&n...
Тұрсын Жұртбай. Бір уыс жусан (Элегия)
Қарындасым дүниеден қайтқалы өң мен түстiң арасында жүргендей күй кешудемiн. Менiң еркiмнен тыс бiр күш әр iзiмдi аңдып, ту сыртымнан қадағалап тұрғандай сезiнемiн.
Қабырғада iлулi тұрған сурет түнде елес болып төсегiмнiң қасына келедi, күндiз көшенiң қарсы бетiнен, бұрылыстан көрiнiп, лезде ғайып болады. Оның менен басқа медеуi қалған ба? Жоқ. Ғұмыр қызығын да, жастық кешуiн де көре алмады. Аязға ұрынған ерте көктемнiң гүлiндей үлбiреген қалпында солып тынды. Оның алғаш дүниеге келгендегi шырылдаған даусы да, өмiр сәулесi өшердегi жан тәсiлiм ыңырсуы да құлағымда. Ендi оның күлген даусы дәл қасымнан сыңғырлайды. Аңтарылып жан-жағыма қараймын. Ешкiм жоқ.
Бүгiн қала шетiнде жүрiп тағы да сол елестi көрдiм. Ол әдеттегiдей ғайыпқа да айналмады, жеткiзбедi де, шашын иығына жайған қалпы жүрдi де отырды. Анда-санда соңына бұрыла сүзiле қарап, жымиып қоятын сияқты. Өңiнен салқын леп есiп, бетiмдi шалады. Сәлден соң теректiң саясын сағалап, зиратқа баратын жалғыз аяқ соқпаққа түстi. Сол елес-бейненiң ыстық көрiнгенi, сол екенiне сенгенiм сондай, көзiме жас iркiлiп, дауыстап та жiбердiм. Қарамады. Қаулай шыққан боз жусанның бiр түбiн жұлып алып, иiскелеген күйi қалың бейiттiң iшiне ене бердi. Тоқтатқым келiп, жанұшыра ұмтылдым... Бейiтте топырақ бетiн бүркеген шырмауық, ерменнен басқа ештеме де жоқ. Тек, қабiрдiң үстiнде жұлынған бiр уыс жусан ғана жатыр. Ыстық жалын кеудемдi қарыды. Бұл өкiнiштiң орнын ештеме де толтыра алмайтынын, ешкiм де жұбата алмайтынын бiлемiн. Әйтсе де терезенiң әйнегiнен түскен сәулеге сүзiле қарап: «Түу, жарықты да көрдiм-ау. Түнде көзiм iлiнiп бара жатса, ашып аламын. Жүрiп кететiндей үрейленемiн», – деп, ақ жамылғыны кеудесiне тарта ұйықтап бара жатқаны елестегенде, iшi-бауырым езiлiп кетедi...
Кеш үйiрiлiп, аңғардан салқын леп естi. Бiр уыс жусанды қыса ұстап, бетiме бастым. Суылдаған жүрегiмдi сипалап, көңiлiмдi жұбатсам да сергiмедiм. Қараңғы түндi жамылып, үйге қайттым. Жусанды қасымдағы орындықтың үстiне қойып, төсекке шалқалай жата кеттiм. Қарсы алдымдағы қабырғада iлулi суреттен ақ көйлегiнiң жағасы сәл көтерiлген, қап-қара шашы иығын жапқан, аялы жанарын қадаған бейне... Кенет адам бейнесiне айналғандай болды. Сәл үнсiздiктен соң маған қарай жүрдi. Жiбек көйлегi суылдай қозғалады. Дыбысы да бiлiнбейдi. Қасыма тақап жусанды қолына алды да, иiскеп, кеудесiне басты. Iле орындыққа отырып, жусанды тiзесiне қойды. Мен булығып үндей алмадым. Ернi сәл ашылып, жұмсақ, биязы үнмен сыбырлағандай болды. Сөйлеген жоқ-ау, белгiсiз толқын дiрiлi маған соны жеткiзіп тұр... Оның не ойлағанын бiр құпия күш естiртiп тұр...
1
– Көктем иiсi аңқиды. Кеше түнде үстiмiзден тыраулаған тырналардың керуенi ұшып өттi... Кешқұрым қараңғы бөлмеде жалғыз өзiң осылай төсекте шалқаңнан жатып алып, көзiңнен жасың боталағанда қатты қиналамын. Бiрақ дауыстауға үнiм шықпайды. Менiң арпалысқан ойымды түсiнбейсiң. Сен жапа шекпе, менiң рухым сенiмен бiрге, сен арқылы өмiр сүремiн. Соны ұғын. Пәлi мынау менiң күнделiктерiм ғой. Сен оқыдың ба? Жарық дүниедегi қалдырған белгiм. Кей адамдар туралы ойыңды үнемi ашық айта алмайсың ғой. Бұл – қаншама рет жалғыздықтан құтқарды. Сен туралы жаныңа терең үңiлмей айтқан жерiм болса кешiр. Маған шындығы солай көрiндi. Өзiн шаң басып қалған ба? Әттең, сүртiп жiберсе, шiркiн. Әлде менiң көзiм бұлдырады ма. Неге екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр, жанарымды буалдыр тұман басады да тұрады. Кәне, көтер басыңды, егiле бермей. Арылмайтын уайым болмайды жарық дүниеде...
Елестiң көйлегi ағараңдап, ашық жатқан күнделiктерiне қол созғандай болды.
Есiме тоғызыншы палата оралды. Ол өзiнiң жарық дүниелiк еместiгiн сезбейдi деп ойлап, жұбататынмын. Әдеттегiден ерте палатаға кiрiп барғанымда терезеге үңiлiп қалыпты. Бетiнен көз жасының iзi бiлiнедi. Өз дертiнiң қатерiн сезген-ау. Өне бойым шымырлап, дүние шыр айналды. Басым зеңiп, тiзем қалтырады. Ендi оның көзiне қалай қараймын...
Әлгi бейне қабағын сәл қинала түйгендей болды осы сәт. Сосын тағы да құлағыма таныс үн естiлдi.
