НҰРСҰЛТАН СІЗГЕ АЙТҚАНМЫН, ҚАСЫМЖОМАРТ СІЗ ТЫҢДАҢЫЗ!

ӘДЕБИЕТ
7625

Он бес жыл бұрын жазылған дүние еді. Бүгінгі биліктегі өзгерістерге орай, біраз ықшамдап қайта жариялағанды жөн көрдім. Мүмкін жаңа билік осы сөздерден қорытынды шығарып, елде жақсы өзгерістер болып қалар. 
***
Осыдан бірнеше ай бұрын ресми биліктің әділетсіз саясатына қарсы шыққаны үшін, қаза тапқан белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың асына бардым. Асты ақын Иран-Ғайып жүргізді. Өз сөзінде ол жиналған жұртқа, рамазан айында «Нұр-Астана» мешітіне барып, Аллаға құлшылық еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Адам мына өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» деп, ғибратты сөз айтқандығын әңгімелеп берді.

Ақынның осы сөзінен соң, мен іздеп жүріп газеттен Президенттің «Нұр-Астана» мешітіне барып, Аллаға құлшылық етіп отырған сәтін түсірген фотосуретін тауып алдым. Бұрын-соңды ол кісінің суреттерінің бәріне де селқос қарай салатын мен, сол жолы оның Құдайға құлшылық етіп отырған бейнесіне ұзақ үңілдім. Фотосуреттегі Нұрекеңнің жүзіне қарап, ол кісінің ендігі уақытта ана дүниені де ойлай бастағанын арқаммен сезгендей болдым. Ресми билікті қатты сынап жүрген менің жүрегімде ол кісіге деген аяушылық сезімім оянды.
Шіркін-ай, егер де жаңағы сөздерді ол осыдан он жыл бұрын айтып, шаш ал десе, бас алуға әзір тұрған әзірейілдер тәубасына түссе биліктің оспадарлығына қарсы шыққан Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы секілді саясаткерлеріміз оққа ұшпас па еді. Шындықты айтудан сескенбеген Нұри Мүфтах, Асхат Шәріпжанов, Батырхан Дәрімбет сынды журналистеріміз белгісіз жағдайда қазаға ұшырамас па еді. Бәлкім билік, елдің сөзін сөйлеген «Солдат», «Республика», «Жас Алаш» секілді тәуелсіз басылымдардың соңынан шырақ алып түспес пе еді. Мүмкін, қазақтың бүкіл байлығының игілігін Президент отбасының мүшелері мен билік басына шоғырланған азғантай топ қана емес, бүкіл халық көрер ме еді. Ең бастысы қоғамның санасын үрей билемей, адам сияқты өмір сүрер ме едік.

Ия, расында да адам баласы дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді. Көзі тоймай, араны ашылып, қанша байлық жинаса да, өлгеннен соң оған мына жалған тіршіліктен бұйыратыны – екі метр жер ғана. Бір өкініштісі біз осы шындықты өміріміздің соңында немесе дүниеде сенер адамымыз қалмай, жалғыздыққа ұшыраған кезімізде ғана мойындаймыз.
Күні кеше ғана бүкіл халықты жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязов дүние салды. Алла біледі, өзін Құдаймын деп есептеген, тіпті мешітке шейін өз сөзін жазғызып қойған Сапекең дәм-тұзының таусылғанын өлерінің соңғы сәтіне шейін сезген жоқ. Кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, өлерінен екі күн бұрын ғана Түркіменстан президентінің көңіл-күйі жақсы болған екен. Бірақ, амал нешік? Қанша күтушің болса да, өміріңді создырту үшін қандай амал жасасаң да Алладан жарлық түскен күні, сен бір сәтке де мына дүниеде аялдап қала алмайсың.

Түркіменстан президенті дүние салғаннан кейін мен ол туралы теледидардан берілген хабарларды арнайы қарап шықтым. Сапармұрад Ниязовтың қазасына қабырғасы қайысып, шын қайғырып сөйлеген бірде-бір адам болмады. Тіпті, Қазақстандағы авторитарлық билікті жақтап, жанын салып қорғап жүретін депутаттардың өздері «өлген адам туралы жаман сөз айтуға болмайды ғой» деп, журналистердің қойған сұрағынан оңай құтылып кетті. .

