М.Мырзалин халықтың ашу-ызасын туғызып отыр

Жаңалықтар
6186

Ақмола облысының әкімі М.МырзалинАқмола облысында Ерейментау деген аудан бар. Тарихтан хабардар адамдар білуге тиісті, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Үмбетей жырау секілді тарихи тұлғалардың елі болып саналады бұл аймақ. Былтырғы жылы осы ауданға Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин В.Радченко деген адамды әкім етіп тағайындаған болатын. Сол кезде осындай хабарды естіген ерейментаулық бір топ ақсақалдар Көкшетауға облыс әкімінің қабылдауына барып, өз наразылықтарын білдірмекші болған еді. Бірақ, Мырзалин оларды қабылдамай, барған адамдар орынбасарының алдынан қайтқан.

Ол жерде ақсақалдардың қойған талабы мынадай еді: “Қарағым, біз Радченконы ұлты басқа адам деп отырған жоқпыз. Егер ол ауданның жай-жапсарын білетін, осы елдің адамы болса, бір сәрі. Оны сонау Қостанайдан сүйреп алып келдіңдер. (Кезінде Қостанайдан Ақмолаға екінші рет әкім болып оралғанда, Радченконы Кулагин алып келген деседі – автор). Сонда осы елде Ерейментауға әкім болуға жарайтын адам жоқ па? Біздер жаңа ғана ел болып, есімізді жиып, бар-жоғымызды түгендеп жатқанда, халықпен өз тілінде сөйлесе білетін, елдің өткеніне, салт пен дәстүріне құрметпен қарайтын адам керек. Қытай мен моңғол елінен, өзбекстаннан қоныс аударып келген оралмандар бар ауданда, оларға да өз тілінде айтқан мұң-мұқтажын түсінетін әкім дұрыс болар еді” – деген.
Бірақ, Мырзалин ол ескертуді құлағына да қыстырған жоқ. Өткен жылдың 12-інші маусымы күні Радченконы Ерейментауға әкеліп әкім етіп сайлады. Сол күні жүз қаралы халық көшеге шығып, әкімдік жанына жиналып, өз наразылықтарын білдірген болатын. Бірақ оған елең еткен билік болмады. Көкшетаудан бір топ полиция келіп, сырттай қоршауға алып тұрды. Естуімізше, сол күні әкімдіктің артқы жағында, ішкі аулада бір автобус ОМОН-дар да отырыпты.

Виктор РадченкоСөйтіп, Мырзалин мырза тізеге басып Радченконы сайлап кетті.Жарайды, ол кісінің де бір білгені бар шығар деді сосын ел іші. Мүмкін Мырзалинның өзі айтқандай, Радченко “керемет іскер адам шығар деп ойлады көпшілік.

Сөйтіп, қызық болғанда, өзі у-шу қылып әкеліп отырғызған Радченконы Мырзалин 9 айдан соң қайтадан орнынан алып тастады. Сонда деп ойлайсың, оны не үшін әкеліп отырғызған? Қандай мақсатпен? Біраз отырғызып, қайтадан алып тастау үшін бе? Сол жері түсініксіз?
Осы 9 айдың ішінде Радченко аудан үшін ауызға аларлық бір іс атқарса, сөз жоқ қой. Онда қуана жазар едік. Бірақ есте қаларлық ештеңе істеменінін елі іші біледі. Тек 9 ай отырды да кетті. Бар есте қалғаны, аты белгілі бір азаматты жұмыстан шығармақ болып, қаншама уақыт соңына түсті.
Ауылдарға барып жиналыс өткізсе, халық қазақша сөйлейді, Радченко оларды түсінбейді. Осылай тірлік жасаған аудан әкімі ақыры орнынан кетті.

Сонымен халайық, біз бұл жерде қайтсек те Мырзалинді немесе Радченконы қаралайық деп жазып отырған жоқпыз. Көзіміз көріп отырған жағдайды айттық. Және айтылған әрбір сөзім үшін жауап берем!!!

Айтайын дегеніміз, әкімдер осылай ойына келгенін істей бере ме? Халық деген қазір әкімдер үшін бір қора қой секілді. Қайтсем де өз айтқанымды істетем дейді. Сонда бұларға бақылау жасайтын Президент аппараты, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік, басқадай ұйымдар қайда қарап отыр? Үлкен бір аймақты басқарып отырған Мырзалин халықтың ашу-ызасын туғызатын бұндай әрекетке не үшін барған? Осы жағы түсініксіз!
Ертең ол халықтың пікірін аяққа басып, өзіне ұнаған біреуді тағы да 4-5 айға әкеліп отырғызуы мүмкін. Сонда осылай бола бермек пе?

PS: Естуімізше, биыл ауданға бір жарым миллиардтай сома бөлініпті. Оның 500 миллиондай сомасына сауықтыру кешінін салу үшін тендер өткізіліп, бұрын белгісіздеу бір фирма ұтып алды деген ақпарат естідік. 100 миллиондай теңгеге қаладағы №1 мектепті жөндеуге тендер ойналып, тағы да бір фирма ұтып алыпты. Бұлар Радченко кетпей тұрып болған жайлар. Әлде, Радченко осы құжаттарға қол қойып кету үшін ғана қажет болды ма екен деп ойлайсың еріксіз.
Облыстағы коррупцияға қарсы күрес қызметі бұл фирмалардың кім екенін анықтап, қандай жолмен ұтысқа қол жеткізгенін анықтаса ғой дейсің. Бірақ…

Сайлау Байбосын

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...