– Сонда қатты абыржып, мен үшiн азап шеккенiңдi бiрден сездiм. Егер мен жанталасып, жарық дүниенi қимайтыным туралы сәл емеуiрiн танытсам, сенiң ғұмыр бойы жан азабынан арылмайтыныңды сездiм. Түрiң сондай үрейлi, жынданып кететiн шығарсың деп сескендiм... Морфи ақыл-есiмдi тұмандандырса да, есiмнен сол кейпiң кетпедi. Тек сендер жоқта ғана көз жасыма ерiк беретiн едiм. Арман-ай... Соңғы жылы туған күнiмдi өткiзе алмағаныма өкiнемiн, әттең...
Көршi бөлмеден тықырлаған дыбыс пен аяқ жүрiсi шалыңды. Ұлымды Жасұланды ұйқтатып жүрген апайым Айымхан ғой. Елес-бейне бiрте-бiрте жанымнан алыстай бердi де, қабырғадағы суретке айналды. Есiк жайымен ашылып, iшке Айымхан кiрдi. Жарық көзiмдi қарықтырып, бетiмдi алақаныммен баса қойдым. Айымхан жан-жағына алақтап, әлдененi iздегендей бұрыш-бұрышты шолып өтiп:
– Сен бiреумен сөйлестiң бе? – дедi аңтарылып.
– Жоқ.
Ол жалтақтап бiраз тұрды да, сезiктенер сылтау таппағасын керi шығып кеттi. Ұмтыла түсiп, тоқтай қалдым. Сол сәтте елес бейне қарсы алдымда, орындықта отырғандай көрiндi.
Шынымен, осы мен жынданып кеткен жоқпын ба?! Бұл өңiм бе, түсiм бе, өзiме-өзiм сенбедiм. Ендi, көзiмнiң де iлiнбесi анық. Кiтаптың ашық бетiнен Эйнштейнге бiр қыздың жазған хатындағы «Я вам пишу, чтобы узнать, существует ли вы в действительности», – деген сөзiн оқыдым. Маған бiр нәрсенiң қос көрiнiп, санамды билеп, бұлдыратып жүргенi рас. Жанымды күйзелткен де сол елес, елес, елес!..
Адам өз өмiрiне төнген бақытсыздықтың жақындап келе жатқанын күнi бұрын сезедi. Соны сезе тұрып, дағдарып, қалыпты мiнезiнен айрылып, өз-өзiне есеп беруден, ойлаудан қашады. Жаз өтiп, қоңыр күз басталғанда мен де сондай күй кештiм. Жайшылықта жолым болмайтын ұсақ-түйек күйбеңнiң өзi жөнiмен реттелiп, сәтi түсе бердi. Қайда, неге асығамын, беймәлiм... Сол жолы сапарда жүргенiмде аэропорттың кассасына қалай жетiп барғанымды аңғармадым. Ойымда ештеңе жоқ.
– Сәлем, апатай. Қане, тездетiңiз, – деп, кiшкене тесiктен паспортымды шертiп жiбердiм.
Жылтыр әйнектiң терезесiнен билет берiп жатып, сары шашты, толық денелi, қыли көздi, егде әйел:
– Қайран қайғысыз жастық-ай. Аспанда құстай шарықтайсыңдар. Қандай бақыттысыңдар, шiркiн, көңiлдерiңде уайым-шер жоқ, – дегенде тұла бойым шымырлап, iштегi үрейдiң шындыққа айналғанын, осы сәттен бастап бiр тосын оқиғаның тап боларын бiлдiм.
Оның не екенiн аңғармасам да, болашақ наланың бар уыты жүрегiме құйылып, еңсемдi езiп жiбердi. Күнәсiз, маған еш қатысы жоқ адамның бұл сөзi жаныма қатты тидi. Ренiшiмдi жасыра алмадым:
– Сiз менiң өткенiм мен ертеңiмдi бiлмейсiз ғой. Бақыт – уайымсыздықта емес, – дедiм де, терiс бұрылып кеттiм.
Қалай сездiм, неге тап сол әйелдiң сөзiнен секем алдым, оны түсiне де, түсiндiре де алмаймын. Алайда барлық жан азабы сол сәттен басталғаны анық. Самолет қонысымен қала сыртындағы үйге тарттым. Төр алдындағы төсекте жатқан қарындасымды көрiп, өмiрiмдегi ең ауыр қайғыны көтерiп, ең асыл адамымнан айрыларымды ұғындым. Қабағы кiртиген, өңi бозарыңқы. Жүдептi. Сол үрей қысқан кездегi қорқынышты ойларымнан арыла алмасам да, iштей қоштаса бастадым. Неге екенiн қайдам, жазылмас дертке ұшырағанын бiлгендеймiн. Сәл ренжiсе, жаным шығатын едi, ендi қалай жамандыққа жорып отырмын, өзiм де түсiнбеймiн. Ол түрегелiп отырып, дауысы сына тiл қатты. Әншейiндегi жарқын, өжет мiнезi байқалмайды. Iшiмнен өзiмдi-өзiм жазғырып: «Қателесесiң, жамандық ойлама», – деп күбiрлей бердiм. Сөзiн бiрде естiп, бiрде естiмедiм. «Бүгiн соңғы рет үйге түнейсiң. Ертең қалаға дәрiгерге апарамын». Апыр-ау, маған не көрiндi? Есiм дұрыс па? Ақырын қозғалып, төсектен түстi. Үнi сынық.
– Шаршағансың-ау жолдан. Шай қояйын...
Сәлден соң жадырап, жайраңдап, әзiлдей сөйледi. Киiмдерiн үтiктедi. Қатерлi дерттiң уақытша шеңгелiн жазып, сәл еркiнсiтiп барып бүрерi анық. Қараңғы үйiрiле қабағы түйiлдi. Таң атқанша күрсiнiп шықты. Шамын өшiрместен түндi өткерiп, альбомдарын ақтарды. Мен де кiрпiк iлмедiм. Мөлдiр суды ожаумен iшiп тұрған фотосын қара сызықпен қоршап: «Шiркiн, бiр жұтым су?» – деп жазып қойыпты сонда. Үйден шыға бергенде артына жалт бұрылып ұзақ тұрды. Iштей қоштасуы ма? Үш жасар ұлымды құшақтап, бетiнен сүйдi. Көзiне жас iркiлiп қалды.
– Қош, бол, құлыным. Менi ұмытпа, – дедi де, жедел жәрдемнiң есiгiн ашты.
