Мұхтар Отаралиев. Кішкентай құс, нені жырлап тұрсың сен?

ӘДЕБИЕТ
7650

Марат Отаралиевтің баласы Мұхтар Отаралиевтің мақаласы

Қазіргі қазақ философиясын зерттеушілер де атап көрсетіп жүргендей, халқымыздың философиялық ойтолғаныстары бүкіл өнер мен мәдениеттен айшықты көрініс тауып орныққан болатын. Нақтырақ айтқанда, ол – әдебиет, тіл, бейнелеу өнері, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, яғни, рухани болмысымыздың бойына сіңірілген деп тиянақтауымызға болады. Олай болса, халқымыздың тарихындағы байырғы поэтикалық дәуірден бастау алған философиялық ойтолғаныс дәстүрі бүгінгі күні де жалғасын тауып отырғандығын естен шығармауымыз қажет. Себебі, ол – ұлттың қандық-туыстық кодтарындағы заңды түрде тарихи сабақтасқан руханилық деңгейдің ұрпақтан-ұрпаққа тасымалданатын айрықша белгілерінің бірі. Осыған орай, біз тек өткен дәуірдің поэзиясындағы толғаныстарды ғана емес, қазіргі кездегі де ақындарымыздың өлеңдеріне үңіле отырып, ондағы философиялық толғаныстарды түсіндіріп отыруға тиіспіз. Бір қарағанда, поэзия өзінен-өзі түсінікті сияқты, «бұл жолдарда үлкен философиялық мән бар» деген сөзді кейде жиі қайталағанмен, «философиялық толғаныстың дәрежесі қандай, ол қалай берілген» деген сияқты сауалдарға тоқтала бермейтініміз рас. Сондықтан осы заманда өмір сүрген халқымыздың ақындарының бірі – Марат Отарәлиевтің туындыларындағы философиялық сарын үрдістерін талдап өтуді қарастырмақпыз. 

Әрине, барлық өлеңдерін тұтастай зерделеу мүмкін емес, сондықтан бір ғана шығармасын таразылау қолға алынады. Оның шығармашылығының бір ерекшелігі әрқилы ойтолғаныстар тізбегі тоғысып, сайып келгенде, шабыт пен қуаныш, жігер мен намысты оятатын өмірмәнділік рух сыйлайды. Ақынның «Кішкентай құс, нені жырлап тұрсың сен» деп басталатын өлеңінде шабытты рух пен терең байыпты ойдың лебі анық сезіледі. Бұл жерде «кішкентай құстың» қай құс екендігі маңызды емес. Адамның психологиялық толқуын «құспен» бөлісу дәстүрі бұрыннан-ақ тарихи сабақтасып келе жатырған архетип. Мәселен, «Әуелеп ұшқан алты қаз», «Көк көгершін, көгершін», «Қара бауыр қасқалдақ» т.б. адамның ішкі көңіл сезімінің «құспен тілдесу» арқылы толығуы. Себебі, құс – өзінің физиологиялық болмысы, қауырсындарының жұмсақтығы, қыста жылы жаққа ауатындығы т.б. жағынан – нәзіктіктің; хайуанаттық тіршілік әлеміндегі бірден-бір әуеде қалықтап ұшатындығы, сол арқылы аспан әлемін кезіп, төмендегі тіршілікке байыппен қарап, оны бағамдауы және басқа хайуанаттарға қол жеткізілмейтіндігі арқылы – асқақтың және адалдықтың рәміздік көрінісі. Яғни, Марат Отарәлиевтің осы туындысында да нысанаға «құс» алынған, жай ғана құс емес, бей-жай, күнәсіз «кішкентай құс». Автор оған нені жырлағандығы хақында сұрақ қояды: «Нені жырлап тұрсың сен». Сұрақ риторикалық. Бірақ қоғамдық қатынастардағы, ақыл-ой сананың дискурс аймағындағы, адамдар арасындағы әдеттегідей диалогтағы риторикалық емес, табиғатпен тілдесу нәтижесіндегі екінші жақтың «белсенді еместігі» жағдайындағы риторикалық сауал. Осы сұрақ арқылы ақын өзіне-өзі сауал тастап отыр. Себебі, ол құстың жырының мазмұнына өзі жауап беруі тиіс. Оның денесі кішкентай болғанмен, үні жалпы адам баласын тебірентетіндей күй шығарады. Ол осындай үнін «үздіксіз» жырлайды. Бұның жан тебірентер күйінен өмірдің әсем сұлулығының ырғағы анық байқалады: 

«Мынау өмір сұлу екен шын сүйсең, 

Соны айттың ба кіп-кішкентай тіршілік».

