Әбіш Кекілбайұлы тәржімалаған өлеңдер

АУДАРМА
1513
Әбіш КекілбайұлыИСИКАВА ТОНУДОКИ

Тағат таппай тосып жүрмін өлімді –
Шипа ғой сол жазатын бар жараны.
Жүрек сыздап, жүрек сыздап барады...

1959.

ДАҒЫСТАН ӘНІ

(Әфенді Капиев кітабынан)

Көрімнің топырағы сорығады,
Сен мені ұмытасың, асыл ана.
Бауырлар мені аңсаудан торығады,
Шөп шығар қабірімнің басына да.
Тоқтатар әйелім де зарлы үнін,
Достар да тарар тағдыр сапарына.
Жалғанда ұмытпас тек жалғыз ұлым,
Жатқанша өзімнің кеп қатарыма.

04.1959.
ЛЕРМОНТОВТАН

Жексұрын қып тілдей берсін жұрт бізді,
Біздің жұмбақ татулықты ұға алмай.
Асау жаның ширықты да, жіпті үзді,
Қосағыңа тіркеп қойған бұзаудай.
Бұл дүние әулиесі алдында
Тізе бүгіп жалбарынып жатпадым.
Өзім де одан сүюдің де, зардың да
Өзіңе ұқсап еш нышанын таппадым.
Мен де өзіңдей айқай-шуды үдеттім,
Көзіме іліп, еш адамды аңдамай.
Ғұмыр сүрем қамы үшін тек жүректің
Сырласамын есті, ессізді талғамай.
Бағаламан бұл жалғанның қызығын,
Тек әйтеуір кісі танып үйрендік.
Біз бұзбаспыз сыйласудың құзырын
Өзімізді арандатпас күйге ендік.
Жұрт ішінде жатпап едік білісіп,
Жарасып ек, тарасармыз, қиын ба?!
Жүрдік қой тек қуанышсыз сүйісіп,
Шерсіз, зарсыз алыстармыз қиырға.

1959.
ҚАНЖАР

(Расул Ғамзатовтан)

Абдырадым, қанжар, сені ап төрімнен,
Қынабыңнан әзер-әзер суырдым.
Ешкім сені көрген емес белімнен.
Жұлдызы емен жанжалы көп дуылдың.
Қалған екен, ақ алмасым, шаң басып,
Соны сүртіп, саған маза бермедім.
Тентек жүзің кеңірдекке жармасып,
Кісі түгіл құс өлтіріп көрмедің.
Босқа тұрдың. Соны ойласам, мүжілдім,
Қызыл қанға оты шауып қайқайдың.
Кейде сынап лыпылдаған жүзіңді,
Сақал-шашқа ұстара қып байқаймын.
Маған басқа тыныш қару тиіпті,
Сендей емес қылпылдаған, құбылған.
Көзім неге ақ жүзіңмен сүйісті,
Несіне онда суырамын қыныңнан.
Дәмем бар ма қиқу салар бір шақтан,
Ондай күннің естілмейді хабары.
Момын жауын ағыл-тегіл бұршақтап,
Сыртта ақырын әйнегімді қағады.
Сонда неге сақтадым деп, апыр-ау,
Анда-санда аңқау жыршы аңырар.
Тіл бітсе егер, дер ең сонда: "Бәтір-ау,
Бәрісібір бойыңда тау қаны бар".

1959 ж. 1 желтоқсанда аударылды.
ГЕЙНЕДЕН

Тағдыр мынау жемістің
Қайсысын маған арнаған:
Анасы – ару келісті,
Қызы да одан қалмаған.
Анасына ауса ынтам,
Кербез көрік мас қылып.
Балбырай піскен балғын тән,
Тамсантады жас қылық.
Көңілге түсті қайғы шын:
Есектен жоқ айырмам,
Қос маяның қайсысын
Тапарын білмей аңырған.

1960.

