Фотосурет авторы Бауыржан Қарағызұлы***Періштедей тәнім таза Арым мөлдір кезімнен, Перғауының мазары...
Бауыржан Момышұлы: «Менің жұбайым Абайдың Көкбайының інісі Бекбайдың қызы»
БІР КЕШТІҢ САБАҒЫ
(әңгіме)
Менің жұбайым Ғайникамал Абайдың Көкбайының інісі Бекбайдың қызы. Бекеңнің үйі — Семейдегі Абайдың музейі.
Біздің елде үлкен апасын «әпке» дейді, жеңгесін жеңеше дейді, ағасын көке дейді.
Менің үлкен әпкем Үбиан — Музей aпa. Әйелім — Ғайникамал. Мен Москвада қызмет жағдайымен жүрген кезімде, Ғайникамал балаларды ертіп ауылға барыпты. Жұбайым мен апам екеуі шын ниетті достар.
— Әпке, сізге — деп Ғайникамал апамның қабағына қарап, сыйлап, қадірлеп сөйлейді.
— Музей апа, Музей апашка, — деп ол кісіге балаларым еркелейді.
— Ия, қарағым, келін, келінжаным, айналайындарым, — деп жауап қайтарды қарт апам.
Абдулларахман дейтін інім бар, оны біз тек Әбділдә дейміз. Бір бабадан жиырма бес үйміз. Әр үйде бес-алты жанбыз. Құдайға шүкір, ынтымақтымыз.
Ауылдағы жеңгелерім мені «батыр қайным», келіндер мен балалар мені «батыр атам» деп атайды. Ғайникамалды болса, батырдың бәйбішесі деп атайды.
Ғайникамал ауылға құры қол бармайды. Шал мен кемпірлерге шай, қант, балаларға тәтті мен ойыншық, абысындар мен келіндеріне көйлек - көпшік, білезік, сырға, сақиналар алып барады. Оның ауылда жеген бір тәуір еті маған жүз сомнан кем түскенін осы уақытқа дейін көрген емеспін. Амал қанша, ішімнен тынамын да жүремін. Алысыңа емес, жақыныңа беріп отырмын ғой! — деп баж ете қалса, мен не демекпін.
— Жеңешем келіпті, балалар келіпті, батырдың бәйбішесі келіпті, — деп ауылдағылар шуылдасып қарсы алып, әрқайсысы сыбағаларына таласып, Ғайникамалдың алып келгенін бөліскенде, бір үйдің баласына ойыншық жетпей қалыпты.
— Ей, қағынғыр, жүр бермен, бәріне алып келіп, сені елемепті ғой жеңешең! — деп ызаланып баласын борбайдан шаналақпен бір тартып, менің бір жеңгем демонстративно баласын сүйрей жөнеліпті.
— Жеңеше, тоқтаңыз, — деп ашуланған әйелді Ғайникамал доғарыпты. Құдайға шүкір, өсіп-өнген жанбыз. Бірімізге жетіп, бірімізге жетпей қуанудың орнына, сіз неге ашуланасыз? — депті.
— Ойбай, мені құдай ұрыпты ғой, — деп бетін шымшып ұялған кемпір жүгіне отырып қалып, қызара бөртіп, — келінжан, айналайын кешір! — деп не істерін білмей қатты сасыпты.
...Келін келгенін есіткен қарт аға-жеңгелерім жалғыз биелерінің қымызын Әбділдәнің үйіне алып келеді. Әбділдә қой сойып тастайды.
— Қойыңды бекер сойдың ғой, бізге кеспе көже де болар еді ғой, — деп Ғайникамал Әбділдәға ренжіпті.
— Е, несіне ренжисіз, жеңеше, көкеммен келгенде қой сойып, өзім балалармен келгенде қой соймады — деп өзіңіз елге таратпасын деп әдейі сойып отырмын, — деп әзілге айналдырыпты Әбділдә.
