«По разному гибнет душа...» В. ШукшинМамыр айының ортасында Есмақан Досболов дүниеден қа...
Лира Қоныстың әңгімелері
АЙГҮЛ
1.
Түн ішінде телефон безектеді, жаны қалмай ойбайлады. Жеті қараңғыда кімге керек болдым дедім. Өйткені, осы уақытқа дейін бұл желі арқылы ешкім мені тамақтандың ба, мойынорағышың қалың ба, етігіңнің табанынан суық өтіп жүрген жоқ па деген сықылды жанашыр сауалдармен мазалаған емес. Тәтті ұйқымды бұзып телефонмен ойнаған адамды жаратпаймын. Сөйлеспеймін. Ұйқысырап жүріп келем. Түкпірде ұйықтаймын. Төргі бөлмені басып өттім. Телефон бақырып жатыр. Хабарласқысы келген бейтанысқа деген ашуым үдей түсті. Сымтетік сыртқы есіктің жақтауына орнатылған.
- Иә.
- Сәлеметсіз бе, үйде Лаура бар ма?
Қыз баланың дауысы. Іздегені өзім екенін айтпаққа оқталдым да, айнып қалдым.
- Сағат қанша болды? - деп сұрадым.
- Кешіріңіз, мен...
- Мен сенен сағат қанша болды деп тұрмын? Уақытпен санаспайтын адамды қаламаймын!
Шошып кеткен сірә, арғы беттегі тұтқаны үнсіз жайғастырды. Көрпемді қайта бүркендім. Көзімнің қайта ілінгені сол телефон тағы да шыңғыра бастады. Төргі бөлмені дүрсілдетіп, жүгіріп өттім.
- Ұйқы бересіңдер ме, жоқ па?!
- Апай, кешіріңіз, Лаураны телефонға шақырып жіберіңізші...
Әлдекім жалбарынып тұр. Апай дейтіндей соншалықты кәрімін бе? Құдай апайдың жасына жеткізсін деп өзімді жұбаттым.
- Тыңдап тұрмын. Не керек?
- Бұл мен, Айгүлмін.
- Айналайын, ертең құдайдың таңы атады, тауық шақырады. Сол кезде хабарлас!
Тұтқаны шөктірдім. Айгүлді танымайды екенмін. Төсегіме беттедім. Қанша ұйықтағаным есімде жоқ. Телефонның үздіккен үнінен ояндым. Таң шеті сөгіліпті.
- Иә.
- Сіздер газетке үй күтуші керек деп хабарландыру берген екенсіздер...
Жылы су мен жарықтың ақшасын төлей алмай жүрген маған қайдағы үй күтуші. Шатасып басқа пәтерге түсіп кеткенін айтуға төзімім жетпеді.
- Мен үй күтуші емес, ғарышкер керек деп хабарландыру бергенмін!
Тұтқаны жалп еткіздім. Миым шыңылдады, ұйқым қанбаса үнемі осылай. Бозторғайдың шырылы естілгенде зарылдауық тағы үн қатты. Бүгін мен не жынданамын, не мына телефонды сындырып бір-ақ тынышталамын.
- Бұл кім?
- Лаура, саған не болды?
Кешегі дауыс.
- Бұл кім?
- Мен, Айгүлмін.
Сабырсыздығым дөрекілікке соқтырды.
- Не керек?
- Кластасың Айгүлмін.
Мектеп бітіргелі алты жыл. Үлгерімі төмендермен дос болмайтынмын. Әдемі қыз еді. Затында, әдемі қыздар сабақты нашар оқиды. Бұл да сол қатардан. Соңғы қоңыраудан кейін кезікпегем.
- Есіңе түстім бе? Қалың қалай?
- Жақсы.
Ол ойлағандай қуана қоймадым. Сөздің турасына көшті.
- Бүгін тойым.
- Құттықтаймын.
- Сен қалыңдық құрбы болуға қалайсың... Уәделескен қыз анасы науқастанып келе алмады.
- Басқаларға хабарласып көрсеңші, - дедім. Аузыма түскені сол ғана.
- Біздің қыздардың барлығы тұрмыс құрып кетіпті.
Мұны естіп өзімді бақытсыз санадым ба, әйтеуір жанымнан жағымсыз сезімді аңғардым.
- Тойын жалғыз өткізсін демесең көмектес.
Келіспеске амалым қалмады.
2.
Алты жылдан соңғы кездесу аса нашар болмады. Бағыт – Неке сарайы. Айгүл бейтаныс ортада қысылмасын деп назар аударып әлек. Тұмсығына ақ гүл қыстырған лимузинде бес кісі: Жас отау иелері, мен және тағы бір жігіт. Ақ қолғапты жүргізуші әңгімеге араласпайды. Жақпағаны күйеу жігіт. Тапал. Адам көркі шүберек деген сөз жалған. Миландық тігіншінің қолынан жаңа шыққан кәстөм онысын жасыра алмапты.
- Айгүл, біз білмейтін құрбың бар екенін неге ерте айтпағансың?
- Лаура, Айгүл ертерек таныстырғанда мен саған үйленер едім!
Әзілі оспадар. Онысына өзі ғана күліп отыр.
- Екінші әйел алуға рұхсат ететін заң қабылданды ма?
Жағы семер емес. Қалыңдық ерінін тістелеп төмен қарайды. Жанға жайлы әуенге елтіп, жолдасы музыка тыңдаған бола қалыпты.
- Лаура, сен кітап жазасың ба?
- ...
- Жазасың ба?
Бүгін мынаның аузына тыным болмайтын шығар.
- Жазамын!
- Мен туралы жазшы. Үйленейін деп жатқан кезде шын махаббатын кезіктіріп қалатын жігіт жайлы. Өзім демеуші болам. Өзім сатып аламын.
Көлікті тоқтатып түсіп қалсам қайтеді осы деп ойладым.
- Егер жаза қалсаң атын не деп қоясың?
Әлі сөйлеп отыр.
- Саған орыстардың қай шығармасы ұнайтынын білмеймін. Бірақ, сен туралы кітап жазған адам атын міндетті түрде «Нақұрыс» деп қояр еді.
Тағы да жалған күлкі. Ақ тілеулі сарайға да келіп жеттік.
3.
Қаумалаған жұрттан қаға беріс қалып күйеу жігіт тіл қатты:
- Сенің жігітің бар ма?
- Менде жігіттен де басқа мәселе бар.
Қалыңдық естімегенсіді. Әңгімені басқа тарапқа бұрды:
- Көйлегім қалай? - күйеу жолдастан сұраған.
- Бөксеңді фудбол добы ма деп қалдым.
Апама жездем сай ортаға қайдан ғана кезіктім екен? Куәлік алар кез жақындаған. Күйеу жігіт жолдасына қарап өтірік күлді:
- Қашып кетсем бе екен?
Ақ көйлегінің етегін түзеп жатып қалыңдықты аядым.
- Менің орныма сен үйлене салшы.
Енжар, бастысы сезімсіз дауыс. Әлдекімнің үйлену тойын таспадан тамашалап отырғандай. Досы жерге қарады. Неке жүзігі салынған қорапшаның бетін аштым. Жазықсыз қос сақинаға аянышпен қарадым.
- Сенің қолыңдағы шынымен неке жүзігі ме?
- Жоқ, бұл өлген қарғаның қанаты.
Жекіп бердім. Қалыңдықтың реңі сұрланды.
- Жүріңдер!
Айгүл келіншектер бөлмесінде бөгеле берді. Қолтығынан демедім.
- Айгүл, сені бақытың күтіп тұр.
Осылай әдеби сөйлеуді әсте жақтырмаймын, әйтсе де сол ораймен сөз саптадым.
Жанарынан тамшы үзіліп түсіп, кірпігінің бояуы іле төмен сырғыды. Ендігісін бірдеме айту қажетсіз дедім. Есіктен шығып, баспалдақпен төмен түсе берді.
Жұрт шуласып-дабырласты. Соңын ала шықтым. Ақ көйлекті қалыңдық Есентай өзенін бойлап жүгіре берді. Соңынан ентігіп күйеу жігіт жөнелді. Саған жеткізбейді, бұл қыз мектепте оқып жүргенде желаяқ болатын дедім айқайлап. Расында жеткізбеді, бағана қалай байқамағанмын деп селк еттім, оның жауырыны тұсында тап бір періштенікіндей әппақ қос қанаты бар екен. Ол соңына бір рет те бұрылмады, дабырласқан елден әудем жер ұзаған соң әсем қанаттарын сілкіп-сілкіп қалды да, зеңгір көкті бетке алып самғап кетті...
