ГАМЛЕТТІҢ МОНОЛОГІ

СӨЗДІҢ АТАСЫ
316

 ШекспирБұл не өзі? Биігі қиян, бітімі қыңыр құз жақпарды жарып шығып шапшыған шаңқан сезімнің лирикасы ма? Жоқ. Кер мылқаудың керең өңіндей безерген безбүйрек тас қамалдың аждаһа түкпірінің бірінде болып, беймағұлым қалған Құпия қылмыс жайлы ауыздан су ағызар қызық хикаят па, әлде? Жоқ. Талағына тай теуіп, талабының маңдайы тасқа тиген тағдырдың азалы жыры ма? Жоқ. Ол да емес. Нар кескендей жарқырай суырылып, қалтырай құлаған өршіл рухқа арттағы тігер тұяқ айтқан мақтау-мадақ па? Оған да келіңкіремейді. Бұл не өзі сонда? Драма ма? Поэма ма? Трагедия ма? Жоқ. Бәрі де емес. Бұл — Шекспир. Бұл — Болмыс.

Адам, әдетте, өлшемге, тайға таңба басқандай дәл анықтамаға құмар. Ал, Болмыс біз неғұрлым ғұлама болған сайын біздің кешегі тәптіштеп тастаған өлшемдерізімізді өтірікке шығарып, санамыз айналасын көбірек көре алатын биікке шыққан сайын, бұрынғыдан да бетер кеңейіп, ұлғайып — көл көсір боп көсіле түседі. Болмыстың өз қанынан жаралған асқаралы таланттардың алқабы да зор. Шекспир алқабы да ұлан-ғайыр. Ол төңірегін тінте шолып, түгендеп жаттап алар кішкене төбешік емес. Ол бір тұтас әлем. Оның қойнауына талай ғасырдың не бір батыл болжамдары бойлап қайтып жүр. Солардың ешбірі түгел танып, түптеп білдім деп көрген емес. Шекспир әлемі зерттеле түсуде. Жақында сол әлемге жиһанкездердің жаңа бір тобы барып қайтты.

Г. Козинцевтің жаңа фильмінде зерттеушінің зерек көзі бар. Ол Шекспир Гамлетін, оның күңіренген күйзелісі мен албырт арпалысын тұңғиық болмыстың Құпия қойнына қомағайлана телмірген зерек жанар деп ұққан . Шынында да, Гамлет не іздеп жүр? Нені істесе, нені бітірсе тыншыр еді? Қара басының қамы үшін, қапас жанының тояты үшін туған ағасының қанын жұтқан Клавдийдің қылмысын әшкерелеу ме? Шекспир бұны шымылдық ашылмай жатып-ақ сөз қылады, Гамлет мұны туған үйінің босағасынан аттамай жатып-ақ сезеді. Туған әкесінің кегін қайтармаққа тулап жүр ме? Бұның да қисыны жоқ. Сілімтір Полонийдің кегін қуған Лаэрт қас пен көздің арасында Клавдийдің тас қамалын асты-үстіне түсіре жаздамай ма? Гамлеттің Бұндайлық қауқары бар. Батырлық десең батырлық, бет қаратпай ықтырып кетер кемеңгер ашу, досы түгіл жауын жапырып жібере жаздайтын айбынды бедел — бәрі бір басында. Жоқ, бұның бірі де оның ойына кіріп шыққан емес. Өйткені, ол саздауыттың сазаны емес, тұңғиықтың шортаны ғой. Ол мынау аядай тас қамалдың ішіне емес, айдай кең әлемге симай буырқанып жүр. Оның жанындағы алапат арпалысқа тақтың рахаты, тәждің салтанаты, қайтқан кектің ләззаты, жолына жаны пида жазықсыз жардың пәк махаббаты — ешбірі тоқтау бола алмайды. Оның ешбірі ол үшін медет емес. Әке өлімі оны әлеммен бетпе-бет беттестірді. Ол көкірегін астан-кестен еткен кесепатты болған оқиғадан, істелген қылмыстан емес, болмыстың мінезінен іздейді. Гамлеттің шақшадай басын шарадай етіп жүрген қоғам деуге, заман деуге келмейді, қоғамның, заманның ғұмыры жылдап, озса жүз жылдап есептеледі. Ал, болмыстың өлшемі — мәңгілік. Гамлет қоғамның құпиясы мен сырын білгенге көңілі көншімейді, ол мынау ерен болмыстың ежелгі заңдарын білуге құштар. Оның көкірегін өртеп бара жатқан шөл сонда көншиді. Гамлет соны тапты ма, жоқ па? Тапқан жоқ, Оған себеп — оның өмірі. Тапты. Оған себеп — оның өлімі. Тапқан жоқ, өйткені Гамлет өлер сағатына дейін тіпті өліп бара жатып та ізденіспен өтті. Оның аузына түскен сөздің баршасының да ар жағында сұрау жатыр. Тіпті, оның жалын шашқан лепті сөйлемдерінің өзі шындықтың көлденең тартқан бір құпиясы, тағы бір сұрауы. Гамлеттің әлденені дәлелдеуінен, тоқтамға келуінен сұрауы көп. Тіпті өліп бара жатып досы Горациоға айтқан өсиеттерінде де сұрау басым. Ол төндрегіне сұрақ пен қарап өлді. Бұл — ізденіс. Бұл — әлі таппағаны. Алайда, Гамлет кімнен сұрап жүр, нені сұрап жүр? Өз көкірегіне өзі емініп, мен неге олай емес, бұлаймын деп басы қатып жүр ме? Жоқ. Онда бұл кескілескен шайқас, кеуделеген шабуыл емес, кегежектеген шегініс болар еді. Гамлет сұрауы жұртқа, төңірекке, өмірдің өзіне бағышталған. Ол ешкімнен, ештеңеден тайсалмайды. Ол — дүние неге бұлай? — деп сұрайды. Оның әрбір сұрағынан семсердің шартылы естіліп, зеңбіректің шарпуы бетке ұрады. Бұның аты — күрес. Ол сол күресте мерт болды. Бұл — оның іздегенін тапқаны. Дәлірек айтқанда, іздегеніне апарар жолды тапқаны. Бірақ, танығаны емес. Гамлеттің өлімі — ол сулы көз сентименталистер үшін ғана трагедия, әйтпесе, ол өлім — өмір отының аспанды шарпыған асқақ алауы ғой. Гамлет трагедиясы, оның рухани трагедиясы — айшылықтан ат сабылтып жүріп іздегенін тауып тұрып танымағаны. Бұл жерде, Гамлет қанша туласа да уақыттың құлы. Оның көкірегіндегі сұрақ — адамзат үшін ұлы революция еді. Ол бір жүрекке сиып, бір білекке билетпейтін еді. Гамлет улы семсерден емес, сондай шамадан тыс ауыр рухани жүктен зорығып өлді. Оның өлімі — бәйтеректі белінен қиып өткен жәй оғына ұқсай беретіні де сондықтан. Бірақ, бұдан Гамлетке деген махаббатымыз бір мысқал да ортаймайды. Финалдағы Фортинбрастың Гамлетті батыр жауынгерше жерлеу керек дегеніне бәріміз де қосыламыз. Бұл жерде Шекспир өзінің атынан, өз заманының атынан емес, бүкіл адамзат пен мәңгіліктің атынан сөйлеп тұр. Біздің пікіріміз бен лебізімізді қамти кететін сыры да сонда.