САЛАУАТ ЖЫР
(Гейне)

Мен – ақ семсер, мен – жалын!
Түнекті түрдім жалтылдап,
Шатырлаған шайқастың
Алдында жүрдім жарқылдап.
Жайрап қапты жан-жағым,
жеңіске жеткім – самғадым,
Жеңіске жеттім самғадым, жайрап қапты жан-жағым.
Дуылдап өңшең дабылдар таратса жеңіс хабарын,
Естіледі құлаққа қосылған оған қаралы үн,
Қуануға, налуға уақыт жоқ бірақ та, –
Күркіреді аламан,
Құтырды шайқас жаңадан.
Мен ақ семсер, мен жалын!

1960.

ӨМІР ҚАҒИДАСЫ
(Гейне)

Көп болса егер қазынаң,
Көбейеді бағыңа.
Аз болса егер, азынан
Айырыласың тағы да.
Жоқ болса, одан көр тәуір,
Тірлікке тек жараған,
Аз да болса, әйтеуір
Бірдемесі бар адам.

1960.


ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВТЕН

УА, АҚСАҚ ТЕМІР-ХАН
Менде қалған еркек кіндік екі түмен,
Сенде болса жиырма екі.
Боғдыханның маған тартқан сыйымен
Қытай Му Чин қияң жолда терлепті.
Алтын өрнек қос кілем мен қос қазан,
Меруерт тойнақ алмас қылыш тағы бар.
Сен кепсің де, Алматауым боп тозаң
Орнында тек шаңы бар.
Еркек көрсең қосыл алып сапыңа,
Екі-ақ түмен қапты менің қолыма.
Му Чин дәруіш тап болды-ау деп қапыда
Аза қылды менің мынау сорыма.
Кәрлендім де,
Жаһаннамның түбіне оны жібердім,
Тентек Темір, шық енді өзің айқасқа.

НҰРЛЫ ТҮНДЕР

Сендей-сендей ақсақтарды нан қыла да білемін
Сен темір болсаң,
Ақ алмас қой мынау семсер ай қасқа.
Екі қанжар жата ала ма бір қын – жаңғыз ұяда,
Екі батыр, сірә да
Жер бетіне сия ма?!
Көк найзаны бір былғайын
Сенің жоның майлы еді,
Көк семсерді бір сүртейін
Сауыр терің
Мақпалдан да, басқаңнан да
Жайлы еді.
Құйын болып құйылып кеп бір күні
Қара құрым қамалыңды қара құл қып кетермін.
Алма мойын ару қызың бұлбұлды
Күлге жығып, көпке күлкі етермін.
Жоқ!
Енді бос сөз бұның бәрі.
Адыра қалған Алматауды
Талақ қылып кетемін.
Талшық етіп егіп тары
Жарлы ауылда бір жақыбай
Жабығумен өтемін.

АРҒЫМАҚ

Қыпшақтардың ой-хой, құба жондары-ай,
Жер тарына тұлпарын айт, тұлпарын!
Шар айнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға-көк кілемге
Сүртіп мүйіз ұлтанын.
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім
Шапшып-ақ тұр,
Оны қалай басамын.
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып көк жалынға
Нөкер болып артымда ақ шаң топтансын.
Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,
Шабайықшы шаң қондырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне.

КУМАН ЖЫРЫ

Уа, баба!
Кездессе айқас-қате жер,
Сонда мені желеп-жебеп жата көр.
Жапан түзде жаңғыз өскен бәйтерек,
Иір мойын бұтағында бір күні
Қыл шылбырға қылша мойын ілінер.
Қорамсақта көп-ақ әлі жай-жебе,
Тұлпарымның тынбас бір сәт дүрсілі,
Соңғы айқаста ең соңы боп сүрінер.
Әне, әне жұлдық ақты аспаннан,
Адал жарға ант берместен аттанбан.
Антты аттасам – мойын міне, бас міне,
Жан жарымды сүйдім аппақ қолынан,
Үркітпеймін аққу түгіл үкіні.
Уа, аруақ,
Балатонды сілтеп бер,
Аттанайын,
Қап қоймайын
Жолымнан.
Кетем маңып енді қайтып келмеске,
Тастап артқа
Көк тайғақта
Көп кесе боп көрінер
Көп із жосып,
Жаңбырдан соң
Су ішсін деп,
Сонда дұшпан
Өзім құсап
Өңеші кеуіп өлмеске.
Жатсын алда даңғыл жол тек,
Жатсын алда ұлы жол.
Жолсызда атым
Шаба алмайды
Бауырлатар құмы мол.
Әне ағып түсті менің жұлдызым,
Шешемін де шалбарымды
Көмілем,
Шағып құмды басқа үйіп.
Жатам ұйықтап,
Жатамын сақ
Тасбақадай тас түйін.


