Әлемді жайлаған құрғақшылық Еуропаға да қатер төндіруде. Италияда Гарда көлі тартылып қалды.Гарда кө...
Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде
Өскеменде Қазақстанның Халық әртісі қазақ театры мен киносының аңызы болған Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына байланысты А.Пушкин атындағы облыстық кітапханасында «Әмина: бүкіл ғұмыры - махаббат» атты ретро-фестиваль ұйымдастырылды. Мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде.
Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер коледжінің музыканттары орындаған Әмина Өмірзақованың қатысуымен түсірілген фильм әуендері, әсіресе, «Тақиялы періште» фильміндегі «Ана» әні, кітапханаға келіп, қазақ даласы түлеткен дарын иесіне тағзым еткен талай жастың бойында актерге деген асқан құрмет пен зор мақтаныш сезімін ұялатты.
Облыстық қызмет көрсету колледжінің студенттері ретро киімдер мен шаш қою үлгілерінің көрсетілімін ұсынып, Әмина Ерғожақызының қатысуымен түсірілген фильмдерде, өткен ғасырдың 50-70-ші жылдары қалыптасқан сән үлгілерін мейлінше жеткізгендей болды.
«Мұндай шаш қою үлгісін мен ертеректе апамның фото суреттерінен көруші едім... Өз ерекшелігімен әдемі екен. Бүгінгі күн талғамына да келетін сияқты. Тіпті, «ұқсас үлгіде бір көйлек тіксем бе деп» ойланып та қойдым» - дейді, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Қаламқас Дәулетова.
Әмина Өмірзақова Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновқа тәлімгерлік жасап, оның актер болып қалыптасуына ерекше ықпал жасаған өнер қайраткері. Бұл туралы, актердың жерлестеріне арнап жолдаған бейнебаяннан белгілі болды. Мұнымен қоса, Әмина Ерғожақызының өнердегі әріптесі, Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова, өнер майталманының бүкіл шығармашылық ғұмыры өткен Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры жанындағы музей жәдігерлері туралы жан-жақты баяндап жастар танымын арттырды. «Шабыт» студенттер театрының «Тақиялы періште» фильмінен ұсынылған жарқын сахналық қойылым да көрермен қуанышын еселеді.
«Әмина Өмірзақова - менің үлгі етіп, құрмет тұтатын тұлғам. Бес жасымнан оның өнеріне ынтықпын. Күміс күлкісі, жарқын жүзі, от жанары мен жайдары мінезі - мені әркез шабыттандырып, жігерлендіреді» - дейді театр тәрбиеленушісі Айбота Шанжин.
Әмина рөлдерін сомдау үшін жүректің батырлығы қажет. Бұған үлкен дайындық пен ішкі рухани қуат-күш қажет. Солай бола тұра, фестивальге келген көрермен қауым арасынан да сахналық обрздарды сомдап көруге асық жастар аз болған жоқ. Демек, Әмина - халық жүрегінде!
«Әмина Өмірзақова - Қазақстанның ұлттық құндылығы! Бүгінгі фестиваль - даңқты жерлесіміздің ғасыр тойын атап өтуге арналған кешенді шаралар легінің алғашқы парасы ғана. Алдымызда, ұлы есімді ұлықтар талай шаралар күтіп тұр. Олардың қатарында Семей қаласында өтетін республикалық театрлар фестивалінің орны ерекше» - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өз сөзінде.
Бұл айтулы шараға облыс әкімдігі бүкіл қазақстандықтардың шексіз сүйіспеншілігіне ие болған жерлесінің шығармашылығы мен өмірі жайлы кең көлемде мәдени-танымдық бағдарлама әзірлеу үстінде.