Санасында еш қауiп-қатер жоқ сәби оның жан қопарылысын, сөздiң астарын таразыламады. «Қоштасудың басы бұл», – деген ой жүрегiмдi шаншып өттi.
Дәрiгерлер ұзақ тексердi. Ендiгi тiлегiм: «Шiркiн-ай, онкологиялық ауруханаға апармаса екен. Онда аялы жанарына мұң ұялаған, күдер үзген ұсқынын қалай көремiн. Өзiнiң айықпас дертке шалынғанын бiлсе бiттi...». Әуеде қаздаңдап жолатпаған, бұйыра сөйлеген дәрiгер әйел бөлмесiнен шығып бара жатып, маған аянышпен қарады. Қарсы жүргенде қасы дiр ете қалды.
– Мазаланбаңыз, онша қауiптi емес, – дедi де бұрылып кеттi. Орта жастағы ер адам терiс қарады.
Қарындасым рентген кабинетiнен шықты да, маған қарай күле жүрдi. Шашын жөндеп қойып:
– Түу, жеңiлденiп қалдым. Басқа бiр пәле ме деп ем... Әйтеуiр, одан аулақ көрiнедi, – дедi.
Бұл оның мен естiген соңғы күлкiсi едi. Ол палатасына қарай кетiп бара жатқанда көз алдым тұманданды. Екiншi қабаттан ақ көйлегi ағараңдап, қолын бұлғады. Шынымен, жазылмас дерттiң болғаны ма? Қолым дiрiлдеп, темекi тұтата алмадым. Сол сәтте дүниенiң барлық қызығын дәрiгердiң жалғыз ауыз сөзiне, жақсылық хабарына ойланбай айырбастап жiберер едiм.
Ол кезде, аз ғана күннiң iшiнде не ойламадым, қандай жан азабы мазаламады дейсiң. Үрейлi күндер басымды зеңiттi. Бесiншi күнi аурухананың ауласына кiрдiм. Бүйiрiн басып, жалғыз өзi бақтың түп жағында жүр екен. Қабағын түйiп:
– Келдiң бе? – дедi ақырын. Мұңлы қалпы белгiсiз ойдан арыла алмады. Саусағымен бетiмнен сипады. – Сақалыңды алсаңшы. Тексерiп жатыр. Жеке бөлмеге ауыстырды... Уф, ернiмнiң кезерiп тұрғанын қарашы. Қуырған бидай жегiм келедi. Есiңде ме, баяғыда... Көршi кемпiр бiзге берушi едi ғой...
Сәл жымиды. Мен оның жан дүниесiндегi өзгерiстердi бiрден байқадым. Демек, сездi... Ненi?
– Түнде қатты қиналдым. Шыбын жаным көзiме көрiндi. Неге басылмай ауырады? Күн құрғатпай келiп тұрыңдаршы. Сен кейде жалғызбын дегенде ренжушi едiм. Соныңның растығын аңғардым. Бар ауыртпалық саған қалады-ау.
Сөзiнде ауыр зiл бар. Бұрын менiмен бұлай сөйлеспейтiн. Неге секем алды, қолына сарғайған жапырақты қондырып өз-өзiмен отырғаны қалай. Iштей мазасыздандым. Оның сол күнгi көңiл-күйiн жастығының астынан кiшкентай блокнотын алғанда бiр-ақ түсiндiм. Күн сайын жалғыз сөйлем жазыпты. Мынау жарық дүниемен өзiнше бақұлдасып, дертпен жанталасқанда өзiн қалай ұстау керектiгiн ойлап, шешiм қабылдаған, әрi қимас сезiм билеген шағы екен. Келесi жүздескенiмде ренiштiң табын аңғармадым. «Мынау күзде түскен ағаштың жапырағы сияқты, менiң өмiрiмнiң де ерте сарғайып, үзiлгенi ме... Бiлмеймiн. Сұрақ. Бәрi де сұрақ. Жауабы ертең», – деп жазыпты. Сонда, қалай сездi...
Бойым дiр ете қалды. Елес столдың қасына келiп, жаныма жақындағандай болды. Кенет, таныс, сағынған дауыс естiлдi. Сондағы, ауладағы мұңлы үнi...
– Сенiң жаныңды жеген сауалдарға жауап берiп, рухани азаптан құтқарғым келедi. Бұлай өмiр сүрiп, тiршiлiк етуге болмайды. Оңашада өзiңдi-өзiң қазып, төзiмiңдi тауыспа. Менiң: «Бар ауырлық саған қалады-ау» дегенiм – осы ой азабы. Ойсоқты боп өмiр түбiне жетпейсiң. Кейде iңiрде өз-өзiңнен сөйлеп отырасың. Iшiп те жүрсiң. Ақыры, шын қалауың ауды, айтайын... Бүгiн талай жұмбақтың шешiмiн табасың. Өзiң мына ойдан арылсын деп айтып отырмын. Сен келген күнi өз дертiмнiң жазылмасын аяқ астынан естiдiм. Таңертең қаланың әр ауруханасынан екi-үш профессор келiп, менi бiр сағаттай тексердi. Олар шығып кеткенде есiк сәл ашық қалды. Менiң бiр бөлмеде жалғыз орналасқаныма, өзiнiң дәлiзде жатқанына бұйра бас әйел риза еместiн. Сол қасындағы серiгiне саңқылдай сөйлеп: «Көрдiң бе, мыналардың шұбыруын? Бiреу өлерде ғана шыбындай үймелейдi. Кеше бас дәрiгердiң екi аяғын бiр етiкке тығып ем... Сен үндеме... Мына қыз... Рак... Жазылмайды. Үш-төрт-ақ күн ғұмыры қалыпты... Сосын ғой, жылы орнымды суытпай жатқаным», – дегенде көзiм қарауытып, басым айналып төсекке құладым. Бастапқыда ашулансам да, соңынан өксiгiмдi баса алмадым. «Шынымен, жарығымның сөнгенi ме... өмiрден қызық көрiп үлгерген де жоқпын ғой... Жалған, әлгi әйел көре алмай айтып отыр... Ендi не iстеймiн? Өлiмнiң тез болғаны ма?». Осындай ойлармен күнi-түнi арпалыстым. Ертеңiнде көзiм анық жеттi. Ендi ойым сендер болдыңдар. Сөнiп бара жатып, сендерге шағынсам, жынданып кететiндерiң анық. Ары-берi толғандым. Сендердi азапқа салмайын, уайым-шерiмдi сыртқа шығармаймын деп, сыр бермеуге бекiндiм. Сондай мазасыз кезiмде сен келдiң. Қанша тырыссам да, сезiп қойған екенсiң-ау. Шындығын айтсам, әлгi әйелдiң сөзiн естiген соң, үрей билеген жоқ. Операцияға өзiм келiсiм бергенiм де сол. Жазылып кетермiн, басқа дерт шығар деген үмiт өшпей қойды.
