Бауыржан Момышұлы кім?

СӨЗДІҢ АТАСЫ
9278

Бұл сұрақтың толыққанды жауабын беретін уақыт жетті.

Ғалымдардың айтуынша адам кім деген сұраққа нақты жауап беру қиын көрінеді. Бірақ, бұл басқа объектілерді зерттейтін субъект болып табылатын жұмыр басты пенделердің өзін объект ретінде аз зерттейді деген сөз емес. Физиологиялық, психологиялық тұрғыдан да саналыны зерттейтін ғылым салалары да, ғалымдар да, олар ашқан ғылыми жаңалықтар да жетіп артылады. Соған қарамастан біздің адам туралы түсінігіміз бұдан 2700-2200 жылдар бұрынғы Будда, Конфуций, Жаратуштра, грек философтары жасаған саналық төңкерістердің тұсындағыдан көп ілгерілей қоймапты. Өйткені, қанша зерттесе де адамның тылсымын түсіну қиын көрінеді.

Сол тылсымына бойлатпай келе жатқан бірегей адамның бірі – Бауыржан Момышұлы. Әйтпесе, ол зерттеу объектісіне айналғалы қашан!? Оның даңқы 1941 жылдың қараша-желтоқсанындағы Мәскеу түбіндегі шайқастарда шықты. Сол кездің өзінде-ақ майдан газеттері, КСРО-ның орталық басылымдары, әсіресе, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өз батальонымен небір қиын тапсырмаларды орындаған алғы шеп командирінің таланты мен ерлігін жабыла жазып жатты. Александр Кривицскийдің айтуынша бұл кезде Ақ теңіз бен Қара теңіз аралығындағы мыңдаған шақырымға созылып жатқан майдан шебінде Бауыржан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ.

Соғыс аяқталмай жатып, алғашқы хиқаяттары «Знамя» журналында жарық көрген Александр Бектің «Арпалыс» және өзінің «Москва үшін шайқас» романдары шетел тілдеріне аударылғаннан кейін Баукең әлемдік тұлғаға айналды. Рұқсат ала алған шетел журналистері оны іздеп келіп, сұхбаттасып, осынау ерекше жаратылыс туралы өз пайымдарын оқырмандарына жеткізіп отырды.

Баукеңнің батырлығы мен шығармашылығы туралы басы Мұхтар Әуезов болып қалам тартпаған қазақ қаламгерлері кемде-кем. Мұхаңның «Намыс гвардиясындағы» бас кейіпкер Намысұлының прототипі осы Баукең еді. Орыс және қазақ тілдерінде бұдан да басқа көптеген сахналық шығармалар жазылды. Олардың ішінде соңғы жылдары Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы симаған» және осы жолдар авторының «Бауыржан Момышұлы» драмалы сахналанып, театр репертуарынан берік орын алды. Баукеңнің көзі барда Мәжит Бегалин «Ел басына күн туса...» атты көркем фильм түсірсе, жақында Ахан Сатаевтің «Бауыржан Момышұлы» атты 4 сериялы көркем фильмінің тұсаукесері болды. Бұлардан басқа Халиолла Омаров, Тұрар Дүйсебаев түсірген деректер фильмдер бар. Бауыржантануға бірнеше есте қаларлық мақала және деректі фильм ценариін жазған белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков те өзіндік үлес қосты.

Баукеңнің құрдасы, сыныптасы, қаруласы Құрманбек Сағындықовтың ол кісінің балалық, бозбалалық шағы туралы жазғандары шынайылығымен, деректілігімен құнды.

Әйтсе де, «өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген Қасым Аманжоловша Баукең өз жайын өзі айтып кеткен адам. Оның өмірбаяны, мақсат-мұраты, шығармаларында сайрап тұр. Қалғанын Әзілхан Нұршайықов пен Мамытбек Қалдыбайға баяндап берді. Бұл екі жазушы кітаптарының осындай тәсілмен жазылуы авторлардың беделін төмендетпейді. Қайта Баукеңнің аузынан шыққандығымен құнды. Баукеңнің әңгімелеу стилі неғұрлым сақталған болса, сонысымен шырайлы.

Айрықшалап артына сақтап отырған тағы екі автор бар. Оның бірі – өз ұлы, белгілі жазушы Бақытжан Момышұлы. Бәкеңнің алғаны өз әкесі туралы болса да, ең қиын тақырып. Өйткені ұлы әкені түсіну – әңгіменің басында айтылғандай «адамның тылсымын түсіну». Ұлы адамның әрі шытырманды, әрі биік интеллектуалды шырқауы мен шыңырауына жету үшін Бақытжанның өзі де үлкен жолдан өтті. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлын қай биіктен, қай тереңдіктен іздеу керек екенін бізге көрсетіп, жөн сілтеп кетті.

Келіні Зейнеп Ахметованың Баукеңнің отбасындағы адами қасиеттерін ашатын шығармалары оқырман көп оқитын кітаптардың қатарына қосылуы біраз нәрсені аңғартады. Демек, Зейнеп те өзі алған тақырыбын аша білген.

Баукеңді насихаттауға орасан зор еңбек етіп жүрген тағы бір адам –белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Сонау тәуелсіздіктің таңы сарғайғаннан-ақ «жар құлағы жастыққа тимей» Баукеңнің ұзақ жыл архивте сүрленіп жатқан «Соғыс психологиясын» «Қанмен жазылған кітап» деген атпен жарыққа шығарды. Баукең туралы жырлардан жинақ құрастырды. Ақыры Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетовтың қолдауымен Баукеңнің жарияланған, жарияланбаған әңгімелерін, өлеңдерін, аяқталған, аяқталмаған романдарын, хаттарын, күнделіктерін, шашпа ойларын, нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерін отыз томдық жинақ етіп шығарды. Мекең бұл жұмысын Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Бауыржантану» орталығына басшылық жасай отырып, одан ары жалғастыруда. Әлемдегі Бауыржан Момышұлына қатысты барлық деректерді мүмкіндігі жеткенше жинастырып, баспаға әзірлемек.

Баукеңнің әскери еңбектері де насихатталу үстінде. Оның әскери өнерін Қазақстан армиясынан бөлек Куба, Израиль әскерилерінің оқып, үйренетіндігі белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстарын зерттеуге Ким Серікбаев, Хайырлы Мұхамбетқалиев сияқты ғалымдар еңбек сіңіріп жүр.

Сөйтіп, бұл күнде Бауыржан Момышұлы елімізде ұлы тұлғалардың жазылуы жөнінен рекордтар жасап тұр. Ол рекордтың бірі – ақындардың ең көп өлең арнауы, екіншісі – ең көп естелік жазылуы. Олар қазірдің өзінде 40-45 том болып жинақталды.

Сонымен бірге бұл процесс еш уақытта тоқтамай, одан ары жалғаса беретін түрі бар. Өйткені ақындардың әрбір жаңа ұрпағы көздерін ашқаннан санасын сәулелендіріп, жан дүниесін байытқан Абай мен рухани тірек болып, рухын көтерген Бауыржанға өлең арнап, тәу етуді парыз санайтын тәрізді. Оның үстіне Абай оқуылары сияқты Білім және ғылым министрлігі тарапынан Республикалық Бауыржан оқуларын өткізу дәстүрге айналды. Оған қатысушылардың ұлы тұлғаға арнап өлең немесе қысқа жанрда әйтеуір бір шығарма жазуы шарт.

Бір сөзбен айтқанда Баукең жазылу жағынан еш кемістік көріп тұрған жоқ. Ал танылу жағынан ше? Рас, Баукеңнің жоғарыда аталған шығармалары мен өзге авторлардың ол кісі туралы жазғандарын оқыған адам «мен Бауыржанды» білемін деп айта алады. Тіпті, көзін көріп, әңгімесін тыңдағандар да аз емес арамызда. «Бауыржан оқуларына» қазылық ете жүріп, оның әлденеше ондаған өлеңдерін немесе әңгімелерін жатқа айтатын балалардың да аз емес екенін байқадым.

