыстың басын ашып, даралап, айқындап бейнелейді. Қақтығыс өзінің сәтті-сәтсіз нәтижелерін көрсете бастайды. Романның алғашқы екі кітабы нағыз айқастың қызар кезеңіне тіреліп бітеді.

Романда сан алуан адам бар. Әр адам өз кейіп, өз тағдырымен көрінеді. Қилы-қилы тағдыр, қилы-қилы мінез бен іс-әрекет сол кездегі халық өмірінің келбетін әрлі жеткізеді. Адам және уақыт. Адам және қоғам. Адам және тарих. Қазан төңкерісі тақырыбына жазған жазушының назарына алдымен ілігетін басты проблемалар да осылар. Бұл проблемалар суреткерден адамзат қоғамының даму заңдарына жетік болумен қоса, адам психологиясын да терең білуді қажет етеді. Өмір шындығына тарихи даму тұрғысынан үңілу белгілі бір тарихи құбылысқа тарихшы көзімен ғана емес, оған ең алдымен психолог суреткердің көзімен үңілуді тілейді. Әбдіжәміл Нұрпейісов өз романында заман шындығын характер шындығымен қабыстыра суреттеуді мақсат тұтқан.

Революция сияқты бүкіл халық болып қозғалысқа түсер ересен құбылыс — бастан кешіргенде жеке адамдар үшін қиыншылығы мол дәуір. Халық сияқты ұлы тұлға істейтін ересен құбылыс кез келген пенденің басына шақ бола бермеуі мүмкін. Адасу, азап кешу, тіпті күйреп күйзеліске ұшырау да кездеспей қалмайды. Кеңес романының кейінгі дәстүрі революциялық, шындықтың ондай қат-қабаттарынан қашпауды, қайта сол тарихи шындықты характер шындығы арқылы зерттеп, революция сияқты әлеуметтік құбылыстардың қаймағы мол сипаттарын, тарихи заңдылықтарын тереңдеп ашуды өнеге етеді. Революция тақырыбында шығармалар тудырған Алексей Толстой, Михаил Шолохов, Александр Фадеев, Константин Федин үлгілері соған меңзейді. Революция сынды жойқын құбылыс тек халықтың ғана бойына шақ. Олай болса, ол туралы шығарманың басты қаһарманы халық болуға тиісті. Сондықтан да, шығарманың өн бойына өмірі өзек боп жүргенмен ешкім «Тынық Донды» Григорий Мелехов туралы роман дей алмайды. Бүкіл халық бол қайрат қылған түс туралы жазылған Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігіндегі» жақсы дәстүрді октябрь тақырыбындағы орыс романдары орынды дамытты. Әйгілі Француз революциясы жайлы шығармалардан ондай қасиетті байқамаймыз. Виктор Гюгоның «Аласталған» романында бүкіл революцияның дидарын жалғыз Жан Вальжанның бір басының өзі көлегейлеп тастайды. Арғы-бергі атақты классиктердің ешқайсысы да халық тұлғасын жасауды мұрат еткен жоқ. «Адамдар» комедиясында Бальзак бір дәуірдегі бүкіл қоғамның келбетін ашып бере алды, бірақ француз халқының тұтас тұлғасын сомдауға дәт қылмады.

Адам мен қауым тарих пен халық шарпысқан заманды бейнелейтін шығармалардағы геройдың сипаты да өзгерді. Ол — Вальтер Скотт пен әкелі-балалы Дюмалардың тарихи тақырыптағы романдарында бәрін өзі бітіріп, бәрін өзі тындырып отыратын геройларға атымен ұқсамайды. Енді ол жеке қаһарман емес, халық өкілі ретінде көрінеді. Осы бір үйлесім бүгінгі романның күретамыр қасиетін белгілеп берді.

Ә. Нұрпейісов «Қан мен терді» жазу үстінде осыны дұрыс ұғынған. Ол романның алғашқы екі кітабын түгелдей қазақ даласындағы таптық жіктелу құбылысын, қазақ жалшыларының сілкіну-серпілу құбылысын зерттеуге арнаған. Бізге осы романдағы байыпты зерттеушілік пафос өте-мөте ұнайды. Өйткені, араны жылдар алшақтатып тұрған кезең туралы жазған жазушы сол кездің кескін-келбетін айнытпай елестете алатын үлкен суреткер болумен қоса, сол тарихи құбылыстардың түп себебін түбегейлі қазбалап жіктей алатын тарихшы да болуы керек деген бірден-бір хақ қағиданың өте-мөте керек жері -әсіресе, осы тақырып. Бұл әсіресе, дәл қазір керек. Ол жоқ жерде жоғарыда біз тоқталып өткен өрелі парыздардың ешқайсысы жүзеге аспақшы емес.

Шығарма тынысын уақыт тынысы белгілейді, тек шығармада жазылып отырған уақыттың ғана емес, шығарманы жазып отырған уақыттың да тынысы белгілейді. Сонау революциядан кейінгі жылдары сахнадағы байыпты реализмнің өкілі К. С. Станиславский Көркем театрда қойылған В. Ивановтың «Бронепоезд 14 — 69» спектаклінде темір жол вокзалының төбесіне оттай лаулаған қызыл-күрең көйлек киген орыс жігітін билетіп қойыпты. Мұндай бояу К. С. Станиславкий палитрасына атымен жат екенін білетін достары бұған таңырқағанда, режиссер уақыт осыны талап етеді деп жауап беріпті. Өйткені, ол тұста революция жүріп жатты, оған еңбекші қауымның қалың бұқарасын шақыру керек болды. Уақыттың соны талап еткені, уақыт тынысының солай болғаны рас. Режиссер уақыт тамырын дәл басты. Енді одан бері жарты ғасыр өткен соң бұл мәселеге тап баяғыдай қарайтын болсақ, уақыт талабынан әлдеқайда лағып кеткен болар едік. Бізге бүгін ұлы революцияның қат-қабат астарынан қалтарыс қоймай көрсететін зерттеуші реализм керек.

Ә. Нұрпейісов өз шығармасының тынысын уақыт аңғарына қарап пайымдаған. Біздің оған дейін революция тақырыбында жазған авторларымызда қазақ даласының ояну эволюциясы тым жеделдеңкіреп кететін тәрізді еді. Қазақ, жалшысының бір орыс жұмысшысымен тілдескен күннің ертеңіне-ақ революционер боп өзгеріп шыға келетіні барды. Тарихи оқиға — әншейін хронология құрайтын істер емес, елдің, халықтың өсу-дамуының көрінісі. Ендеше, ондай тарихи процесті күштеп-зорлап тездетіп, күштеп-зорлап есейте, ер жеткізе қоюға тырысу қоғамның өсу заңын, қоғамдық дамудың логикасын бар суреткерлік болмысымен ұққан суреткердің мінезі болмасқа керек.

Әңгіме қылып отырған шығармада, міне, осы бір асығып-үсігу жоқ. Автор ширатылып-ширығып басталатын оқиғаның әуелгі екпінімен кетіп, тарихи шындықтың пісу, жетілу логикасына қиянат қылып алмайын дегендей тізгінді тартыңқырап отырған тәрізді. Романның бірінші, екінші кітабында әлі дайын тұрған күрескерлер жоқ, күрес жолына шыққан адамдардың алғашқы адымдары ғана бар; қазақ даласындағы таптық күрестің неден өршіп, неден тұтанған себебі ғана ашылған. Олай болуы заңды да. «Қан мен тердің» кейіпкерлері — бір ортаға бас қосып, күрес ынтымағын түсініп өскен жұмысшылар емес, әлі де болса, артында қалған малды ауылға жалтақтап қоятын дала жалшылары. Оларды тағдыр табыстырғанмен, әлі күш біріктіріп, тізе қоса қойған жоқ. Дүбір көтеріп, дүрбелең салып жүргендердің өзін де саналы күрескерліктен гөрі соқыр ыза, намысқойлық басым. Олардың қайсысы да көріп жүрген қорлық-зорлықтарын салмақтай алады; көздеріне шалқыған түтіннің қай ауылдікі екенін де сезеді. Бірақ, содан қалай өш алуды, қалай құтылуды біле бермейді. Алайда, осындағы қарсылықтың бәрін әншейін бас асаулыққа қосақтай салуға болмайды. Оған көз жеткізу үшін романдағы кейбір бейнелерге көз жіберейік.

Романда бастан-аяқ көрініп, бастан-аяқ кемелденіп келе жатқан тұлға — Еламан. Байсалды, орнықты, парасатты осы бір адамның кеудесінде көптен қордаланып жатқан кегі бар. Өзі — жақсы жар, қамқор күйеу, мейірбан әке. Өмір парқын, бақыт парқын, махаббат парқын нәзік түсінеді. Ол үй-ішіне, өз төңірегіне ғана емес, күллі балықшы ауылға мейірбан. Осынша кісі қадірлегіш адам ақырында кісі өлтіріп, жер аударылады. Неге бұлай?