Менiң жанымды да жұбатқан сол үмiт-сәуле едi. Адам санасы ондай сәтте сәбидiң ойлау жүйесiне ұқсап, қиялға берiлiп, өзiңдi-өзiң алдайсың, әлдененi медет тұтып, алданыш етесiң. «Суға кеткен тал қармайды». Iштей мен де дайындалдым. Қандай азапқа да шыдап, секем бермеуiм тиiс. Күн сайын солып бара жатқанымды сезсе, тiптi...
2
Операция оқыстан, ноябрь мерекесi күнi жасалды. Қара суық. Күн бұлыңғыр. Екiншi қабаттағы тоғызыншы бөлменiң есiгiн қақтым. Көршi бөлмеде теледидарды қызықтаған жандардың ортасында отыр екен. Менi көрiп қуанып кеттi.
– Үлгердiң-ау. Сенi көрмей қаламын ба деп қорқып едiм. Тәуекелге бекiндiм. Менi бiр тағдырға тапсырсаңшы, өзiң берiк бол, мен кеттiм...
Маңдайынан иiскедiм. Операция бөлмесiнiң есiгi жабыларда маған қарады. Жанарында жас iркiлiп тұрды. Сонда оның қаншама қиналғанын, ауруының жанына батқанын, өмiрдi қимайтынын сездiм. Сол сәттегi жүрегiмнiң үздiгiп барып қайта соққаны, кеудемдi кернеп, байыз таппағаным жадымда. Бүкiл ғұмырымның шешушi мезетi. Егер сол жолы қуансам – өмiр бойы шын қуанудың не екенiн ұмытпас едiм-ау.
Есiк сарт-сұрт ашылды. Қабағы қатыңқы профессор менi көрдi де, аңтарылып қалды. Қарама-қарсы жүрдiм. Үш қадам маған үш жүз қадамдай көрiндi. Үмiт пен үрейдiң шекарасы. Екi аттадым, тiзем қалтырады. Ол да абыржыды. Ойындағысын тура жеткiзе алмады.
– Бұл өзi жас адамда сирек кездеседi. Бiреу айтса, сенбес едiм. Кемiнде екi ай болған ауырғанына. Ал бұрын операция жасалды ма?
– Төрт жыл бұрын, соқыр iшекке...
– Жоқ, соқыршекке емес, осы пәлеге жасалған. Жас организм күрессе де, ақыры, жеңе алмапты... Шыда, бауырым, өкпе-бауыр iскен, ендi жүрек тамырына шапқан. Амал жоқ. Солай, өзiне сездiрмеңдер.
Қарындасым қол арбаның үстiнде ыңырсып бара жатты. Айғайлағым келiп, ұмтыла бергенiмде профессор бiлегiмнен ұстай алды. Есеңгiреген күйде үйге қайттым... Үш күн есi кiрмедi. Анда-санда ыңырсып қояды. Аласұрып, шыдай алмадым...
Осы сәтте көзiме жас iркiлiп, елеске қарадым. Ол менiң күнделiгiмдi дауыстап оқып отырғандай болды.
«Өмiрдiң кейде зары, кейде ащы запыраны өтiмдi тiлiп едi. Көнгемiн. Шыдағамын. Бiрақ сенiң жаудыраған жанарыңды, қиналған сәтiңдi көрермiн деп ойлаппын ба. Жаным-ау, қазiр өлiм мен өмiр арасында қиналып, аласұрып жатырсың-ау. Су сұрап, дiрiлдеп, кеберсiген ернiң, үрейлi жанарың, ыстық көз жасың... Егер қасыңда мен болсам не айтар ең? Қандай ой торлап, иығыңды басып жатыр? Бiр көруге зармысың? Таңертең дауыстап тiлдесе де алмадық-ау. Өңiңде бекiнiс, өжет от, сәл үрей бар екен. Бүгiнгi түннiң зауалынан сақта. Шешемдi, әкемдi алған арам дерт, гүлi ашылмаған, күн нұрына қолын созған қыршында нең бар? Шыдашы, үйге алсақ па екен? Онда күрт сынасың-ау. Серпiлшi. Бiр көрiп, бетiңнен сүйейiншi. Ертең үмiтсiздiгiңдi сезгенде, бетiңе қайтiп қараймын... О, құдiрет. Есiктен, терезеден жүрекке өмiр сәулесiн құйып, бүрген дерттi жазшы. Мiне, таң да атты».
Елес күнделiк дәптерiмнiң бетiн жауып, маған қарағандай болды. Күңгiрлеген үн тағы да құлағыма жеткендей.
– Операциядан соң алғаш есiм кiре бастағанда сенiң даусыңды естiдiм. Осылай күйiнiп жүргендерiңдi сезгем. Шөл қысқаны да рас. Көзiмдi iлсем, жүрiп кететiн тәрiздiмiн. Жұмыла бергенде аша қоямын. Өзiңдi көргенде қуанғанымды айтсаңшы. Дертiмдi сылып алғандай. Сен маған гүл ұсындың ғой. Соны иiскедiм. Қаншама қиналсам да ұйықтамауға тырыстым. Бiрде Жасұлан көз алдыма келдi. Мен университеттегi лекциядан қайтқанда алдымнан жүгiрiп шығып, мойныма асылатын. Тура солай құшақтап, тамағынан иiскей берiп... ұйықтап кетiппiн. Сондағыдай рахат дем алмаған шығармын. Операциядан үш күннен соң сол бұрынғы шемен ұстағанда, кейiн үдей түскенде, бәрiн де түсiндiм... Терезедегi ағаш жапырағына, мөлдiр аспанға қарап жатып, көңiлiмдi уайым басып, жас моншақтай ағып, тыйылмады. Сен кететiн кезде әзер тоқтаттым. Бiрден байқадың. Мен: «Ұйқыныкi ғой», – деп едiм, сендiң. Өзiң үшiн емес, мен үшiн...