 Бұл жерде өмірдің сұлулығына таң қалу – оның әсемдігін көре білумен шартталған. Дала әсемдігі мен хайуанаттар дүниесінің өзара үйлесімділігін түйсіну, оның ішінде, кіп-кішкентай құсқа деген сүйіспеншілік сезім – оның үнінің мазмұнына үңілумен тереңдетіледі. 

Діни фәлсафада «Құдай жаратқанның бәрі сұлу» деген ұстын бар. Бұл шындығында да солай. Бірақ әрбір халықтың дүниетанымына сәйкес, олардың сұлулық, әсемдік деңгейлері бірдей, өзара тең де емес деп таразыланғандығын пайымдасақ, кішкентай құстың үні қазақ халқының таным-түсінігінде әсемдік пен нәзіктікті бейнелейді. Ақынның бізге жеткізгісі келген бастапқы идеясы да – осы. Ол өмір тек қуаныштан тұрады деген бір жақты түсінікпен шектелмейді: «Өмір болса, мол қуаныш, мол қайғы». Бірақ әлемге шаттық көзбен қараудың үлгісін паш етеді. 

Ақынның шығармасындағы «Мынау дүние сүймесіңе қоймайды» деген жолдар дүниеге деген ерекше бір ынтызарлық сезімнің сүйіспеншілікке дейін жеткізілетіндігін өз тарапынан айғақтап береді. Бұл идеядан тек парасаттылық қана емес, адамның ішкі сезімнің түпкі мағынасындағы көңіл түйсігінің мәні ашылғандығын байқаймыз. Бұл өлеңде тағы бір көңіл аударарлық нәрсе – «таң» мезгілі: «Соны айта алмай жатырсын ба таңнан сен. Осы таңның өн бойында мың қызық». Шындығында, біз «Таң философиясына» назар аудара бермейміз. Бұл халқымыздың байырғы дүниетанымындағы таң сұлулығын «Арайлап атқан таң нұры» деп ерекше эстетикалық сезіммен бағаланғандығымен астасып жатырған көрнекті ой. Таң – жер бетіндегі бүкіл тіршілік және адам өмірі үшін де жаңа басталған, қайталанбайтын жеке әрбір күн даралығының бастапқы сәті. Түс немесе кеш мезгіліне қарағанда, таң – шабыт пен жігердің оптимизмін туғызады. Бұл тек қазақ халқының ғана емес, жалпыадамзаттың бүгінгі күнге дейін жалғасқан шаттық архетипі. Себебі, біріншіден, әрбір адамның, таң сайын оянғанда, өзінің тіршілікте бар екендігіне деген ризашылық сезімі, екіншіден, физиологиялық және психологиялық жан сергітуден кейінгі қуаныш, үшіншіден, орындалмай қалған әрекеттері мен армандарын жүзеге асыруға құрылған мүмкіндіктің жалғаса түсуі, төртіншіден, халқымыз «таңғы самал» деп атаған таза ауамен демалуға құштарлық, бесіншіден, әрбір күннің циклды қайта жаңаруы т.б. бізге таң қуанышын сыйлайды. Осы сәтті жіті пайымдаған ақын оған құстың жырын қосады. Бұдан, халқымызда жаз уақытында тек таң мезгілі ғана бағаланады деген ой тумауы тиіс, мәселен, сайын даладағы «түстегі шегірткенің шырылы», түндегі «алыстан естілген иттердің даусы» т.б. да белгілі бір терең толғаныс туғызатын әсемдікпен ұласады. Өлең жолдарын әрі қарай талдасақ, «шаттық сенің ақылшың» деп құсқа қарата айтылған философиялық пайымдауларды байқай аламыз. Шындығында, ол құсқа емес, жалпыадамзатқа айтылған нұсқа болып табылатындығын ескеруіміз қажет. Бұл жолдардағы «шаттық» түсінігі адамды өмірлік оптимизмге жетелейтін, ішкі көңіл сарайын ашатын түрткі. Сарыуайымшылдықты, одан тарайтын жағымсыз аураны тежейтін негізгі тосқауыл да – осы. Қазіргі медицинадағы терапияларда да, адамның ауруға ұшырауы жағымсыз ойлардан, қайғы мен мұңаюдан туындайтындығын екерсек, ақынымыз орталық түсініке шығарып, баса көңіл бөле ұсынып отырған «шаттық» құбылысы, сайып келгенде, осындай жағдайларды түйсінгенде ақылшыға айналады деп айта аламыз. Одан әрі қарай автор «Жасыл дүние кеудесіне мінгізіп, Тербеткенін жеткізе алмай жатырсын» деп өз ойының логикасын сабақтай түседі. Шындығында, бұл «тербету» шартты түрде алынған кең ұғым. Дүние тек ол құсты ғана емес, жаратылғанның бәрін де тербету үстінде. Осы тербетуді түйсінудің өзі философиялық дүниетаным екендігі сөзсіз. Қазіргі заманда, кейбіреулер өзінің бақытсыздығын әйгілеп, тербету емес, керісінше, қорлауды сезінетіндігін үнемі қайталау үстінде. Бірақ мәселе, тербетудің жалпы мүмкіндік қана екендігін сезіне білуде болып отыр. Мәселен, табиғат бізге өмір сүруге толық мүмкіндіктер сыйлады, оны аяған жоқ, адамға тіпті қалай өмір сүрсем де өзім білем деген еркіндік берді. Әлемнің құсты қалай тербетіп тұрғандығын автор терең түйсінеді: «Жасыл дала, жасыл тоғай, гүл өңір, Шырқай бер әр бұтаға түне бір». Бұны адам өмірімен салыстырсақ, дала – табиғаттың адамға берген сыйы, тоғай – ондағы пендеге қажетті дүние, гүл өңір – сол тіршіліктің әсемдігі, ол да жер кеңістігінің әрбір жерін, шартарапты шарлауға құқылы. Қазақ халқының көшпенді өмірі туған жеріне сүйіспеншілігін «менің далам» деген қатынас арқылы беріп, емін-еркін көшіп жүрген, табиғаттың берген сыйымен сусындаған, оған деген тойымсыздық көзқарас орнатқан. 