АДАМ
...Ол бір іңкәр әлем еді. Жан дүниесін айтамын. Адамдардың мың-мың оңбағандығына көзі жетсе де, оларды жылап тұрып сүйетін. Мен мекен ететін Төле би мен Байзақов көшесінің қиылысындағы жалғыз бөлмелі, жұпыны үйдің қос терезесі аулаға емес, көшеге қараған. Сонысы жақсы, еріккенде әйнектен үңілсең ішің пыса қоймайды. Әудем жерде сауда үйі болғандықтан бұл маң ылғи да ығы-жығы адам. Әдеттегіше екеуміз тиекке асылып, төменге көз салғанбыз. Мен құр тұрмын. Жасырып қайтемін, кейбір әйелдердің сәнді көйлегіне назар салу үшін қараймын ба деймін. Ол да қарауда. Бірақ, басқаша. Адамдарға деген ынтық көңіліне тоят тапқысы келіп үңілетін болса керек. Ғарышта жүрген армандарының жерге қонып, іске аспасын білсе де терезе сыртындағы әлемнен қайыршы көзбен тесіле жақсылық іздейді.
...Көзіне қара көзілдірік ілген, қолында асасы бар жігіт алақанын жайып қайыр сұрауда. Оның жан-жағына сипаланып жүретін кейпі көпке аяныш туғызып, саусағына тиын қыстыратын. Тағы да сол кәсібіне кіріскен. Көрген баққаным осы маң болғандықтан мұнысы жалғандық екенін білемін. Бірде кешкісін ауладағы орындыққа аяқ басқан оның ұялы телефонын әрі-бері шұқылап, әлдекімнің нөміріне хабарласып тілдескенін байқағам. Аз уақыттан соң Әуезов театрындағы комедияның бірінде мәз болып қойылым тамашалап отырғанын көргенімде күдігімнің расына көзім жеткен. Содан бері, апта сайын жер басып жүргенім үшін тастайтын аз ғана садаға-тиынымды оған бермейтін болдым. Дүние есігін ашқанына төрт-бес-ақ ай болған нәрестесі бар, қымбат киімді адам көрсе онысын дереу шымшылап жылатып қайыр бере көр деп зар қақсайтын жасы жиырмаға жете қоймаған тәжік келіншек болушы еді, шешесі үшін емес, сәбиі үшін ендігісін садағамды соған қалдырдым. Бірақ, оны сауда үйінің күзетшілері жиі-жиі қуып жүрді де, бірер жетіден соң біржола қарасын батырды. Біршама уақыт садақа беретін адам іздеп қалдым. Біз күнелтетін аймақта тек қазақ газеттерін сататын дүңгершек бар еді, ендігісін садақаға берер теңгеме қазақша басылым сатып алуға көштім, өйткені, қазақ басылымдарының күні тым қараң ғой... бір тиын болса да себім тие берсін деген ойым болған шығар...
Бұл жердегі кедей адамдардың күні осылай. Ал, байшыкештермен шаруам жоқ. Өзімнің кедейлігіме байланысты олармен тоғыспаймын. Тек, терезеден үңілуден аспаймын. Кенет, екеуміз екі түрлі оймен бақылап тұрған әлем у-шуға толып кетті. Бір әйел байбалам салуда. Аңғарғаным, алаяқтың бірі сөмкесін жымқырған-ау.
- Адамдар таяуда бірінің етін бірі жейтін шығар...
- Олай деме.
Маған жек көре қарады. Ашулы жүзбен. Таң атқаннан қара кешке дейін әуреленіп жасаған қар қаласын әлдекім бұзса сәби қарай ызаланады, ол маған тап солай қадалды. Әдемі қиялының ақ түтегін шығарғаныма ренжіген. Ақталмасам біраз уақыт бұртиып жүруі кәдік.
- Жо-жоқ... Олардың қатыгез сәтін көп көрген соң...
Сөзімді аяқтатқан жоқ. Жігіттен гөрі қызға жарасымды сұқ саусағымен ерінін басқан.
- Тісс-с-с...
Ол сыбырлай сөйледі:
- Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер. Тырнағы қанша батса да батыр дей бергін. Мақұл?
Көңілінің жүйріктігіне өзге түгілім өзі де жете алмай жүретін оған кезіккен сайын өзімнің өмірдегі мың-мың ақымақ тобырдың белгесіз нүктесі екенімді ұғатынмын.
Ол сөмкесінен нан алып уатуға кірісті. Көгершіндерді біздің үйге үйір қылған да сол. Бұл құстар терезенің алдына күнде келеді. Ол араға күн салып келмей қойған кезде құрсақтары сазып, құр-құрлап қанаттарын қаққылап шыдамсыздық танытатын. Асымды көшеден айырып, шаңырағыма тек қонуға келетін болғандықтан, менен үміт күтуге болмайды: Үйге аяқ басқан достарым өздері үшін жейтін нандарын ала келмесе, ас үйден қатқан нанның табылар күні аз. Сондықтан да, көгершіндер менің балконымнан оның қарасы көрінсе болғаны, жақыннан табылады. Қанаттарымен бірін-бірі қағып, жапатармағай ұмтылуда. Ал, ол құстардың кейпіне қарап күлуде. Күлуге болатын құбылыс па..?
Ішін басқан күйі күлкісі тиылмай, төсек үстінде аунап жатты. Ол көріп тұрған әлемнің сұлбасын да шала алмадым. Терезеден төмен үңілгем. Тым-тырыс. Бөлмеме қыдырыстап біреу келе қалса, оны көргендер жындыханадан шыққан жанға балар еді.
- Мен бәріңді де жақсы көремін!
Төсектен атып тұрды.
- Ертең саған бәліш пісіріп әкелемін. Әзірге жақсы. Апам іздеп қалар.
Сөйлеп жүріп аяқкиімінің бауын байлады да, бөлмеден шығып кетті. Ол келіп кеткен сайын өз бағамды білетін болармын, бір елі төмендеп қаламын. Тобырдың жанарына бағынбаған болмысынан тектілік іздедім. Қарапайым. Тым қарапайым. Сықпытына қарап адам табиғатыннан биігірек ұғымды табу да қиындау. Ал, жұрт оны есалаң көрді.
- Мен білсем, ол балаға бірдеменің шалығы тиген,-деп сәуегейсіді бірі.
- Жүйке дәрігеріне көрсету керек,-деп жанашырлық танытты.
- Ұлылық ауруымен ауырып жүрген пақыр ғой, ұлылар осылай өмір кешеді,-деді біреу қанында жоқ данышпандық кейіпке түсіп.
Өзі болса ештемені де естімеген қалып танытты. Пенделерді тек өзіне тән жылылықпен жақсы көріп, елеусіз шаттықтарды місе тұтып, жалған-жасандылықтан жаны азат қалыпы өмірін жалғай берген.
Әйткенмен... ол ертеңгісін келмеді. Келесі күні де, тіпті сол аптада еш қара көрсетпеді. Алаңдағам. Оның амандығына. Айтпайтын. Жалған сөзді. Амалсыз үйіне телефон шалдым. Мән-жайды жылап отырып баяндады. Әрине, анасы. Өзі жоқ. Кетіп қапты. Мәңгілікке.
Ол ғайыптан пайда болыпты да, қайта ғайыпқа сіңіп кетіпті. Күлкілі әрі қасіретті он алты-ақ жыл жер басқан. Ол бәрін де түсініп қойып еді: Біз, адамдар-қорқау өмірде өле алмай әлек болатын алаңғасарлар екенмізді, қайғылы уақытта да, қызықты уақытта да жасанды түске еніп, бақытты кейіпте жүретінімізді... Және де ол барлығын мойындамау үшін жанталасты. Әр жанардан, әр қарашықтан иман нұрын іздеді. Ар дегеннің адам бойында емес, қағаз бетіндегі жанды жұбатар өтіріктерге айналғанын түсінгісі келмеді. Адамдардың барлығын шексіз сағынышпен сүйді және адам қашан жаратылған деп емес, қашан жаратылып бітеді деген данауи оймен алысып жүрді. Шарқ ұрып іздеген иманның адам бойынан безіп бара жатқанын аңғарса да, әр намазының соңында оларға арнап бата жасап, жаратқаннан шексіз бақыт тілейтін. Бақыт іздеп сандалып жүрген пенденің көп екенін, бірақ, бақыттың көп емес екенін, ол құрғырдың бәрімізге бірдей жетпейтінін әдейі-ақ аңғарғысы келмеді. Тексіз парқын әйгілеп қойған тас ғаламда сенім мен үміттің де алдаудан әрі аса алмайтынын білмей қалған жоқ. Есейе бастағаннан-ақ өмірдің өзіне еркелейтінін, сараң ғана із тастап жымиятынын да ұғынған. Ақмоншақ жастан түзілген ғұмырда бәрібір күйбің тірліктің күйкісінен ада қала алмайтынымызды да бармақты тістеп тұрып түсінген. Қасқырдан туғанымызды, тумасақта жыртқыштық қанымызда бар екенін... Пенде ғұмырға жағынуың үшін де адами қызмет көрсетуің қажетін... пенденің алдынан шыққан сан қысталаңдарда өтірік күліп өзін ақтап алатынын... ол барлығын да бес саусағындай білетін. Бәрін түйсіне тұра ешбір жалғандықтан жеріген жоқ. Адамдар өздерінің шексіз ақымақтығын жасыру үшін ақыл жайлы әңгіме айтатынын ұғына тұра адами тұғырнамасынан еш таймады. Өзіне ғана тән іңкәрлігімен мөлдіреп сүйе түсті...