Бірақ, солардан Бауыржан Момышұлы кім деп сұрасаң жалпылай жауап алғаныңмен нақты жауап ала алмайсың. Бұған кінәлі олар емес, әрине. Жастарға Бауыржан Момышұлының Отанына сіңірген еңбектерін саралап, бағалап, оның тарихымыз бен қоғамымыздағы орнан әлі күнге дейін атап, түстеп бермеген біз, аға ұрпақ кінәліміз.

Бұрын бұл кінәні кеңестік империяның тоталитарлық саясатына артып келдік. Енді ешкімге арта алмаймыз. Сондықтан мойындап, шамамыз келгенше бұл олқылықтың орнын өзіміз толтыруымыз керек.

Өйткені, Кеңестер одағының кезінде Баукеңді насихаттауда біржақтылық болғанын ата, аға ұрпақ жақсы біледі. Кейін сол біржақтылық жайдақ танымға әкеліп ұрындырды.

Ал, оның майданның алғы шебінде жүріп атқарған жұмыстары соғыс батырының шеңберінен шығып кетіп жатты. Батальон командирінің, кейіннен полк, дивизия басқарған қолбасшының ойлары мен әрекеттері кезекті ұрыстың тактикалық немесе стратегиялық шешімдерінен әлдеқайда ауқымды болды.

Сондықтан да оның атақ-даңқы ресми батырлар мен генерал қолбасшылардан асып кетті. Баукеңнің бұл әрекеттерін Мәскеу ұлтшылдық деп таныды. Орталық солай бағалаған соң, Республика басшылары қайда барсын. Оларда да ұлт батырына салқын қарады. Бірақ соғыс жағдайында Баукеңді ұлтшылсың деп ешкім жариялы түрде жазғырған жоқ. Өйткені, сол кездегі майдан мен тылда қалыптасқан жағдайдың тек шындығын айтқан Баукеңнің әрекеттерінде кеңестің конституциясы мен өзге заңдарына қайшы келетін дәнеме жоқ еді. Мәскеулік билік есесіне үндемей жазғырды. Баукеңе Кеңестер Одағының батыры атағын бермеді. Басқа марапаттарға да сараңдық танытты. 1941 жылдан 1945 жылдың мамырының аралығында Ұлы Отан соғысының аты әлемге жайылған даңқты батыры Қызыл Ту орденімен және «Москваны қорғағаны үшін» медалімен ғана марапатталды. Генерал шенін алып қоймас үшін №9 дивизия командирлігіне бекітпей қойды. Сөйтіп, Баукең бір жылдан астам уақыт дивизия командирінің міндетін атқарушы болып жүрді. Генерал шені Баукеңе Бас штабтың академиясын бітірген соң да берілмеді. Әрине, биліктің бұл әрекеттерінде де заңға қайшы ештеңе жоқ болатын.

Есесіне, халық Баукеңнің бұл әрекеттерінен майдан батырының ерлігінен артық жанға қуат беретін ерекше күш сезінді. Сондықтан да оны жанымен қабылдап, қайтып айрылмады, әлі күнге дейін іздейді, әлі де іздей береді.

Сонда, коммунистік-кеңестік билік ұлтшылдық деп таныған, ал халық биік парасат пен ерекше қуат-күш көрген Бауыржан Момышұлының сол әрекеттерін біз қазір не деп атаймыз? Өкінішке орай, оның бұл әрекеттері әлі күнге дейін атсыз. Дәлірек айтқанда, әлі сол жалтақтықпен соғыс батыры, жазушы деген атаумен шектеліп жүрміз. Ал, шын мәнінде ол кісіні халық арасында ұлт батыры атандырып жүргені керемет қайраткерлігі емес пе!?

Әлде, «ұлтшыл» Бауыржанды қайраткер деп атағанымыз үшін айыптайтын арамызда немесе сыртта бір күштер бар ма? Баукең туралы деректі фильм түсірген режиссер Халиолла Омаровтың «Баукеңді жек көретіндер алі көп, өйткені біз рулық санадан ұлттық санаға көтеріле алмай жатырмыз» деген пікірінде шындық бар десек те, рушылдық ұлттық батырымызды өз атымен атау үшін қаншалықты кедергі келтіріп тұр? Менімше, рушылдықтың тап бұл күнде аяқтан шалғанымен алып жығар қауқары жоқ. Көпшелі қоғамның мемлекеттік құрылымы және ел біріктірер идеологиясы ретінде өзінің жағымды ролін ойнаған рушылдықтың енді жағымсыз роль ойнап тұрғаны айдан анық. Бірақ, урбанизация мен адамдар арасындағы нарықтық қатынастар оны бірте-бірте әлсіретіп, отбасылық, әулеттік деңгейге түсіретіні уақыттың ісі. Біздің заманымызда рушылдықтан да қауіпт бір дерт бар. Сыбайлас жемқорлыққа бастайтын да, Халиолла Омаров сынды халыққа ағартушылық сипатта бір игі іс істесем дейтіндерге кедергі келтіретін де, кедергі келтірмесе де көмектеспей қоятын да сол дертке шалдыққандар. Ол дертті не деп атауға болатынын білмеймін. Әйтеуір іске жаны ашымастық, немқұрайдылық деген атаулар олардың әрекетіне дәл анықтама бере алмайды. Өйткені олар бас пайдасы болмаса баспайды. Ал, бас пайдасы немесе жоғарыдан нұсқау болса, керемет етіп орындап береді. Ол кезде рушылдық дегенің пысып кетеді.

Мен Бауыржан Момышұлы – қоғам қайраткері, қайраткер болғанда да Алаш арыстарының заңды жалғасы деген пікірді баспасөзде көтеріп, бұрын да бірлі-жарым мақалалар жазғанмын. Бірақ аузым дуалы болмады ма, әйтеуір көрген жерде мақұлдағанымен баспасөз бетінде қолдап-қоштап кеткен ешкім болған жоқ. Сондықтан бұл пікірімді «Бауыржан Момышұлы» тұлғалық энциклопедиясына «Алаш идеясы және Бауыржан Момышұлы» деген сияқты бірнеше мақала енгізіп, оны аузы дуалы ғалым-қайраткерлерге жаздырмақ едік. Өкінішке орай «Сөзтізбесі» және мақалаларының төрттен бірі әзір болған энциклопедияның жұмысы қаржының тапшылығынан тоқтап қалды. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында Мекемтас Мырзахметұлының бастамасымен басталған бұл игі іс әзірге өз Атымтай жомартын күтіп жатыр. Істі дұрыс ұйымдастырып жалғастырған жағдайда «Бауыржан Момышұлы» тұлғалық энциклопедиясы жарық көрген соң қаржыландырғандарға пайда әкелмесе, зиян шектіре қоймас деп ойлаймын.

Бірақ энциклопедия шықпай қалды екен деп жұмысты тоқтату Баукеңнің архивімен азды-көпті жұмыс істеген бізге сын болды. Сондықтан осындайда осындай, Баукең жай батыр, жазушы емес, қайраткер, алаш арыстарының жалғасы деген пікірлерім айтылған мақала-сұхбаттарымды жинастырып және оған драма мен көркем әңгімемді қосып, «Бауыржанның пырағы» атты шағын жинақ шығарып, таратуға ниеттендім. Сол кезде Халиолланың Баукеңе туыс еместерден тауы шағылса, менің Баукеңнің туыстарынан-ақ меселім қайтты. Облыс әкімі орынбасарларының бірімен қайта-қайта телефон арқылы сөйлесіп, Баукеңді насихаттаудың жастарды тәрбиелеуге жақсы көмектесетіні туралы хат жазып жатып батырдың жастық шағы өткен еліміздегі ең қазағы көп Оңтүстік Қазақстан облысына 100 данасын әзер өткіздім.

«Бұл проблеманы жақында ғана жаздым ғой, қайта-қайта көтере беремін бе» дегенімде заманының мұзынан таймаған табанды редактор Шерхан Мұртазаның «Әй, Елен, тамшы тама берсе, тасты әйтеуір бір теседі. Журналист те соңынан қалмай жаза берсе, мәселені әйтеуір бір шешеді» деген сөзі өмірлік өсиет болып қалған еді маған. Сондықтан да орта жолда тоқталып қалмай еліміздің таралымы ең көп, ең беделді басылымы «Егемен Қазақстанға» осы мақаланы жазып, Баукеңе емес, біздің ұрпаққа сын болып тұрған бұл мәселеге жұртшылықтың назарын тағы бір аударғым келді.