Қалаға айдалып бара жатқанда қонған үйінің адамдарының сауалына, Еламан: «Кісі өлтіру — кәсібім емес еді, балықшы едім,» — деп тұжыра жауап береді. Еламан — ар иесі, намыс иесі; кісі алдында басын төмендетіп жалбарыну-жалыну түгілі, көрген қорлық-азабын айтып шағынуды да білмейді. Намыс — Белинский айтқандай, «адам рухына зор демеу, ол ғажайып кереметтер істей алады». Еламанды осынша ширықтырған да сол адамшылық, азаматтық намыс. Оның есесі кеткен жері көп, көзін ашпай жатып, оң жақта сұлаған әкесін көрді. Содан бермен қарай, қандай қорлық көрсе де, сыр бермей шыдап, тістеніп өсті. Төзіп бақты. Ішінең иттен бетер жек көріп отырып, Тәңірбергенге ештеңе деместен қалды; аузын бұзып, тісін сындырып жатқанда Федоровқа тіл де тигізген жоқ. Оны шамырықтырған жағдай — басқа жағдай. Әлгінің бәрі оның көкірегіндегі отты үрлей түсті. Федоровтың қара құсынан тиген сүйменнің ұшында оның тек сол бойдағы ғана емес, өмір бойына көкірегіне дерт боп жиылып келген ызасы — Федоровқа деген кегі, Қаратазға деген кегі, Тәңірбергенге деген кегі түгел бар еді. Осы бір ашулы күйінің өзі Еламанды соны бір асқарға алып шықты, еңсесін бұрынғыдан да бетер биіктетіп кетті. Қолынан қан тамшылап тұрғанының өзінде Еламан — нағыз гуманист адам. Оны ашындырған жай — ажал құшағынан, теңіздегі сеңнен әзер құтылып тұрған Еламаннан Федоровтың балықшылардың жағдайын сұрамай, әуелі ау құралдарын сұрауы. Оны ызаландырған — бір басының көрген қорлығы емес, дүниеқоңыз саудагердің тойымсыз ындыны айдап, қатпаған теңізге шығып, ажалға айдалған жолдастарының бекерге төгілген қан мен тері. Еламанның басындағы бұл оқиға қорлық көргендердің сейілу-серпілу психологиясын шынайы бейнелейді. Еламан қылығы — күрес теориясы тұрғысынан мәнсіз-мағынасыз көрінгенмен, күрес психологиясы жағынан, моральдық жағынан үлкен рухани ерлік. Отеллоның азаматтық, теңсіздікке қарсы қимылы — революциялық күрес теориясы тұрғысынан атымен сын көтермейтін болмашы құбылыс, соқыр ыза, стихиялық буырқаныс болғанмен, адамзат моралі үшін — теңдесі жоқ ұлы ерлік, өнер эстетикасы үшін аспандаған асқақ құбылыс.

Романның бірінші кітабы «Ымырт» шыққан кезде сыншы Р. Бердібаев «Жұлдыз» журналының 1962 жылғы 3 сентябрьдегі «Қазіргі қазақ романдарындағы тартыс туралы» атты мақаласында авторға «іс-әрекетімен едәуір айқындалып қалған қаһарманды асығыс пәлеге душар етіп, шапшаң айдаттырып жібергеннен роман ұтпаған»,— деген айып тағып еді. Сонда Еламанның бұл қылығы жасандылық па? Кейіпкердің әрекеті оның тұлғасына, ол араласып жүрген ситуацияның логикасына қонымды болуға тиісті. Егер қаһарманның қылығы оның мінезіне, басындағы жағдай мен төңірегіндегі өмір шындығына сыйыспайтын болса ғана жасандылық болмақшы. Сондықтан кейіпкердің белгілі бір қылығына баға бергенде өмір шындығы мен характер шындығының қаншалықты қабыса алғандығымен бағалау керек.

Үстіне тау артса да қыңқ деместей табанды да шыдамды Еламан, адамды адам деп емес, ақшаны көбейтер жұмыс күші деп түсінетін озбыр көзқарастың адам төзгісіз жексұрын сипатын ақылмен, өрелі оймен, әлеуметтік санамен емес, ашу үстінде танып, арандап қалды. Еламанның тап ол тұста әлгіндей әлеуметтік озбырлықтың түп-төркінін егжей-тегжейлі түсіне алуға мүмкіндігі де, мұршасы да жоқ-ты. Жазушы ашулы Еламанның күрескер Еламанға дейінгі өсу жолын көрсетуді мақсат тұтқан. Федоровты өлтіру — Еламанның қолынан келер іс-әрекеттің шығар шыңы, жетер шегі емес, ол өтетін үлкен өмір жолының басы ғана.

Бұл жерде сыншы қазақ қырының революцияға араласуының, қазақ қырындағы таптық күрестің спецификалық ерекшеліктерін ескермеген сияқты. Қазақ кедейіне таптық күресті тану Төлегеннің ұзын-шуақ шекті көштерін аралай жүріп, Жібекті тауып алуынан да қиын болғанды. Бұл жолда олар өтер асу-белес өте мол еді. Қазақ қырында әлі бас көтере қояр пролетариат жоқ кездегі қазақ кедейлерінің революцияға араласуының осы заңдылығын Ә. Нұрпейісов те аттап өте алмаған. Еламанның Федоровты өлтіріп каторгаға айдалуы характер шындығына да, қазақ қырындағы таптық күрестің даму логикасына да, демек, өмір шындығына да әбден сыяды.

Еламанның өмірдің жарқын жолына, саналы күрес жолына аттануы — сол аяқ-қолы кісенде қалаға айдалуынан басталады. Романның бірінші кітабының өне бойына өзек болған ашыну процесі қыр кедейінің өз бақыты, өз болашағы жалындағы күресінің, стихиялық күйкі күйін ашады. Еламан да арандағанын кейін біледі, ол бұл екі ортада Сібірге айдалды, майданға барды, басқа халықтардың, басқа ортаның өкілдерімен танысты. Ауылдағы жалшы қазақтың бәр-бәрі біле бермейтін, көре білмейтін көп нәрсені көріп, көп нәрсені білді. Бұл жағынан ол өз тұрғыластарының көбінен көш ілгері озық тұр . Алайда, Ә. Нұрпейісов өз кейіпкері еті тірі, намысқой, ыждаһатты адам бола тұрса да, сауатсыз қыр жігіттің көзі ашылу процесін оңайлатпайды. Еламан шет сапардан еліне бірден күрескер, саналы революционер болып оралған жоқ. Ол шеттен кешегі ойлары мен кешегі істеріне деген көп күмәнмен оралды. Енді ол өзіне, өз ортасына, өз даласына басқаша қарай бастады. Кеше көзіне түсе бермейтін көп келеңсіздік енді көкірегін көп тырналайтын болды. Ол екінші кітапта да шын мәніндегі күрескер дәрежесіне көтерілген жоқ, бірақ бірінші кітаптағысынан әлдеқайда есейді. Ол бірінші кітапта шарт қимылдың адамы боп көрінсе, екінші кітапта көбіне-көп ой үстінде, толғаныс-тебіреніс үстінде көрінеді. Кеше алыпсатар Федоровқа бір ауыз тілге келместен сүймен ала жүгірген Еламан, енді балықшы жігіттердің ау салатын суға таласып, жанжал шығармақ ниеттерін құп көрмейді, Бұл — Еламанның жігері жасып кері кеткені емес, көзі ашылып есейгені. Ол бір жексұрынның көзін құртқаннан бүкіл дүниенің түгел өзгеріп шыға қоймайтынын әбден біліп алған-ды.

Дүниені қайтып өзгерту керек? Ол — кешегі жалпы Еламан үшін әлі беймәлім мәселе. Екінші кітап Еламанның осы жолдағы есею процесін өзек етіпті. Әлі патриархалдық үрдістердің дегені жүріп тұрған елдегі езгі көрген адамның таптық санасының оянып, революциялық күрес жолына келуі — шытырман шырғалаңы көп бұралаң жол. «Қан мен тер» романының екінші кітабының «Сергелдең» аталуы да содан сияқты. Жазушы осынау иірімі мол психологиялық процестің әр қалтарысын қағыс қалдырмауға тырысыпты.

Романдағы тағы бір қомақты да қызық тұлға — Қален. Қален бойында Еламанға ұқсамайтын ерекшеліктер көп. Ол әуелден жалшы болып көрген жоқ. Ол кітапта алғашқы көрінгенде де Еламанша көрінбейді. Бай ауылдың шуылдақ иттерінен айылын жимай, айбатпен келген Қаленнің бойында бір еркіндік бар сияқты. Ол өзін бетімнен қағар, алдымды бөгер ешкім жоқ еркін жанмын деп ойлайды. Сөйтіп, Қален ол келгенде бай үйінің қабақ шытпай қабылдайтынын теңдік санап, аузы жеткенше қалжыңдасатынын еркіндік керіп жүр екен. Түптеп келгенде, оның ең азы Қаратаздың қамшы жеген ала мойнағындай да қадірі болмай шықты, Оның тұлға-тұрпаты қанша еркін тұрып, еркін жүруге жаралса да, бай ауылдың аймағы Қаленнің алып тұлғасының айналып тұруына тым тар екен. Ол бұны болыс болғалы тұрған Қаратаздың салқын сәлемінен-ақ ұқты. Енді бай ауылға сойылға сілтер, арамға жұмсар ұры жігіттің, қарулы қолдың қажеті болмай қалыпты. Шамасы, Қаратаздың қолына мал табудың басқа бір айла-амалы, бұдан да мықты бір қару түскен сияқты. Оның аты — билік, оның аты — болыстық. Қаленнің ашынуы алғашында Еламаннан әлдеқайда еңсесіз, әлдеқайда әбе-қоңыр көрінеді. Әу баста ол Қаратаздың ескермегеніне, елемегеніне намыстанып, балықшы ауылға келеді. Мұнысы — қоғамдағы өз орнын тануы, өз қасіретін түсінуі емес. Жаңа ортаға тап болған ол, өмірдің жаңа сабақтарын ұға бастады. Атақты дауылда теңіз үстінде ол да жүрді. Еламанның ерлігіне айғақ болды. Қален шын намысты сонда барып ұқты. Еламан айдалып кеткенде бассыз қалған балықшы ауылдың басы-қасында болды. Еламанның қимылына қызығып, жақсы көріп, дәріптеп жүрді. Ақыры, Қален ерліктің орны, батырлықтың орны ұрлықта емес, жұрт үшін, есесі кеткендер үшін араша түсетін азаматтық қимылда екенін түсінді. Ол да қорлыққа-зорлыққа шыдамаған жұрт қимылға барды. Кейбір сыншы жолдастар Қаленнің бұл қылығынан тағы тіксініп қалды. Мәселен, сыншы X. Әдібаев кітаптың бірінші кітабы жайлы 1962 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында: «Шығарманың «қан...» деп басталатын атын ақтауға тырысқан автор майдансыз, бейбіт уақыттың өзінде он шақты адамды өлтіріп, жасанды жолмен қан төгіс жасайды»,— деп жазды.