Ол әрдайым кішкене қолдарына қарап күрсініп алатын. Себебі, барлық жұртты құшағына сыйдырғысы келетін. Көшеде көрінгеннің баласын құшақтап жүруші еді.
Ол өзінің есімін Мойра деп атағанды жақсы көрді. Грек мифологиясындағы жақсылық жасаушы періштеге тиесілі есім. Оның өзі де періште еді.
Ол – Алланың періште жаратқалы тұрып, аңдаусызда адамға айналдырып алған іңкәр мүсіні тәрізді еді.
Сөйтседағы ол көп жасай алмапты. Адамдардан адамдық қана күткен нағыз адам жоғалып кетіпті. Оның жоғалуы-пенде ғұмырға ең таза адамның бәрібір симайтыны жайлы сұмдық заңдылықтың барын айқындап қойыпты. Жалғандық атаулыға кішкене ғана жұдырығын алып жүгіріп, жарық дүниенің бір-ақ қарысына куә болған ол әлі өтірік күлуді үйренбеген қалпында туыларда жаңылысып кеткен жатырына қарай самғапты.
Өкініштісі сол, мың-мың пенделер сиысып өмір сүріп жатқан жер шарынан, ауасы тегін, суы тегін мынау жердің бетінен оған орын табылмапты. Ертеңгілік сабағына қарай асығып көше қиылысынан өте берген оны өзі соншалық ғашық болған адамның бірі көлігімен қағып өтіпті. Көлік ішінде ажал отырған екен...
Ол бүгінде мәңгілік ұйқыда жатқан мекеннің тұрғыны. Шап-шағын төмпешік-жер бесікте тербеліп ұйықтап жатыр. Мен оған жиі барып тұрдым. Кім білсін, жаңа әлемінің тұрғындарымен етене танысып болғанша жалғызсырамасын дедім бе екен. Әйтсе де, оған қарап:
- Жүрші, үйге қайтайықшы,-деп айта алмадым.
Айтуға ауызым бармады. Себебі, ол бізден кеткен жарты жылдың ішінде адамдарда еш өзгеріс болған жоқ қой. Одан да қара қабырғаларға ақ мұраттардың суретін салып, сол жер ғұмырын жалғастыра берсін. Қолымнан келері атын атап дұға оқу. Алла нағыз адамның алдын әманда жарық еткей...
МЕНІҢ АЯНЫМ
- Кешке түнгі клуб «Пирамидада» кездесеміз бе?
- Уақытым жоқ, - дедім.
Жабырқап қалды.
- Кездесу керек едік.
- Басымды қатырмашы, а?!
- Сен қазір мақұл демесең, көшеге жүгіріп шығамын да, көліктің астына түсіп өле саламын.
- Маған бәрібір.
Аян жолға қарай жүгіре жөнелді. Тал арасынан атып шыға келгенде сүліктей қара шеттік көлік ызғып келіп, тежегішін басып үлгерді. Рүлдегі жігіт түсе сала, жағасына жармасқан. Өң-түсі қалмаған.
- Сотталып кете жаздадым ғой, оңбаған!
Ұрып жатты. Аян қорғанған жоқ. Жұдырық үш-төрт рет жауып өтті. Салғырт тұра берді.
- Ұр, мені өлтіріп тасташы! Неге тоқтадың? Неге басып кетпедің?!
Көліктің иесіне қарап көзін шытынай айқай салды. Анау абдырып қалған.
- Егер өлетін болсаң біреуді жаныңа байлап кетпей, өзің өл! Сені өлтіріп алып, сотталып кетіп, бала-шағамды аш қалдырар жағдайым жоқ. У ішіп өл, атылып өл, асылып өл... Інішек, құдай үшін енді жолға қарай жүгірме!
Ол жол жиегінде жүрелеп отырып, алақанымен бетін басқан Аян мен әріректе үнсіз тұрған маған кезек-кезек қарап аз тұрды да, көлігіне мініп кете барды.
- Қарашы, мені ажал да керек етпеді.
Ештеме де айтқым келмеді. Сағатыма көз жүгірттім.
- Маған қайту керек, - дедім.
Қолын көк түсті джинсы шалбарының қалтасына салып, кілтін шығарды.
- Өзім апарым саламын...
Сонау жерде қаңтарулы тұрған машинасына бет алған.
- Бармаймын! Бәрібір мінбеймін! Сені көргім келмейді!
Айқайлап жібердім. Жолай өтіп бара жатқан қыз бен жігіт бізге жалтақ-жалтақ қараған.
- Шын ба?
- Сені жек көремін!
Келе қалған таксиді тоқтатып мініп кеттім.
***
Сөмкемнен қол орамалмен бірге сусып жылтыр сурет те жерге түсті. Аян іліп алған. Көзінде қызғаныштың оты тұтанды.
- Бұл кімнің суреті? Мұның менен несі артық?
- Адам жанын түсіне алады.
- Оны өлтіре аламын.
- Сосын мен де өлмін.
- Сосын, оны да, сені де өлтіріп, соңынан өзім аттанамын.
Аян уәде берсе орындамай қоймайтын. Қорықтым. Алдай салып сабасына түсіруді ойладым.
- Сені жақсы көретінімді білмейсің бе?
Өз құлағына өзі сенбей аң-таң.
- Мен түс көріп тұрған жоқпын ба?
- Мүмкін.
- Онда мәңгілік оянбай-ақ қояйыншы...
Құшақтай алдым. Өзімнің аярлығымнан жиіркеніп, оны аядым...
***
- Бізге енді үйлену керек, - деді ол.
- Жоспарымда жоқ.
- Апамның жазылмайтын ауру екенін білесің. Көп күні де қалған жоқ. Кеше тым құрыса алғашқы келінімнің босаға аттағанын көріп кетейін деді.
- Орында.
- Келісесің бе?
- Басқа мәселелерді бітіруім керек.
- Мектеп бітіргенше күт дедің, күттім. Университет бітіргенше күт дедің, күттім. Енді аспирантура... Үй ал дедің, алдым. Машина ал дедің, алдым. – Күрсінді. Мұнысы ызама тиген.
- Жолыңды бөгеп тұрған кім бар? Алматыда қыз көп!
- Мен саған үйленемін деп өзімді сендіргенмін.
- Ал, мен сендірмегем!
- Әл үстінде жатқан анам үшін...
- Саған басқа қыз іздеген жөн.
***
...Ол ай болды хабарласпай қойды. Бастапқы апталарда аңғармадым. Соңғы кез ойлай бастадым. Күнде көз алдымда жүргенге көзім жаттығып, бағаламай келгендеймін. Тым-тырыс кеткеніне мазасыздандым. Оны білетін көп жылдар ішінде тұңғыш рет жақсы ойладым. Еріксіз қағаз бен қалам алып, есімін жаза бердім: Аян, Аян, Аян... жүз рет, бәлкім мың рет жазған шығармын. Кітапханада отырмын. Терезеден екі даңғылды кесіп жүйіткіген көліктер көлбеңдейді. Тал-дарақ арасынан Аян екеуіміз репертуарын жаттап алған орыс театры қарап тұр. Кітапты жаба салдым. Бұрылғаным жоқ. Әдеттегіше, әлденені сылтауратып дидарына көз жүгіртіп алып, көңілімнен шығып жатса, тілдесуіне мүмкіндік жасамадым. Ханның ұлы болса да қарағым келмеді. Өмірімде тұңғыш рет Аянның сезімдеріне адал болуым керек деп шештім.
- «Фемиданың» соңғы нөмірін сіз алдыңыз ба?
Әлгі жігіт өтірік сылтау айтып келіп тұр.
- Алған болсам алдымда тұрмай ма?
- Кітапханашы қолда деп еді...
Көзіме реніш жинап, жаратпай қарадым. Ұзын бойлы аққұба жігіт... Орта бойлы болса да, Аян мұнан сымбатты. Қараторы болған Аянға жарасады. Аянды ақтап алдым. Жалған жымиып жоғалды. Аянға хабарласуым керек деп ойладым. Әлде... ауруханаға анасының жағдайын сұрап барсам ба? Бір ретте ауруханаға бірге баруды ұсынғанда бас тартқаным үшін өкінемін бе деймін. Кездесуім керек деп шештім. Кітаптарымды тез өткіздім. Сыртқа шықтым. Жазғы кафе көзге жылы ұшырайды. Мұнда Аян екеуміз талай келгенбіз. Түнгі клубтың да есігінде қара құлып. Оның жаны ақшам түсе кіреді. Бұл жерде Аян жақсы төбелесе алатынын дәлелдеген. Аяндап алаңға да келіп қалыппын. Көлік астына түсіп, көз жұмбақ болатыны да осы тұс еді. Онысының ақымақтық емес, еркелегені екенін қалай аңғармағам?... Жол бойында машиналардың қабаттасқан сигналы естіледі. Бұрылдым. Жас жұбайлар.
