Еріктілерді жақындастырған жарыс: Астанада дәстүрлі «Volunteer Fest» өтті
Фото: MadeniPortal.kz
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, КММ «МРЦ «Астана жастары» Халықаралық волонтёрлер күніне орай дәстүрлі «Volunteer Fest» тимбилдинг-байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Биылғы шара ерекше форматта – спорттық сайыс түрінде өтті. Тимбилдингке 50 волонтёрлік ұйымнан 100-ден астам қатысушы жиналып, бір күн бойы командалық ойындарда бақ сынады. Іс-шараның негізгі мақсаты – жылды қорытындылау, волонтёрлік ұйымдар арасындағы достықты нығайту, тәжірибе алмасу және белсенді жастарды ынталандыру.
Тимбилдингтің мақсаты мен ерекшелігі
Астана жастары Жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Сапарәлі Арайлым биылғы жобаның маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін 5-желтоқсан – Халықаралық волонтёрлар күніне арналған Астана қаласындағы волонтёрлық ұйымдарға арналған командалық ойындар, яғни тимбилдинг ұйымдастырылып жатыр. “Volunteer Fest” жобасы дәстүрлі түрде 4-рет өтуде. Алғашқы жылдары бұл жобаны концерт, жылдың үздіктерін анықтау форматында өткізетінбіз. Биыл формат өзгеріп, спорттық форматқа алып келдік. 50 волонтерлік ұйымнан 100-ге жуық қатысушы қатысып жатыр».