Қазақтың біртуар перзенті, ағартушы-этнограф, тарихшы, шығыстанушы, фольклоршы, географ ғалымы Шоқан...
Айдие Айдарбеков - Нью-Йорк киноөнері академиясының магистранты
Шығармашылығын кітап жазудан бастап, сценарий жазумен сабақтаған Айдие Айдарбеков қазіргі уақытта бағын кино саласында сынап жүр. Күні кеше кішкентай ауылдан шыққан программист жігіт, бұл күнде киноиндустрияның жүрегі орналасқан "HOLLYWOOD" төбешігінде тұрып, Нью-Йорк киноөнері академиясының "Кино. Режиссура. Телевизия" мамандығы бойынша магистратурада білім алады. Оның ең үлкен арманы бүкіл әлем қызығатын сапалы қазақстандық кино жасау. Туған жерінен жырақта жүрсе де еліміздің кино саласының дамуына үлесін қосуда тынымсыз еңбек етіп жүрген, арманы асқақ отандасымыз - Айдие Айдарбеков.
Айдие 1992 жылдың 8 қарашасында Қарағанды облысында дүниеге келіп, Ақмола облысында, Жақсы ауданында өскен. Қарапайым ауылдың баласы 18 жасқа дейін туған ауылынан шет шықпаған. Ал шетелде небәрі 2 жыл бұрын ғана болып көрген екен.
Өзінің шығармашылық адам екендігін біле тұра, ата-анасының қалауымен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Компьютерлік жүйелер және кәсіби білім» факультетіне түсіп, бакалавр, одан кейін магистратураны аяқтап, техникалық ғылымдар магистрі атанған.
Өз мамандығы бойынша бірнеше жыл қазақстандық және шетелдік ірі компанияларда табысты еңбек еткен. Тіпті өзінің мамандығынан тыс Street Workout спорты федерациясы президентінің кеңесшісі, Ұлттық компанияда баспасөз хатшысы, PR, IT саласында басшылық қызметтерді жұмыс істеген.
Шығармашылыққа келуі фентези жанрында "Спуститься с Небес" кітабын жазумен басталған. Сонымен қатар ол республикалық ғылыми-әдістемелік «ЖаcStar» журналының тұрақты авторы болған. Алайда кино деп соққан жүрегі оны арманынан адастырмады. «ШЫНБОЛАТ» және «А вам это знакомо» сериалдарының режиссер-сценаристі, Қазақ-Британдық «Флаги над Берлином» фильмінің сценаристі, продюсердің ассистенті, Қазақ-Үнді «VAISAKHAM» фильмінің қазақстандық тарапынан желілік продюсері болған.
Айдие өзінің кино саласына келуі жайында былай айтады:
- Мен жазушы болсам дейтінмін. Сөйтіп, студент кезімде фэнтези жанрнда «Спуститься с Небес» кітабын жаздым. Мені университетім қолдап, кітабымды шектеулі таралыммен шығарып берді. Бір қызығы, әдебиетті жақсы түсінетін достарым мен туыстарым бірауыздан кітабым фильмнің сценариіне ұқсайтындығын айтты. Содан бастап сценарий жазу шеберлігіне қызыға бастадым. Алайда менің сценариімді оқыған мамандар жазбам әдеби шығармаға ұқсайды дейді. Қазіргі уақытта кітап та, сценарий де жазып жатырмын. Биыл аяқтаймын деп үміттенемін.
Айдиенің айтуынша, ол Америкаға келемін деп ешқашан ойламаған. Қаңтар айының басында фейсбукте “New York Film Academy” парақшасының ақпаратын оқып, Қазақстандағы өкілдігіне хабарласып, ақпарат алған. Содан наурыз айында академияға қабылдағаны туралы хат келеді. Соның негізінде «Болашақ» бағдарламасына құжаттарын тапсырып, халықаралық стипендияның иегері атанған. Қазіргі уақытта «Болашақ» қауымдастығының мүшесі. Қазақстанға келгеннен соң еліне пайдасы тиетін маңызды дүние жасағысы келеді.
Бұл күнде Айдие шығармашылығын шыңдау үшін бірқатар жобаларды бірге алып жүр.