Шаңырақтарын берік болсын дедім ішімнен. Ақ лимузин алдына жүрек формасындағы ақ гүлдер қыстырыпты. Мен жиырмаға толғанда Аян осындай екі мың бір ақ розаны сыйға тартып еді... Ешқашан да Аянды ренжітпеймін деп өзіме уәде бердім. Тас орындықтардың біріне тізе бүктім. Көңілді жастар әрірекке аялдапты. Ақ көйлекті қалыңдыққа көз тіктім. Қуыршақтай бойжеткен. Көйлегі керемет жарасады. Бір шоқ қызыл гүлін қоюға ескерткішке беттеді. Ал, жанындағы күйеу жігіт... Өңіріне ақ гүл қыстырған, езуінде маған әбден таныс болған әдемі жымиысы бар күйеу жігіт – менің Аяным еді. Менің Аяным...
ЕРТЕГІ
- Күн суық па?
- Әжем далаға шығармай қойды.
- Әріптердің барлығын жаттадың ба?
- Түгел.
- Онда маған хат жаз.
- Қандай ойыншық алдың?
- Көп.
- Допты ұмытпа.
- Сен хат жаз.
- Әлі сағынған жоқпын.
- Р-ды айтуды үйренбегенсің бе?
- Әзірге л деп жүрмін.
- Үйрен.
- Қиын. Допты ұмытпа, допты...
Трупканы қойып қояды. Төлеуге тиыны аз шығар, көп тілдеспейді. Әкемнің студент інісі. Жазда үлкен ала доп әкеп берген. Әжем мызғып алмаққа жантайғанда дүрсілдеттік-ай, келіп... Ескертпесін де тыңдаған жоқпыз. Қара кемпір шолжаңды жарата бермейді. Орынынан ашуланып тұрды да, ас пышақпен жарып тастады. Допты. Ондай доп Алматыда ғана бар. Ал, ағатайым келер жазда ғана оралады...
Жазы тым аптапты болғанымен, сонысына қарама-қарсы біздің ауылдың қысы да өзгеше-тін. Шілденің шіліңгір ыстығында жаныңды қоярға жер таппай, ауызыңды көлбақаша аштырып, ми қайнатқан қызуына құмға көмген жұмыртқаны пісіріп алуға мүмкіндік беретін саршатамыз бен саратандағы күндерінің ақысын алатын болуы керек, қарашаның ортасынан-ақ орнығып алған кәрі құда қазыбектің қазаны кеп, нәурізек шырылдағанша әлек салатын. Боз боран ұлып, ақ дауыл көтерілген күндері әжем тысқа қарай аттап басуға рұхсат бермейтін. Доптың жағдайы анадай болды, Андерсеннің жалғыз тал ертегі кітабы бар еді, оны да әжем пешке тамызық етіп құртқан. Аяз өткен терезедегі қырау мен бұйығыңқы шұбар бала мысығымнан өзге үйде ермек те жоқ. Қара кемпірге бәрі-бір: ауырмай, сырқамай көз алдында отырсаң болғаны. Кейде жасырынып көрші үйге барамын. Мектепке баратын Әділет көңілденсе ертегі айтып береді. Атасы алжып қалған.
- Ата, амансыз ба?-деймін айғайлап. Құлағы да керең. Күніге көріп жүрсе де ұмытып қалады.
- Үлкен бол, қарағым. Кімнің қызысың?
- Бекжанның ғой, ата.
- Ә, атаң үйіңде ме?
Өзі жаназасын шығарғанымен ісі жоқ, екі жыл бұрын қайтыс болған атамды сұрайды.
- Ата, менің атам өліп қалды ғой.
- Сөйтті ме?
Ол кісі кәдімгідей абыржып қалды.
- Қарағым, естіген жоқ едім, иманы саламат болсын.
Күбірлеп бетін сипайды. Әділет - бір шаңырақтың жалғызы. Тек, өзінде болғанды қалайды. Санаспайды. Сонысы тез жалықтырады. Алматыдағы ағатайым жазғытұрыда әкеп бермекке уәде берген дәу доп туралы айта беретінім шамына тиеді.
- Ата, аман болыңыз. Мен қайттым,-деймін көзін жұмып маужырап жатқан қарияның қасына келіп.
- Ә, айналайын, онда атаңа сәлем айта бар.
Өлімін күтіп отырған кісіге атамның өмірден озғанын тағы қайталап айтқым келмейді. Әжем көп ертегі шертпейді. Есесіне Ғайникен айтып береді. Ол өзі тым-тым қызықты етіп айтатын жалғыз ғана ертегі білетін. Біздің үйге көп келе бермейтін. Оқта, текте ғана. Өте монтаны, бұйығы, жасқаншақ қыз.
- Сен қалай жаурамайсың?-деп таңырқайтынмын. Өйткені, үстінде жуыла, жуыла оңып кеткен көнетоз қызыл түсті шибарқыт көйлегі ғана болады.
- Саған апаң табаныңнан суық өтеді деп ұрыспай ма?-деймін өкшесі көрініп тұрған жыртық шұлығына қарап.
- Сен қолғабыңды да кимейді екенсің. Бүгін көп рет қар ұстадың ба?
Жалаңаш алақанымен қар ұстай алғаны үшін қызғанышпен қараймын. Оны көріп жүн шұлықтан бастап, қабат-қабат киіндіріп қойған әжемді іштей кінәлаймын.
- Сенің қуыршағын нешеу?
- Жоқ.
- Бір қуыршақ та жоқ па?
Басын изейді.
- Апаңа неге әпер демейсің. Көнбесе жыла. Апа дегендер жыласа әпереді. Дүкеннен жылап шықпай ғой. Айтпақшы, маған ағатайым доп әкеп бермекке келісті.
Мұндайда әжем алайып қарайтын.
- Сенде неше түрлі бантик бар?
- Жоқ.
- Бір бантик те жоқ па?
- Иә.
- Менікіндей бант әпер деп апаңа айтсай. Тәттігүл тәтейдін дүкенінде толып тұр. Айтпақшы, ағатайым әкелер доп біздің ауыл тұрмақ, Шымқаланың өзінде де жоқ.
Ғайникен үндемейді.
- Тәйт,-дейді әжем көзінің астымен жақтырмай қарап:
- Жаман әке-шешеңнің арқасында есіресің-ау, қарағым. Тек, ұзағынан берсін, ойыңа келгенді көки бермесеңші!
Жекуінен түк ұқпаймын, мағына да іздемеймін. Ғайникен мысығымды жақсы көреді. Бірақ, тез тартып аламын.
- Алақаныңның уы жұғады.
- Әй, сол арамды ұйпалақтағаннан қоңы ортайып қалар дейсің бе, бер ойнасын!
Әжем айғай салады.
Ғайникен менен жасқанатын. Себебін ойлап табуға балалық түйсігім жетпейді. Тек, көзіндегі үлкен пайым мен мұңды сезінетінмін.
- Ертегі айтып берейін бе?
- Иә.
- Ерте, ерте ертеде бір кемпір мен шал болыпты. Ұлы да, қызы да болмапты. Оған қатты қапаланған шал бір күні үй салуға дайындап жатқан балшығынан баланың мүсінін жасапты да, құдайдан жан кіргізуін тілепті. Жаратқан иенің мейірімі түсіп, сұрауын қабыл алып, балшықтан жасалған ұлға жан беріпті. Бала өте қатыгез, ақылсыз және таңсәріден қара кешке дейін жанжал шығарумен болыпты. Және тамаққа да тоймапты.
Осы жерге келгенде ауызына кіріп кетердей болып ертегі тыңдап отырған маған жаутаң етіп қарайтын.
- Сенің үйіңде нан бар ма?
- Бар, әже, бізге бауырсақ пен пәтір бер.
Әжем сөреден алған дастарханды менің емес, Ғайникеннің алдына жаятын.
- Жей ғой, шырағым. Сен асықтыра берме. Тамағын жеп алсын,-дейді.
- Сенің үйіңде айран да бар ма?
- Бар. Әже, Ғайникенге қатық құй.
Ол ертегісін әрмен жалғайтын.
- Құдайдан тілеп алған ұлының мұншалықты жаман болғаны жанына батқан әжесі нан илеп отырып, қамырдан өзіне тағы бір бала жасапты. Оған Күлше бала деп ат қойыпты. Алла оған жан беріпті. Күлше бала өте ақылды, мейірімді болыпты. Атасы мен әжесіне көмектесіпті. Су тасыпты, күл шығарыпты, үй тазалап, қозыларға жем беріпті... Күлше бала осылай жұмыс істеп, күндіз-түні тынбай жатқанда балшық бала өмірін тек қана ұйқымен және тәтті тағамдар жеумен өткізеді екен.
- Сенің үйіңде кәмпит бар ма?-дейтін ол ертегісін үзіп.
- Әжемнің сандығы тола. Әже, мәмпәси берші.
Әжем сандығын ашып, бір уыс карамелді екеумізге бөліп ұсынатын. Ғайникен үнсіз алып жатса мен қиғылық салатынмын:
- Шоколад, карамель жақсы емес, шокалад бер!
- Бір күні оның шектен шыққан есерлігінен есі шыққан әкесі мен шешесінің қалын көріп күлше бала одан қалай да құтылудың жолын ойлапты. Сөйтіпті де, бір амал тауыпты. Балшық аға,-депті:
- Әнеу өзенді көрдің бе? Сол өзеннің арғы жағалауында көп-көп тәттілер үйіліп жатады екен. Соны жейміз. Жүре ғой.