ЖАЗ, ТҮН ОРТАСЫ, АУЫЛ, ЕСЕКТЕР...

Алау оттың алақ-жұлақ
Жалынындай жалт-жалт етіп,
Ой түседі, ой қашады:
Албырт еркек алабұртып
Тар төсекті сындырғаны,
Ару қыздың қалған үркіп
Аяқ асты шыңғырғаны...
Биші жігіт қолындағы
Ақ семсердің жалтылдағы.
Жас тоқалдың қойындағы
Ақсақалдың алқынғаны.
Атағымды ұмытпасаң –
Қарғыс болып жабысады.
Қас жауымның атын айтсаң,
Қаса дос боп табысады.
Көресің бе, қара мұнда,
Бақыт өзі билеп түр ғой.
Кесе толы шарабыңда
Күміс сыңғыр күйкеп тұр ғой.
Ендік, бойлық құшақтасса, –
Тау құшады қасқа дала,
Құмда қалған қу бастарша
Теңкиеді тас бақалар.
Қапалансаң, тыңдашы бір
Қырдың желін тұрған есіп.
Түнгі ауа мұңдасып тұр,
Сені, мені жырға қосып.
Өзіңді бір көрсем дедім,
Көрсем дедім – көз ілмедім.
Көк өгіздің үй сүзгенін
Келе жатқан өзің дедім.
Ұйқы деген қараң қалып,
Таптырмады төсек тағат.
Қолыма дәу таяқ алып
Келейінші есек сабап.
Пай, пай, шіркін шырағым.
Сымбатыңа болайын.
Қаз мойыны қайқайып
Бұрқылдайды-ау бурадай.
Қарашы алған деміне,
Таудың ақ сел тасқыны
Тең келе ме шеніне.
Жаудың өті қолымда,
Қуып келіп жылқысын
Қараны берсе, қайтарам.
Қап-қара жүрек секілді
Домалай біткен сауыры-ай.
Жүз бұрымды сұлулар
Бетін жыртып жылайды,
Олардың мамық кеудесін
Қорқыныш пен құшарлық
Қосарлана тырнайды.
Жаспын өзім қызу қан,
Жарлымын және қызыл сан,
Жалықтым ит тірліктен.
Қабырғасын күйретіп
Ханды көрсем құл етем,
Кеудесіне бір теуіп
Ақыретсіз-дәретсіз
Алласына жөнелтем.
Баданасыз, басқасыз
Көк семсерім жалаңдап
Көк теңізге жетемін.
Берсең бердің қолыңнан,
Бермесең егер жолыңнан
Қаңтарулы қара атқа
Қарғып мініп кетемін.

ҚЫЗ ҚУУ

Жетсейші қуып, жігітім,
Жігітім, қуып жетсейші.
Жүректе өрттей үмітім,
Жетсейші қуып, өпсейші.
Аяма, бас қамшыны,
Аяп атты не керек?
Салса жүрек бар шынын,
Жетер еді-ау жебелеп.
Қалды қараң үзіліп,
Жетті қуып сумаң жел.
Көріп жатыр сол қызық,
Сондық болды бұраң бел.
Кеудесе де бас қойды.
Қойды-ау мына ит аймалап.
Атың неге қап қойды,
Мазақтайды ай қарап,
Мазақ болдым тағы да,
Талды қолым тізгіннен,
Жара салды жаныма
Құрып кеткір қу халық,
Құрып кеткір қу халық,
Құрып кеткір қу халық,
Нағыз батыр жігітке,
Нағыз батыл жігітке,
Нағыз асыл жігітке
Тұлпар деп тұғыр мінгізген.