– Шын айтасың, маған ең ауыр тигенi – өз дертiңдi сезгенiң едi. Мен сенi жұбатумен болдым. Сәт сайын әлсiреген, сөнiп бара жатқан адам өмiрiн, оның iшiнде өзiңнiң бауыр етiңнiң езiлiп бара жатқанын бiле тұрып, шарасыз булыға, өксiгiңдi сыртқа шығара алмай тұншығып, өзiңнiң көзiңе қарап тұрып: «Сен өмiр сүресiң!» – деу неткен азап едi. Таңертең сенiң палатаңның есiгiн ашқанда өзiм тас түйiн бекiнiп аламын. Өйткенi ұзақ күн саған қарап отырып, шыдау мүмкiн емес-тiн. Аяқ астынан ағытылып, өксiп жiберуiң кәдiк. Сен гүл сұрадың. Иiскеледiң. Сол сәтте есiктен досың Әлия кiрiп, дауыстап жiбергенi. Шыдау керек... Бұл ең қауiптi кездесулер едi. Бiрде Жасұланды түсiңде айтып жаттың. Ертеңiне оған ақ халат кигiзiп, жаныңа алып келдiм. Сенi көре сала тұра ұмтылды. Бас салып, құшақтай алары анық. Сасқанымнан оған: «Ойбай, ананы қара», – деп, терезенi нұсқадым да, қолынан ұстадым. Екеуiң жарты сағат сөйлестiңдер. Ол еппен бетiн тосып, құшақтап қояды. Сол күнi өзiңдi сергек сезiндiң.
– Расында да ойыма Жасұланның әр түрлi сәбилiк мiнездерi, сөздерi түстi. Оның сәби иiсi мұрнымды қытықтап тұрғандай. Сен шығып кеткенде, мен одан көп нәрсенi сұрадым. «Үйге барғанда папаң не iстейдi, жылай ма, кiмдер бар?» – дегендей. Ол бәрiн де айтты. Маған бiлдiрмесең де, күн сайын үйге бiрден-екiден келiп жатқандардың бар екенiн бiлдiм. Өзi әңгiмешiл, екеумiздiң бiр кезде қыдырғанымызды айтып: «Ауруыңнан жазыласың ғой, иә, ендi сенi мен паркке апарамын, балмұздақ әперемiн. Айпаркке кiргiземiн. Сонда сен қорықпа», – дедi. Е, менiң осы жатқанымнан тұрмайтынымды қайдан бiлсiн. Тек, менiң бейнемдi жүрегiнде мәңгi сақтайтын мүбәрәк көңiлдi адамның тiршiлiкте барлығын сездiм. Бала көңiлi еш нәрсенi ұмытпайды ғой. Маған да сәбилiк қиялдарым әлi де маза бермейдi. Шешемнiң өлгенiн мен бiлмеймiн ғой. Сендер сабақтасыңдар. Тау iшiндегi қарағай кесетiн ағайымның үйiнде жүрдiм. От жағамын, күл шығарамын. Шамам бәрiне жете ме. Ошақтың алды шашылып қалады. Сонда жеңгемiз менi шымшуырмен салып қап, сүйрей жөнелдi. Есiктiң алдындағы күресiнге лақтырғанда басыммен шаншылдым. Екi-үш рет түйгiштедi де. Сол кезде әлуеттi қол жұлып алды. Ағайымыз. Кешке сен келдiң. Ой, қуанғаным-ай. Көршiлерден естiген болуың керек, есiктен кiре жаңағы ағайымды қамшының астына алдың, ол үндемедi. Жуас адам-тын. Сонда неше жаста едiң, осы?
– Нақты бiлмеймiн, қазiр есептейiн. Екiншi класта оқимын. Каникулға шыққан уақыт қой. Ол менiң де есiмде. Сенiң барлық тiршiлiгiң, туғаныңнан бастап көз алдымда...
– Соңғы жылы туған күнiмдi өткiзе алмағаныма өкiнемiн.
– Иә, күнделiгiңе «атаусыз қалған күн» деп жазып, астын қара фломастермен сызыпсың. Өтелмес күнәнiң өзi осы шығар. Сен айыптама менi. Жаныма батады. Айтпақшы, қалай дүниеге келгенiңдi бiлемiсiң. Қаншама оқталсам да айта алмадым. Ұмыта берiппiн. Ендi айтайын.
Ол кезде мен алты жаста едiм. Қатқақ көктем болатын. Қара ала тайыншаны ерттеп, жүгендеп, мiнiп жүрген кезiм. Мен де балдырған едiм ғой, бiрақ есiмде қалғаны, жылағандағы даусың ащы болатын. Өзiң бiлесiң, өспеген тұқым едiк қой. Анамыздың бiздiң алдымызда көтерген тоғыз құрсағының бәрi де жер жастаныпты. Солардың тiршiлiктегi төлеуi, өтеуi болсын деп сенiң атыңды Төлеу қойды. Менi қинайтыны екi жасыңнан жетiм қалып, ендi көктей бастағанда аяз ұрып, үсiгенiң. Сен тек бiз көрмеген аға-апаларыңның ғана емес, жарық дүниеде ауамен тыныстап, күн кешiп жүрген бiздiң де сүрер ғұмырдың, көрер қызықтың өтеуi, төлеуi сияқтысың. Тағдырдың әдiлетсiздiгi де сонда ғой. Тым құрығанда ана сүтiне жарымай өскенде өмiрдiң шуағына құмарың қана шомылатын қақың бар едi. Не қызық көрдiң, ненi медет тұттың тiршiлiкте, мен бiлмеймiн. Маған салса өмiрiң тек әлдебiр белгiсiз дүниеге ұмтылумен өткен сияқты.
