«ҚАС-ҚАҒЫМ» ҚАНДАЙ ҚОЙЫЛЫМ?

ТЕАТР
928

 

Өткен аптада М.әуезов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық драма театрында «Қас-қағым» атты метафизикалық трагедияның тұсауы кесiлдi. Қойылымның режиссерi – Елiк Нұрсұлтан. Ал шығарманы ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi, ҚР Парламентi Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев жазған.  

Биылғы маусымдағы алғашқы премьераны көрермен ұзақ күттi. Театрдың кiшi залында қойылған ойында залда ине шаншар жер болған жоқ. Метафизикалық трагедия махаббатсыз, имансыз, сенiмнен жұрдай қоғамның қорқынышты болмысын зерделейдi. Бұдан бұрын бiз жас режиссер Елiк Нұрсұлтанның «Ұлы мен ұры» атты қойылымымен танысқан болатынбыз. Жазушы Төлен әбдiковтiң туындысын арқау еткен ол спектакль көрермендi бей-жай қалдырмаған-ды. Ал бұл жолғы мистикалық, кешiрiңiз, метафизикалық қойылым театр сахнасына тосын бiр серпiлiс әкелгендей болды. Нелiктен мистикалық деген теңеу ауызға тығылды? Өйткенi, шығарманың өн бойында тылсым бiр үрей бар, көрермендi тығырыққа тiрейтiн интрига бар. Алуан түрлi жарық эффектiлерi мен қорқынышты дауыстар, көлеңкелi сахна актерлiк ойынды сiздiң жайдары, нақтырақ айтқанда, жайбарақат отырып тамашалауыңызға мүмкiндiк бермейдi.

Бақытсыз отбасы – бақытсыз қоғамның айнасы. Байлығы асып-тасқан Мұхит Абзалұлының (әртiс – Асылбек Боранбай) отбасында махаббаттан басқаның бәрi бар. Мұхиттың қызы Жазира (актриса – Зарина Кәрменова) – жындыхананың беймәлiм дертке шалдыққан емделушiсi. Жазираны әкесi өзi сияқты төрт құбыласы түгел жан-ұяға ұзатқысы келедi. Бiрақ, амал нешiк, Жазира балалар үйiнiң тәрбиеленушiсiмен көңiл қосады. Мұхиттың қолынан бәрi келедi: әлгi жетiм жiгiт «белгiсiз» жағдайда қаза болады. Содан бастап Жазираға жiгiтiнiң елесi қонаққа келедi, қыз есiнен адаса бастайды. Көп қазақ отбасыларына тән жағдай, бұл жанұяның трагедиясында да не күйеуiне, не қызына болыса алмай Сәуле (актриса – Дария Жүсiп) шырылдайды.

Осы тұста ескере кетерлiк бiр жәйт, Жазира – жас актриса Зарина Кәрменованың ауқымды рөлi. Бiз осыдан екi жарым жыл бұрын студент кезiнде Англияда өнер көрсеткенiн жазған кейiпкерiмiздiң («Оразханның шәкiрттерi Шекспирдi Лондонда қазақша сөйлеттi») әкемтеатр сахнасындағы басты рөлдiң бiрiне ие болғанына шын қуандық. Зарина әлi жас, одан балаңдық, албырттық сезiледi. Актриса рөлге берiле кiрiскенге ұқсайды, оның ойынында жаңашылдық бар. Елiмiздегi көптеген жас актрисалардың театрға келе салысымен жасанды түрде сыңғырлай күлудi, бiрiнен-бiрi айнымайтын көзқарастар мен жүрiс-тұрыстарды автоматты түрде жаттап алатынына таңқалушы едiк. Зарина ешкiмге ұқсамауды көксейтiн секiлдi және онысы барлық iс-қимылдарынан байқалып тұрды.