ҚЫР ҚАЗАҒЫНЫҢ ҰЛЫ РИШАД

Алтын зерлі телпегімді қап алып,
Көзімдей көр, бүгін-ертең аттанам.
Әкең сенің сырт айналды сазарып,
Әлде осылай түсе ме еске жас заман.
Ару ана жанарынан от тамған,
Мәз-мәйрам боп жатыр о да, қараймын.
Ришаджан аумай қапты испаннан,
Француздан туған ұлы адайдың.
«Небраска штатына жүрсеңіз,
Пай-пай, шіркін, далалары дала-ақ қой.
Жантақ, аптап... Бір жүйрікті мінсеңіз,
Шапсаңыз кеп сауырға шаң жолатпай».
Қырындай бір құлшына ұшқан жем іздеп,
Бал-бұл жанып алабұртқан бала өсем.
Жаз болса, жұрт жөңкіледі теңіз деп,
Ришадтың есі-дерті дала екен.
Сомбрероны лақтырып, телпекті
Шекеге сап, бас қамшыны сауырға.
Қара шашты қақпақыл қып жел кетті,
Қарама, ызғыт, алда құз ба, бауыр ма?
Айда, бала, қарлықсаң да қиқула,
Ақын жаны аттан бетер елірді.
Жылады әкең шыдай алып тұрсын ба,
Жанымдағы мұз еріді, жел үрді.
Небраска штатына барар ем,
Туған қырым кетпей қойды түсімнен.
Онда осындай құбақай сұр даламен
Шауып-шауып шапағатты түсінгем.
Адайымның даласына аттанам,
Шіркін, оның жантақ аптап, аязы-ай!
Құйындатар шаң да табам, ат табам,
Енді еліме аттанам
Ештеңеге қарамай.

МӘМБЕТ БАТЫРДЫҢ ДАР АЛДЫНДАҒЫ ДҰҒАСЫ

Біссіміллә, біссімілә!
Айқаста жортып айшылық,
Кеңірдектен кекке малшынып,
Шайқас десе елірген
Ер едім-ау.
О тоба-ай!
Ер үстінде туып ем,
Бұралқы иттей бұғаулы,
Күлкі боп күллі шаһарға
Жер үстінде келемін.
Оп-оңай бәрі, оп-оңай!
Қанды көбік ат тері,
Қалың қол қаһар ұраны –
Есімнен бәрі шығыпты.
Таң ата мені қақ бөліп,
Қоламтаға шығады.
Қалың қол жыққан айбыным,
Қалың жұрт ыққан айдыным –
Бәрі де енді ұмытты.
Қайқаңдаған қатындар
Қаһар да енді жоғалды.
Қаймақшыған ашу бар
Қайқы қылыш мен едім,
Өне бойын тот басқан
Қу қаңылтыр боп алды.
Әзәзіл жүрек абжылан,
Абжылан емес, Жүрегім –
Жұлмаға түскен лашын.
Енді қайтып бүремін?!
Шайқас та ұмыт атқыған
Айналаға жылы қан.
Долы өрт те ұмыт шапшыған,
Алланы да ұмытам.
Шығарам бәрін есімнен,
Ұлы ызаға булығам,
Бар пәтуам – бұл дұғам.
Уа, аруақ! Әнеки,
Шөлге шөккен ай тұрды,
Түйелер өріп барады
Бағытқа алып шағылды,
Ақ буыршын жараулы
Ақ інгенге шабынды.
Қазанда сүт шыжылдап,
Қызыл жалын жалайды.
Іші пысқан төбеттер
Бірін-бірі талайды.
Жатырмын мен бүгін де
Зымыран зындан түбінде
Көңілге көп ой қоралап.
Тас төбемнен қолыма
Жарты күлше жарық ай
Келе жатыр домалап.