– Осы соңғы дүние сәулесiне асыққан шығармын. Сенiң сауалыңа тоғызыншы палатаның терезесiнен шексiз кеңiстiк пен жылы шуаққа сүзiле қарап жатып, мен де жауап iздедiм. Әрине, кiм арманына жеткен. Бар қызығымның алда екенiн сеземiн. Оны ойлаудың ретi не. Ойлап қарасам, өз замандас-құрбыларыммен тең, деңгейлес екенмiн. Жетiм өмiрдi серiк еткен жалғыз мен емеспiн ғой. Ең бастысы, үшеумiздiң ыстық ықыласымыз суымапты. Әрқайсысымыз әкенiң, шешенiң жетiспеген пейiлiн, мейiрiмiн бiрiмiзге-бiрiмiз сыйлаппыз. Сүйенiп өскен үш бұтақ тәрiздi. Мен өзiмнiң жетiм екенiмдi ұмытып кетiппiн. Тек, ақ жамылғының астында әлсiреп жатқанда қайғым сендерге бататынын ойлағанда барып, ата-анамның жоқтығына өкiндiм. Мүмкiн, олар тiрi болса, уайым бұлты соларға ауысар ма едi, кiм бiлсiн. Есiңде ме, әкем ең соңғы өсиетiн Рамазан атаға айтып: «Мынау үш боздақты саған аманат етiп тапсырдым», – дегенi. Тiршiлiктегi ең үлкен парыз – аманат адалдығы. Әкем өз өмiрiнiң жалғасын тапсырған екен ғой, бiздiң тағдырымызды өз тағдырындай көретiн адамды тауып, соны дүниеден көшерде көңiлiне медет тұтыпты ғой. Рамазан ата мен қиналып жатқанда келгенде, әке өсиетiне ақтығын ұғындым. Сенiң әдейi хабарлағаныңды бiлдiм.
– Иә, кешке жақын ауруханадан шығып, үйге жеткенiмде Рамазан атаны көрiп қалай даусым шығып, құшақтай көрiскенiмдi бiлмей қалдым. Сол жолы iшiмдегi запыранды сыртқа төктiм-ау. Өйткенi сенiң жағдайың тым ауыр едi. Таңертең сергек ояндың. Маған күле сөйлеп: «Шiркiн, сұйық, жiңiшке кесiлген кеспе», – дедiң. Қуанғаным-ай. Кесенi қолыңа ұстап тұрып, бiр мезет ұзақ сүзiле қарадың. Көзiң жәудiреп, өңiң қуқылданып, мұрының сәл қусырылып, қабағың түйiле түскен. Мен таң қалдым. Шешемiздiң өзiсiң. Өзi... Оның бейнесiн бiз бiлмеймiз ғой. Сенi ұқсас дегенде сенбейтiнмiн. Дәл сол жолы шешемнiң де солай сүзiле қарағаны есiме түстi. Неткен ұқсастық. Тек өңдерiң ғана емес, тағдырларың да ұқсас. Бiрақ сенiң солатын мезгiлiң бұл жас емес едi. Кiшкене ұрттадың. Зәрем ұшты. Оның саған жақпайтыны анық. Бетiңдi де қайтаруға дәтiм жетпедi. Рақаттана терлеп, ұйқтап кеттiң. Адамның өлер алдында бой жасайтыны рас қой. Дәлiзге шықтым. Профессор кездестi де, кабинетiне шақырды. Шашы аппақ, көзiнде мұң бар, қатты шаршағаны, қалжырағаны көрiнiп тұр. Есiгiн кiлттедi де, төрдегi шкафты ашып, жарты графин спирттi алып, екi рюмкеге құйды. Ұсынды. Өзi тартып жiбердi. Iшпесiме қоймады. Темекiнi будақтата сорып, әңгiменi қозғай алмады.
– Солай, иә, осылай... Сәтсiз операциядан соң жан дүниең құлазып, баз кешiп кеткiң келедi өмiрден. Дауасыз дертке не шара. Жас қыршынды көргенде төбе шашың тiк тұрып, сол операцияның үстiнде есiңнен танатын сияқтысың. Ауру адамның қайғысы бiзге батпай ма, батқанда қандай?! Сәт сайын қынжыласың. Әлдекiмдер дәрiгердiң етi үйренiп кеткен дейдi. Әрине, барлығын бiрдей аза тұтпайсың. Сәтсiздiктi сәттi iс ұмыттырады. Бiреуiнен шарасыз қалсаң, екiншiсiн арашалайсың. Әйтеуiр, көңiлiңе медет. Мiне, бүгiнгi күн маған екi есе ауыр. Тағы бiр жас боздақ осы дертке шалдыққан. Түсiнесiң бе, он жетi жаста! Сенi көрген сайын тұла бойым шымырлайды. Осыдан он жыл бұрын, тетелес iнiмдi көз алдымда аттандырдым. Осы пәле. Операцияны да өзiм жасадым. Амалым қайсы... Үмiтсiз. Мен дәрiгермiн, хирургпiн... Көп iздендiм... Iзденiсiм атақ, дәрежеден басқа еш нәрсе әкелген жоқ. Сәл жетiстiк бар. Менiң жасым нешеде деп ойлайсың?
Ол екiншi темекiнi тұтатып, маған қарады. Көзiнде мұң, терең уайым. Елудiң iшiне iлiккенi анық. Әжiмдi маңдайы, шашы... Мен кемiтiп, қырықтың ортасын атадым. Күлдi де басын шайқады.
– Мүлдем олай емес. Жоқ. Отыз сегiздемiн. Отыз сегiз. Сенен ұзаса он жас үлкенмiн. Осы он-он бес күндегi сен шеккен жан азабына мен он бес жылдан берi төземiн, күресемiн. Iнiмнiң қабiрi басында солай ант бергенмiн. Ал көз алдымда өшiп бара жатқан жандардың жанарындағы үрей мен үмiтке төзбеймiн, солардың аманатын ұмытуға қақым жоқ. Сенi әдейi шақырдым. Бүгiнгi азап ұзаққа дейiн ұмытылмас. Есiңе бiздiң де шерiмiздi салғым келедi. Кейде дәрiгер өмiрi аурудың тағдырын ойламайтындай көрiнуi мүмкiн. Айта бермейсiң, бiрақ iшiңдi шемендей түйрейдi.