Өкінішке қарай Сапармұрад Ниязовтың аты түркімен халқының есінде өз елінде қатаң авторитарлық билікті орнатқан, оппозицияның бәрін қудалап, олардың белсенділерін түрмеге қамаған, көптеген өнер ошақтарын жаптыртқан, «Рухнама» атты кітап жазып, жұрттың бәрін соған табындырғысы келген Ел басшысы ретінде қалады. Бір діндар адамнан естігенім бар. Өз елінің азаттығын жеке басының мүддесі үшін пайдаланған адам о дүниеде тозақтың ең ауыр қабатына баратын көрінеді. Тәніміз өліп, жанымыз Құдайдың алдына барғанда біздің мына дүниедегі іс-әрекетіміздің бәрі де қаншалықты адал болғандығымызбен өлшенеді екен. Сенің о дүниеде бақытты болуың, мына дүниеде артыңнан қандай сөз еретініне байланысты көрінеді. Міне, сондықтан да рухы биік адамдардың жаны жұмақтың төріне көтеріліп, нұры пейіште шалқи береді де, дүниенің байлығына көзі тоймаған, жақынына жақсылық жасай алмаған пенделердің жаны тозақтың отына қарай төмендей береді екен. Бұл өмір адамның мәңгілік жұмағы мен тозағына барар алдындағы өтпелі кезеңі ғана. Екі аяқты саналы тіршілік иесінің ең ұлы парызы – мына өмірді адам құсап өткізу, Құдайдың берген ырыздығын адамның игілігі үшін дұрыс пайдалану. Бақ-дәулет, билік, өнер ... бәрі-бәрі адамға Құдайдан берілген. Алладан бұйырған байлықты жетім-жесірлер мен күнін көре алмай жүрген кедей-кепшіктің игілігі үшін жұмсаған дәулеттілер, әділетті қоғам орнатуға ұмтылған патшалар, басына қандай ауыр күн түссе де бойындағы өнерін сатпаған талантты адамдар, өз ұлтының мүддесін қорғап, шындықты айтқан зиялылар ғана о дүниеде Алланың шапағатына бөленеді. Ал, біздің «соқыр, мылқау, таскерең» қоғамда Құдайдың ризашылығын алуға лайық осындай абзал жандар қалды ма?

Қасиетті айт кезінде, халықтың имандылыққа бет бұрып жатқандығы туралы әңгімелер көп айтылғанымен, неліктен, біздің байларымыздың араны күннен-күнге ашылып, тойымсыз болып барады? Неліктен, біздің елімізде жемқорлық пен парақорлық қоғамның айықпас дертіне айналды? Неліктен, айдың күні аманда билікке қарсы шыққан саясаткерлеріміз атылып кетеді? Неліктен, «Бақай» мен «Шаңырақтағы» халықтың үйлері бульдозермен талқандалып жатқанда, біздің зиялыларымыз өз қазағын қорғаудың орнына Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетовтың сойылын соғып, туған халқына «қанішер» деп, қарғыс айтады? Егер халық «қанішер» болса, оларды осындай жағдайға жеткізген биліктің «кім» болғаны? Неліктен, біздің «өнерлі» жастарымыз өзінің әкесінен де үлкен ақсақалдарға сенің тарихшылығыңа, жазушылығыңа түкіргенім бар деп, өңешін жыртып айғайлады? Неліктен, біздің ақын-жазушыларымыз биліктің тастаған сүйегіне таласып, атаққа, мансапқа, кеудеге тағатын темір-терсекке құмар болып кетті? Ең қорқыныштысы, неліктен біздің қоғам кері кетіп барады? Неліктен, біздің ресми билік осындай сорақылықтардың бәріне жол беріп, ештеңе көрмегендей көзін жұмып отыр? Неліктен, қоғамда неше түрлі құйқа тамырыңды шымырлататын қылмыс жасалып жатса да, біздің халық ештеңе көрмегендей үнсіз қалады? Халқымыздың имандылыққа бет бұрғандағы сиқы осы ма? Неліктен тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жүздеген мешіттер салынса да, рухымыз күйзеліп, азып-тозып, жыл өткен сайын ұсақталып, хайуандықтан де төмен деңгейге түсіп, құрт-құмырсқаға айналып барамыз?. Құдай үшін айтыңызшы, неліктен?

ХХХ

Ия, расында да, адам баласы өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді. Жүрегінде иманы жоқ адамдардың билік басына келуі, кейде бүкіл қоғамды жалаңаштандырады. Ар-ұяттың бәрін де бойынан сыпырып тастаған ол қоғамдағы адам, ендігі уақытта амалдап, хайуанша жүріп күнін көреді. Қоғамда жасалып жатқан әділетсіздіктердің бәріне де көзін жұмып қарайды. Міне, сондықтан да біздің бүгінгі қоғамның табытта жатқан жалаңаш мәйіттен айырмасы шамалы.

