Рабиндранат Тагор"Түйінді түйірлер"("Коника") атты кітабынан1899 КЕМЕҢГЕР КӨҢІ...
Аскерхан АҚТАЙ. Сағынсын дедің бе?
Аскерхан АҚТАЙ - ақын, драматург. Бірнеше реткі республикалық мүшәйраларының жүлдегері. «Сүмбіле», «Зүбәржаттың жарқылы» жыр кітаптарының авторы. Бірқатар пьессалары еліміздің театрларының сахналарында қойылып келеді.
Сағынсын дедің бе?
Жұлдыздар жанғанда,
Жетпеген арманға,
Сағынсын дедің бе?
Көк майса жапқанда,
Гүл шешек атқанда,
Сағынсын дедің бе?
Кешкі арай өшкенде,
Іңір мұң көшкенде,
Сағынсын дедің бе?
Ақ нөсер жауғанда,
Ақша ауғанда,
Сағынсын дедің бе?
Өткелден өте алмай,
Керуен жете алмай,
Сағынсын дедің бе?
Алыстап тау асып,
Аққудай адасып,
Сағынсын дедің бе?
Жаңбырдың астында,
Көңілі тасқында
Сағынсын дедің бе.
Уақыт арғымақ,
Жыр ағар балбұлақ,
Сағынсын дедің бе...
***
Ғасырлардың жады толған қасірет,
Мүсіндерде саңғырық.
Ғұнның ғана жанарында жасыл от.
Аспан асты жаңғырық.
Өзегінде тарихтың шер нала,
Өксік аққан арна мың.
Көтеретін бұ ғаламда жер ғана.
Көз жасының салмағын.
Замананың көрі бəлкім қазылған,
Шалқып ішкен шараптар.
Улы жаспен жылан бауыр жазылған,
Шимай шатпақ парақтар...
Қорғасын бұлт, жерге жетер нұр əрең,
Иініңде ауыр мұң,
Күнде қырық құбылады бір əлем,
Аспанындай сəуірдің...
Мұңымды бұлттарға айттым...
Тілекті тәңірге айттым,
Жалғанда жалқымын деп.
Жаратқан әмірге айттым,
Жаздың да салқыны көп...
Алғысты анама айттым,
Жарыққа әкелдің деп.
Сағынған санама айттым,
Айды да әперді деп.
Мұңымды бұлттарға айттым,
Мен болып егілсін деп.
Уайым жұтқанда айттым,
Көз жасы төгілсін деп.
Сезімді гүлдерге айттым,
Күзде де жайнасын деп.
Түн перде түргенде айттым,
Бұлбұлдар сайрасын деп.
Жырымды желге оқыдым,
Қалқаға айта бар деп.
Көкорай белде оқыдым,
Даусымды қайталар деп.
Күйімді тауға арнадым,
Іңірде күрсінбе деп...
Самалды саумал дәмін
Сағынып жүрсің бе деп.
Ойға нұр түсіретін,
Шынымен сезім ғана.
...Өзімді түсінетін,
Жалғанда Өзім ғана...
Гүл маусым
Бәйшешек белес -гүл маусым,
Нұр жаусын, көктен нұр жаусын.
Сызылтқан әнің сырнаймен,
Құлақтан кетпей жүр даусың.
Құлпырып көктем-гүл мамыр,
Мұнартқан таулар қырда нұр.
Жағалау жалбыз, жас құрақ,
Қызғалдақ қырат, сырға гүл.
Мамырда жауып мамық нұр,
Мөп-мөлдір тамшы тамып тұр.
Самарқау ойдан сананы,
Сауықтыр, тәңір сауықтыр.
Манаурап қырат мамыр ай,
Қарағай, терек жамырай.
Тоғысып жатқан жолдардай...
Тереңге тартқан тамыр-ай.
Іңір əлдиі
Тізгініне кім ие,
Күн бір ұшқан күміс шар.
Шиыр ізді дүние,
Шылбырынан кім ұстар?
Жер теңізде тербелген,
Ғасыр-көшкен керуен.
Бір шетінде сергелдең,
Бір шетінде серуен.
Ұрттағаның ұртыңда,
Татқан дəмің таңдайда.