– Бұл қандай дерт, жан дауасы табылмай ма? Сiздiң бүкiл техникаңыздың күшi алмайтын не ол? Адам ағзасының зерттелмеген жерi жоқ. Қашанғы қасiретке көмiлемiз... Ең болмаса, соны түсiндiрiңiзшi. Бұл мерез қайдан жұғады?
– Әрине, сұрау оңай, жауап қиын. Ол жараның уыты сияқты. Бұл сәл сызаттан да өршидi. Қатерлi iсiк адам миының жұмбағы iспеттi әрi нәзiк, әрi оп-оңай бiр құпия дерт. Егер емiн тапса, қолға кiрген тiкеннен оңай. Бiрақ ол күн қашан туады? Шiркiн, сол кезде жолықсақ... Әй, өз басым жылар едiм. Қаншама қайрансыз кеткен боздақтарды ойлап жылар едiм. Ал қазiр оған хақым жоқ. Шама келгенше күресуiм керек. Иә, бүгiн ауыр күннiң бiрi... өзге адамның уайымы жанға қатты батады. Ескi жараның аузын ашады.
Есiктiң тұтқасын қатты-қатты жұлқылаған әйел дауыстап керi кеттi. Дәлiз у-шуға толы. Тағы бiр ащы айқай естiлдi. Профессор орнынан атып тұрып, сыртқа беттедi де:
– Қозғалмай отыра бер, мен қазiр, – деп, сырттан кiлттеп кеттi.
Хирургтың әңгiмесi менi де мазалады. Ауыр ой еңсемдi басқандай. Жаңағы ащы айқай құлағымның түбiнде жаңғырығып тұр. Абыр-сабыр басылды.
Профессор маған тiке қарады да сырт айналды. Қолы дiрiлдеп темiкiсiн әзер тұтатты. Өз-өзiне келiп, ендi, әңгiме арнасын басқаға бұрды. Екiндi ауғанда арқамнан қағып:
– Солай, бауырым... Еш уайымға бой алдырмау қажет. Өмiрдiң мәнiнiң өзi сол ғой... Иә... Қан тамырының соғысы жүз жиырма. Иә... Иә, түнгi онда телефон соғармын. Мазаланба, мүмкiн үйiңе қайтарсың, а, – дедi.
Басымды шайқадым. Ол менi палатаға жеткiзiп салды да, қолымды қысып-қысып жiбердi. Есiк ашқанда ыңырсып қиналған сенi көрдiм. Морфи бойыңа жайылып, уыты қайтқандай. Қолыңды қысып, уқаладым. Сәл есiңдi жиғаныңда:
– Қатты қиналдым. Көзiме көрiнбедiң ғой. Бүгiн жалғыз қалдырмашы. Кеудеме қарай әлдене жылжып келе жатқан сияқты, – дедiң.
Сонда бағана профессордың менi өз кабинетiне әдейi шақырғанын, әдейi есiктi бекiткенiн, жалғыз қалдырғанын, ал ащы айқай сенiкi екенiн түсiндiм. Мынау сөнiп бар жатқан шуақ сенiң соңғы көрген сәулең екенiн түсiндiм. Сәлден соң тағы да дерт шеңгелдей қысып, жанталасқа түстiң. Ондай сәтiңдi көргенiм осы. Менiң көз алдым тұманданып, бүгiле бердiм. Есiмдi жиғанда дәрiгерлер қоршап, укол салып жатты. Сен маған тесiле қарап қалыпсың. Суық су ұрттап, қасыңа отырдым. Бетiмдi сипап:
– Сен үйге барып тынық. Егер кетпесең, ренжимiн. Өтiнiшiм осы, баршы. – дедiң.
Қарсы болдым. Қас қарая апайым келдi. Қимай, қиналып ары-берi жүрдiм. Бетiңнен сүйiп, көзiңе қарадым. Қарашығың тұна тесiле қарап, ақырын қыстың саусағымды. Шығып бара жатып қайта бұрылдым. Көзiңдi алмай қарадың. Табалдырықтан аттағанда «ух» деп күрсiнгенiңдi, өксiп жылағаныңды естiдiм.
– Ал берiк бол. Мен саған ендi жоқпын. Жаңа ағаммен соңғы рет қоштастым. Ол төзе алмайды, жүрегi нашар. Бiр нәрсе кеудеме қарай тықсырыла көшiп келедi. Не iстеймiн, айтшы, қинады ғой, не iстеймiн? – дедiң де тына қалдың.
Менiң екi иығым дiрiлдеп, палатадан алыстай бердiм. Бұл сенiң мен естiген соңғы сөзiң едi. Ал көз жұмарыңда Айымханға: «Шiркiн Жасұлан ержеткенде менi есiне алар ма екен, ойлай ма екен», – деп, бетiңдi терiс бұрып әкетiпсiң. Содан соң көз жасыңды тыйып: «Кеудеме келдi, кетiп барам, не iстеймiн», – деп Айымханның мойнына асыла берiпсiң.
– Бәрiн де саған айтқан екен ғой. Сол күнi саған жусан алдырған едiм ғой. Үнемi соның иiсi мұрныма келiп тұратын. Жастығымның астына тығып қойғанмын. Өмiрi мән бермеген өсiмдiк едi. Әйтеуiр, аңсарым ауды да тұрды. Нақ қай мезетте екенiн бiлмесем де, демiмнiң таусылып қалғанын, соңғы жанталас сәтiмде сен қасымда болмау керектiгiңдi түсiндiм. Әсiресе екiндiдегi қысылғанымда анық солай шештiм. Морфи есiмдi бұлдыратса да санамды жоя алмады. Сенiң түскен еңсеңдi, қуарған өңiңдi, сондай аянышты халыңды көргенде қатты күйзелдiм. Менi қойшы, солармын. Ал сенiң тiрлiгiң қалай болады? Есiкке беттегенде иығың селкiлдеп бара жатты. Апайыммен аз әңгiмелестiм. Ендi одан жасырудың ретi жоқ едi. Дүние сәулесiндегi көрген талай бейнеттер елестеп кеттi.