Басқаларын білмеймін, айт мерекесі кезінде мен ылғи да жүрегімді қалай жұбатамын деп қиналамын. Қасиетті айт кезіндегі бір-бірімізге көрсететін жасанды ылтипатымыздың кімге керегі бар? Маған ылғи да айт мерекесі өзіміздің жалаңаштанған сықпытымызды жасыру үшін жасалған көзбояушылық секілді болып қана көрінеді. Ұлы Жаратушыны шын жүрегімен сүймейтін, Алланың жолынан адасқан біздің қазақ бір күн ғана Құдайға құлшылық етіп, қалған жыл он екі айдың бәрінде жалғанды жалпағынан басып, өзінің арсыз тірлігін жалғастыра бергісі келеді. Өтірік ғұмыр кешуді - өмір сүруінің негізгі тірегіне айналдырған ХХІ ғасырдың қазағы – қасиетті айттың ең ұлы парызы құрбандық шалуда ғана емес, Алланы шын жүрегімен сүюді үйреніп, имандылыққа бет бұруда екенін мүлде есінен шығарған.

Міне, сондықтан да жыл сайын келетін құрбан айт мейрамы шынайы махабатты сезіне алмаған қазақтың жүрегін қуанышқа бөлеген емес. Өтірік таным, өтірік мораль, өтірік қоғам, өтірік саясаттың соңынан ерген біз шынайы бақыт дегеннің не екенін мүлде ұмытқанбыз. Аста-төк мол байлығымыз, кең байтақ жеріміз болса да ізгілікті ойларымыз алдыға жылжымағандықтан – біздің қоғамның миын май басып барады.

Орыс жазушысы Гоголь «Достармен сырласу» атты ғажайып еңбегінде «Адамның бойындағы ізгілікті ойы алға жылжымайынша, қоғам ілгері қадам баса алмайды» деп, жазыпты. Ал, ар-ұяттың не екенін ұмытып, сатқындыққа бет алған біздің қоғамның ізгілікті ойы алдыға жылжуы мүмкін бе? Екіжүзділік пен жағымпаздықтың арқасында күнін көріп жүрген бейбақтардың сатқандығына өкпелеудің де, қорқудың да қажеті шамалы. Алайда қоғамның ізгілікті ойын алдыға сүйреуге тиіс, халық үміт артқан азаматтарымыз өзінің бойындағы ар-ұятын сата бастаған заманда расында да Отаныңның келешегі үшін қорқып, «иман сақтайтын қорықпас жүрек, айнымас көңілдің» (Абай) қалмағанын сезініп, санаңды үрей билейді екен.
Жүрегінде иманы, ақылында сәулесі бар азаматтар билік басына келіп, Құрандағы Алланың сөзі өмірдің заңдылығына айналғанда ғана адамның бойындағы ізгілікті ойы алдыға қадам басады. Батысты қанша жамандағанымызбен, ол жақтағы халықтың бақытты өмір сүретіндігінің ең басты себебі, ол елдегі протестанттар мен католиктер Тәурат пен Інжілдегі Құдайдың өсиетін, өмір сүрудің басты қағидасына айналдырған. Батыста біздегідей бір үлкен мінберден айтыла салған сайтанның сандырағы емес, адамның ақыл-ойы мен еңбегі бағаланады. Ал, біз болсақ, Құдайдың өсиетін бұрмалап бетіміз былш етпестен мұсылманбыз деп мақтанамыз-ау!

Мұсылманбыз! Адамгершілік, мейірімділік, адалдық, шынайылық, ізігілік секілді жүрегіміздегі періште сезімдеріміздің бәрін де өз қолымызбен буындырып өлтіріп, ұялмай-қызармай мұсылманбыз деп мақтануымыз нағыз сайтанның тірлігі емес пе! Мұндай мұсылманшылық, қай халықты бақытты қылып, қай халықты ұжмаққа жеткізген. Халықты өтірік өмір сүруге үйретіп, оны арамдыққа, сатқындыққа, екіжүзділікке баулитын мұсылманшылығымыздың, барынан жоғы жақсы емес пе. Шынайы имандылыққа бет бұрған адам ғана мұсылман бола алады. Ал, нағыз имандылық әділетті қоғамда ғана өмір сүреді. Сол себептен де Алланың өсиеті Құран-кәрімде «О дүниеде Алланың ризашылығына бөленуің, мына дүниеде қаншалықты әділетті болғандығыңа байланысты» деп, жазылған.