Біздіңше, сыншы айтып отырған он шақты кісі өлімін бірінші кітаптан көре алмадық. «Ымыртта» екі-ақ өлім бар, біреуі — Федоровтың, екіншісі — Қаратаздың өлімі. Біреуі Еламанның, біреуі Қаленнің қолынан қаза табады. Еламанның кітаптың басында істеген қимылын Қален кітаптың аяғында істейді. Мұның да бір мәні болуға тиісті. Бірақ, сыншы Мұндай астарға көз салып, көп басты қатырып жатпастан, жасандылық деп айып тағады. Федоровтың өліміне байланысты ситуацияда ешқандай жасандылық жоғын жоғарыда айттық. Ал, енді Қаратаздың өлімінің қай жері жасанды екен? Сыншы өз пікірін дәлелдеп жатпапты. Жарайды, Қаленнің бойына мынау қимыл сыя ма? Сыяды. Өйткені, Қаленнің көзсіз батырлығына, ержүректігіне, қырдағы қан төгістің талайына белсене араласып жүргеніне X. Әдібаев та дау айтпайды. Ендеше, сол көзсіз Қален бастас тұрғыластары майданға алынып, қияс ортасының қиянаты асып, елден-жерден аласталып, зәр жұтып жүрген тұста , баяғыда өзін талай арандатқан, кеше өзін сабап, бүгін қатын-баласына қорлық беріп, бауырындағы сәбиін суыққа қамап өлтірген, соңына түскен Қаратаздың алқымына ұмтылса, оның несі жасанды? Егер онысын жасанды дейтін болса, сыншы өзі тап сол мақаласында Қаленнің бетіндегі бұжырына дейін таң-тамаша қалып, қас батыр, «М. Әуезовтың «Қараш-Қарашындағы Бақтығұл сияқты» — деп мақтайтыны қалай? Жасандылық деп жазушы арыстанға құрт аулатып, торғайды жолбарыспен жағаластырып қойса ғана айтпай ма? Ал, енді арыстан мен жолбарыс алысып, бірін-бірі мерт қып жатса, оның несі нанымсыз?

Сыншы тіксініп отырған бұл екі өлім кітап үшін басы артық оқиға емес, қайта шығарманың бел-белес екі асуы сияқты. Федоровтың өлімі Еламанның тағдыр жолын тауып берді, бәлкім Қаратаз өлімі де Қаленнің алдынан сондай жол шығарар. Ол екі жол бір бағытта ма, жоқ кереғар ма — оны шығарманың келесі кітаптары көрсетеді. Әйтеуір, бұл екеуі қызық үшін алынған арзан оқиға емес. Осы екі өлім арқылы еңсесін езгі басқан қазақ жалшылары азап пен қорлықтың қайдан туындайтынын мықтап көре алатындай белеске көтерілді. Әуелі, олар үшін пәленің таудай қара басы — Федоров болса, ол өлген соң Қаратаз боп көрінді; сөйтсе, қиянаттың шеті мен шегінің жеткізер түрі жоқ. Одан қалай құтылу керек, оған осылай оңтайға келгенін қылжита салып жете ме, жоқ басқа да жолы бар ма? Міне, бел көтеріп, бас біріктіре бастаған кекті күш осы тұйыққа тірелді. Қаленнің өз басы Еламаннан гөрі әлдеқайда еңсесіз қимыл жасады. Бұнда жеке бастың ызасы басымырақ.

Бұл жағдай Қален басындағы әлі де болса кенжелеп келе жатқан мешеулікті сездіргенмен, ол роман үшін елеусіз оқиға емес. Еламан қимылы жұртқа жігер бітіріп, рухтандырған болса, Қален әрекеті оларды ойландырды.

Сыншы X. Әдібаев «Қан мен тер» туралы айтып отырып, бір кезде Лев Толстойдың Леонид Андреев шығармалары туралы: «Ол қорқытады, бірақ мен қорықпаймын»,— дегенін еске алады. Лев Толстой айтса, өмірдің өзгесі жетпегендей, тек өлімді төңіректеп, түнек-тұңғиыққа бой ұрған, өлім физиологиясын әсіре қызықтап кеткен жазушы туралы айтты. «Қан мен терде» ондай өлімді қызықтаудың қапас-қапырық тынысы жоқ. Күрес жолы оңай емес. Бақыттың өзі талайдың көзін жұмып, басынан аттап келеді. Оны тарих та жасырған жоқ, әдебиет те жасыра алмайды. «Қан мен тердің» кейіпкерлері өз өресіне лайық қимыл жасап, ер жетіп келеді. Өмірдің ондай заңдылығын ашатын өлімнен Лев Толстойдың өзі де қашқан жоқ. Жан-тәніңмен тілеуін тілеп отырғанда Андрей Болконскийге де көз жұмдырған — сол Толстой, аяулы Анна Каренинаны рельске бастап апарған да — сол Толстой. Ендеше, сонысы үшін Толстойға: «Сіз бізді қорқытқыңыз келеді екен. Біз қорықпаймыз!»— деп шіренсек, жөн болар ма еді.

Қырдың ескі өмірінің заң-зауалынан залал шегіп жүрген жалғыз Еламан мен Қален екеуі ғана емес. Үстемелеп, үдерте төкпектеген малдының өктемдігінен ес жия алмай, әйтеуір шидем мен шыбыртқының иесі боп қалған, қалталылар түгілі қатарымен оңдырып тілге келе алмайтын, түйеші Жалмұрат тың өзі бір тип. Көкірегі — адал, жаны — таза, көргені — түйе, көкжиегі — түйе қайыратын төрт-бес қырқабелең осы бір жанның басындағы мешеулік біздің бүкіл ескі тіршілігімізге тән. Жалмұраттардың тепкіге шамырығып, үстемдерге шүйліге қоюы әсте екіталай. Ал, Есбол, Сүйеулер — екінші бір жүйектің жемістері. Олардың көкірегі мен көңілін Қаратаз қауымы Жалмұратша жүндей алмаған. Екеуі де — елдің ояу екі көзіндей еті тірі жандары. Сүйеудің бет қаратпас ерлігі мен Есболдың кеңінен толғаған ақылы — қырдың зорлық пен зұлымдық құм шашқан шілде аптабында ел жігерінің, ел рухының күймей, күйремей қалған өміршең өскіндері іспетті. Олар — елдің иілмеген басы, жығылмаған еңсесі, сынбаған сағы, атадан-балаға ауысып отырған ашу-ызасы мен ақыл-парасатының символы тәріздес. Бұндай тұлғалар болмаса көне ауылдан Еламан, Қалендер қайдан шықпақ! Рас, ескі қоғамның адамдарды жаныштап, жігерін құм қылғаны шын; бірақ, адамзат рухын, халық қайратын, халықтық оптимизмді біржолата құртып жіберген болса, бұл топырақта қазақтар емес, басқалар жүрер еді ғой.

Демек, Ә. Нұрпейісов ұлы құбылыстың сонау бір түп тамырын, алғаш жаралған бүршік-бүрін жіті аңғарған. Осы жерде автордың әрекетін геройдың бітіміне қарай қынап-піше білетін жақсы мінезін ерекше атап өткеніміз мақұл.

Олдағы қалыбынан аса алмайды, Жауқазын ерте гүлдеп шыққанменен, — деп Абай айтқандай, қанша өр, қанша ақылды болғанмен Сүйеу, Есболдар қатарынан озса да, қалыбынан асып, заманынан оза алмады. Олардың бар бітіріп жүргендері — тетелестер мен жеткіншектер ортасында заман мен жалған туралы, жақсы мен жаман туралы өмір егіп, көңіл баптаған ұшқыр ойларын төгу (Есбол), қисыны келгенде қиястан ұрынып, Алдаберген, Қаратаздарға қапысын жібермей бағу (Сүйену), Елден ала-бөтен бас көтеріп шығу бұлардың қолы болмаса да, осылар жайған өркен бүршік — Еламан, Қалендердің қолынан келіп жатыр. Бұндай ауыр шоқпарды беліне қыстырып шығардай берен жігіттің Жалмұраттар әулетінен туа қоймауы әбден заңды. Бұны да қоғам психологиясын жетік түсіне алатын көреген суреткерге ғана тән ұрымталдық деп білеміз.