Сонымен Бауыржан Момышұлын өз заманының белді, беделді қоғам қайраткерінің бірі, әрі бірегейі болды деп айтуға қандай негіз бар? Соған келелік.

Баукеңнің өз жазғандары мен айтып жаздырғандарын оқи отырып ол кісінің майданға көп кіші офицердің бірі болып аттанбағанын аңғару қиын емес. Ұрыстың өзін көрмеді демесең, ол 31 жасына дейін күшті әскери дайындықтан өтумен бірге бойына мол рухани азық жиып үлгерген екен. Бұған жігіттің жігітінде болатын қасиетін – ақиқаттан айнымайтын әділдігін, ала жіпті аттамайтын адалдығын қосыңыз. Бірақ бұл өмірде аяғына дейін әділ, адал болып қалу үшін айрықша қайтпас қайсар мінез бен ар тазалығы керек. Баукеңнің бойынан ол қасиеттер де табылып, адалдығы мен әділдігінен айнымай «өтіріктің қанатымен көкке көтерілгенше, шындық үшін жер жастанғаным артық» (Баукең бұл жолдарды 1941 жылдың қарашасында қағазға түсірген) деген принциппен өмір сүрді.

Баукеңнің айтуынша соғыс кімнің кім екенін тез-ақ анықтап береді. Мәскеу түбіндегі шайқастар Бауыржан Момышұлының кім екенін танытып қана қоймай, жастарды тәрбиелеу жұмыстарындағы олқылықтарды да ашты. Қазақ халқы мануфактуралы соғыста мол тәжірибе жинақтағанымен машиналы соғысқа жаппай бірінші рет кірген еді. Сондықтан да ұрыс алды әскери дайындықты күшейту керек екенін алғы шеп командирі ретінде ол өте-мөте сезінді. Ең сорақысы тарихын, тілін, дәстүрін білмейтін жастар көбейе бастаған. Олар ұлттық құндылықтарын білмеген соң, ұлттық мақтаныштары оянбайды. Ұлттық мақтаныштар оянбаған соң, рухы көтерілмейді. Ал рухсыз әскер қарумен қанша бөлеп қойсаң да жеңіске жетпейді.

Сонда бұл рухсыздықтың арты қайда апарады? Әлем тарихынан мол хабары бар Бауыржан Момышұлы мұның арты не болатынын жақсы білетін еді. Білген соң да халқының келешегіне балта шабатын осынау процеске тосқауыл болуға тырысып бақты.

Соедини в себе, поэт,

Два века воедино,

Старей отца будь на сто лет,

На век моложе сына.

Соедини в себе, поэт,

Два века воедино.

Мудрей отца будь на сто лет,

Моложе на век сына, -

деген жолдар дәл сол өз мойнына өзі бүкіл халық жауапкершілігін артқан күндердің бірі – 1941 жылдың 28 желтоқсанында жазылған екен. Сөйтіп, Баукең халықтың жоғын жоқтап күреске шығу үшін бабаларының кемеңгерлігін меңгеріп, ұрпағының болашағын болжай білу керек екенін терең түсінген. Өзі сол күреске бекінген.

Әрине, бұл жолдың аса қауіптілігін де сезінді. Өйткені ұлттың мүддесі үшін күрескен Алаш арыстарының 1937-1938 жылдары «Халық жауы» деген жаламен тұтасымен атылып кеткенін естіп, оқып өсті. Есесіне олардың шығармалары Баукеңнің жадында мәнгі қалып, жан-дүниесін баурап алған болатын. Сондықтан да Мағжан Жұмабаевты және басқаларды жатқа оқудан жалықпайтын. Демек арыстардың рухы Баукеңді тыншытпай халық келешегі, ұрпақ тәрбиесі үшін осынау қауіпті іске араласуды аманаттады. Сөйтіп, өзінің айрықша әділдігімен, адалдығымен, бай мінезімен, білім-парасатымен алғы шеп командирі міндетінің мазмұнын байытқан Баукең енді оның міндеттерінің аясынан асып кететін әрекеттерге барды. Баукеңді өзге соғыс батырларынан ерекшелеген де, күні бүгінге дейін халық сүйіспеншілігене бөлеп отырған да сол қадамдары. Өйткені бұл қадамды Алаш арыстарының көзі кеткен соң ешкім жасамап еді. Ал, рухани тіректерінен айрылып, жасып қалған халық жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын бір ер қашан шығар екен деп күтулі болатын. Сол ерлікті қайраткер де, ғалым да емес, майдандағы кіші командир жасады. Сол-ақ екен оның әділдікке араша түседі екен деген дақпырты сымсыз телефондар арқылы қазақ даласына тез-ақ жетіп, даңқын майдандағы ерліктерінен де асырып жіберді.

Ел ішінде Баукең халық батыры атанып кетуі содан. Өйткені қазақ жекпе-жекке шығып, яки қол бастап жеңіске жеткенді ғана батыр демеген. Қазақ ұғымындағы халық батыры елін асырап сақтап қамқор болған, билік айтып әділ шешім жасаған, елшілікке жүріп ел есесін қайырған ерекше жандар. Бүгінгі тілмен айтқанда Қабанбай да, Бөнгенбай да, Жәнібек тархан да, Қойгелді де, бәрі де соғыс батырлары ғана емес, ел қамын жеген қайраткерлер. Әркімнің тылдағы, окоптағы, штабтағы міндеттері бұйрықпен бекітіліп қойған машиналы соғыстағы Баукеңнің қайарткерлігі де сол халық батырлары қайраткерлігінен тамыр тартып жатыр.

Ал, республика басшыларына, жазушылар мен ғалымдарға, майданнан жазған хаттары Баукеңді Алаш арыстарымен үндестіреді. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрменкесінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының Ресей Думасына жазған Қарқаралы петициясында көтерілген қазақ ұлттығының мәселелері Баукеңнің республика басшылары Ж.Шаяхметовке, Н.Ондасыновқа, М.Әбдіхалықовқа жазған хаттарында жаңа деңгейде қайталанады. Уақыт басқа, жағдай басқа болғандықтан Баукең ол петициядағы шекара және дін мәселелерін қозғаған жоқ, ал, ана тілін, тарихын оқыту, тиым салынған мұраларды жариялау, ұлттық ойындарды жандандыру, ұлттық дәстүрлерді тәрбие құралы ретінде пайдалану, қазақтың шынайы көркем әдебиетін жасау, әдебиет пен өнердің тәрбиелік мәніне баса назар аудару, жас кадрлар даярлау, тағы басқа мәселелерді батыл көтерді. Бір ғана ретпен шектеліп қалмай, хатты қайта-қайта жазды. Үкіметтің шешімі қашан шығады деп күтіп жатпай, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев және басқа әдебиет пен ғылымның ірі өкілдеріне осы мазмұндас хаттар жазды.

Бұл хаттары тым нәтижесіз болды деуге болмайды. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі М.Әбдіхалықовқа жазған хатындағы «Сіздерге жүздеген мың жауынгерлерді (орысша түсінбейтін немесе нашар түсінетін) – қазақтарды өз ана тілінде шығатын газет пен әдебиетсіз, ескерусіз (мүлдем) қалдыруға кім право берді?» деген сияқты талаптарының көпшілігі орындалған. Н.Оңдасыновқа жазған хатындағы «Тапқырлық пен пайымдағыш қасиет солдаттың бойында үнемі болуға тиіс...». «Бәдік айту, той, айтыс – тез ойлауға, тапқырлыққа тәрбиелейтін өнер саласы» деген пікірлері де ескерусіз қалмаған сыңайлы. Оны содан кейін Алматыда республикалық ақындар айтысының өтуінен аңғаруға болады.