Адам баласы Алланың жердегі кішкентай көрінісі болғандықтан, оның жаны ауыр қиындықтардың бәріне шыдағанымен, әділетсіздікке төзбейді. Тарихты оқып көріңіз, әлемдегі ең ұлы қантөгістердің бәрі де халықтың өзіне жасалып жатқан әділетсіздігіне төзбегендігінен туындаған. Құр босқа даурығып, өтірік айғайлай бергеннен гөрі, бір сәтке болса да, ойланып көрейікші. Әділетсіз қоғам орнатып жатқан біз, халқымызды қантөгіске әкеле жатқан жоқпыз ба? Неге біздің билік өзіндік ой-пікірі бар азаматтардың бәрін де халық жауы көреді? Неге біздің қоғамда адамның ақыл-ойы мен парасаты емес, оның қаншалықты билікке жағымпаздана алатын қабілеті бағаланады? Неге біздің ресми басылымдар тек оппозицияны қаралаған мақалаларды ғана береді? Неге біздің елімізде халықтың бәрі тоңып секіріп жатқанда, билікке жақын атқамінерлеріміз ойына келгенін істеп, тойып секіреді?
Ұмытпасам, осыдан бір-екі жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде сыншы Әмірхан Меңдекенің бір мақаласы жарық көрді. Мақалада бір үлкен кісінің туысқанының баласын сүндетке отырғызып, ұлан-асыр той жасағаны айтылыпты. Сыншының айтуынша, Абайдың, Мұхтардың, Жамбылдың, Махамбеттің тойы да дәл осындай дәрежеде өтпепті. Бәйге ұйымдастырылып, оған оннан астам джип тігілген. Той әбден қызып, шарықтау шегіне жеткенде, шектен тыс астамсыған той иесі жұрттың үстінен бірнеше вертолетпен кілең бес, он мыңдық теңгеліктерді жаңбырша жаудыртқан.

Мақаланы оқып шыққаннан кейін, қазақ халқының біртуар перзенттері Абай, Мұхтар, Жамбыл, Махамбеттің тойларынан да қымбатқа түскен бұл не деген «әтпішау» деп, басымды шайқадым. Кейбір адамдар нанға ақша таба алмай отырған заманда, дәл осылай астамсу халықты қорлау емес пе? Ал, халықты қорлау мен Құдайды қорлаудың еш айырмашылығы жоқ. Себебі халық –Құдайдың бір аты.

Әділеттілік болмаған қоғамда, адамның бойындағы адалдық, мейрімділік, тазалық секілді асыл қасиеттері емес, керісінше, екіжүзділік, алаяқтық сынды арам қабілеттері бағаланады. Осылайша бірте-бірте қоғам жақсы менен жаманды айырудан қалады.
Ендеше біздің қоғамдағы сана-сезімнің суалып, тіршіліктің қатігезденіп, адамдардың ар-ұяттан айырылып, жан дүниесінің жалаңаштанып бара жатқаны үшін халыққа өкпелеуге бола ма? Халықты дәл осындай сормаңдай күйге жеткізген кім?

Қазақстанның бүкіл байлығын шет елдік алпауыттар қалайша тонады? Халықтың денесіне аш кенеше жабысып алып, сүлікше сорса да тоймайтын, имансыз атқамінерлер билікте неге қаптап кетті? Қазақстандағы бүкіл ақпарат құралдары шықпа жаным шықпамен, әрең күнін көріп жатқан еліміздің шынайы тұрмыс-тіршілігін жасырып, неге тек бір жақта ғана мәлімет береді? Еліміздегі бизнесмендерге қырғиша тиіп, күн көрсетпей жатқан кім? Олардың жазушы Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы өз ауылын шабатын Тәңірберген мен орыстың оңбаған солдаттарынан қай жері артық? Қазақтың несібесіне бұйырған жер асты, жер үсті байлықтың игілігін халық қашан көреді? Мұнайдан түскен миллиардттаған доллар ақшаның рахатын кімдер көріп жатыр? Біздің елімізде билікке қарсы сөз айтқан кәсіпкерлер неге жауапқа тартылады? Басқасын айтпағанда, Парламент те, үкімет те қазақ халқының ХХІ ші ғасырдағы қасіретіне айналған, келешекте халқымызды құлға айналдыратын жер сату туралы заңды қандай мақсатпен қабылдады? Әрі-беріден соң, сатылып кеткен жердің үстінде отырып, біздің шалған құрбандығымызды Құдай қабыл ала ма? Қазақтың жері үшін жанын берген біздің ата-бабаларымыздың аруағы жерді сатқан ұрпағының бұл ісіне шынымен разы ма?
Бәріміздің де көкейімізде жүрген осы сауалдарға жауап таба алмасақ, мына дүниеде бізді халық, ана дүниеде Құдай кешірмейді. Егер құрбан айт мейрамынан кейінгі біздің қоғамның имандылыққа бет бұрғаны рас болса, жанымызға тыныштық бермей жүрген осы сұрақтарға жауап берсін. («Қасиетті айт» атты эсседен. 2015 жыл)

Амангелді Кеңшілікұлы
author

Амангелді Кеңшілікұлы

СЫНШЫ

Қоғам

Джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 мәрте әлем чемпионы Жібек Құлымбетоваға сүйіктісі үйленуге ұсыныс жа...

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...