«Ымырт» пен «Сергелденде» аз сергелдеңге түсіп жүрмеген тағы бір бейне бар. Ол — Ақбала. Ажарлы да өр ақылды Ақбала тағдыры тауқыметке тапшы емес. Бірақ, сол тауқыметтің көбін өз басына өзі тілеп алады. Бұл арада Ә. Нұрпейісов революцияға дейінгі қазақ әйелінің образын жасаудағы әйгілі трафарет штапмптарды бұзып шығыпты. Бұрынғы бейнелер көбіне езгі көріп, жігері құм болған сипатта суреттелуші еді. Ақбала — қыңыр Сүйеудің маңдайға ұстаған жалғыз қызы. Оның бойында жігер де, тәуелсіздік те, ерлік те жеткілікті. Ақбала бақытты болғысы келеді. Ол — бақытты болуға барлық мүмкіндігі бар адам. Жаратылыс оны ақылға да, қажыр-қайратқа де кенде қылмаған. Ол осындай үздік қасиеттерімен тақыр кедей балықшының әйелі болып күлді-көмеш күн көруді қомсынады. Оның Тәңірбергендей бай мырзаның құшағына кіруге өліп-өшіп іңкәр болатыны да моральдық тұрлаусыздықтан емес, ең алдымен сол бақытқа деген ашқарақ құштарлығынан. Ол бақытты болуды байдың әйелі болу деп ұғады. Онысы әншейін алдамшы сағым болып шығады. Байдың нақ сүйер жары болып та опа таба алмайды. Астамшыл бай ауылдың бұны кемсініп, сүйегін қорлап, күң орнына жұмсауына тәкаппар Ақбала көне алмайды. Ол өз басындағы бақытсыздықты заманнан, қоғамнан, ортасының озбыр заңдарынан көрмей, өзінің талайсыз тағдырынан көреді. Сондықтан да ол өз басындағы қасіретті жіті танығанымен, өзгенің басындағы қасіретті тани алмайды. Оның Еламанға деген енжарлығының да түп сыры осында. Оның өз бақыты жолындағы күресі әншейін өзімшілдік арпалыс. Адамды адам қанап, адамды адам қорлайын қоғамда кісі бір басының кісілік қасиеті арқылы бақыт таба алуы еш мүмкін емес. Жазушы Ақбала трагедиясын жеріне жеткізе ашу арқылы Еламан тұлғасының тағы бір қырын танытады. Еламан басындағы сергелдең Ақбала басындағы сергелдеңге атымен ұқсамайды. Ол бірінші кітапта өз басындағы тауқыметтің өзі жүрген балықшы ортаның күллісіне ортақ тауқымет екенін білсе, екінші кітапта оның күллі халыққа ортақ тауқымет екеніне көзі жетеді. Осы романдағы көп пенденің кер тағдырына қолма-қол себепші болған — Қаратаз. Қаратаз сол өңірдегі ең дәулетті бай, әрі болыс. Ол — өз аймағына тек кесепатымен ғана белгілі болған адам. Оның өмірбаяны қазақ даласындағы үстем тап өкілдерінің қай-қайсысына да ортақ. Оның зұлымдығы бірінші кітаптың өн бойында көрініп отырады,— Федоровты азғырып, балықшыларды қатпаған көк солқылдақ мұз үстіне шығарып, қырғыза жаздайды; Еламанды айдатады; Қаленді бір кезде өзі басқа ауылдан ұрлатқан жылқыларын мойнына қойып ұстатпақшы болады, үй-қорасына тиісіп, бесіктегі баласын өлтіреді. Міне, осының бәрі тым қатыгез, тым қапас қанішердің ғана қолынан келер зұлымдықтар. Осыншама жауыздық иесін оқушы көрген сайын төбе шашы тікірейіп отыруы керек еді. Қаратаз қанша қаніпезерлік жасаса да, біз ширыға шошынбаймыз. Ол әлгі сұмдықтың бәріне өзі араласпайды, өзгелерді жұмсайды; жанына жолап кеткеннің бәрін сойыл қып сілтеп, қылыш қып сермейді. Оның ақылын тыңдайтындар да — орыс алыпсатары Федоров, татар саудагері Төмірке сияқты аса сұм, айлакер адамдар. Ал, солардың құлағына сыбырлайтын Қаратаз оларға қарағанда әлдеқайда ақылсыз, әлдеқайда айласыз. Оның әрекеті жер түбіндегіні көріп-біліп отыратын сұңғыла сұмның әрекетіне келеді, ал өзі болса қас надан. Рас, надан адамда да зұлымдық жеткілікті. Бірақ, Қаратаз қылығы ол аядағы қылықтар да емес. Бұнысы қалай? Автор Қаратаздың бейнесін мүсіндеуде қайшылыққа ұрынып отырған жоқ па? Жоқ. Қаратаз болыс болды дегенді естігенде балықшылар ауылында есті қария Есбол: «Уә-ә!.. Итсигек екеш итсигек те мәуелеп өседі-ау бір...»— дейді. Осындай бейқасиет жандардың бағының тасуы — шынында да итсигекке біткен мәуе сияқты әділетсіз құбылыс. Бірақ, оның да өз заңдылығы, тамыр жаяр, түп салар топырағы бар. «Сорлаған елге содыр басшы болып» жүрген Қаратаз сияқты итсигектерге бүр бөрттіріп, мәуе бітіріп жүрген қоғам да гүл атаулы өркен жая алмас, тек итсигектерге ғана құт, құнарсыз, шұрайсыз өлке. Ол өңірде «Темірге ноғайдың дүкеніндегі қызыл ала кездеме сияқты қалтасында пұлы бар қазақ бақытты да сатып алатын» болып, бақ дегеннің Де құны төмендеп кеткен. Сондықтан да Қаратаздың бағы жүреді. Оныкі әншейін доғал да добал жобаламай, болыстықтың реті осы, өктемдіктің реті осы деп кеуделейтін соқыр үстемдік. Қаратаздың ар жағында көп қуат бар. Ол— феодалдық үрдіс. Ол — оған өлшеусіз тізгін беріп қойған отаршыл өкімет. Отаршыл өкімет отар елден халық қамын ойлайтын тұрқы озық, ақылы асқақ кемел қайраткердің шыққанын қашан да қаламайды. Ол ондай өлкедегі бір басының мәртебесі жолында халықты да, қауымды да сатып жіберетін шен-шекпеннің құлы, мәртебе қуған мансапқор мен өзіне берген билікті қызықтап, шаш ал десең, бас алатын дарақы даңғой, тайқы маңдай, тайыз ой, таңқы мақсат жандарды тауып алып, ел тізгінін әдейі соларға береді. Бұл жер бетінде бір ұлтты екінші ұлт, бір елді екінші ел кіріптар ететін отаршылдық атты ауру шыққалы тәуелді ел билеудің ең тиімді жолы болып, ежелден бері өмір сүріп келе жатқан әйгілі зымиян саясат. Оны, Маркс айтқандай, бишікке табынған патшалы Россия отаршылдары да шебер пайдалана білді, Қазақ даласының екі ұлы перзенті Абай мен Шоқанға бір болысты басқару билігі тимегенде талай Қаратаз ел басқарды. Ондай-ондай даңғойлардың дарақы үкімімен қазақ даласында талай-талай жауыздық, талай-талай қаніпезерлік жүзеге асты. Патшалық өкімет бюрократиясы еш нәрсенің байыбына бармайтын формализмді дала басқарудың саясаты ғып әдейі ұстады. Ондай саясат мешеу елдің өзін-өзі талап, өзін-өзі өрге бастырмауына жағдай жасады. Ә. Нұрпейісов Қаратаз бейнесі арқылы сол кездегі отаршылдық саясаттың бір терең төркінін ашып берді. Бұл — Қаратаз бейнесінің бір астары. Енді Қаратаз әрекеттерінің әлгіндей жұмбақ сипатының екінші сыры тағы бар. Осынау алапат аяусыз қолды, тежеусіз тепкіні бағытқа салып отыратын көкірек-көңіл басқада. Сол басқаны автор мен оқушы анық біліп, жіті аңғарып отырса да, романдағы жарлы-жақыбайлар одан әлі бейхабар. Олардың бір Қаратаздың түп-етегінен жабысып, осы өңірді Қап тауынша айқара басып тұншықтырып жүрген кесепат сол деп ойлайтыны да сондықтан. «Қатындар сабын қайнатамыз деп күзді күні итсигек тауып, күл қып, өртеп жататын еді-ау! Қаратазды да алдында күткен күзі бар шығар»,— деп күтетін ел дәмесі сол күздің артында қалшылдаған қатыгез қыстың барын білмейді.

Ол — Тәңірберген, болыстың тетелес інісі. Тәңірберген ағасындай текірек көңіл емес, жорға да жымысқы. Оның қияннан торыған ақыл-айласына Қаратаздың қатыгездігі мен көзсіздігі қосылғанда, ауыл-аймағын жұт боп жалмап жатқан озбырлық туады. Қаратаздың атына еншіленіп жүрген әлгі зұлымдықтардың түп-төркіні де сонда. Осы бір қабат-қабат, қатпар-қатпар зымияндық ол екеуі өмір сүріп отырған ортаға әбден тән қасиет. Қаратаз — Тәңірберген үшін қолдағы шоқпар, өз абыройын сақтап, арамдығын ел көзінен жасыратын қалқа-қалтарыс. Сондықтан да, Қаратаздың өлімі езілген-жаншылғандардың оянуы — бас көтеруіндегі елеулі бір белес болып табылды. Ол жұрттың көзіндегі бір томағаны сыпырды. Қаратаз өлсе де, «қаратаздықтың» жойылмауы бой көрсете бастаған халықты көп есейтпек.