Сонымен, ауру қызды әкесi жынды- ханаға әкелiп, оны Сәбит (әртiс – Азамат Сатыбалды) есiмдi ең үздiк дәрiгерге тап- сырады. Ақыр аяғында Жазира «Елестен құтқар демеймiн, махаббатқа сенуге үйретшi!» деп жүрiп, дәрiгерiн өзiне ғашық етiп тынады. Осы жерде сюжет тым жедел өрбiп кеткендей болды. Мұхитқа «Қызыңызды емдеуден бас тартамын» деп тасталқан боп ашуланған Сәбит ауру қыздың сезiмiне оп-оңай берiле салды. Жазира «Мен сiзге ұнаймын ба?» деп сұрағанда, «Иә» деп, «Менi өзiңнен алыстатпашы!» дегенiнде, «Ешқашан!» деп жауап қатады. Неге екенiн бiлмеймiн, спектакльдi көрiп отырып, ойыма әбдiковтiң «Оң қолы» оралды. Өйткенi, ол әңгiмедегi пациент Алма мен жас дәрiгердiң арасындағы құпия сезiмдер Жазира мен Сәбитке де ортақ. Екi ғашық сахнада билейдi, секiредi, бiр-бiрiмен әйнек сыртынан сүйiседi. Күнi кеше қаламызға қонаққа келiп кеткен Астана Жастар театрындағы жас әртiстердiң пластикаға басымдық беретiнiне тәнтi болған едiк. әкемтеатр сахнасында да жастардың пластиканы iске қосқаны, билегенi сөзсiз ұнады.

Тағы бiр маңызды деталь, ғашықтар бiр-бiрiмен шәлi алмасқанда, үлкен өзгерiс орын алады. Ендi Жазира сауығып, Сәбит жындыға айналады. Өзiне тең құданы iздеген Мұхит Абзалұлы қызын Райбек (әртiс – Айдос Бектемiр) есiмдi ауқатты кiсiге келiн етпекке жанталасады. Алайда, Райбектi қабағымен басқаратын қытымыр әйелiне (актриса – Шынар Жанысбекова) Жазира онша ұнай қоймайды. Бастықтың асты-үстiне түсiп жалпылдайтын Елена (актриса – С.Құлымбетова), Дәурен (әртiс – Ж.Садырбаев), Шахандар (әртiс – Ж.Маханов) жағымпаздықтың жарқын үлгiсiн көрсетедi. Сөздiң төркiнiн түсiнбей, болмашы нәрсеге дауласқан болашақ құдалар ақырында бiрiн-бiрi ендi көрместей болады. Айтпақшы, Мұхит пен Райбектiң арасына ши жүгiрткен – Сәбиттiң өзi. Балалар үйiнде тәрбиеленген Сәбит бүгiнгi- нiң бай-манаптарының ақшаның құлына айналғандығын және тек есеппен құдаласатынын ащы сынайды. әрине, ол сүйген қызының айдаладағы мейiрiмсiз бiреуге келiн болғанын қаламайды. Бұл сәтте де қыздың шешесi, байғұс Сәуле тағы шырылдап қалады. Көптеген қазақ отбасыларындағы ананың бейнесi бұл.

Азамат Сатыбалды өзiнiң жаңа рөлi бұрынғы рөлдерiне ұқсамауы үшiн көп iзденгенiн айтады. Актер өзiне көп сын айтылатынын да мойындайды. Азамат, сөз жоқ, еңбекқор әртiс. Бiз оның рөлдерiнiң кей тұста бiр-бiрiне ұқсап кететiндiгiнiң бiр себебiн әртiстiң сахнада жиi бой көрсететiндiгiнен және басты рөлдерiнiң көп болуынан iздеймiз. Жыл сайын қойылатын жаңа премьералардың бiразында Азаматтың аты жүредi. Мәселен, Елiк Нұрсұлтанның алдыңғы премьерасы «Ұлы мен ұрыда» да басты рөл Азамат Сатыбалдыға тиесiлi. Актер сахнаны сағынып ойнаса, сарқылмай ойнар ма едi, рөлдерi бiр-бiрiне ұқсамас па едi, кiм бiлсiн?!