«Жығылған үстіне – жұдырық» біздің партияның жолы емес қой... Құрту оңай, ол әркімнің қолынан келуі мүмкін. Жәрдемдесіп түзеу, тәрбиелеу қиын. Қателескендердің көбі бізге жау адамдар емес қой» деп Кенесары ханды «асыра дәріптегендерге» араша түсіп, «Кенесарыдан кейінгі кейбір азаматтардың нысана ұстап, садақ тартамыз деген бір «мишені» жолдас М.Әуезовтың «Ақын аға» деп аталатын бітпеген еңбегіне ұқсайды» деп қазақ әдебиетінің осынау бірегей шығармасы мен авторын солақай сыннан қорғаштап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке жазған хаты қаншалықты нәтижелі болғанын зерттемегендіктен маған нақты айту қиын, бірақ екінің бірінің қолынан келмейтін ел үшін еңірегендердің ісі екені анық.

Бұндай қадамдарды соғыс батырының, қолбасшының, қаламгердің кез-келгені жасай бермейді, тек олардың ішінде ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қойған қайраткер ғана бара алады.

Ал, өмірде елді сөзбен үндегенімен ісі керегар болып жататын қайраткер де қаламгерде көп. Бауыржан феномені – сөзі мен ісі сай түсіп жатуында. Ол ұсақтамады. Санасы қандай биік болса, әрекеттері де сондай кесек, ірі болды. Бірақ, өз ісінің идеологі да, орындаушысы да өзі болған соң, ұсақ-түйегіне дейін араласуына мәжбүр болған кездері де аз емес.

Баукеңнің осылай қарумен ғана емес, қаламмен де жасаған ерліктері көп. Оның 30 томдығының кез-келген кітабынан бұндай мысалдардың әлденешеуін келтіруге болады.

Баукең майданнан жазған хаттарында патриоттық әдебиет пен өнер жасау жөнінде ұсыныс беріп қана қоймаған. Оны қалай жасау хақында ақыл-кеңесін де ерінбей-жалықпай жазып жіберіп отырған. Ал, жарақатына байланысты демалыс алып келгенінде республика Ғылым академиясының залында ел зиялыларына апта бойы соғыс туралы лекциялар циклын оқыған. (1944 жылдың қаңтары). Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ батыры» (1945ж.), кейіннен «Қазақ солдаты» (1951ж.) деген атпен жарияланған соғыс тақырыбындағы романының сәтті шығуына Бауыржан Момышұлының лекцияларының ықпалы болған жоқ деп ешкім айта алмас. Өйткені Ғабең – Баукеңнің лекцияларын бастан-аяқ тыңдаған.

Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысы туралы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, әрі ұйымдастырушысы деген анықтамаға жарқын мысалдың бірі осы болса керек. Бұл да қатардағы қаламгердің емес, қайраткер-қаламгердің ісі.

Баукең аталмыш лекцияларын майданда жазған «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлары» негізінде әзірледі. Майданда жүріп мұндай жазбалар жазуы ұлы мұраттарын орындау жолындағы қажеттілік еді. Өйткені, халықты жаңа тарихи жағдайға дайындап, ұлы жолға салу ісі әрқашанда ағартушылықтан басталған.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының жаппай оқулықтар жазуының себебі сонда. Ақын Мағжан Жұмабаевқа «Педагогика», жазушы Жүсіпбек Аймауытовқа «Психология», дәрігер Халел Досмұхамедовке «Табиғаттану», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты оқулықтар жаздырған сол мәжбүрлік.

Халқының оқыған, ойы озық азаматы ретінде уақыт жауапкершілігін Алаш арыстары қалай сезінсе, Бауыржан Момышұлы да солай сезінді. Сондықтан да арнайы білім болмаса да әлемдік маштабтағы соғысқа араласқан қазақтарға ғана емес, күллі кеңес әскерилері мен адам тәрбиесімен айналысатын баршасына ауадай қажет «Соғыс психологиясы» оқулыған жазды. Өкінішке орай бұл оқулық та Алаш арыстары жазған оқулықтардың тағдырын кешіп, ұзақ жылдар жарық көрмей жатты.

Бірақ, еңбегі бәрібір еш кетпеді. «Соғыс психологиясының» көркем көрінісі болып табылатын Александр Бектің «Арпалысы» оқулықтай оқылды. Өйткені оның бас кейіпкері Бауыржан Момышұлы автордан көп көркем романның бірі емес, «әскери-тәрбиелік құрал» жазуды талап етті. Сөйтіп, бас кейіпкер ретінде оқиғаны баяндап беріп қана қоймай, шығарманың жанрын белгілеп, мақсатын айқындады. Тіпті, көркемдік шындығының реңкін мөлшерлеп, психологиялық және әскери дәлдіктерінің жауапкершілігін өз мойнына алды. Бұл міндеттер автор мен бас кейіпкер арасында жасалған жазбаша шартта бекітілді.

1943 жылдың 8 желтоқсанында және 1944 жылдың 8 желтоқсанында КСРО Жазушылар одағында «Арпалыстың» кезекті тараулары талқыланғанда шығарманың позициясын автор емес, бас кейіпкер Бауыржан Момышұлының қорғауының төркіні сонда жатыр еді. Сөйтіп, окоптағы жауынгерлер қандай кітап оқуға зәру екенін және болашақ жауынгерлерді қандай кітап тәрбиелейтінін жақсы түсінген алғы шеп командирі кейіннен аты әлемге жайылған әскери тәрбиелік құрал – романды дүниеге әкелуге өз білімі мен интелектісін барынша жұмсады.

Бұл сюжеті нанымды, тілі жеңіл көркем шығарма болып шықты. Сондықтан оны үлкен де, кіші де, әскери де, әскери емес те оқыды. Бірақ былайғы жұрт романның жауынгер қандай болуы керек, қалай соғысуы керек екенін үйрететін оқу құралы екенін байқамай да қалатын.

Әдебиет пен өнердің адам тәрбилеудің басты құрал екеніне соғыс үстінде көзін жеткізген Б.Момышұлы өз шығармаларын да осы принциппен жазды. «Москва үшін шайқас» романның да әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, таралымы ең көп кітаптардың біріне айналуы содан болса керек.

Алайда Баукең «Москва үшін шайқасты» бірден жазған жоқ. Соғыс тақырыбына сұраныс, оның ішінде өзінің ұрыста басынан кешкен хикаяларын білуге деген құмарлық көп екенін, сондықтан жазушылық даңқын да бірден шығаратынын біле тұрып, қаламгерлік жолын басқа тақырыптан бастады. Ол алдымен «Ұшқан ұяны» жазды. Әдебиетте соғыс тақырыбының «майданы» қызып тұрған кезде майдангер жазушы неліктен балалық шағы туралы шығарма жазды? Өйткені ол өзінің даңқын емес, халқын ойлады. Ұрпақ тәрбиесінің қалай болу керек екенін көрсеткісі келді. Шынында да «Ұшқан ұя» тұнып тұрған тәрбие емес пе!? Ата, әже, әке, ана, аға, жеңге, ағайын, ауыл, әпке, жезде, мұғалім тәрбиелері туралы табиғи нанымды сюжеттер баланың ғана емес, үлкеннің бойына баппен сіңетін көркем тілмен суреттелмей ме? Жылдар өтер, өмірге Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожасы», Әлдихан Қалдыбаевтың «Шаншар атайы», Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасы», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» келер. Балалық шақ туралы әдебиеттің әрқайсысы бір-бір шоқтығы болған бұл шығармалар «Ұшқан ұяға» еш көлеңке түсе алған жоқ. Қайта Баукеңнің көркем шығарманы тәрбие құралы етіп жазатын тәсілінің артықшылығын одан әрі даралай түсті.

Ал, Баукеңнің алдында үлгі болып, болашақ ақын тәлім-тәрбие алған орта сүйіспеншлікпен суреттелген Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» тұрды. Баукең де тәрбиенің тамыры халықтың бай дәстүрінде жатқанын бейнелей отырып, нағыз адамның қалай қалыптасатын жолдарын көрсететін көркем шығармалар циклін жазғысы келді. Бірақ бұл ұлылыққа еліктеу емес, ұлылықтың үйлесуі еді. Халыққа қалтқысыз қызмет еткісі келетіндердің қашан да мақсат-мұраты бір. «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезов те, «Ұшқан ұя» қаламынан шыққан Бауыржан Момышұлы да кемеңгер Абай ұсынған адамның кемелдену жолын көркем суреттеп беру – жазушының қасиетті борышы деп ұқты.