Қаратаз Тәңірбергеннің өз денесін жасыруға киген сауытындай сырт қалқаны еді. Оны халық кегінің қайрауы жетілмеген әлсіздеу қанжары — Қален тесіп өтті. Болыс өлді, Тәңірбергеннің денесіне ештеңе дарыған жоқ, бірақ ендігі майданға жалаңаш түспекші.

Тәңірберген — дала феодалдарының Қаратаздан гөрі кейінгі буынның, жаңа легінің өкілі. Оның ойы жүйрігірек, қолы ептірек. Дәулет жинаудағы саясатында да өз нысанасы бар. Федоров өлгенде, оның промсолын сатып алуға көңілі ауаланады. Жылқы мен қой — карташының қалтасындағы ақшадай баянсыз дәулет. Бір жыл қыстың қатты болғаны-ақ құрығыңды сүйреткізіп, көгеніңнің көзін санатып кетеді. Есі де, есебі де сергек Тәңірберген Беларанның бетінде ойнақтаған құла мен жирен, торы мен буырыл жылқыларын теңіз түбінде ойнақ салған сар бауыр сазан мен найза тұмсық шортанға айырбастап та жібергісі келеді. Жұт мықты болса қалың мұздың астындағы қара құрым балықтарды тігерге тұяқ қалдырмай қырып көрсін. Сөйтсе де, жаңа сипатты дала байының көңілі әлі көп нәрсеге дауаламайды. Саудагер атанам-ау, екі жүзді кісідей екі жаққа алма-кезек аунақшып, қылт-қылт еткен безбеннің бұл қақтағанына телміріп тұрам-ау деп, талай бабасын әзәзілдей азғырып, етегінен басып тырп еткізбей келген психология бұл жігітті де мойытады. Бірақ, не болса да, тарих бәйгесінде бабаларына, ағасына тиген орамалды бұл да алып шауып, соны қырқаға шығарып келеді. Кім біліпті, бағыты балықшы ауыл отырған ұшпа жарға апарып тіреп жүрмесе!

Қырдағы патриархалдық өмірдің қиюы кете бастағанын о да сезеді. Бұны кеше сәнді киім, әсем аттың көлеңкесінде айлашарғысын жасырып келген Тәңірбергенге енді өз бет-пердесін өзі ашуға тура келді. Күні кеше ол өз әулетінің басындағы байлық пен бақыттың баянды екеніне еш күмәні болмай, сейіл-серуенде жүрсе, енді сол бақ-дәулеттен көз жазып қалмас үшін арпалысып жүр. Ол енді көксоқта толқында тал қармаған кісідей мал мен бақтың тізгініне жан ұшыра жармасып, жабысып айырылар емес. Жазушы Тәңірберген арқылы заманы өтіп бара жатқан үрдістің тарихи дағдарыс көзіндегі өкілінің тұлғасын жасаған.

Тәңірберген өз басындағы осы халді сырт көзге байқатпайды, мықты көрінуге, мығым көрінуге тырысады. Зұлымдылығын да білдірмей, жасырын істейді. Нағыз аялап отырған боп шымшитын жымысқының өзі. Әрі әккі психолог. Ақбаланың өзімшіл мінезін бес саусағындай білетін ол, сол арқылы, тұзақ құрып, ақыры торға түсіреді. Көк теңіздің жағасына барып, орнап жатқан жарлы балықшы ауылдың жаңа құбылыс екенін біліп, оны да аяқтан шалмақшы. Балықшы ауыл санасы жағынан әлі ала-құла. Ондағылардың бәрі Еламан мен Мөңке сияқты бұрынғы жалшылар емес. Қырда жұтап қалу көп. Кеше жап-жақсы шаруасы бар адам күні ертең тақыр кедей болып шыға келеді, жанбағыстың қамымен балықшы ауылға қосылады. Бірақ, кешегі шаруаның көзқарасынан арыла алмайды. Көңнің исін сағынады. Көсіп қуған тірлікті місе тұтпайды. Малды ауылы өгейлейді де тұрады. Сондайлардың құлқын білетін Тәңірберген қулығын асырады. Ағайынға сауын берген боп, балықшы ауылдың арасына да іріткі салады. Бұндайға Дос, Төлеу құсағандардың көмейі босап жүре береді.

Тәңірбергеннің ендігі тірлігінің бәрі саясат. Ол өзге жерді қойып, өз үйінде де саясат ұстайды. Ақбала басындағы трагедия да сол Тәңірбергеннің ошақ басы саясатының салдарынан. Ақбала арқылы қолдан шығып бара жатқан ауылдардың көңілін алдаймын ба деп еді, қырсық Сүйеу көнбей қойды. Енді балықшы ауылға да құдалық құрығын салмақшы болып, інісі Жасағанбергенге Айғаншаны алып бермекші еді, інісінің икемге келер түрі жоқ. Саясат үшін қандай құрбандыққа баруға да пейіл Тәңірберген Ақбаланы қаңғыртып жібереді, інісі Жасағанбергенге айттырмақ қызына өзі қырындай бастады. Бұл жалғыз Тәңірбергеннің ғана психологиясы емес, жалпы мансап атаулының, мансапқор атаулының бәрінің психологиясы.

Тәңірберген үшін әділет, адалдық деген ұғымдар атымен жоғалған. Оның логикасы бойынша — айласын тапсаң арам малды да адал қылып алуға болады, әділетсіз істі де әділетті қылып алуға болады. Сондықтан да, ол ештеңені арамсынбайды, ештеңеден тайынбайды. Бірақ, бәрінің де ұрымтал сәтін күтеді. Айласы табылса, ар мен ұждан алдында қиналып жатқан ол жоқ. Өз үйіне, өз бауырына, өз жарына зымияндық ойлаған Тәңірберген кімді аясын, неден жиренсін. Ебейсінді салып, арам малды адал ақшаға айналдырады. Ауыл жігіттерінің ұрдажықтығын пайдаланып, ағайын-жұрттың малына қол салады. Ақыры, Тәңірбергеннің дүние қоңыздығынан бүкіл рулы ел жау шапқыншылығына ұшырайды. Енді ел алдында Тәңірбергеннің де бетпердесі ашылды.

Міне, романдағы екінші бір керуеннің аяқ алысы. Оны да саралап қарасақ, мына бір заңдылықты танимыз. Горькийдің әке-Гордееві бала-Гордеевке өмір тек күштілердікі, әлсіздердің өмір сүруге қақысы жоқ демеуші ме еді. Өзгенің осалдығынан жем табатын қорқау қоғамның осы бір мінезін айдаладағы Арал жиегінен де көріп қалдық. Федоров қасына ертіп келген жалғыз қарасы Курнос Иванның әйелін тартып алса да, қырдағы жалғыз әріптесі Курнос Иван тұзсыз қалып, қыруар балығы қызыл суға ұрынған соң, алдына жалынып-жалбарынып барғанда Төмірке саудагер «құрысаң құри бер» деп құр қол шығарса да, сол заңның шын болмысы көз алдыңа елестейді. Осы бір аяусыздықтың сыпайылау бір түрі Қаратаз бен Тәңірбергеннің арасына да желі салып еді. Күш асыру не, айла асыру не — әйтеуір, бірінен бірі азық табудың әрекеті ғой бәрі де. Соны сұмша жігіт Тәңірберген де біліп алып, үйреншікті көліктің тізгініндей-ақ қысылмай-қымтырылмай ұстап, елпілдетіп әкетіп барады. Ол ағасы Алдаберген мен інісі Жасағанбергенді де алдап соқпақ. Оның махаббаты да сатулы, күлкісі де сатулы, жылы сөз, оң қабағы да сатулы. Бәрі өз тізгінін мықтай беру саясатына бағынған. Алайда, қанша мықтанса да, тізгін қолынан бәрібір шығып бара жатыр. Ең азы барып кел шауып келінде жүретін Ебейсін де көзін ала беріп, бұның үстінен дүние жырмақ. Ұрлығын ұстап алғанда да, бұдан иманы сескенген жоқ, ақшасын алдына тастап жүре берді. Тәңірбергенді Жасағанберген құптамайды, Алдабергеннің көңілі бітпейді. Сөйтіп, Құдайменде тұқымының кешегі айдыны қайтып барады.

Жазушы осының бәрін қадағалай зерттеп, қапысыз суреттеген. Жауды тарих аренасынан кететін тап қой деп, оңайлатып көрсету, осалдатып көрсету жоқ. Бұл топтың өкілдері де әрқайсысы дара мінез, дара құлыққа ие; жымысқы Тәңірберген, жалаңтөс Қаратаз, қолына билік тимеген соң ештеңеге көңілі бітпейтін тортаң-тосыраң Алдаберген. Бірін-бірі көлегейлемей, бірін-бірі толықтырып тұратын бояуы қанық бейнелер. Ә. Нұрпейісов дала феодалдарының сахнадан түсу себебін де түптен қозғап, түбегейлі суреттеген.

Бұндай қым-қиғаш кезде қақтығыс майданнан көрінбейтін де адамдар болады. Олар — тоғышарлар. Тоғышарлар қаналушылар арасынан да шығады. Олар да жақсы өмір сүргісі келеді. Бірақ, сол жақсы өмір жолында күрескісі келмейді. Олардың шын сықпыты, рухани дидары, әсіресе, қоғамның сын кезеңінде анық көрінеді. Ендеше, олардың Ә. Нұрпейісов романында да заңды орны бар.