Гамлет бізге неге қадірлі? Ол немен не үшін алысты? Оның көкейін тесіп жүрген ақиқат. Фильмдегі әке елесі адамзаттың көп ұрпағын ылғи шөлдетіп келе жатқан тұңғиық ақиқаттың тұңғиық тұлғасы сияқты. Ол әрі үрейлі, әрі игі, әрі қатал, әрі қадірлі, әрі құдіретті, әрі шарасыз мүсәпір. Маймылдың түгіне сіңіп кеткен тістеуік жәндіктей, өмірдің жон арқасын бір жайлап алып, жата қап туласа да түсіре алмай келе жатқан — тоғышарлық дейтін кесепаты бар ғой. Тоғышар ұғым үшін Гамлеттің арпалысы атымен мәнсіз көрінуі мүмкін. Гамлеттің ұлылығы да — оның істегенін екінің бірі істей бермейтіндігінде ғой. Гамлет ақиқат жолында шындық үшін жалғанмен, мәңгілік үшін өткіншімен, құдіреттілік үшін әлсіздікпен, ақпейіл адамгершілік үшін қапас қара ниетпен, асқақ арман үшін жербауырлаған тоғышарлықпен белдесті. Бұл — үлкен рухани ерлік. Гамлет бізге соған бола қадірлі.

Шекспир оны Англия үшін емес, адамзат үшін, белгілі бір заман мен қоғам үшін емес мәңгілікке арнап жазды. Гамлеттің аузынан түспейтін, ойынан кетпейтін — «Болсам ба, болмасам ба?» — адамзаттың ақыл-ойының күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ. Ендеше, Гамлетті ежелгі реквизитке тұтқын қылуға болмайды. Шекспирдің Тас қамалы декорация емес, символ. Ендеше Гамлет біздің замандасымызбен Шекспир тұстасының тілімен сөйлесе алмайды. Г. Козинцев те, И. Смоктуновский де бұны жете түсінген. И. Смоктуновский ойнаған Гамлет Шекспир тұсындағы, я одан бұрынғы сарай төресі дат ханзадасы да, немесе бүгінгі Копенгаген — «битнигі» де емес, үлкен рухани күрестің қаһарманы. Біздің баршамыздың сырласымыз.

Гамлет бізге неге керек? «Бейтанысқа құмар болып безгенімше, көз таныс кесепатқа көнгенім жөн» — деп көзжұма бермеу үшін, көңілізіміздің көзіне ұйқы үйіртпеу үшін, бақытымыз бен бостандығымызды, ерлігіміз бен еңбегімізді, еркіміз бен көркімізді, сеніміміз бен төзімімізді көлденең сұға нақ қол иемденіп кете бермеу үшін, көзге үйреншіктіге бой ұсына салып, рухани шайқастарға салғырт қарап, шау тартпауымыз үшін, күрес тұлпары жол жөнекей жайылып қалмас үшін керек.

Гамлет адамның көркі мен еркіне, күші мен білігіне, арманы мен ісіне қайран қалып сөйлегенде, осынау от шашқан жалынды сөз болмысқа құлағын салып, көкірегін тосқан сауал еді.

Фильм аяқтала бере Гамлеттің сол монологін бәріміз де іштей бір-бір қайталап шығамыз. Бұл жолы Шекспирдің алаулаған сөздері Гамлет сауалының жауабына айналады. Демек, біздің көкірегімізде Гамлет рухы әлі тірі. Күрес қандай әдемі!

Фильм аяқталды. Экранда тас қамалға дамылсыз соғып, дамылсыз буырқанған, үстірт қараған көзге қатерлі де суық, үңіле қараған көзге сүйкімді де ыстық түсініксіз тұңғиық жатыр. Ол арпалысқа толы, ізденіске толы, бәріміз үшін ерекше қымбат, бейтағат Гамлет рухы.

1963 жыл.

author

Әбіш Кекілбайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...