Әбділдәнің үйі — қара шаңырағымыз. Ол үйдің төріне осы уақытқа дейін қаусаған кемпірлер де шықпайды, Ғайникамал бірінші барғанында:
— Тамағым ауырды, ангина болуы керек, басым ауырады, — деп төрге төсек салып, жатып алған болатын. Ол содан кейін «ерке келін» атанған болатын.
Бұл жолы да ауылдың үлкен-кіші келіндері іргедегі орынға таласып, қысылып - қымталып сыйыспай зорға орналасқанда, Ғайникамал қайнағаларымен қатар төрде отырады.
Алға ас келеді, төрге бас тартылады, сексендегі Ошақбай дейтін үлкен ағаммен Ғайникамал табақтас болады.
— Ал, келін шырағым, — деп Ошекең басты Ғайникамалға ұсынады. Ғайникамал бас ұстайды. Құйқасын турап, майын алып, мипалау істеп отырғанда, менің шешем Айхан келінінің бұл қылығын жақтырмай:
— Біздің елде келін бас ұстамаушы еді, — деп күңк етеді.
— Апа, келіннің де келіні бар, бас ұстайтын да келін бар, бас ұстамайтын да келін бар, сіз несіне намыстанып отырсыз? — дегенде отырғандар ду күліпті. Дәл осы кезде:
— Ассаламауғалейкум, — деп бір жас жігіт кіріп келіп, отырғандарға қолын ұсына бастайды.
— Ей, қайным, ас үстінде кісі қол бермес болар. Мұндағылардың бәрі қолдарын жуып отырған кісілер, алдымен барып қолыңды жуып кел, — дейді келген жігіттің ішіп келгенін байқаған Ғайникамал, жігіт ұялып шегіне жөнелді.
— Жеңеше, бұрынғыдан да әдеміленіп кетіпсіз, біздің елдегі ең сұлуы сізсіз ғой деймін, біздің ағамыз сізге... — деп жаңағы мас жігіт қалжақтап Ғайникамалды мазалай беріпті.
Оған ол кеш бойы шыдап отырыпты. Біздің елде ас алдынан шай береді, ас соңынан да шай береді, қонақ күтуді шаймен бастап, шаймен аяқтаймыз. Кейінгі шай соңынан Музей aпa өзінің баласы Сапарбайға:
— Әй, Сапаш, менің кәл өшімді әкелші бері, — дейді. Музей апаның галошы көнелеу екен, соған көзі түскен мас жігіт кекетіп:
— Ия, әпке дос басқа, дұшпан аяққа қарайды деген сөз бар, келесі базарда жылтырақ Әмірқан галош алыңызшы, — депті. Сапарбай мен Музей aпa қысылып қалады.
— Әй, қайным, — дейді Ғайникамал, — өзің не айтып отырғаныңа түсінесің бе?
— Ия, жеңеше, мені ақымақ дей ойлайсыз ба, ата - бабамның айтып кеткен сөзін айтуымды неге айып көресіз?
— Түсінбейсің, ата-бабаңды саудаға салма, шырағым, «дос басқа қарайды» деп айтқаны егер де басыңда миың болса, сенімен дос боламын деген мағынада. «Дұшпан аяққа қарайды» деген сөз сен аяғыңды қалай басып жүрсің деген мағынада айтылған, — дегенде отырғандар ду күліп жібереді.
— Жеңілдім, жеңеше, жеңілдім, — деп жігіт орнынан ұшып тұрыпты.
— Таяқтан жеңілген тұрар, сөзден жеңілген тұрмас, — депті Fайникамал, отырғандар тағы да ду күлісіпті.
— Ал, жігіттер, мына ең ақырғы рюмканы алып қояйық, — деп үй иесі құйылған арағын ұсынады.
— Жоқ. Енді мен бұдан - бұлай арақ ішуден қалдым! — дейді әлгі жігіт.
— Ия, дұрыс қайным, арақпен ақымақ жолдас, асық сөз айтсам айып етпе, ақымақ бастан ақылды сөз шықпайды дегенге түсінгеніңе рақмет, қайным.
— Сіздерге де рақмет, жеңеше, осы кеш маған үлкен сабақ болды, — деп жігіт төмен қарап отырып қалыпты.
10.09.1962 ж.