Судыр Ахмет — дәл осындай тұлға. Ел арасында сөзінің де, ісінің де пәтуасы жоқ адамды Судыр Ахмет дейді ғой. Ә. Нұрпейісовтың Судыр Ахметі де — дәл сол Судыр Ахметтің өзі. Біреулер оның М. Шолоховтың Щукарь шалына теліп, соның қазақша нұсқасы дегілері келеді. Ол атымен жаңсақ пікір. Сырт көзге күлкілі көрінгенмен Судыр Ахмет сатиралық образ. Олай болуы заңды да. Тоғышарлық — әншейін әзілдің нысанасы емес, жер-жебіріне жете сынайтын қоғамдық күрескер күлкінің нысанасы. Демек, Судыр Ахметтің юморлық образ болуға қақысы жоқ. Осыны ұққан автор оны сатиралық өреге жеткізген. Щукарь — юморлық образ. Оны М. Шолоховтың-бөлекше ықыласы, зор сүйіспеншілігі тудырса, Судыр Ахметті Ә. Нұрпейісовтың зығырданы қайнаған ызасы, сырт айналған жиреніш сезімі тудырған. Олай болса, бұл екі тамаша әдеби бейненің арасында ешқандай ағайыншылық жоқ.

Судыр Ахмет — нағыз ауырдың асты, жеңілдің үсті өмірдің өкілі. Ол ең азы бірдеңені ойлап та жатпайды. Ойлануға ыждаһаты да жетпейді. Сондықтан, басы ауған жаққа далбасалап жүре береді. Жазда қыстауынан көшпек болып, әйелін әбігер қылып, үйінің ішін буып-түйгізіп қойып, көлік сұрап әкелем деп, ауылдан-ауыл қоймай жағалай қыдырып, үш-төрт күн жүріп алады. Үйін көшірместен қалаға кетіп қалады. Қайтып оралғанда әйелінің балықшылардың қасына көшіп-қонып алғанын көріп қуанады. Қазанда қайнап жатқан балықтың иісі мұрнына келгенде, ол былай шалқиды. «Ау, Бижамал-ау, теңіз... Бұл теңіз ше? Мынау үй іргесінде шалқып жатқан теңіз түбі жоқ ырзық қой. Көктен салбырап түсіп тұрған несібең ғой. Пісулі асың ғой!» Міне, Судыр Ахметтің болмысы, философиясы осы. Сонда оның осынша масаттанып отырғаны — өз қолымен тапқан ас емес, әйелінің көршілерден сұрап алған балығы. Судыр Ахметке о да несібе. Ол балық жеп отырып әлгіндей лепірсе, түнде теңіз жағасының сары масасы шаққанда: «Ойбай! Ойбай! Мынау азап қой... Нағыз дозақ мұнда екен ғой... Бағанағы ішкен асымның қайда екенін білмеймін... Үйді жық, көшеміз»,— деп әбігер болады. Судыр Ахмет өз мінін көре білмейді. Әйтеуір, өзі істеген болса, оның бәріне де ырза. Қажет десе, жарлы болуының да сырын ұққысы келмейді. Басына түскен ауыртпалықтың себебін алыстан іздеп те жатпайды, ол үшін үйіне келетін пәленің бәрі — әйелінен. Ол — ілгеріге көз жібермейтін, — сондықтан да өткеніне өкінбейтін нағыз тоғышардың өзі. Жеңіл өмірге құлшынған адам оп-оңай-ақ арам іске барады. Судыр Ахмет Тәңірбергеннен ат міну үшін Ақбаланы мырза жігітке күйеуге шық деп азғырады. Ең соңында ол Тәңірбергеннің балықшы ауылдағы көз құлағына айналады.

Судыр Ахмет — нағыз ұлттық характер. Орыстың классикалық әдебиетіндегі тоғышардың қай-қайсысының да көздейтіні қара басының қамы, бағатыны бір басы, кәсібі бар, тек қоғамдық үлкен құбылыстардан аулақтап, үйінің төрт қабырғасымен шектелген қалтырауық тоғышар еді. Олардың бойында Судыр Ахметтің елтең-селтеңі, еркелігі атымен ұшыраспайтын. Олар қайта өз кәсібін, өз шаруасын ойлаған қалтырауық уайыммен жүретін. Үйден қырық адым шыққан соң-ақ қонақ саналып, өзге ошақтың табақтасы болатын ескі көшпелі тұр мыс тұсында ауыл арасының ас-дәміне дәндеген, тек қырдағы өмірде ғана ұшырасатын тентіреуік тоғышар осы Судыр Ахмет. Ол кәсіп қылмаса, шаруа күйттемесе, тіршілігі қиын езге ел, өзге топырақта бір күн де өмір сүре алмайды.

А. В. Луначарский «Клим Самгинді» талдай отырып, белгілі бір топтың типтік бейнесін жасау үшін сол топқа тән мінездерді топтастырып, жинақтай білу аз; рас, кейбір плакаттар, карикатуралар, сатиралық водевильдер үшін сол да жеткілікті; ал, байсалды өнердегі типтік бейне өз тобының типтік жағдайларын жинастыра білумен қатар, оның даралық, индивидиумдық ерекшеліктерін де көрсетуі керек екендігін айтып еді. Автордың типтік образдың осы негізін тоғышарлар образын жасағанда ерекше қастер тұтып отырған.

«Қан мен терде» Судыр Ахметке серік болатындай тағы бір тамаша бейне бар. Ол — Қарақатынның бейнесі. Судыр Ахмет пен Қарақатын таптырмайтын дуэт. Істесе ісі оңбайтын, ошағының басына тыныштық бермейтін, екі үйді қоса қондырмайтын ескі ауылдың парықсыз ошақ басы әйелінің дәл Қарақатындай қанық бояулы, құдіретті бейнесі бұған дейін жоқ еді. Күйеуінің «ана өзіндей Ақбаланы көрмейсің бе»,— деп ұрысқанына Қарақатын: «Ақбаланың менен несі артық? Көп болса ақылы артық, ажары артық, ісі артық шығар!» — деп жауап береді. Сонда өзінде қандай қасиет қалды? Қарақатынның онда жұмысы жоқ. Осы бір ауыз жауаптан оның парық-парасаты, ой ауқымы түп-түгел көрініп тұрған жоқ па? Екеуі жеке-дара жүріп, ешкіммен тіл табыса алмайтын Қарақатын мен Судыр Ахмет бастары қосылса, бірінің сөзіне бірі түсініп, шүйіркелесе қалады. Екеуі де жетесіз, өмірге өз көзқарасы жоқ, басы кешіргенді, көзі көргенді бағалап, бажайлап түсінуге көңілі соқпайтын көне өмірдің тоғышарлық ағымының егіз тамшысы.

Ә. Нұрпейісов қазақ даласын тығырық тұйыққа әкеп тіреген ескі қоғамның әбден ескіріп-тозғанын көрсетуде, әсіресе, осы тоғышарлар бейнесіне көбірек көңіл бөлген. Бұл ретте Төлеудің үй-ішін айрықша бөліп айту керек. Бір кезде ел билеген пысық адамның қазіргі үйінде әбден сықпыт қалмаған. Ескінің көзі — сол үйдегі ойлы, қайратты, ақылды кәрі ана. Оның тұлға-тұлпаты мен ақыл-парасаты екі баласына атымен кереғар, Төлеу мен Қалауда кісі тұшынар қасиет жоқ. Жазушы осы паралельдің өзімен-ақ үлкен сыр аңғартқандай. Бұл семья — өсудің емес өшудің, есеюдің емес, кері кетудің символы тәріздес. Патриархалдық тұрмыстың барша кесепаты мен келеңсіздігі осы бір ошақтың басына түгел тоғысқан. Күні-түні ұйқы соққан кер жалқаулық, бірінің-бірі адымын аңдыған күндестік, арсыздық, оспадарлық бәрі осы үйде. Сонша қасіреттің бәрі жабылып, кәрі ананы ішқұса дертпен өлтіреді. Жақсы өсіп, жайсаң бой жетіп келе жатқан Айғаншаны іштей бездіреді. Төлеу Тәңірбергеннің қайыр садақасын малданып, соған пейіл. Қалау дүниеқоңыз байдың ұрлық-қарлығында қара шоқпар болып жүргеніне мәз. Патриархалдық тұрмыс тұсында қалыптасқан небір келеңсіз характерлер де осы үйде. Қолын қимылдатып мал тапқысы келмейтін, сал бөксе, жалқау, аузынан сөзі түскен, қойнынан бөзі түскен бозым Төлеу, ар-ұяттың бәрін былай қойып, ағасы өлмей тұр ып, жеңгесіне қол салған, қарындасы мен Тәңірбергеннің арасына өзі жеңгетай боп жүруге өзі қорқау да қарау Қалау, тістеніп сөйлеп, тіміскі ойлайтын көк долы күндес Балжан — бәрі де нағыз апама жездем сай образдар. Қазақ прозасында екі әйел алу, күндестік қанша суреттелсе де, тап осы романдағыдай кемел кескінін таппап еді. Ә. Нұрпейісов Төлеудің екі әйелі арқылы ескі ауылдағы мұндай өрескел патриархалдық институттың барша трагедиясын ашып берген.