Ол сенімдері ақталды. Біздің құрдастырмызға бұл шығармалардың эстетикалық-тәрбиелік әсері зор болды. Бұдан соң әлемдегі қаншама кемеңгер кітаптарды оқып, олардың құндылығы туған елінің данышпандығынан нәр алып жататындығында екеніне көз жеткізген сайын «Абай жолы» мен «Ұшқан ұя» авторлары алдына қойған мақсаттарының қаншалықты көрегендік болғанына одан әрі құрметпен қарайсың. Бұл екі шығарма қазақ тәрбиесінің қайнарларынан әлі талай ұрпақты сусындата береді.

Десе де Бауыржан Момышұлы өзінің мақсатына толық жете алмады. Кеңестер одағындағы сөз бен істің алшақтығы «Ұшқан ұяны» одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Ал, «жауырды жаба тоқу» жасандылыққа ұрындырар еді. Сондықтан да кеңес адамының өсу жолдарын толыққанды етіп көрсете алмайтын болғандықтан ол «жүйенің» емес, жеке адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды шынайы сүйреттейтін шығармалар жазды. Олардың ең күрделісі де, көлемдісі де соғыс тақырыбындағы шығармалары болды.

Бауыржан Момышұлы сөйтіп, әдебиетте кемел адамның бейнесін жасап бере алмады. Бірақ, кемел адамның қиялда, әдебиетте ғана емес өмірде де болатынын өз өмірімен дәлелдеп берді. Оның бойынан Абай ұсынған кемел адамның қасиетінің бәрін табуға болады. Ол тәндік, яғни тұтынушылық қажеттілігін барынша тежеп, қарапайым өмір сүрді. Есесіне, өз заманындағы биік интеллектуалды азаматтардың бірі болды. Ал, қандай істі болмасын жеріне жете меңгеруді Отанға қызмет етудің жан қажеттілігі деп қарап, теңдесі жоқ ерліктерге барды. Алған мақсаты үшін адалдық пен әділеттен аттамауы оны басқа жандардың бәрінен бірегейледі.

«Осы жерден тоқта, оның атағымен бірге жүрген шатағын қайда қоясың» деп сұрақ беруге әбден құқылысыз қадірлі оқрыман. Тіпті оның пәлен жерде «артық» сөйлеп қойғанын жіпке тізіп айтып берерсіз.

Біріншіден Абайдың толық адамы бар жақсылықты аспаннан тілеп, әрекетсіз отырған әулие де, тән азығы дегенді білмейтін періште де емес. Абайдың жасап отырғаны өзін жердегі жамандықпен күресуге арнап, бар адамзатқа шамшырақ боларлық адамның моделі. Бауыржан тұп-тұра осы қалыптағы адам. Ал, заман «ноқтасына басы симай» жүрсе, бұл ары-беріден кейін өзін өгейсіткен ортамен күресінің формасы. Шындық үшін партия құрып та, партизан болып та күресе алмайтын болған соң басқа не істесін?

«Өтірікті шындықтың шапанына орап» өткізіп жүрген ортада Бауыржанның шынайы сөзінің «артық» болып естілетіні рас. Есесіне халық оны «артық» демеді, шын сөз деп қабылдап, ауыздан-ауызға таратып әкетеді. Бауыржан айтқан ақиқаттар осылай аңызға айналып жатты.

Әскери қызметін 46 жасында аяқтап, елге келгеннен кейін ешқандай қызметке жіберімесе де, депутат етіп сайламаса да Бауыржанды ешкім халқынан айыра алмады. Ресми мінбелер бұйырмағанымен соғыс батыры, жазушы ретінде оны кездесулерге көп шақырды. Баспасөз біткен шығармалары мен сұхбаттарын жариялап тұрды. Сол майдан туралы әңгімелерімен бірге Баукең Алаш арыстырының идеяларын да оқырман санасына сіңірумен болды. Сөйтіп, олар тұтатқан оттың миллиондардың жүрегінде қайта жануына, олар бастаған істің Хрущевтың жылымығынан кейін қайта жандануына ерекше үлес қосып, Алаш арыстары мен біздің арамыздағы алтын көпір қызметін атқарды. Сондықтан өзін де Алаштың бір арысы деп атауға толық негіз бар.

Жазғандары мен айтқандарынан шындық үшін шырылдаған шын қайраткердің бейнесін көрген халық оны әлдеқашан Алаш арысы деп қабылдаған. Халықтың жүрегіндегі сол танымды орнымен атап, ресмилендірмей жүрген біздер – ғалымдар мен қаламгерлер. Интернет – энциклопедияда парияның, қозғалыстың белсенділерінен бөлек, қоғамда беделі бар жазушылардың, журналистердің, жеке тұлғалардың да қоғам қайраткері болып танылатыны атап көрсетіліпті. Ал, Баукең болса, қоғамда беделді ғана емес, халық санасына орасан әсер еткен тұлға. Өкінішке орай Қазақстан энциклопедиясында ол кісіні – әскери қайраткер деп атаған. «Жіңішкертіп» болса да қайраткер деген атақты беру ниетімен солай атаған болу керек. Біздіңше, әскери қайраткер деген Баукең үшін өте тар ұғым. Бауыржан Момышұлы – Алаш арыстарының ісін жалғаған ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, өзі де Алаш арысы.

Александр Бек пен Бауыржан Момышұлының келісім-шарты

Әдебиет әлеміндегі бірегей құжат

1941 жылдың күзінде Москваны қорғаған панфиловшылар туралы шығарма жазбақ болған Александр Бек оқиғаны жүйелеп айтып беретін ұрысқа тікелей қатысқан адам іздеп жүріп, Бауыржан Момышұлына жолыққанын «Волоколам тас жолы» романының алғашқы беттерінде баяндайды. Алайда, Баукең келісім бермес бұрын бұл қалам иесін өзінің сынағынан өткізеді. Оны ұрыс шебіне жіберіп, қорқыныштың не екенін сездірумен бірге отбасынан бастап Отанға дейінгі махаббат сезімі, жауынгердің жан дүниесі туралы түйсік-түсінігін тексереді. Ол романда былай суреттеген: ( Қ.Сағындықовтың аудармасында): «Сіз мені иліктірдіңіз... Қалауыңызды айтып берейін. Бірақ шартымыз мынадай болсын...

Бауыржан кеудесін көтеріңкіреп, қынабынан қылышын суырды.

Аласа, күңгірт блиндаждың ішінде суық қарудың мәнерлі жүзі жалт-жұлт етті.

— Шартымыз мынадай болсын. Сіз шындықты жазуға міндеттісіз. Кітап дайын болғасын маған әкелесіз. Бірінші тарауын оқимын да, ұнамаса: «Жаман екен, өтірік жазыпсыз!» деймін. Сонда сол қолыңызды стол үстіне қоя қоясыз. Әп! — деймін де, сол қолыңызды шауып тастаймын! Екінші тарауын оқимын. «Жаман екен, өтірік сықпыртыпсыз!» десем болғаны, оң қолыңызды тоса беріңіз. Әп! — деймін де, оң қолыңызды тағы шабамын, көнемісіз?

Мінсіз еріндері екі ажырап, ол тағы да жымиып күлді.

Бүл шарты, әрине, әзіл еді.

— Көнем, — дедім мен.

Мені сынағандай Бауыржан отты қара көздерімен бетіме тесіле қарады. Қылыш тағы да жалт-жұлт ете үстімізде ойнап барып, қайтадан қынабына түсті.

— Дұрыс ендеше, — деді ол. — «Жай қағазыңды, ал қаламыңды» деген екен біреу... Жазыңыз... Бірінші тарау. Қорқыныш».

