ТОРҒАЙДЫҢ ТОПЖАРҒАНДАРЫ

ӘДЕБИЕТ
2689

Кеше біздің облыстық «Қостанай таңы» газетінде Арқалық қаласында тұратын көкірегі шежіреге толы Орекен Алмат қарияның «Торғайда туған төрт «ноян» деген мақаласы жарық көріпті. Осы дүние маған да ой салды. Қазақ өлеңінің өрен жүйріктерінің бірі Ғафу көкеміз «Торғайдан таланттар қос-қостан шығады» деп айтқан екен. Бұл пікір ақиқаттан ауытқымайды. Әріге бармай, кешегі Сырбай-Ғафу, Кеңшілік-Серік, Серікбай-Бақыткерей, Қонысбай-Марат, Самат-Әбжан секілді дарындарды айтсақ та болады.

Ал биыл Торғайдан түлеп ұшқан төрт бірдей айтулы тұлғаның сексен жылдық мерейтойлары. Олар: Сейіт Кенжехметұлы, Қоғабай Сәрсекеев, Қойшығара Салғараұлы және Сабыржан Шүкірұлы. Бұл азаматтардың есімін жалпақ қазақ біледі. Өкінішке қарай, арамызда Сейіт, Қоғабай, Сабыржан ағаларымыз жоқ. Бірақ олардың есімдері мен еңбектері ел жадынан өшпейді деп сенемін.

Марқұм Сейіт ағаны көзіміз көрді. Бұл кісінің саналы ғұмыры туған жерінде өтті. Қостанай, Торғай облыстық газеттерінде қызмет істеді. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Торғай облысындағы кеңесшісі болып, кейінгі жас дарындарға қолдау көрсетті. Әдебиетке сатирик болып келіп, атқан оғы мүлт кетпейтін мергенге айналды. Кенжехметұлының сатиралық шығармаларына Оспанхан Әубәкіровтың өзі жоғары баға берген. Кейін этнографияға бет бұрып, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақтың дархан дастарханы», «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» атты көлемді энциклопедиялық еңбектері жарық көрді. Бұл жинақтар біраз тілге аударылып, көптеген мемлекеттерге тарады. Оны замандастары «Көшпелі энциклопедия» деп атады. Шындығы да сол. Әлі талай сан ұрпақ Сейіт ағамыздың қалдырған мұраларын іздеп жүріп оқитын болады.

Қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қоғабай аға біздің ауылдың іргесіндегі Қоға деген жерде туған. Бірақ көрші Көкалат ауылында өскен. Қойшығара аға екеуі бір күнде, яғни 1 көкекте өмірге келген. Ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін республикалық басылымдарда еңбек етті. Журналистикамен бірге жазушылықты қатар алып жүрді. Бірнеше повестері мен әңгімелері жарық көрді. Халық батыры Аманкелді Имановтың өмірі мен күрескерлігі жайында «Заманақыр» деген роман жазды. Бірқатар драмалық шығармалары сахнада қойылды. 1989 жылы Қоғабай аға елге келіп, елу жылдығын тойлады. Сонда біздің ауылға келіп, жерлестерімен жүздесті. Мектепке де бас сұғып, оқушылармен кездесу өткізді. Сонда мен 5-сыныпта оқимын. Сондағы өткен кеш әлі күнге дейін көз алдымда тұр.

Мінезді журналист, парасатты публицист Сабыржан Шүкірұлының да артында қалған еңбектері бір төбе. Аудандық газеттен басталған журналистік жолы оны биік белестерге көтерді. «Социалистік Қазақстан» басылымының Торғай облысындағы меншікті тілшісі, кейін бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарды. Егемендіктің елең-алаң шағында ашылған «Сұхбат» газетінің бас редакторы болды. Республикалық «Ана тілі» газетінің де беделін көтерді. Біраз кітаптары басылды. Әсіресе, ағамыздың өмірінің соңғы жылдарында жазған «Шақшақ Жәнібек» атты романы оның есімін мәңгіге қашап қалдырды.

Міне, осы үш ардақты азаматтың құрдасы, жазушы, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара ағамыз кеше 1 сәуірде аман-есен сеңгірлі сексен жасқа толды. Қабырғалы қаламгердің тарихи еңбектері мен прозалық шығармаларын көзіқарақты қауым жақсы біледі деп ойлаймын. Оған тоқталмай-ақ қояиын. Тек ағамызға ұзақ ғұмыр тілеймін!Мен бұл кісілерді басқалардан бөлектеп отырған жоқпын. Тек қана бір өңірде, бір жылы туып, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосқандығын жұртшылыққа жеткізгім келді.

Азамат Есенжол

Жаңалықтар

Елімізде дәрігерлерге күш көрсетіп, жұмысына кедергі келтіретіндер қылмыстық жауапкершілікке тартылу...

Әлем

Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы «поляк-қазақ тілашарын» шығару арқылы...