– Түн ортасына дейiн елегiзiп жата алмадым. Дүрiлдеген машина даусы, iле терезенiң қағылғаны естiлдi де, тұла бойым дiрiлдеп, отыра кеттiм. Профессор менi көргенде қабағы түйiлiп, үндемей терiс айналды. Бар қолымнан келгенi қабiрiңнiң басындағы тақтадағы:
–
Дүние, шiркiн, жалған-ай,
Жалғаннан көңiл қалғаны-ай.
Көгерiп келiп өмiрге,
Көмiлiп кеткен арман-ай. –
деп жазылған өкiнiшiм.
Алайда сен қазiр де осы өмiрде сияқтысың. Үнемi көз алдымда жүргендейсiң. Даусың да шалынады. Алыс жаққа кетiп, ендi бүгiн-ертең келетiн тәрiздiсiң. Мен сенiң елес екенiңдi бiлемiн. Бiрақ сөйлескiм келедi, осылай...
Түннiң бiр уағы болыпты. Өмiрден қыршын кеткен қарындасымның күнделiк дәптерлерi алдымда ашылған күйi жатыр. Ауыр ойдан басым зеңiп кеттi...
3
Елес баяу орнынан көтерiлiп, қалықтай барып сыртқа шықты. Мен де iлестiм. Ауладан шыға бере қолымнан ұстады. Сәл самал желпiгендей болды да, аспанға көтерiле бердiм. Биiк теректiң жапырақтары бетiме тидi. өзiме-өзiм сенбедiм, саусағыммен жас бұтақты сындырып, жерге қарай лақтырдым. Ол маған көршiнiң қоршауына iлiнiп қалғандай көрiндi. Биiк аспанға шырқай ұшып, ауада қалықтап бара жаттым. Көктөбедегi мұнараның оттары жылтырайды. Қала шамдары қызылды-жасылды нұр шашады. Биiк тау шыңдары бозалаң тартып, орталық тұсқа келгенде төмендеп, ашық терезесi бар ғимараттың iшiне ендiк. Ол көйлегi ағарғандай барып партаға отырды. Университеттiң лекция залы, маған да таныс.
– Сабақты тыңдай отырып, ойымызға келген нәрсенi жазушы едiк. Мен үнемi осы арадан қозғалмайтынмын. Бәрi де көз алдымда. Талай-талай қызық күннiң куәсi ғой бұл парта, – дедi қарындасым терең күрсiне.
Орнынан баяу қозғалып, тақтаға барып, бормен: «Құрмалас сөйлемге мысал: «Егер өмiрдегi орныңды iздесең, онда өткенiңдi жүрегiңде сақта, кейiн шаршағанда тыныққан қара тасты да сағынасың. Төлеу», – деп жазды да, қолымнан ұстады. Тағы да аспанға көтерiлдiк. Биiктеп ұшпай, аллеяда қыдырдық.
Тыныш түн, тымырсық ауа. Жатақхананың үстiнен төмендей айналдық. Барлығының жарығы өшкен.
– Ұйқыларың тыныш болсын.
Тоғызыншы палатаның терезесiндегi биiк ағашқа қондық. Мен теректiң бұтағына жармасып, сыртта қалдым. Сәлден соң күңгiрт жарық жанды. Өзiнiң төсегiнде он алты жасар шамасында қыз жатыр. Шашы жерге төгiлген. Саусағымен сипалап қойды. Айналаны шола қарады. Есiктен таныс егде медсестра кiрiп, жан-жағына көз салып, жарықты өшiрдi де шығып кеттi. Бұл жолы биiкке көтерiлу ауыр соқты. Таң да сiбiрлей бастаған.
– Шаршадым, тездетейiк, – дедi алқына...
Таң қараңғысының қоңыр бояуы тарқатылар шақта үйдiң жанындағы теректiң қасына қондық. Ол маған қолын ұсынып:
– Қош, ендi елес болып көрiнбеспiн. Қазiр жарыққа айналамын да, кеңiстiкке сiңiп жоғаламын. Сенiң жүрегiңде тек естелiктер ғана қалады. Мүмкiн, оянғанда кiрпiгiңе iлiнген сәуле болып, мүмкiн, аязда тоңғанда бетiңдi жылытқан шуақ болып төгiлермiн. Әйтеуiр, саған жылу сыйлаймын. Менi iздеме, қош... Сәулең молайсын тiршiлiктегi. Мен қазiр ұшамын. Әне, құстар керуенi келедi. Таң нұрын қанаттарымен iлестiрiп келедi. Сәуле ғой. өмiрiмнiң сәулесi... Қош...
Ауада сәл дiрiл сезiлдi. Ақ көйлектi ару жылыстай алыстап барып, аппақ құсқа айналып, қанатын баяу қағып, қалықтай ұшып, тiзбекке қосылды. Көзге көрiнбейтiн құстардың, сансыз құстардың қауырсыны сәуле болып төгiлдi. Соңынан телмiре ұзақ қарадым. Көгiлдiр аспанның қоңыр бояуы бозалаң тартып, күн көтiрiлiп келедi. Маңдайыма жып-жылы шуақ құйылды.
Қатты ұйқыдан шошып ояндым. Бөлме iшi алагеуiм. Күнделiктер ашылған күйi жатыр. Орындықтың үстiнен жусанның, кешегi бiр уыс жусанның үзiлген жалғыз бүрiн көрiп, алақаныма салып, ақырын үрледiм. Күнделiктердiң шаңын сүртiп, жусанды арасына қаттап салдым. Әйнектен құйылған сәулеге алақанымды тостым. Күн шуағының жылуы бойыма тарап, тамырыма қуалай жайылды.
Бөлменiң iшiнен боз жусанның иiсi аңқыды...
Әлмерек, 1980 ж.
Түсінік: «Бір уыс жусан» – елес арқылы өмірлік шындықты, яғни, атом бомбасын сынайтын Дегелең полигонында тұрған, ақ қанның кесірінен 1979 жылы ерте солған туған қарындасы Төлеу марқұмның қыршын тағдырын шіміркендіре толғаған әңгіме. Әңгіме алғашында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Кейін жазушының «Бесқарагер» (1982), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты жинақтарға кірді. Белорусь (Мастацкая литература, ауд. М.Борейша,1984), қырғыз (Алатоо, ауд. Ж.Жәпиев, 1986), орыс («Бабочка под снегом», ауд. Л.Князев, 1991) тілдеріне аударылған.