Бұдан әрі романдағы оқиғалар бас кейіпкері Бауыржан Момышұлының баяндауымен өрбіп отырады. Бірақ романда, не оның соңғы сөзінде екеуіні жазбаша келісім-шарт жасасқаны туралы ештеңе айтылмайды. Бәлкім, оны көркем шығарманың табиғаты көтермеген шығар.

Ал шын мәнінде екеуінің арасында жазбаша құжат болыпты. Автор мен бас кейіпкер, һәм оқиғаны баяндаушы арасындағы келісім-шарттың көшірмесі «Волоколам тас жолының» аудармашысы Құрманбек Сағындықовқа да беріліпті. Ол көшірмені мен Құрекеңнің үйіндегі тірі кезіндегідей қалпында тұрған жұмыс үстелінен ұшыраттым. Құрекеңнің ұлы Ержан мен қызы Раушан менің де көшірмесін түсіріп алуыма қарсы болған жоқ. Келісім-шарт орыс тілінде жасалған. Мен қазақшалап ұсынып отырмын. Ол құжат мынау:

БІЗДІҢ КЕЛІСІМ-ШАРТ

Панфилов дивизиясы Талғар полкінің жауынгерлері мен офицерлеріне әдеби ескерткіш орнату ниетіміздің бір жерден шығуын басшылыққа ала отырып, біз, Александр Бек пен Бауыржан Момышұлы 1942 жылдың басында майданда жүргенде-ақ ауызша жасасқан шартымызды енді қайталап қағазга түсіру қажет деп есептейміз.

1.Александр Бек Москва түбіндегі шайқастарда аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған панфиловшылар батальоны мен Талғар полкінің жауынгерлік жолы туралы «Волоколам тас жолы» атты кітап (3 не 4 повестен) жазады.

Александр Бек — кітаптың авторы, ал Бауыржан Момышұлы (оның естеліктері, ауызша әңгімелері, ойлары, әскери жазбалары) — кітаптың материалы болып табылады. Бірақ бұл, әлбетте, тақырыпқа тікелей және жанама қатысы бар басқа да материалдарды екі жақты келісіммен кітапта пайдалануға шек қоймайды.

Александр Бек өзіне жұмыс құжаты ретінде берілген Бауыржан Момышұлының барлық материалдарын, ойларын, әңгімелерін, жазбаларын ішкі құпияны және жеке құпия түрде алмасқан хатты сақтағандай бөтен көзден сақтауды міндетіне алады.

2. «Волоколам тас жолы» әдеттегі көркем шығарма болмайтындықтан (яғни, көркем ойдан шығарылмайтындықтан), панфиловшылардың шын есімдері сақталып, олардың басынан өткен ұрыстар суреттелетін әскери-құжатты шығарма болғандықтан кітаптағы шындық жөніндегі жауапкершілікті панфиловшылардың, тарихтың және замандастарының алдында Александр Бек қана емес, Бауыржан Момышұлы да мойнына алады.

Сондықтан да Бауыржан Момышұлы Александр Бектен шығарманың көркемдік шындығы болып өткен оқиғалармен мейлінше сәйкес келуін талап етуге міндетті. Алайда баяндаудың әдеби тәсілі мен әдісі арқылы үлкен шындық негізінде қорытылған оқиғалардың педанттық және майда құжаттық дәлдіктерін сақтамауға қан кешіп, қасірет тартқан соғыстағы өмрдің шындығына нұқсан келмейтін жағдайда ғана екі жақты салмақтай отырып жол беріледі.

3. Бауыржан Момышұлы барлық соғыс және соғыс-психологиялық мәселелердің кітапта баяндалуына жауап береді. Бұл мәселеден Александр Бек екеуі қайшылыққа келген жағдайда шешуші сөзді Бауыржан Момышұлы айтады. Әдеби мәселелер жөніндегі қайшылықта шешуші сөзді Александр Бек айтады.

4. Кітап қолжазбасына алғашқы редакторлық және цензорлық хұқы Бауыржан Момышұлында.

Осылай Бауыржан Момышұлымен біржола келісілгеннен кейін барып, Александр Бек қолжазбаны басуға береді.

Бұдан кейінгі редакциялық және цензорлық өзгерістер мүмкіндігінше Бауыржан Момышұлымен келісіледі. Бұндай жағдайда біз екеуміз де болашақ үшін негізгі түпнұсқа деп өзара келіскен қолжазбаны (демек, кейіннен өзгертілмеген және түзетілмеген) есептейміз. Қолжазбаның бұл данасы түпнұсқа ретінде Бауыржан Момышұлының басқа материалдарымен бірге Ғылым Академиясының қазақ филиалының (КАЗФАН-ның) сейфінде сақталуы тиіс. Бауыржан Момышұлы қалдырған өсиет ережелерді ұстанған жағдайда Александр Бек оны еркін пайдалана алады.

Ескерту: Қолжазбаның бұл данасына Александр Бектің авторлық хұқы КАЗФАН-мен келісім-шарттың жалпы негіздері бойынша анықталады.

5. Кітапты қазақ тілінде шығару үшін Александр Бектің қолжазбасы Бауыржан Момышұлының жетекшілігімен қазақ жазушылары тарапынан өзгерістерге, қосымшалар енгізуге, әртүрлі өңдеуге ұшырап, Бауыржан Момышұлының қазақ және орыс тілдеріндегі басқа да материалдарымен (очерктері, әңгімелері, өлеңдері) бірге түпнұсқалардың бірі ретінде пайдаланылады.

Кітап мәтінінің 50 пайыздан астамы мұндай өңдеуге түскен жағдайда оның мұқабасына жаңа автордың (немесе авторлардың, қазақ жазушыларының) есімі жазылып, оның астына «Александр Бектің кітабы және Бауыржан Момышұлының материалдары бойынша» деп көрсетіледі. Мұндай өңдеу кітап мәтінінің 50 пайызына жетпеген жағдайда Александр Бек кітап авторы болып қалып, «Қазақ тілінде басылуы үшін, пәленше өңдеді» деп көрсетіледі.

Александр Бек бұл мәселені шешуді Бауыржан Момышұлына тапсырады, ал ол аудармаға және өңдеуге жетекшілік етуді міндетіне алып, жұмыс бітіп, өткізетін кезде басты өзгерістер мен қосымшалардың орысша аудармасын Александр Бекке береді.

Александр Бек болса, қажет еткен жағдайда қазақша басылымынан өзіне қажеттісін алып, кітаптың алдағы орысша басылымдарына қосуына хұқылы. Бірақ мұ ны басылымның алғысөзінде атап көрсетеді.

6. Келісім-шарт 1942 жылдың наурыз- сәуірінде майданда жасалды, 1944 жылдың 18 желтоқсанында Москвада қағазға түсірілді.

Қол қойғандар: Александр Бек, Бауыржан Момышұлы».

Көшірме дұрыс: «Қазақстан коммунисі» журналы редакциясының жауапты хатшысы Ордабаевтың қолы қойылып, мөр басылған.

Келісім-шартты оқып шыққаннан кейін ең алдымен санама сарт ете қалған ой — бұрынғы-соңғы әдеби өмірде мұндай құбылыс болды ма екен деген сұрақ. Қазақ әдебиетінде болмағаны анық. Әлем кең ғой, кім білсін, басқа бір елде бұған ұқсас құжаттар болуы мүмкін. Бірақ онда бас кейіпкер, әлде баяндаушы ақысыз, пұлсыз мойнына тап мына құжатта көрсетілгендей жауапкершілік алса, әлемдік сенсация ретінде хабары әлдеқашан-ақ әр елді аралап кетер еді.

Соғыс.Еңбек Қаһармандары туралы тірі кезінде көркем шығармажазу, керек болсажаздыру кеңестік дәуірде кең етек алды. Бұл бағытта кеңестік жүйенің идеологиялық машинасы мінсіз жұмыс істеді. Бірақ елдің бәрі Бауыржан емес. Барын айтып беріп, қалғанын автордың арына тапсырды. Сондықтан да ол шығармалардың кейіпкерлері көп жағдайда мінсіздігі жағынан бір-бірімен қалыптан шыққан кірпіштей ұқсап кетті. Басқаша айтқанда, авторлар идеологтардың үдесінен шығу үшін өз кейіпкерлерін ой-қиялдың жемісі етті. Тіпті оқиға желісін біршама сақтағанның өзінде характерді, кейіпкерінің ішкі жандүниесін дәл беруден қашып, бас кейіпкерінің аты-жөнінің бір әрпін болса да өзгерткен авторлар болды. Мәселен, «Нағыз адам туралы повесте» Борис Полевой солай етті.