Осыған орай, ақын «Керемет қой бұл өмір» деп өзінің ішкі сезімін, өзімен-өзі тілдесуін кішкентай құсқа қарата айтады. Демек, өмірдің нәрінен сусындай білу, тіршіліктің шынайы шабытты мағынасын түйсіну, табиғаттың берген сыйын еркін пайдалану, әлемнің әсемдігін үнемі сезініп жүру – «өмір керемет» деген қорытынды туғызады. Бұл жерде өмірге осындай баға беру тек адамның өзін-өзі алдауы, жұбатуы емес, шынайы толғанысты білдіреді. Жалпы өнер иесінің, оның ішінде кез-келген ақынның ішкі танымында өмірді тереңірек тани бастау, осындай бағалауға жетелеуі мүмкін. Автор өзінің толғауын «біздер неткен бақытымыз дүниеде» деп қорытындылайды. Шындығында, бұл жерде, алдымен, өмір сүрген және сүріп отырған адамдардың бастапқы бақыты оның осы дүниеде «бар болуымен» айшықталады. «Бар болу бақыты» кез-келген мүмкін адамның маңдайына жазыла бермейді. Мәселен, дүниеге келу керек, бірақ шетінеу салдарынан, келе алмай қалған нәрестелер қаншама? Яғни, біз алдымен, «бар болу бақытын» бастан өткізіп жатырғандығымыз шындық. Марат Отарәлиевтің өмірмәнділік философиясындағы оптимизмнің негізгі қағидаларын былайша түйіндей аламыз; дүниенің әсемдігін көре біліп, оны құндылық ретінде бағалау, үнемі шаттық өмірді құру, өмір сүруге мүмкіндік алған бақытты түйсіну т.б. Өмір философиясын оптимистік тұрғыдан түйіндей алған автор бұл толғауында – «өмір», «тіршілік», «дүние және оны сүйе білу», «бақыт» тәрізді философиялық ұғымдарын қолдана отырып, қазіргі заман үшін де маңыздылығын, өзектілігін жоймайтын тәлімгерлік мұра қалдырған деп айта аламыз. 

Төменде әкем Марат Отаралиевтің өлеңінің толық нұсқасы берілген. 

Кішкентай құс, нені жырлап түрсың сен, 
Құйттай дене тебірентер күй шығып. 
Мынау өмір сұлу екен шын сүйсең, 
Соны айттың ба кіп-кішкентай тіршілік. 
Өмір болса мол қуаныш, мол қайғы, 
Жақсы күнге бар әніңді арнаушы ең. 
Мынау дүние сүймесіңе қоймайды, 
Соны айта алмай жатырсың ба таңнан сен. 
Осы таңның өн бойында мың қызық, 
Білем, білем шаттық сенің ақылшың. 
Жасыл дүние кеудесіне мінгізіп, 
Тербеткенін жеткізе алмай жатырсың. 
Жасыл дала, жасыл тоғай, гүл өңір, 
Шырқай бер сен әр бұтаға түне де. 
Кішкентай құс, керемет қой бұл өмір, 
Біздер неткен бақыттымыз дүниеде 


[ Марат Отаралиев].

author

Марат Отаралиев

Жаңалықтар

Демалыс күндері күн күрт суытады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Республиканың біраз бөлігінде қар...

Жаңалықтар

Бүгін, 6 желтоқсан күні доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады, деп хабарлайды madeniportal.kz. ...