Балшық бала – ақымақ. Күлшенің айласын ұқпапты. Екеуі көпірдің қақ ортасына келгенде балшық баланы ол суға итеріп жіберіпті.
- Күлшенің ісі дұрыс емес!
Айқайлап жіберген маған Ғайникен үлкен адамша басу айтатын.
- Сен әуелім тыңдап алсай. Балшық балаға не жаза берсе де болады. Ал, ол өзендегі ағыны қатты судан шығамын дегенше денесіндегі балшықтың бәрі еріпті де, бір сәтте ғайып болыпты. Сөйтіп, Күлшетай бала ата-әжесімен бірге бақытты өмір сүріпті...
Мен кішкентай күнімде тым қанағатсыз едім.
- Тағы да айтшы а..?
Көзімді сатып, мүсәпірсіп, жалына - жалбарына қарайтынмын.
- Ғайникен, тағы да айтып берші...
Қинала басын шайқайды.
- Апам іздеп қалады.
Кенет, есіме оның әпкесі Қаламқас түсе кетеді. Ғайникенді үнемі тірлікке жегіп, жұмсаумен болатын.
- Ғайникен, Күлше бала – сен. Балшық бала – Қаламқас,- деймін.
Үндемейді.
- Сен де Қаламқасты өзенге итеріп жібер.
Шалалықпен айтқан ақылсымағыма кәдімгідей ойланып қалатын.
- Сосын апам мені өлтіреді ғой.
- Қызым!-деп жекіп қалатын әжем:
- Қарғадай болып ауызыңнан қағынбай отырсаңшы!
- Ол бәрібір жаман адам!
Әжем көзі шапыраштанып қарайтын.
- Ғайникен...
- Шешесі іздеп кеп шаңын қағып жүрер. Бара ғой.
Орынан тұрып, үнсіз кете береді. Әжем күрсінеді.
- Әже, Ғайникен Күлше баланы жақсы көреді,-деймін.
- Жақсыдан кім тартынсын?
- Әже, әнеукүні Ғайникен күлше бала секілді болғым келеді деп айтты.
- Е-е, ол айтпағанда кім айтсын? Бір жапырақ қызды титтей қамқорлыққа зар қылған, Тәңірім-ай!
Ендігісін әжеммен сөйлесуге зауқым соқпай қалады. Үйде мұңлы көңілсіздік орнайды. Қызуын сыртқа атып, шәугімді бұрқылдатып тұрған пешке қабырғасын сүйкей қисайған шұбар бала мысығым да үнсіз, сүлесоқ жатады.
Әйтсе де, мен Ғайникеннің ертегісін көп тыңдай да алмадым. Апасы ерте қайтып, өгей шешесіне телінгенімен, көкесі де дүние салған оны көктемге салым бөгде тәтей келіп алыс-алыс жақтағы балалар үйіне алып кеткен. Шығарып сап тұрып әжем кемсеңдеп жылады. Көршілердің бірі күрсінді. Бірі тұнжырады. Мен бақытсыздық туралы тұңғыш рет ойландым. Алматыдан ағатайым әкелер допты да асыға күтпейтін, шолжыңдығым жойылып, р-ды дәл айтатын болғам...
СӘТСІЗ СЕГІЗ ҚАДАМ
Тобылғы жарғанның уағы болатын. Мерзімі жетсе де кетпеймін, кете алмаймын деп барын салып баққан суық наурыздың басындағы әлін танытпаса да, денені тоңазытуға жарайтын. Ымырт үйіріліп қалған мезетте бағытым белгісіз, әйтеуір қадам басып, қаудыраған жеңіл күртемен келе жаттым және жылы күндердің таяу қалғанына сенгендіктен құралайдың салқынын елемегем. Мыңжылқы көшесін түгестім де, онымен ең соңғы айқасатын даңғыл Ұлытаудың сүрлеміне түстім. Міне, бұл жігітті сол жолдың бойынан ұшыраттым.
Оған жетуіме он қадам қалыпты: Осы мырзамен киноға барса қалай болар еді деп күбірледім. Сол күндері киноорталықтарда Ст.Майердің қансорғыштар туралы романының желісімен түсірілген картинаның алғашқысы жүріп жатқан. Мұндай харрор жанрындағы кадрды тамашау үшін қасыңа ерген жігіттің сыртқы бітімі мен реңінің жақсырақ болуы тіпті де керек емес. Қағаздан жасалған бақырға уысты салып жіберіп, қуырылған жүгеріні әлсін-әлсін шайнап отырып, Роберт Паттисонның гуманизмге толы жүзіне қарап рахатқа бату үшін қайта жаныңдағы серің осындай бейтаныс біреу болса тіпті орынды.
Уақыт өз үстемдігін жасай берді, оған тоғыз қадам қалғанда былай пайымдадым: армандарыма Роберт Паттисонды жүктеп шаршамай-ақ, оны Кристен Стюардтың өзіне қалдырып, кинодан соң осы жігітпен бірге кетіп қалсам ше..? Мүмкін, біз енді ғана ашыла бастаған жазғы орталыққа барармыз. Өйткені, қабырғаларына темекі иісі сіңісті болған кафелерді әсте ұнатпаймын, ондағы ұдайы ойнап тұратын әуендер де көбіне талғамсыз қойылады. Бірақ, таңдау көбейген жерде оны ұмытып кетуім де мүмкін, айтпақшы, өткен жолы көрші үстелдегі жігіттің шарап бокалын сырбаз ұстайтын қалпынан көзімді аудара алмай қалғам.
Құлағымда зырлаған секөнттердің үні тұрды, оған қарай сегізінші қадам жасағанда ойымды былай жалғадым: Үстел басында үнемі серігімнің бетіне қарап, тіс жармай, үнсіз отырғанды жақсы көремін. Бұл маған ұнайды, қарсымдағы кісінің жүзінде көзім тоқтағанмен, ойым әлдебір жақтарға сапарға шығады. Манхеттендегі Колумбия университетінің алдында орнатылған арыстанның тас мүсіндерімен үнемі суретке түсуден шаршамайтын туристерге қарап денем тітіркенуші еді - Африканың қаңсыған өзендерін қанымен толтырып, қырылып жатқан тірі аландар мен қаншырлардың елесінен шошынып; Элизавета ханшайымның гауһар көзді тәжі мен әлемдегі тек еркектер тұратын жалғыз мемлекет – ақыретте тұтасымен тозақта шыжғырылатын Ватиканға қарап сақылдай күліп едім; садақ тартқанда кедергі келтірмесін деп бір емшегін қанын сорғалатып тұрып өзі кесіп тастаған түркінің жаужүрек мерген арулары - сыңар емшілектілерден жауған қарға қанат жебенің бір кездері еуропа аспанында қарша борағаны есіме түсіп... сосын әлдебір сұлу қыздың алқымындағы алтыннан айқасқан қос таяқшаға қарап тағы да ой шыңырауына құлар едім: Исаның көктен түскен күні жер бетіндегі бір-біріне ортан белінен матастырылған қос таяқ атаулыны маңдайына жапсырған ақ сарай, қоңыраулы алтын сарай атаулыны өртеп, жоярына бек сеніп..!
Бірақ, серігім сөзшең болса ше, мүмкін Харуки Мураками дүниелеріне тәнті шығар, жазушы әңгімелерінің көбінде бір бұрыштан басын қылтитып көрініп, сосын ғайып боп кететін елестер туралы айтсақ немесе Токионың тыныш жатқан бір аймағынан Питер Кэт деп аталатын джаз-бар ашқанын есімізге алып, сосын... Құдай екеумізді бірге сакура ағашы гүлдеген бір керемет күні солай қарай жол түсіруге жазсын деген жылы әңгімемен үстелден көтерілсек...
Сакураның алқызыл гүлі көмкерген көктемді жапон аралдарын арқа тастап, жетінші қадамды басқанымда оны қалай сөзге тартамын деп ойладым.
- Амансыз ба, гүл сататын дүңгершек іздеп жүр едім, жол сілтеп жібермейсіз бе?
Бұл әдіс емес, ақымақтықтың көрсеткіші болып шықпақ. Жалғызсырап, ұнжығам салбыраған сыртқы көрінісім – әлдекімнің туған күніне асыққан немесе өзіне гүл сатып алғысы келетін көңілді бойжеткеннің бейнесіне ұқсаса құдай ұрсын..!
- Есенсіз бе, екі минөтіңізді бөле алмас па екенсіз?
Өзімді әлдекімнің жұрттан ақша жинап алу үшін ойлап тапқан дінін жан-тәнімен насихаттап жүрген ашықауыз миссионер сезінгенде бұл тәсілден де бас тарттым. Ақылмен ғашық болған жөн, орыс ертегісінде ханзадамен некелескен Күлбикенің махаббаты тек кітапта ғана ұшырасады, ал, өмірде махаббаттың қарапайым және өзіңе ыңғайлысы жақсы.
Жасым жиырманың төртеуіне келді, ханзаданың балына барып, шыр үйіріліп билейтін шақ өтті, ханзаданы армандамаймын, маған лайығы – патша шығар деп күлімсіредім.