Жазушы Төлеудің үй-іші арқылы жаны сірі феодалдық-патриархалдық үрдістің қазақ қырын қаншалықты аздырып-тоздырып болғанын, оның адамды адамшылықтан, елді елдіктен айырып бара жатқанын барынша батыл, барынша терең суреттеген. Жазушы озғынды көрсеткенде артық әшекейден, әсіре жылтырақтан қаншалықты аулақ болса, тозғынды көрсеткенде орынсыз карикатура, әсіресе, күлкіден де соншалықты аулақ. Бізге жаңа заман орнату жолындағы қиын күресізімізді оңайлатудың, біз жеңген қатерлі жауды мүсәпір етіп көрсетудің атымен қажеті жоқ. Тарих тақырыбындағы шығармаларға қойылатын басты талаптың бірі осы.

Соңғы жылдары қазақ сынында «қара бояу» әңгімесі орынды-орынсыз көп айтылатын болып жүр. Соның біразы осы «Қан мен тер» төңірегінде айтылды. Сыншы жолдастар «Қан мен терде» ескі ауылдың көңілсіз, бұйығы суреттері көп емес пе, зорлық-зомбылық жағы көбірек қамтылмаған ба, ескі ауылды халық болған соң, оның ажарлы, нұрлы жағы да болмас па, осы шығармада сол жағы сараң көрінген емес пе», сияқты күдік-күмәнді көп айтты.

Рас, Ә. Нұрпейісовтың суреттеп отырғаны — санаулы бір адамдардың тағдыр-талайы емес, белгілі бір тарихи кезеңдегі халық тағдыры. Сондықтан да бұл романда революцияға дейінгі қазақ ауылы өмірінің мол картинасы бар. Біздегі бұдан бұрынғы кесек шығармаларда ескі ауылдың сән-салтанатты тұр мысы да мол қамтылушы еді. Ә. Нұрпейісов халықтың езілген бөлігінің жарлы-жақыбай ауылының тұрмысын бөлекше ықыласпен суреттепті. Өзінен бұрынғылардың ізін шиырламай, олар көрмей кеткен соны жәйіттерді мол қамтуға көбірек көңіл бөлген.

Бұның бәрі де рас. Жазушының осынысын құптау керек пе? Даттау керек пе? «Қан мен тердегі» палитра жазушы көрсетіп отырған өмірдің кескініне лайық па?

Енді соған тоқталайық. Шығарма тынысын уақыт тынысы бейнелейтінін жоғарыда айттық. Автордың шығармаға өзек еткен кезеңі, жалпы алғанда, қазақ сахарасының есею кезеңі. Ескі қоғамның тозғындық көрсетіп, күрес жолына бет қойған жаңа қауымның айналасына сын көзімен қарай бастаған кезеңі. Дәл сол тұста өмір сүрген қазақ әдебиетшілерінің шығармасына үңілсеңіз, сыншылдық басым. Ол тек сол жазушылардың жеке бастарының көңіл күйінен ғана туған емес, белгілі мөлшерде жалпы халықтың көңіл күйінен туған құбылыс. Жазушы шығармасының бояу әлемін өзі көрсетіп отырған өмір шындығы мен дәуір шындығы белгілейді. Ендеше, «Қан мен тердің» палитрасыда өзі суреттеп отырған кезеңнің әлеуметтік көңіл-күйіне, эстетикалық көзқарасына әбден лайық. Ол жарқабақтағы балықшы ауылды қанша мейірлене суреттегенмен, жарқыратып суреттей алмайды, ол өмір шындығына сай келмейді. Ол Тәңірбергеннің сән-салтанатты ақ отауын кеміте суреттемегені сияқты еліте, еліге де суреттей алмайды, тап сол шалқыған дәулетіне, ең алдымен, Тәңірбергеннің өзі мәз болып отырған жоқ, шым-шытырық ойлардың шытырманына басы қатып отыр; сондықтан бай ауылдың асып-тасқан сән-салтанатын тамсана суреттеу характер шындығына дәл келмейді.

Осы арада «Абай жолындағы» поэтикалық суреттердің сырына үңілейікші, ол көбіне-көп өмір сұлулығын, өңір сұлулығын құныға зерттеп жүрген ақын Абайдың, жас Абайдың көзімен берілмеуші ме еді. Ал, қырдағы қоғамның сыр-сипатына қанығып, ойы кермек тартқан егде Абайдың ақындық шабытына көбіне қыр тұрмысының көркемдігінен гөрі келеңсіздігі іліге бермеуші ме еді. «Абай жолының» алғашқы екі кітабындағы бояу әлемі соңғы екі кітабындағы бояу әлемінен өзгеше. Алғашқыда шұғылалы бояу көп болса, соңғы екі кітапта ескі өмірдің келеңсіздігін көрсетуге ғана керекті бояулар. Дала сол баяғы дала. Ондағы тұрмыс сол баяғы тұрмыс. Бірақ, Абай өзгерген. Дәуір өзгерген. Өмірге деген көңіл өзгерген. Сондықтан да ұлы Мұхтар Әуезов қаламындағы алуан шұғылалы көл-көсір бояуды өмірдің көңіл-күйіне, дәуірдің көңіл-күйіне, геройының көңіл-күйіне лайықтап, іркіп пайдаланған. Бояудағы дәуір шындығы, характер шындығы деп осыны айтады. Ендеше, оны «Қан мен терде» Ә. Нұрпейісов те аттап кете алмаған.

Өмірдің ешқашан бір ғана қара бояудан тұрмайтыны рас. «Қан мен тердің» бояу әлемі де бір ғана қара бояудан тұрмайды. Мұнда Арал төңірегінің өзгеше кескінді сұстылығымен сұлу табиғаты, теңіз көріністері, алуан қилы адам портреттері, қыр табиғатының қысы мен жазы, көктемі мен күзі өмірдің өзіндегідей сан қилы бояулардың шұғылалы гаммасы арқылы жасалған. Жазушы табиғат көріністерін кейіпкер көңіл-күйіне қарай құбылта суреттейді. Бірақ, кейіпкер қуанса табиғат та ажарлы, кейіпкер налыса табиғат та нұр сыз болып суреттелсін дейтін сырдаң қағиданы ұстанбайды. Ол көбіне-көп кейіпкердің белгілі бір сәттегі көңіл-күйінің әуенімен емес, оның жан-дүниесінде қордаланған рухани процестердің, терең психологиялық процестердің ыңғайымен суреттейді. Мәселен, Еламанның ұзақ жыл шетте жүріп елге оралатын сәті оқушылардың көз алдында сайрап қалады. Сағынышпен оралған Еламан туған жерге жаз басында, қыр табиғатының ең бір әсем шағында оралады. Төңірегінің бәрі мәуелеп, пісіп, көркейіп тұр. Бірақ, табиғаттағы осы көркею ондағы адамдар өмірімен жарастық таппаған. Өлі табиғаттың тіріліп, өзгеріп, өніп-өсіп жатқанын көріп Еламан даладағы мешеу тірлік жайында ойға батады. Бұл сол тұстағы өмір шындығына да дәл келеді, характер шындығына да дәл келеді. Шетте жүріп, кешегі етене өмірге сырттан қарап үйренген Еламан үйреншікті дала тіршілігінен өзі бұрын байқамаған жай-жағдаяттарды байқайды. Жолай жолыққан түйенің санына еріп, өздері де түйе балып кете жаздаған мешеу көкірек Пірман — Шырманның өзі мұңлы ойға батырады. Егер дала өміріндегі ондай мешеулік болмаса, бәрі орнында, бәрі жайында тұрса, күрестің қанша қажеті бар, революцияның қанша қажеті бар?

Жазушы ескі қоғам, ескі тіршіліктің бойындағы жаман құбылыстар мен жарамсыз қылықтарды қандай түбегейлі зерттеп жазса, дала топырағында ежелден бері арқауы үзілмей келе жатқан күрес рухын, өрлікті, халықтың оптимзмді, қонақжайлық, қайырымдылық, үлкенге ізет, сөз қадірлеу, сөзге тоқтау сияқты ізгі моральдық сапаларды да айрықша ыждаһатпен көрсеткен. Ол дала рухын, тұрмыс сән-салтанатын жиын-тойларды көрсету арқылы емес, кейіпкерлердің жан дүниесі арқылы кескіндеген, Парасат пен жігердің, кісілік пен сабырдың саф қоймасындай Еламан, көреген де мейірбан Есбол, өжет те қайсар Сүйеу, уыз сезім иесі Айғанша, қанша қасірет көрсе де биік адамгершілігін жоғалтпаған Ақкемпір, Әзиза, Кенжекей, досқа адал, жұртқа қайырымды, еңбек сүйгіш Мөңке — бәрі де жазушының қалтқысыз махаббатынан туған нұрлы-шұғылалы жандар. Ол кездегі өмірдің ең басты ажары, ең басты көркі — осы адамдар. Романның бояу әлеміне өң беріп тұрған да осы адамдар. Олардың қай-қайсысы да көмескі, күмілжі бейнелер емес, сыр мен сымбатқа, рухани қасиеттерге бай, сом тұлғалар. Шетінен кесек характерлер. Жалпы Ә.Нұрпейісов характер бояуына көп көңіл бөледі. Оның романында аз көрінсін, көп көрінсін, есте қалмастай бейнелер жоқ.