БЕТПАҚ ДАЛА

Бедірейген тыр жалаңаш
Бетпақта Ел көзінен ұялатын бет қап па?!
Астымда атым аштан әбден бұралып,
Кегежектеп кейін тарта береді,
Тізгіннің де болмай қалды дегені.
Бетпақ дала.
Жол дегенді атама,
Жазған қазақ жарылған ба қападан,
Құла, дүзді кезе берген шиырлап,
Тайпақ ерде тайпаң жүріс жиі ырғап.
Жүз жол жүрсең, жүзін де шөл матаған,
Қалған мұра атадан.
Тас бауыр көк қыздырғандай табанды,
Тас төбеңнен таскөмір боп шағады,
Есуас шөл есіңді алып барады,
Топ-топ түскен тұяқтардың ізінде
Аппақ саздан аппақ жалын жанады.

РОССИЯ

Біздің мекеніміз қашан да қатар адымдапты. Бұл мені де, сені де бүйірге батып тыншытпапты.Сен мені хазар дедің, қайсақ дедің, маңғұл дедің, ақыры қазақ атандың-ау, әйтеуір.Сенің емін-еркін өмірге құлшынған, жандарын атағымды алды. Мен сенің бура тірсек мығым жылқыларыңды өз жылқымдай ала дедім, құла дедім, алаңа Сарытау, Самара деп ат тақтым. Арбалы аттан шығарып, Арбатыңды Арбат атап кеткен де мен. Мен саған жүрек жұтқан ержүрек ерлеріңнің делебесін қоздырар ұран бердім: «Ур-ах!» («Аруақ»). Осы бір қаһарлы қиқумен өзің тәуелсіздікке жеттің, осы бір қаһарлы қиқумен өзгені тәуелді еттің.
Россия!
Бір жұтым су аңсап, кенегесі кепкен далама Еділдің лайсаң селі боп ақтарылдың. Батпан тастар тұңғиық тереңге батып, шаң-тозаң мен шөп-шалам қалқып су бетіне шықты.
Алайда Еділдің етек-жеңін кері жиып алуы-ақ мұң екен, қайыр құмның орнына тебін салған көк майсаны көрдік.
Сен XX ғасырдың бостандығы үшін феодалдық ғасырдың бостандығына қол салдың.
Сенің зеңбірегің от шашқан көмейіне ілесіп, Пушкиннің өлеңі келді.
Бұл бір қар аямаған қатігез жеңісіміз болды. Сенің де, менің де.
Россия!
Біздің қыр жолдарындай көл-көсір ұзақ, қыр бұлағындай мөп-мөлдір төбе-құйқаңды шымырлататын сап-салқын әндерімізде де бірге әуендеп, бірге қалықтады.
Біздің тәніміз туысқандар зиратының бәрінде де қатар жатыр.
Саған келген аштық та, маған келген аштықтан айырып алғысыз.
Сәт сағаттарымыз да солай.
Күннің күннен аумайтыны сияқты бақытымыз да ұқсас. Өйткені, ол ортақ.
Россия.
Москва түбіндегі үйлердің сабаны салбыраған ыс-ыс, күйе-күйе төбелері, көк аяз картоп пен сыптима сырмақ кеудешіктер, шекпен шұға мен шетке жүк таситын вагондардағы қап-қап бидай. Нағыз бебеу қаққан бос құрсақ, жылдарда, Германия қолы өзіңді тонап, Германия етіп өзіңді талап жатқан тұста, сен Еділ бойымен Қостанайдың аш балаларының аузынан жырып, орта қап қара ұныңды Тельман революциясына жөнелтумен жаттық.
Сен жұртқа қан базар сахи болсаң да, өзіңе қан шықпас сараң болдың. Сен, кәрі жампоз, мынау әлемде өзіңе істеген игілігің өзгеге істелген зорлық екенін жақсы білесің. Адамзат жарының ең асыл қасиеттері бүгінгі күннің үрдіс саясатына айналғай!