Уақыт арындап алға тарта берді. Алтыншы қадамды аттағанымда тағы да болашақ жайлы болжамдармен алыстым: Мен өте нашар аспазбын, мүмкін, менің быламықтарыма қарап аспаз деген тәп-тауір атауды қорламау да керек шығар. Бірақ, бұл кемшілігімді жылдам ақтадым, еркектің жүрегін асқазаны арқылы жаулап алуға болады деген сөз өтірік, егер шын болса, күллі еркектер аспаздарға үйленбеуші ме еді деп күбірледім. Мен әрқашан өзіме сенемін, оң қолым қалам ұстап, прозамды жазуға көмектесуден танбасыншы, ал, пендеуи тіршілікке қатысты қалған нәрселерді ойнап жүріп түгендеймін!
Желең жел толқып еді, көктегі кілегей бұлт қалқыды. Бесінші қадамды бастым: Біз әлгі жазғы орталықтан шыққан соң қайда барсақ екен деп күбірледім. Тек қана гүл сыйлағанын қаламаймын. Әлдекімге гүл ұсыну мен сыйлыққа гүл алу салтымда жоқ. Осы дәстүрдің романтикасы мен эстетикасына да түкіргенім бар. Жасылдар қоғамының белсендісі де емеспін, дағды сірә, әжемнен көшті, әлдекімнің бір қуанышы (мүмкін шаттанбайтын да шығар) үшін бір құшақ әсемдікті сабағынан айыру қиянат емес пе? Тағдыр сенімдерді алдамасын деп тілеймін, сөйтсе-дағы, бір бума әдеміліктің өміріне татымайтын можантопай біреу екенін байқасаң қайтер екенсің?
- Бір бума шөбіңді алып тағы да жеткенбісің?
- Сыпыртқыңды әрі тартшы,-деген жауаптар гүл шоқтарына қатысты менің аузымнан жиі шығушы еді. Мүмкін, кітап дүкеніне барармыз. Ден Браунның соңғы шыққан романын көрсетіп, ондағы өзім байқаған кемшіліктер жайлы айтармын. Бастысы, есімі жүрегімді дүрсілдететін адаммен бірге ғұмыр кешпеуге, тіпті оны мәңгілік көрмей кетуге келісермін, бірақ, прозадан тыс өмір сүруге ешқашан шыдай алмаймын деген көзқарастамын деп ашық айтармын..? Егер сен шын биші болсаң еденді сындырғанша биле. Егер сен шын жезөкше болсаң будда мұрагерінің өзімен әуейі бол. Егер сен жазушы болмақты мақсат етсең Шекспирдің өзін мойындамаймын деп барып қолыңа қалам ал, сөйт.
Көз байланды, ақшам жамырады. Жоқшымын, іздегенімді табуыма төрт қадам қалды: Танысқаныма қуаныштымын деген жаттанды тіркестен жүрегім айниды. Кейбіреумен танысқаным үшін өкініп тұратын кезім жетерлік, кейбіреумен болған таныстықты өткінші кездесу ретінде қабылдаймын. Ал, келесі жасайтын үш қадамнан кейінгі көрісу қалай болмақ?
Үшінші адымды басқанымда өзім туралы айтып бергенім жөн деп түйдім.
Өз басым адамдарды жақсы не жаман деген екі сорттан ғана тұрады деген ойдан аулақпын. Бірде мен саррацения деген аты бар хош иісті өсімдікті көрдім. Гүлдері де көз жауын алып жайқалып тұрды. Кенет, оның маңына бір байқұс ара ұшып бара қалып еді, әлгі гүлдің қауашағы оны көз ілеспес жылдамдықпен қақшып, жеп қойды. Көрдіңіз бе, біздің жұмақтан түскен періштеге балап жүрген кісімізден бір уақыттар болғанда мына жыртқыш өсімдіктің ажалды әрекетіндей сұмдық шығуы бек мүмкін.
Жалпы, суккулентті гүлдерді жаратпаймын. Олардың етжеңді жапырақтары, денесін тұтас жауып тұрған тікендері маған сұрықсыз көрінетін. Сондай кактустың бірі жазу үстелімді мекен етті. Оны мұнда қашан келгені, кімнің жеткізгені мүлдем есімнен шығыпты, суды кім құятынын да білмеймін, оған өзін жақсы көрмейтін адаммен бірнеше жыл және күн сайын кездесу қиын болған да шығар. Бірақ, ол бір күні гүл жарып мені таң-тамаша қалдырды. Оның құж-құж, ұсақ тікен басқан батпақ сұр түсті денесінде әлемге орасан ғашықтықпен қарап алқызыл гүл жайнап тұрды. Мен сол кезде мынау оңбаған тозақта мәңгілік жанады деп бағалаған адамның да бойында жақсылықтың самалы болады деп күбірлеп едім...
Оған екі қадам қалған кезде, қараңдаған түр-тұлғасына бір секөнт назар салдым да, қыялдың күміс қанатынан түсуім керектігін, оның жоғарыдағы сегіз қадам бойы жасаған жоспарларыма мүлдем татымайтынын ұғып қойдым. Есіңізде бар ма, мен оны сонадайдан байқаған кезде уақыт апақ-сапақпен тұстас еді ғой, жөпелдемеде және небәрі бір секөнттік бақылау барысында мұндай адамға менің әлемімде орын жоғын түсініп тұрдым. Несі ұнамады дейсіз бе? Сіздің басыңызда жазу арқылы хатқа түсіре де алмайтын, сөз арқылы баян етуге де қауқарсыз бір сезімдер болып па еді, міне, мен тап осы күйде едім.
Оған деген соңғы қадамды алғанда жасанды «adidas» бәтеңкесін киген аяқтарым бөгелместен алға қарыш жасап кете барған.
*** *** ****
Ал, Сіз бұл оқиғаның қалай аяқталғанын қалап едіңіз..?
ТИЫН
(әңгіме)
І
Содан бері көп күн өтті. Бес жасар бала торыға бастады. Көкесін ақ кебінге орап, ай белгісі жарқыраған қорымдағы жер тереңіне берген. Атасын екі аға құшақтап тұрды. Барлығы көкесі жатқан шұңқырға топырақ тастады. Топырақты іліп алатын күрек қолға берілмеді. Әркім өз міндетінен соң сабын жерге тастап, келесі адам жерден өзі көтеріп жатты. Кезек балаға да келді. Ол да көкесіне құм тастады…
Үш күн өтіп, кісі аяғы ба-сылған соң ғана атасы тілге келді.
– Көкем қашан келеді? – деді бала.
– Келеді, – деді атасы.
Содан бері көп күн өтті. Апасының да күрсінісі көбейді. Көкесі бардағы мейірімді жүзі көкайыл тартты. Мұны көп еркелетпейтін болды. Атасымен де жиі-жиі сөзге келіп қалатынды шығарды. Ақыры кетіп тынған. Қақпадан үлкен жүк мәшинесі көрінді де, апасы мен бейтаныс аға жүктерді арбаға тией бастады. Шарасыз атасы апасының жанына келді.
– Қалқам-ау, тым құрыса асын күтпедің бе? Бейтаныс аға жерге қарады. Апасы мұның басынан сипаған.
– Ақыры айырылысатын болған соң, ұзын арқау кең тұсау болмай кетіп тынайын… Бөтеннің босағасында жаутаңдатқанша, қара нан жеп, қара су ішсе де, жаныңызда болсын, немереңізді өзіңізге қалдырамын, – деді.
Мұнан соң атасы ләм деген жоқ. Апасы бейтаныс ағаның көлігіне мініп кете барды. Мені апам тастап кетті деп тұжырды бала. Ол апасын сағынамын-ау деп ойламады. Көкесі ерте-е-е-ең үйге келгенде апаң қайда десе не деп жауап беремін деп қамықты. Көкесін кілемге орап үйден бір топ аға сатымен алып шыққан күндегідей атасы үнсіз қабарды. Жадағайын иығына жамылып жатып алды. Сауылусыз қалған ала сиыр мөңіреді. Сол күні бұлар мекен еткен үйдің мұржасынан түтін шықпады…
2
Содан бері көп күн өтті. Бала көкесін сағынып жүр. Дағарадай үйде атасы мен екеуі ғана. Суалуға жақын ала сиырды көршінің келіні сауып береді. Әрегідік белінің шойырылып қалатыны болмаса, қара шалдың қайраты әзірге сары самаурынды қайнатуға жарап тұр. Әсте айқұлақтанып, алагүдектенбейтін тұйық бала әкесінен айырылғалы бері тіпті томаға тартты. Күні бойы атасын айналшықтайды.
Бірақ, көкесі келмейтін сыңайлы. Ауылдың сыртында қозы қайырып жүріп, айдамал тұс болса да бейітіне екі рет барып қайтты. Сопақша көк тастың бетінен көкесінің суреті өзіне қарап тұр.
– Көке, жүр, үйге қайтамыз, – деді бала.
– Көке десе…
– Көке, апам бізден кетті. Үйге жүрші, ермек ететін телебізер де бұзылып қалды…
Көкесі төмпешік астынан бой көрсетпеді. Ерте көктемнің нәурізегі көкте шырыл қақты.