Ә.Нұрпейісов характер шындығын жалаңаштап, жадағайламайды. Ұнамдыны жазсын мейлі, ұнамсызды жазсын мейлі, бір бояу, бір өңде суреттеуден атымен аулақ. Романдағы ескі феодализмнің ең үлкен өкілі Тәңірберген бейнесі бір ғана ұнамсыз құлық, ұсқынсыз бояулардан тұра ма? Жоқ. Тәңірбергенге көпке дейін романдағы өзге кейіпкерлер ғана емес, оқушының да бүйрегі бұрып отырады. Оның бойында көз сүйсінер сымбат та, көңіл тояр ірілік пен кісілік те, ақыл мен сабыр да — бәрі де бар. Оны автор бір ғана жамандау арқылы ғана емес, осындай адамның жан дүниесіндегі қайшылықтар арқылы бір ғана кісінің мінез-құлқын емес, бүкіл бір таптың мінез-құлқын ашып береді. Үстем тап өкілдері бір тап, бір қоғамның өкілі болғанмен бәрі бір кейіп, бір өң емес. Аршынды, адуын орыс саудагері Федоров, тиын санап, безбен аңдыған тіміскек Төміркеге атымен ұқсамайды. Қазақ саудагері Ебейсіннің қараулығы мен қаныпезерлігі Курнос Иванның бейшаралығы мен дәрменсіздігіне бес қайнаса сорпасы қосылмайды. Жазушы адам психологиясының ар жағындағы қоғам психологиясын да айнытпай танып отырады. «Қан мен тердің» қазақ әдебиетінде бұрын-соңды ұшыраспаған соны тұлғалар, соны характерлер әкелгеніне ешкім дау туғызбасқа керек. Ұлттық прозамыз жасаған Абай, Құнанбай, Тәкежан, Әйгерім, Игілік, Жұман, Шәкен мырза, Құныскерей сияқты кесек образдар галереясынан Тәңірберген, Қален, Еламан, Ақбала, Қарақатын, Судыр Ахметтер де заңды орын табады.

Жазушы басқа ұлт өкілдерінің бейнесін жасауда да прозамыздағы бұрынғы бар трафарет, штамптардан арылған. Бұрын өзге ұлт өкілдерінің жақсысын көрсетсе шетінен көсем, шетінен періште қылып қоятын, жаман өкілін көрсетсе карикатураға айналдыратын машық бұл романда жоқ. Қазақ жалшысы Жалмұрат пен бірге сең үстінде өлетін Андрей аз көрінсе де, оқушы жадында ұзақ сақталады. Ол — ақылгөй де, көсем де емес, қарапайым балықшы. Ол — елден ерек үздік қасиеттерімен емес, адамгершілігімен, қайырымдылығымен, аңғалдығымен, адалдығымен сүйкімді. Шалқардағы жұмысшы қозғалысының басшыларының бірі Мюльгаузен өзімшілдігімен, асығыстығымен, қызбалығымен көрінсе, сол қозғалыстың тағы бір басшысы, кәрі жұмысшы Озлобин сабырлы, парасатты, мейірбан.

Жазушының характер жасаудағы палитрасы соншалықты бай, әралуан. Көп планды «Қан мен тер» тектес романдарда адамдардың көп болуы заңды. Олардың қай-қайсысы да әншейін долбар емес, өздеріне тән әрекет пен мінезге ие. Алайда, автордың бұл арада бір ескеретін жағдайы да жоқ емес. Бәлкім, мұнда көрінген кейіпкерлердің бәр-бәрі араласатын ортақ оқиғаның әлі алда екенінен болар, кейбіреуінің қолы бос. Кейбір бейнелердің революция қарсаңындағы қыр тіршілігінің сан сипатты көрінісінен мәлімет беру үшін ғана жүрген жайы бар. Характер қызғылықтығына, колоритті бейнелерге қызығып, орынды-орынсыз кісі көбейте бермеу жағын да ойлау керек.

Жазушының характер мүсіндеудегі шеберлігіне сүйсіне отырып, оның сыры өмірді үлкен қырағы көзбен, ынтық жүрекпен зерттеуде екенін анық байқаймыз. Автор өмір құбылыстары юмордан да, сатирадан да, лиризмнен де тұратынын дұрыс түсініп, әрқайсысының орны келгенде қысылып-қымтырылмайтын шебер юморист, жек көргенін жәбірлей білетін уытты сатирик, аса нәзік, аса сезімтал лирик екендігін көрсетті. Оқушының тіпті есінен қалмайтын Ақбаланың Қарақатынның екі лағына су беретін жердегі жан сезімі, Сүйеу шалдың қызының Тәңірбергенге қашып кеткенін естігендегі күйзелісі сияқты психологиялық эпизодтар бұл кітапта аса мол. Автор, әсіресе, кейіпкердің жан-дүниесіндегі драматизмді барша діріл, барша кернеуімен дәл береді. Майданнан қайтқан Еламан Шалқар базарында Тәңірбергеннен шығып, Әнуар деген қала кедейіне күйеуге шыққан Ақбаланы көреді. Бір-біріне қарсы келіп қалған екі адамның қас-қағым ғана ұшырасуынан көреген автор қанша характер шындығын аңғарады. Екеуі де бір-біріне ләм-лим тіл қатпайды. Соның өзінде бірінің хәлін бірі айтпай ұғып тұрады. Қарсы келген екі адамның бетіндегі әрбір майда құбылысты қалт жібермей нәзік жеткізген суреткердің психологтік шеберлігіне, байқағыштығына, оны соншалықты дәл бейнелеген суреткерлігіне қайран қаласың. Базардан қайтқан Ақбаланың жан-дүниесіндегі арпалысты автор былай суреттейді:

«Қарсы көп қалған кісілер Ақбалаға бір-бір қарап өтіп жатыр. Бір таныс әйел амандасқысы көп бұрылып еді, Ақбала байқамады; жаңа ғана, онымен кездесердің алдында көк дүкеннен сатып алған шам сәукелесі бар еді; жаны ышқынған кезде шеңгелін қатты сығып жіберді де, шыны шөлмек сынып кетті. Ақбала сонда да уысын жазбады... Ақбала үйге қалай жеткенін байқамады... Алдынан жүгіріп шыққан естиярлау екі бала оның түсінен шошып, бата алмай, шегініп кетті. Тек есін білмейтін күрбелдеу бала күндегі әдетімен «апалап» жүгіріп көп, Ақбаланың етегіне жармасты. Ішін өртеген ызасын кімге төгерін білмей, долылық буып, көгеріп келген әйел алғашқы бетте баланы қағып жібергісі келді. Кіжініп, қолын көтере берді де, енді ұрады-ау дегенде, тағы бір күш тежеп, өзін-өзі ұстап қалды. Әлі де болса аяғына оратылып, «апалап» жатқан балаға ол тез еңкейіп, көтеріп алса да, оны енді қайтерін білмей, аңырып тұр. Қол созымдай жердегі төсекке жете алмай, тұрған жеріне сылқ, түсіп отыра кетті. Шыны тілген қолын жаңа көрді; қаны қашқан мұздай еріні дір етіп, сөлекет езу тартып, күлкісі келгендей болды да тыйыла қалды. Кенет:

— Уһ, құрсыншы осы итшілік өмір!..–деп қапалы көңілі қатты торыққандай, күрсініп қойды, енжар бір қимылменен астындағы алашаның шетін қайырып жіберді де, әйнек тілген алақанын топыраққа басып, қолымен жер тіреп, отыра берді».

Осы бір-ақ эпизодта адамның жан-дүниесінің қанша сыры жатыр. Арпалысқан ой, әлем-жәлем жүрек, шиыршық атқан жүйке оқушы көзіне өзінен-өзі сайрап келе қалмай ма? Бұндай құнарлы беттер бұл романда сирек қонақ емес. Романның тал бойы суреткерлік көрегендік пен шеберлікке толы. Теңбіл-теңбіл ала-құлалық, бірде зымырап шығып, бірде құлдырап түсіп отыратын кедір-бұдыр атымен кезікпейді. Сүрінтпегеніне ғана мәз болып, сырғыта беретін көз қызығар, көңіл тояттар ештеңесі жоқ жылмағайлықтан тағы ада.

Бұл шығарманың кемелдену жолы мыңдаған қазақ оқушыларының көз алдынан өтті. Автор оны әлденеше рет қайта қарап, ұзақ еңбектенді. Өзгерістер де қыруар. Бірақ, оның бәрі Судыр Ахметтің келі шапқанындағыдай емес. Бүкіл бір жейде ағашынан әуелі келі, одан ер шаппақ болып, ақыр аяғында пышаққа сапты зорға шығарған кейіпкеріндей емес, автордың еңбегі шығарманы шынықтыра, тұлғаландыра түскен. Сөйтіп, әдебиетімізге үлкен табыс болып қосылған бұл шығармамен оқушы қимай қоштасады, келесі кітаптарды сағына тосып қалады.

Өйткені, автор жұртшылығымыздың тарихындағы ең елеулі, ең сын кезең жайлы барынша шын, барынша сырлы шежіре шерткен, заман мен адам арасындағы ақиқатты ашқан. Бұл шығарманың Париждегі «Галли-мар» баспасында аударылып басылған бірінші кітабына жазылған соңғы сөзде: «Дәл мұндай соншама қызғылықты, соншама терең (кітаптың эпиграфында «адам жанының арпалысы» деген сөздер тегіннен-тегін жазылмаған шығар) романдар соңғы кезде көрінбей кеткен-ді. Ол осы заманғы американ, француз, неміс, т. б. әдебиеттердің үздік туындыларының қай-қайсысымен де қатар тұра алады», — деп бағалауының сыры да сол шығар.

1962 жыл.

author

Әбіш Кекілбайұлы

ЖАЗУШЫ

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...