Россия!
Сені талайлар билеші, мені талайлар қорлапты. Біреулер менен тартып алынған феодалдық бостандықты сенің XX ғасырдағы бостандықтың етпекші болды.
Сені Азия деседі. Сонда мен төбем көкке жетіп, масайрап қаламын. Сенің үніңде көне жырлардың балауса әуендері сайрап-ақ тұр.
Азия! Анам Азия!
Сені қорлайтындар сенен қорқады да. Олардың мені ұнатқаны сені де ұнатқаны.
Сен бір үлкен қаланың төбесінен күн кетпейтін шет пұшпағысың, сенің саяң – тозаң басқан теректер, сенің сусының – кейде шапшыған, кейде қақсыған арың тар. Сай-сайыңның бойында шашылып жатқан тағы өрік. Аузын араңдай ашып әбден қаталаған сандуғашың сайраса алқызыл ала гүлге бір тамшы су тамызар ма еді, деп тамсанады. Тіпті бөрі екеш бөріңе дейін қарнын сықап тойынып алған соң аузын ашып, көзін жұмып, гүл ажарын мадақтайды.
Мәдениеттің ұлан-асыр қос мұхшының қақ ортасында көпір боп көсіліп, бір жер жатыр. Ол бағы мен бағзыны, болашақ пен болашақты табыстырып, қауынтырып тұрған көпір.
Россия!
Сенің тәж кимеген падишаларыңның аттары әсем мен абзалға деген ақ омырау адал махаббаттары үшін күллі әлемге мәшһүр болды. Бұл сенің аруағыңды асырып ұлы атандырды, тіліңді де, жеріңді де молайтты.
Россия!
Сұлу әндей сықырлап-ақ тұрған есім! Көмейімдегіні айтқызбай танып отырған сырлас досты көргендеймін. Біз кемісі жоқ кемелдігін іздеп шарық ұрамыз, оны ойлап шығарған да өзіміз. Біздің бүгінгі ойымыздың сипатына қарап ертеңгі шындықтың сымбаты бой түземек.
Менің бүгінгі жақсы лебізім – ертеңгінің жарым ырысы, келмек күннің керемет шындығы. Мен дәйім мынау табиғатта әлде қаңдай бір абзал құбылыс жүріп жатқанын сезіп отырамын. Ол бір көл-көсір кеңпейіл құбылыс; Менің ойымның кеңпейіл болатыны да сондықтан.
Россия!
Мен сан соғыста қаза болған әкейлердің айта алмаған, айтуға үлгіре алмаған, айтқысы келген барша сөзін жұртқа жар сап, жария еткім келеді.
Жер бетіне «Уралап» санды шапалақтауға әрі кеш, әрі ерте.
Бірақ:
«Бейбітшілік жасасын!» деп қанша айтсақ та көп емес.
Күллі мекен біздің ылғи да қатар шырқаған әніміздей ылғи да қатар адымдаған.
Россиям менің!



САЙГЕ-ХОСИ

Бұл жалғанды қой, тегі,
Суалған гүлдей солмақ жұрт.
Әп-сәтте өшіп хабарым,
Мен де семіп қалармын.
Амал не, өзге тағдырды
Қайдан іздеп табамын?!


КЮДО-САКИ-НО ДАЙДЗЕДАЙДЗИН

Жел жұлып ұшып жапырақ,
Суықтан гүлдер суалып
Қар жауған жоқ...
Ағарған –
Қарттық жалған шашым ғой.
Жапырақ емес семетін,
Қызыл гүл емес өлетін,
Дүниеден өшетін
Мына менің басым ғой.


ЖАПОН ПОЭЗИЯСЫНАН

ИССА

* * *

Байғұс құс жауы тор құрған
Қамығады, қараса
Көбелекке шарқ ұрған.

* * *

Күн ертең терек кесілмек,
Аңқау торғай басына
Ұя сап, түлек өсірмек.
author

Әбіш Кекілбайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...