Баукен осының бәрін білген, көңіліне түйіп жүрген. Сондықтан да көркем шығармада да кеңестік идеологияның кірпіші емес, қазақтың ұлы — фамилиясы жоқ Бауыржан Момышұлы болып қалуды қалап, авторға өз талаптарын қойған. Ол талабын орындауға Александр Бекті көндірген. Көндірмек түгіл ең соңғы редакторлық және цензорлық хұқықты да өзіне қалдырған. (Әрине, баспа редакторына жеткенше — Е. Ә.). Майдандас серіктеріне, қазақ халқы мен қазақстандықтарға, жалпы жауынгерге деген тарих алдындағы адалдық Баукеңді осындай қадамға апарған. Сөйтіп, алдындағы жаумен айқастың оперативті мәселелерін шешумен ғана шектелмей, алысты болжаған қайраткер командир артындағы еліне, болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні зор ағартушылық еңбек қалдыруға авторлық хұқық сұрамай-ақ кіріскен. Ол шығармадағы шындықтың жауапкершілігін Александр Бекпен бірдей көтермек болып, барлық соғыс және соғыстағы психология мәселелерінің дәл баяндалуының жауапкершілігін тікелей өз мойнына алған.

«Волоколам тас жолының» қарапайым оқырманды ғана емес, әлемнің талай қолбасшыларын, мемлекет басшыларын қызықтырғаны да панфиловшылар ұрысындағы тактикалық жаңалықтар ғана емес, соғыстағы психологиялық ахуалдың дәл суреттелуі. Оны сол ұрысты өткерген адамның баяндап отырғандығы. Шынында да, солай болғанын Баукеңнің «Соғыс психологиясын» оқыған адам бірден түсінеді. Өйткені 1944жылы Баукеңнің Алматыда республиканың әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері алдын да оқыған лекцияларындағы соғыстағы адамның жан сезімдері туралы айтылған анықтамалар, суреттеулер, қанатты сөздер «Арпалыс» романы кейіпкерлерінің психологиялық халдерімен дәлме-дәл келеді. Тіпті Баукеңнің кейбір қанатты сөздері, қолданған мақал-мәтелдері кейіпкерлерінің аузымен қайталанады.

Баукең бір сөзінде өз жазбаларын 1942 жылдың қаңтарында-ақ бастағанын айтады. Ал 1943 жылы оқушы дәптерінің отызын толтырыпты. Демек, Баукең сол лекцияларының тезистерін Александр Бекке кездеспей тұрып-ақ қағазға түсірген. Оны жазушының қалағанынша пайдаланғанын осы келісім-шарт та көрсетіп тұр.

Романның алғашқы тарауы (А. Бек 1-повесть деп атайды) «Знамя» журналында басылған. Алайда оның және жарияланғалы жатқан екінші тарауының (2-повесть) бұл нұсқалары Бауыржан Момышұлының көңілінен шықпапты. Сонымен қатар Мәскеудің әдеби ортасында А. Бектің авторлығына күдік келтірушілер де, керісінше азиат командирдің көркем шығармаға өз позициясын тықпалауына «ыссылап», автордың «намысын» жыртушылар да болған сияқты. Ол, әсіресе, журнал редакторы Е. Н. Михайлова мен Баукеңнің жазысқан хаттарында айқын көрінеді. Екатерина Николаевнаның бұл тарауларға пікір сұрап жазған хатына Баукеңнің жауабында (5.04.1944) мынадай жолдар бар:

«Александр Бек... бұл мәселелерде ақиқатты тануды ақырына дейін іздестіруді доғарып, өзінің әріптестерінің ортасындағы үстірт қараушылардың — кеңесшілердің ықпалына түсіп, жете түсінбей, бірінші повестің жазылу бағыты азимутынан және болашақта жазылатын үш повестің бағдарламасынан ауытқып, оның авторлығына күдік туғызушы кейбір журналистердің ортасындағы пыш-пыш өсек-аяң жанына батқандықтан ұсақ сасық намыс пен тоғышарлық эгоизмнің желіне шайқалып, өзінің ішкі «мені» кітапта көрініс таппағанына іштей қынжылған бұл пенде хас жазушыға тән творчестволық мақтанышты жоғалтып, кейбір мәселелерде жете ұғынбаған ішкі шовинизм опасыздығына дейін құлдыраған».

Александр Бектің жартылай жазылған жаңа шығармасы Москва жазушыларының жиынында да екі рет (8.12.1943, 8.12.1944) талқыланады. Бұл талқылауларға майданнан бас кейіпкердің өзі шақырылып, ұзақ сөз сөйлеуіне, көптеген сұрақтарға жауап беруіне тура келеді. Баукең материал беруші мен автор міндеттерінің аражігін ашып көрсетеді. Автор кім деп күдіктенушілердің өсек-аяңының одан әрі өрбуінің жолын кеседі. Сонымен бірге Александр Бектің өз қиялымен жосыта беруіне жол ашып бергісі келген «жанашырларымен» де батыл «шайқасады».

Әдебиетшілердің намыстанатынындай бар еді. Өйткені олар бұрын-соңды бас кейіпкердің автордың жұмысына дәл осылай араласқанын көрмек түгіл естіген де жоқ б о л а т ы н . Бауыржанның ұлылығы да сонда. Ол әдебиетте бұрын болмаған дәстүрді бастап, бас кейіпкер мен баяндаушының шығарманы тудырудағы ролі мен жауапкершілігін автормен тең қойды.

Бауыржан мен Москва жазушыларының арасындағы бұл айтыс аңдап қараған адамға майдан шындығы, панфиловшылардың ұрыстарының дәлдігі туралы ғана емес, іс жүзінде әдебиеттің көркемдік тәсілі, кеңестік идеология жағдайында кейіпкерді қалай сомдау керектігі жайында деуге болады. Өйткені Бауыржан Момышұлы «Александр Федеровичтің әдеби тәсіліне араласпаймын» десе де, Бек «қой да аман, қасқыр да тыныш» болуы үшін ерекше бір көркемдік тәсіл табуға тиіс болды.

Абек ондай тәсілді тапты да. Бас кейіпкермен күрес үстінде тапты. Оған Бауыржанның өзі де көмектесті. Өйткені екеуміздің тартысымызды оқырманға ашып айтып бер деп кеңес береді Баукең. Мұның өзі көркемдік тәсілдің кілті де болған сыңайлы. Міне, бұл келісім-шартты қағазға түсіру қажеттілігі де осындай талас-тартыстардан кейін туған. Жазушылардың соңғы талқылауы 1944-тің 8 желтоқсанында өтсе, келісім-шарт бұдан он күннен кейін 18 желтоқсанда қағазға түскен.

Өкінішке орай, романның үшінші, төртінші бөлімдері (повестері) ұзақ жазылып, соғыстан көп кейін жарық көрді. Біздің қолымызға түскен романның кейінгі басылымдарында (Киев, «Радянска школа», 1989),автор романның жазылу мерзімін 1942-1960 жылдар деп көрсеткен. Осындағы соңғы сөзінде Александр Бек үшінші, төртінші повестерге басқа жұмыстарының арасында оралып отырғанын, ал отставкаға шыққан Бауыржанмен тағы да кездескеннен кейін оны батыл жаза бастағанын айтады.

Автор мен бас кейіпкердің бұл кездесуі де оңай болмаған сияқты.

Бауыржанның романды неге аяқтамадың деген сұрағына автор:

- Қазір Сіз өзіңіз жазып жатырсыз ғой, - дейді.

- Онда тұрған не бар? Менікі офицер жазбалары, ал сіз басқа арнада жүзесіз. Сіздің өзеніңіз - повесть, шығармашылық ойға кеңістік беретін көркем шығарма, - деп жауап береді Баукең.