Махаббатты көзсiз болады дейдi. Сол көзсiздiк Сәбиттiң Жазираны алқымынан алып, өлтiруiне апарады. Бiрақ, жынды боп қалған кейiпкер өзiн кiнәлi санамайды. Экраннан Жазираның аузы сәл ашылың қырап, көзi алайып жатқан өлi бейнесi жарқ ете қалғанда iшiң қылп ете қалады. Түрмеде отырған тұста Сәбиттi полицей (актриса – Күнсұлу Шаяхметова) Мұхиттың тапсырысымен Райбектi өлтiруге үгiттейдi. Айтпақшы, бiркөздi полицейдi бiрiншi құрамда ойнаған Күнсұлу туралы үндемей қалуымыз жарамас. Бұған дейiн өзiнiң сахнадағы сыңғыр күлкiсiмен, көңiлдi болмысымен көрермен көз үйреткен актриса «Қас-қағымда» мүлде жаңаша қырынан көрiндi. Алғашқыда Күнсұлу актрисаны танымай да қалдық. Денесi мығым, қимылы шалт, сөзi өктем полицей рөлi актрисаның тың болмысын танытты. Дiкең-дiкең еткен сұсты әйел пистолеттi де тым сенiмдi түрде оқтайды, аспанға атады. Сәбит полицейдiң азғыруымен екiншi мәрте мойнына кiсi қанын жүктейдi.

Ендi мына қызықты қараңыз, қойылым финалы сiз күткен желiнiң астаң-кестеңiн шығарады. Шын мәнiнде Сәбит жындыханада арбаға таңылған ауру болып шығады. Ал, Жазира – оның жеке дәрiгерi. Сондай-ақ, Мұхит, Сәуле, Райбек, Еленалар да – ақ халат киген абзал жандар. Спектакль соңында барлық дәрiгерлер жиналып, науқастың денсаулығын сөз қылып жатады…

Бiлесiз бе, қойылым несiмен қуатты? Менiңше, ол өзiнiң тосын шешiмдерiмен және күтпеген сахналарымен ерекшеленедi. Сюжет қуалап, оқиғаның қалай аяқталарын өз ойыңша долбарлап отырғаныңда, 2 сағат бойы ойналған дүниенiң барлығы қайдағы бiр жындының жай ғана науқас қиялы екендiгiне бiрден мойынсұна алмай қаласың. әр көрерменнiң көкейiнде өзi құрастырған желiсi, финалы, шарықтау шегi болады. Ал, мынау күтпеген финал көрермен көңiлiндегi қойылымның аяғын аспаннан келтiредi. Режиссер реализмге сүйенген, яғни, спектакльде шартты дүние көп. Мысалы, әртiстер рюмке соғыстырудың орнына қолдарын қағып, ишара жасайды.

Спектакльдiң негiзгi мақсаты – ауру қоғамның өзiнде махаббаттың өмiр сүретiндiгiн көрсету. Жазира мен Сәбит махаббатты аңсайды, ал өзгелерiнде махаббат мүлдем жоқ. Елiк Нұрсұлтан өзiнiң махаббатқа зәру ауру қоғамның көрiнiсiн көрсеткiсi келгендiгiн айтады. Жалпы алғанда, қойылымды дайындауға 4 айдай уақыт жұмсалған екен.

Ендi бiзге мiндеттi түрде екiншi құрамның ойынын көру керек. Онда Бекжан Тұрыс бар. Ал Жазираны Салтанат Бақаева ойнайды. Полицей бейнесiн Гүлшат Тұтова қалай алып шығар екен? Спектакльдер салыстырып көрмекке жақсы. Бiр шығарманы екi құрамның орындауында тамашалау арқылы көңiлге көп нәрсе түюге болады. Ал әзiрге айтарымыз осы.

 

"Алматы ақшамы" газеті.

 

Жаңалықтар

Әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы Уәлихан Би...

Жаңалықтар

Қазақстан, Украина және Чехия полициясы интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын жойды,...