– Осы менің көкем қашан келеді? – деді атасына.
Шал немересін алдағысы келмеді. Шынын айтты.
– Е, қалқам-ай, әкең о дүние мен бұ дүниенің арасын бір-ақ тұтам қылып кете барған жоқ па?
Азалы шал немересінің ерініне жұққан тәтті жұғынын кесе ысып отырған сулығымен сүртті. Жіпсіген маңдайын ақ шаршымен желпіп алды да, қайнақ суы өңешінен орын тауып, қаңсыған самаурынды сыртқа жайғап келді. Ұртындағы сөктен еріні бұлтиған немересі атасының аяғын ала жантайды.
– Көкем сонда қайда кетіпті? – деді.
Шал абыл-сабыл күйге түсті. Қапырықты елемей, жадағайын иығына тартып жамылып, әбігерге түсті. Іле жауап беруім керек деп шешті де, шеміршек болып қатып қалған алақанымен немересінің кекілін сипады.
– Көкең бұ дүниені тастап о дүниеге кетті.
– О дүние деген не?
– О дүние деген – әруақтардың мекені.
Әрдеменің басын шалып сұрап жатқан ұл шаңыраққа қарап аз-кем ойланды да, ұшып тұрып, босағадағы сүйретпесін киді.
– Ата, жүр онда көкеме барайық, – дегені.
Шал жерге қарады.
– Жүрші, ата.
– Көкемнің көк дөненіне аяқ артсақ, шашасының желі бар емес пе, демде жеткізеді.
Иесінің артында қалған жалғыз тұяқтың өзі туралы айтқанын естіп қойғандай, сайдың саясында шідерімен шоқырақтап жусап жүрген құйрық-жалы күзеулі көк дөнен пысқырынды.
– Ата, көкемді сағындым…
Шал күрсінді. Иегі кемсеңдеп, шоқша сақалы селк-селк етіп өксіді.
– Мені сағынбады дейсің-ау, жарығым!
– Ата…
Кішкене ұл сүйретпесінің темір ілгегін салып, сақадай сай күйі күтіп тұр. Шал немересін алдарқатпақ болды:
– Құлыным, біз көк дөненмен ол жаққа бара алмаймыз. Ортада үлкен теңіз бар…
– Ал, көкемді о дүниеге кім өткізді?
– Қайықшы да…
Бала дарияның арғы бетіндегі түп нағашыларына барғанда қыдырып барған сайын қайыққа мінетін. Өткізушілік міндеті үшін арбайған саусақтары ескектерді баппен есетін қаба сақалды, қарағай бойлы қара шалға тиын төлейтін. Кішкене ұл шынашақ саусағын тістелеп ойланып қалды. Түнеугүні апасы сағыз үшін берген тиынды сақтап қойған жерді жедел еске түсірді. Түрулі киіз үйдің сүйегіне тақау төселген, қызыл ала қошқар мүйізі бедерленген текеметтің шетін көтеріп, тапталған дымқыл топырақ бетінде жатқан бақырды саусағымен іліп алып, атасына көрсетті.
– Міне. Мұны қайықшыға төлей аламыз.
Шал мүлдем абдырды. Періштеге жалған сөйлеп, күнәға белшемнен баттым-ау деп қамықты.
– Бұл тиын жетпейді, – деді, – Қайықшының сұрайтыны көп тиын. Көп тиын бізде жоқ…
Кішкене ұл күрсініп алды.
– Көкем кетерінде қалтасына тиын салып кетіп пе еді?
Шал басын изеді де, бетін іргеге бұрып әкетті. Көзіндегі жасты көрмесін деп тер сіңген ала тақиясымен бетін жасырды…
3
Содан бері бала тиын жинауға кірісті. Көп тиын жинауым керек деп тұжырды. Көшеде келе жатып үнемі жерге қарап жүретін әдет тапты. Тиын табылып қалар ма деген дәмесі. Бірде көзіне бір тиындық ілінді. Әлдекімнің қалтасынан түскен болар. Аз-кем ойланды. Алса қайтер екен деді. Көшеден ештеме алушы болма! Атасының ескертуі есіне түсті. Сөйтсе де, тұңғыш рет атасын тыңдамады. Тиынды жинап жүрген бақырларының арасына қосты.
Атасы білмейді ғой: баланың ерніне мұнан кейін балмұздақ тиген жоқ. Қаладан келіп тәтті мұздақ сататын орыс тәтейдің алдын көрмегелі де көп күн өтті. Сырты шокаладпен қапталған балмұздаққа бас қойған достарына қызыға қараса да өзін тежейтін. Тәйірі, тәтті мұздақ жеген, жемегенде тұрған не бар деп өзін алдарқатады. Есесіне көкемді көретін боламын, көкемді…
Атасына айтқан жоқ қой: көкесін сағынған бала сағыз шайнауды да ұмытты. Атасының сағыз үшін берген тиындарын сақтады. Сағызды көкесі барлар сатып алады, маған көкемді үйге алып келген соң-ақ сағыз шайнасам не тұр?
Атасы мұны естісе ренжитін шығар-ау: көкесі Келіншектаудың аңғарынан аң қарай барып, атып алған арқардың артқы тірсегінен әперген сақаны да тиынға айырбастап жіберді. Жалықпай тауқа тұсын жонып, алшы түсетін етті. Көрші әже жүн бояғанда қоса қызартып, бүк тұсына жүгерінің көлеміндей қорғасынды ерітіп құйды. Көкем келсе Қызылкөлдің жайлауынан тағы арқар алса, сақалы бола жатармын. Әзірге тек, көкем келсе екен!..
Атасы байқамады: Түнеукүні көршінің үйіне келін түскен. Атасына еріп бұл да барды. Бозбала домбыраны безілдетіп бет ашты. Жас келінге ауылдың бала-шағаға деп салдырған сәлемінің ішіндегі қарадомалақтармен бірге мұның да есімі аталды. Атасы марқайып, қолына екі тиындық ұстатқан. Бала тиын-тебен жатқан шаршыға бір тиынды ғана тастады. Екінші тиынды саусағының арасына қыстырып бүгіп қалды. Тиынды көкесі үшін жинаған қазынасына қосты.
Бала күнде ертеңгісін әудем жердегі құдықтан су тасиды. Кішкене қалайы шелегімен екі рет қатынаса атасы екеуінің әжетіне жарап тұрған су дайын. Әдеттегідей құдық басында кезек күтіп отырып, үлкендердің сөзіне құлақ түрген.
– Жылан көрген жерің бар ма?
– Оны кәйтпексің?
Екіншісі аң-таң.
– Терісі сағат бауға қатып тұр. Жылан көрсең есіңде болсын. Тегін емес, сатып аламын.
Сол күні бала көкесінің асына сақталынған тұл дөненнің маңынан жылан көріп қалды. Терісі шахмат тақтасы тәріздес жылан ысылдап жөнеп барады. Жадына құдық басындағы бозбаланың сөзі оралған. Мұның терісін сыпырып алып барса, ол көп тиын берсе… көкесіне баруға жетіп қалатын шығар-ау.
Мезгіл – бесін ауып қал-ған. Атасы бұл кез намазға жығылады. Көзге түспей терісін сыпырып алайын… Бала айырды ала сап жыланның жолын бөгеді. Тыныштығының дал-дұлын шығарған сәбиді жылан жаратпады. Ирелеңдеген тік бас неме қапыда тірсегін шымыр еткізіп шаға сап, шөп арасына сіңіп кетті. Ардакүрең тұл дөнен шырқырай кісінеді. Мұны атасына айта алмады.
Ымырт үйіріле демігіп ісіне бастады. Атам онсыз да көкеме күнара кейіп жүр емес пе, мен ауырдым десем не күйге түседі деп тұжырды. Су жыланның шаққаны қатты болмас, аз-кем шыдасам ауырғаны басылар деп ойлап еді, ауру бел алып кетті. Көрші келіннің кешкі асқа дайындаған кеспесінен екі ұрттады да, төсегіне жантайды. Ісік қаулай түсті. Дәрігерге көрінсем басылар, атама айтайын деп түйді.
– Ата, – деді ақырын.
Соғыстан бір құлағы қалыс естіп қайтқан шал жуық арада ести қоймады.
– Ата! Ата, әлгінде, намаздыгерде мені жылан шақты. Дәрігер шақырасың-ау. Аздап ауырып тұрмын ба деймін…
Сөзін демігіп әзер жеткізді.
– Жылан?!
Маңдайы тайқы, жыланқарақ қария немересінің денесін қаптаған ісікті енді байқады. Онсыздағы қайғысы бес атанға жүк болған қара шал қатты састы. Көйлек-дамбалы ағараңдап, ымыртта масадан қорғану үшін салған түтіннен сарыала тартқан бөз масаханадан атып шығып, мантырап, жалаңаяқ күйде ауылдас қариға жүгірді. Обалы нешік, сонау бір жылдары Бұхарадан сауатын ашыпты делінетін, сәлдесі шамның самаласымен таласқан әзиме ақшамда ауыл итін шулатып аптығып жеткенімен кішкене ұлдың тамырын ұстай сала назары кілт пәсең тартты. Кемпірі мен жалғыз ұлының жаназасын шығарған молданың мінезіне сыралғы болған қара шалдың ерқашты болған жүрегі атқалақтап аузына тығылды. Немересінің білегін маңдайына басты.