Екеуі біраз ырғаса келе тағы да ортақ тіл табады. Александр Бек жазбаша келісім-шарт туралы ештеңе айтпаса да, олардың әңгімелерінің ұзын-ырғасы бұл келісімнің тағы да күшінде қалғанын көрсетеді. Өйткені үшінші, төртінші повесті жазуға да 1942 жылы жасалынған бағдарлама басшылыққа алынып, олар кейіпкерлерінің атын өзгертпеуге қайтадан келіседі.

Келісім-шартта (5-тармағы) романның қазақ тіліне аударылуының да жай-жапсары жан-жақты қарастырылған. Тіпті қазақша аударма кезінде романның 50 пайыздан астам редакциялануына, оған қосымшалар, өзгерістер енгізілуіне мүмкіндік берілген. Мұндай жағдайда Александр Бектің романы мен Бауыржан Момышұлының жазбалары пайдаланылғаны көрсетіліп, автор ретінде қазақ аудармашысының (немесе аудармашыларының) аты-жөні олардан жоғары тұруы тиіс болған. Демек, қазақшасына дербес көркем шығарма құқы берілген.

Әрине, бұл тармақтың Баукеңнің талабымен енгізілгендігі даусыз. Өйткені романның алғашқы тарауының алғашқы нұсқалары аса сәтті болмағанын, ақыры үлкен әдеби таласқа ұшырағанын көрген Баукең романның орысшасының өз көңіліндегідей шыға қоятындығына күдік келтіргендей. Сондықтан да жоғарыдағы айтыс- тартыстардан кейін автор екеуінің өзара келісімін қағазға түсіріп, онда болашақ қазақша басылымына айрықша құқық берген.

Сонда Баукең нені көздеді дейсіз ғой. Өзінің шығармаларын, өзі туралы жазылған романды, соларды пайдаланып жасалған жаңа бір дуние үшін құрбан ету — өзімшілдігі жоқ асқан патриот адамның ғана қолынан келетін әрекет. Бұл пендешіліктен биік тұрған заманының аса ірі тұлғасы екенін көрсететін қадам. Ол жылдары Баукең көпшілікке соғыс қаһарманы ретінде ғана танылғанымен, Алматының да, Мәскеудің де әдеби, саяси ортасы бұл командирдің басында соғыс стратегиясынан басқа да көп дүниелер бар екендігін біле бастаған кезі.

Баукеңнің басындағы сол көп дүниелерді осы келісім-шарттан, әсіресе, оның бесінші тармағынан аңғаруға болады. Бұл жерде ұлтын сүйген ұлының туған халқына, оның ана тіліне, әдебиетіне деген шексіз махаббаты жатыр. Ізгі жүректі ұлы тұлға кейін өзім жазам деп кергімейді. «Қабыл көрсе сөзімді, кім таныса сол алсын» деп Абай айтқандай, менің білгенім мен түйгенімді қайсың пайдалансаң да, әйтеуір халқымның игілігіне ассын, болашағына қызымет етсін деп тұр. Ал кейін «Қанмен жазылған кітапқа» жинақталған Баукеңнің соғыс кезіндегі жазбалары ұлт қамы, ұрпақ тәрбиесі хақындағы тұнып тұрған тұнба, шындық деп шырылдаған жыр десе де болады. Әрине, мұның бәрі кезінде Александр Бектің құзырында болды. Өкінішке орай, араларында қаншама келісім болса да романның алғашқы нұсқаларында А.Бек Баукеңнің ойларын орағытып еткен немесе жете түсінбеген.

Міне, бұл келісім-шартта романның қазақша нұсқасына соншалықты мән берілуінің себебі сол.

Романды қазақшаға "Арпалыс" деген атпен белгілі журналист, әрі Баукеңнің жасында да, майданда да серігі, досы болған құрманбек сағандықовтың аударғаны белгілі. Құрекең де бір емес екі рет аударды. Алғашқысы 1946 жылы жарық көрген. Ал екінші рет 1957 жылы аударылыпты. Бұл аудармалар туралы қазақтың мемлекеттік әдебиет баспасының директоры Т.Балтағожинге жазған (19.12.1957 ж. Баукеңнің өзі қол қойған хат көшірмесі Ә. Сағындықовтың архивінде) хатында Баукең екінші аударманың еркін, творчестволық аударма-өңдеу болғанын атап, жақсы пікір айтады. Аудармашы шынында дәл романға қазақы ұғымдар енгізіп, әрбір тақырыбына эпиграф ретінде Баукеңнің, халқымыздың қанатты сөздері мен мақал-мәтелдерін пайдаланған.

Бірақ бұл өңдеу, әрине, 50 пайызға жетпейді. Оған жеткізбеген роман авторы. Демек, қанша қиналса да Александр Бек шартта көрсетілген міндетін біршама атқарып шыққандықтан қазақша нұсқасы көп өзгеріске түспеген.

Сонау 1942 жылы сұрапыл соғыста жүрген Бауыржан Александр Бекпен осы келісім-шартқа тұрғанда болашақ ұрпақты ойлаған. Бұл романды «әскери- ағартушылық сипаттағы шығармалар циклі» болуы керек дейтіні содан. Баукең шығарманың ағартушылығына айрықша мән берген.

Сондықтан да барлығын нарықтың жетегіне жіберіп қоймай, ұлттық мақтанышқа айналған, қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан «Арпалысты» толық қазақшалаудың әскери де, ағартушылық та, қазақстандық партиоттық та мәні зор. Кеңестік көсемдер авиация, танк, артиллерия, космос конструкторларын ғана емес, адам жанының инженерлерін де өз мүддесіне тамаша жұмыс істете білді. Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы повесі», А. Фадеевтің «Жас гвардиясы», А. Бектің «Арпалысы», тағы басқалары нағыз патриот ұрпақ тәрбиелеуге керемет қызмет етіп, көсемдердің сол сенімінен шықты.

Қазан төңкерісінің, азамат соғысының батырлары туралы жеткілікті оқыған Баукеңе олардың бұл тәсілі таныс еді. Таныс бола тұра, Баукең ересен ерлікке барып, осы шартқа тұру арқылы кеңес халықтарының патриоттығымен бірге, қазақстандық әскери бөлімшенің өмірі туралы романда қазақ халқының рухы есіп тұруын да қамтамасыз етуге тырысқан. Ал автор діттеген жерден шыға алмаса, оны қазақ аудармашылары жүзеге асыруына мүмкіндік жасап қойған.

Баукең осылай кеңестік идеологияның керемет жемісі болғалы тұрған шығармада Москва түбіндегі ұлы жеңіске қазақ деген халықтың ұлттық тәрбиесінің де үлесі мол екенін қамтамасыз етуге ұмтылған.

Жалпы Баукеңнің соғыс кезіндегі саяси-идеологиялық қайраткерлігі -өзінше бір институт. Кең ауқымдағы кеңестік идеология академиясының қазақ ұлттық институты сияқты. Мемлекеттен қаржы, орынжай, штат сұрамай-ақ, өз еркімен ұлт алдындағы ұлы Парыздан туған институттық қайраткерлік.

Мен әдебиет зерттеушісі емеспін. Бірақ назарларыңызға ұсынылған бұл келісім-шартты әдебиет әлеміндегі бірегей құжат деп есептеймін. Жалпы «Волоколам тас жолының» жазылу тарихы, тәсілі зерттеушісін күтіп жатқан тақырып. Оның қаншалықты құжатты, қаншалықты тарихи дәл, көркемдік бояуының қуаты мен әсері қандай екендігін талдап, саралап берер зерттеуші болса, әдебиетімізге ғана емес, ұлттық идеологияға да көл-көсір пайда келтірер еді. Керек болса, тарихи тұлғалар туралы шығарма жазудың негізгі бір норма-үлгілері саралана түсер еді. Ол зерттеушілер үшін бастау алатын құжат - осынау келісім-шарт.

"Қазақ қандай халық" кітабынан 

Елен Әлімжан

author

Бауыржан Момышұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...