– Тамыры соғып тұр ғой, молдеке, – деді сасқалақтап.
Жалаң аяғына сүйретпесін сұға салған қари төмен қарады:
– Жарықтың саңы бар уақытта хабар бермеген екенсіз де…
Күс басқан өкшесін қозғай беріп еді, сол аяғы ісік тартқан бала шар ете қалды.
– Ойынның қызуымен, ет қызуымен байқамаған екен-ау, бала…
– Молдеке, бір кәрін қыла алармысыз? – деді шал. Дауысы жарықшақтанып шықты.
– Уы тарап кетіп қолды байлап тұр емес пе?..
– Ойбай-ау, молдеке-ау?..
Шал жандәрмен баланың басын сүйеп молдаға жалтақтай берді.
– Көз байланбай тұрып естігенімде шаққан жыланды таптырып алып оқыр едім. Бір амалын тапсам, аянып қалармын ба?
Бала естен танды. Шалдың жасы тарам-тарам болып сақалын бойлады.
– Бұ не дегенің, молдеке-ау?! Бұ не дегенің? Мен қубас енді немеремді де алдыма салайын деп тұрмын ба?
Шал баланы құшақтап еңірей жылады. Сәлдесі дағарадай қари күрсінді. Жүрелей иілген шалдың жауырынынан қақты:
– Әбеке, бекем бол… Беті бері қараудан кетіп қалыпты.
Көз алды тұмандатқан баланың есіне бұдан жыл жарым уақ бұрынғы көрініс еміс-еміс көлбеді. Осындай түн еді. Әкесі осы сәкіде сұлқ жатқан. Атасы қариды әкелген. Көкесінің оң білегін ұстап отырып, осы сөзді қайталаған: Бекем бол, беті бері қараудан кетіп қалыпты. Тоқтай қал, содан соң әкесі о дүниеге аттанған жоқ па? Бұл да аз уақыттан кейін о дүниеге кетеді екен-ау…
Бала қуанды: демек, көкесін көреді. Періште түйсігінде пәниді қимау ұғымы жоқ болатын. Ол екі дүниенің ортасындағы тасымалшы қайықтың иесіне төлейтін тиынды ала алмай қаламын-ау деп қорықты. Бар күшін жинап, көкесі о дүниеге кеткен соң үш күн ауырып жатып, бір түнде жоғалып кеткен Алыпсоқтың үйшігінде сақталған, былтыр мал төлдегенде ақсыз балалаған тұмса қойдың қозысына сүт берген бөтелкенің ішіндегі қайықшыға деп жинаған тиындарын алып бер деп айтқысы келді. Бұған шамасы келмеді. Тілі күрмеле берді.
– Ата, – деді кішкене ұл:
– Ата…
Шал басын көтерді. Маңына ауыл адамдары жиналып қалған.
– Әу, құлыным?
Перзентінің амандығын мағырыбынан мойынына бұршақ салып тілеп отырған қария үмітке қолын созып, немересінің тілге келгенін қуанышқа балаған.
– Ата, қайықшаға төлейтін тиын бер.
Туыс-тума бұған таңырқады, сөздің не туралы екенін ешбірі бағамдай алмады. Бұл шалға анық еді. Бешпетін қарманды. Жан қалтасының түкпірінен бес тиын алып, алақанында салмақтады. Немересінің қаба сақалды қария-ажалдың қайығына мінуін қаламады. Кемпірім де, ұлым да сол қайыққа аяқ артып келмеске бет бұрған. Енді немеремді өзім тіріде ол қайыққа қалай жолатармын деп қамықты.
– Ата… – деді кішкене ұл.
Шал елірді. Немересін қиялдағы қайықшыдан қызғанды.
– Ата, тиын берші…
Кішкене ұл қара терге түсті. Жыланның уыты біржола жаулап алған денеден жан шығарға жол таппай шын қысылды. Қайықшыға төлер тиыным болмаса о дүниеге қалай өтермін деген балаң сана жанды еркіне жібермей тұсап тұрды.
– Ата, тиын берші, – деді жандәрмен.
– Әбеке, жанын қинамасаң-шы, – деп әлденені сезіп отырған қари қабақ түйді.
Айнала отырған әйелдер пыс-пыс жылады. Әлдебіреуі сұңқылдай дауыс салды.
– Ата…
Қара шал тиынды бешпетінің қалтасына салып қойды.
– Ата…
– Әбеке, сәбиді қинамалық. Сені күтіп жатыр, – деп қари атасын сабырға шақырды. Тарамыс саусақтары дірілдеп шал қолын қалтасына сүңгітті. Бес тиынды қайта шығарды.
– Ала ғой, құлыным…
Күп боп ісік тартқан бө-бек алақаны ашылып, тиын саусақтардың арасына жұмылды. Онда енді қайықшыға төлейтін тиын бар…
Баланың басы оң жаққа сылқ бұрылды. Дем тоқтады. Шал есінен танып, соңғы тұяғының кеудесіне құлай берді. Қари күбірлеп дұға оқыды. Түнгі тыныштықтың әптер-тәптерін шығарып, күллі әйел жоқтау айтып жатты. Бала мұның бірін де сезген жоқ. Ол бұл кезде қалың кірпіктері көзін жапқан, қаба сақалды, жүн-дес білектері ескекті берік ұстаған ажал-ақсақалдың қайығына отырып, бұ дүние мен о дүниенің арасын жалғап тұрған теңіздің айдынында жүзіп бара жатыр еді…
МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ
Ауылға келген күннің ертеңіне әжеме барамын дедім.
- Әжең ешқайда қашпас, екі-үш адам дүние салды, отбасына көңіл айт. Келін түсіріп, қыз ұзатып қуанып отырған жұрт бар, құтты болсын деп кіріп шығарсың, туыстарға сәлем бер,-деді ағам.
- Әжемді сағындым,-дедім.
- Өзің жылына жалғыз рет ат ізін саласың, онда да от ала келгендей үш күнге келесің, осы ағайындардың кішкене балалары сені танымайды әуелі...-деп кейіді.
- Әжем де мені сағынған шығар...
Мұнан соң ағам кіші ұлын қосақтап, еркіме жіберді. Бұл ұлды бір көргенімде мектеп есігін жаңа ашқан балдырған еді, енді бойы сорайып, қызға қырындайтын жасқа жеткен. Сағынышым дедектетіп, әжеме қарай сүйреп келе жатқан. Ауылдың шығыс жағында үлкен канал бар. Арыны кейде тым қатты, кейде тым баяу. Ағысы өлімсіреген жаздыкүні бала-шаға шомылып басына шықса, көктемгі қара су тасығанда көпірді жұлып, ойдағы үйлерді шайып кететін шайпау мінезі тағы бар. Табиғи емес, жасанды. Сондықтан да көркі аз, бетон жағалау көз тартпайды. Каналдан ары қозыкөш жерде үлкен жасыл қырат бар. Қыраттың төбесі мен аңғары ай көтерген күмбезге, беті шимай-шимай көктастарға, төмпешіктерге толы. Әжем де осында. Ол мен он төртке толғанда көз жұмды. Небәрі бір күннің ішінде ауылдың сыртындағы бейіттен орын тепті. Бұл түк те емес дедім: Әйтеуір бір күні үйге қайтып келер. Оны көп күткеніммен қайта оралмады. Кейінірек ағама еріп, басына бардым. Төмпешіктің астында тыныстап жатыр екен, менің алдымнан да шықпады, тіл де қатпады. Тіпті, біз қорымнан қайтып бара жатқанда қасымда қала ғой деп те айтпады. Сол сәтте оны біржола жоғалтқанымды түсіндім. Мәңгілік сағыныш буып өмір кешерімді пайымдадым.
Зиратты қырат жап-жасыл. Ажырық басқан сүрлеумен жоғары өрледік. Қаптаған төмпешіктердегі марқұм атаулы басын көтеріп, бұл кім, кім келе жатыр деп селтиіп қарап тұрғандай. Әжем тағы да үнсіз қарсы алған. Бұл қалыпты жағдай: тірі күнінде бала атаулыға суық, мейірленгені маңдайдан сипаудан ары аспайтын.
- Әже, қалың қалай?-дедім.
- Әже, мен сені сағындым,-дедім.
- Әже, уайымдама, менде барлығы жақсы,-дедім.
Арыстандының самалы есіп еді, қорым ішінде қау боп өскен қурай атаулы шуласып маған жауап қатты. Інім даусын сызылтып құран оқыды. Мұнан соң бабам мен ұлы әжемнің бейітіне кеп бет сипадым. Әжем осы екеуінің аяқ тұсында жайғасқан.
- Әже, мен қайттым,-дедім. Әжем қазір жұмақта жүр деп түйдім. Біз екеуміз әйтеуір бір күні кездесеріміз деп ойладым. Мәңгілік сағынышыма шырмалып, тірілер ауылына қарай қайта адымдадым.