Сұрмерген ту сыртыңда,
Тағдырың тұр маңдайда.
Қалың тағдыр-қара ағаш,
Топыраққа иілсең.
Жер астында жалаңаш,
Жер бетінде киімшең...
Желкілдейді тал билеп,
Жез бұйдалы жел көшіп.
Іңір сазы əлдилеп,
Тербетеді жер бесік...
Салайын саған бір ән Семейім...
Ұлық-Семейім,
Тұнық-Семейім.
Жүректі өзің,
Жылыт Семейім.
Қыран-Семейім,
Ұран -Семейім,
Салайын сенде
Бір əн Семейім.
Дала-Семейім,
Дана-Семейім.
Абайдың елі,
Дара Семейім.
Абыз-Семейім,
Аңыз-Семейім,
Тағылым тамшы
Тамыз Семейім.
Асыл-Семейім,
Ғасыр-Семейім.
Желек шыршасы
Жасыл Семейім.
Нұрлы Семейім
Сырлы Семейім
Жүректен жылы
Жырды себейін.
Көзім-Семейім,
Сөзім-Семейім.
Ұлағат бесігі,
Өзің Семейім.
Ордам-Семейім,
Қорған-Семейім.
Қалың қазағым,
Орман-Семейім.
Тілім-Семейім,
Ділім-Семейім.
Бəйшешек белдер...
Гүлім-Семейім.
Суым-Семейім.
Нуым-Семейім.
Желбіреп көкте,
Туың Семейім.
Жырым-Семейім,
Сырым-Семейім.
Жыр жазды саған,
Ұлың Семейім.
Гүлтобылғы гүлдегенде кел...
Көк өзеннің күркірін аңсағаныңда,
Еңлікгүлдей еркеле таң самалына.
Күрең күзде күт мені кезеңнен қалқа,
Шық тұнғанда Алтайдың аршаларына.
Шыныменен мен жайлы ойламадың ба?,
Құба белдің самалы аймалады ма?.
Жас қайыңның жапырағы желкілдейді бір,
Бұлбұл болып сол бақта сайрағаныңда.
Көңілімнің желкенін үрлегенде жел,
Күрең камзол киініп түрленгенде бел.
Тамылжыған тамызда таң араймымен,
Гүлтобылғы біз жақта гүлдегенде кел...
Бала шақты аңсаумен көңіл бір тынбай,
Сәулелі сол сәттерім жүр ғой ұмытылмай.
Көңілімнің көгінен армандар көшіп,
Мамыражай мамырдың мамық бұлтындай.
Қазбауыр бұлттар ауғанда.
Көңілдің бұлты ауырлап,
Сезімнің селі жауғанда.
Қазығұрт тауын бауырлап,
Қазбауыр бұлттар ауғанда.
Түстер бар ойдан өшпеген,
Жолығар қайта жоқ амал,
Оюлап шетін кестемен,
Сен берген едің орамал.
Аққуды айдың көл күтер,
Тырналар түнді тілгілеп,
Сезімді серпіпі сергітер,
Теңізден ескен түнгі леп.
Тотыққан жүзде күлкі ойнап,
Тұнығын жұттым тұнбаның,
Торытөбелменен жылқы айдап,
Тобылғы сайды құлдадым.
Қобда өзенні басы еді Сарымсақты...
Қобда деген өзен бар жағасы жар,
Жылқым өтер сол судан аласы бар.
Қобда судың бастауы Бестау ма екен?,
Иығына еркелеп таң асылар.
Қобда деген өзен бар суы тұнық,
Жете алам ба жағаңа мың ұмтылып.
Жағалауда ойнаған бала күнім,
Ұзап бара жатсың ба, ұмытылып.
Қобда деген өзен бар Алтайымда,
Толқын ойнап арқамда малтайынба.
Бұрымындай Алтайдың бұрала ағар,
Көмкеріліп жағасы тал, қайыңға.
Қобда деген өзен бар өткелі жоқ,
Мұзарт шыңдар, сары жота, бөктері көк.
Аңсадың ба, кешегі кекілді ұлды,
Тұнығымнан бір жұтып кетпеді деп.
Қобда өзеннің басы еді Сарымсақты...
Қайырылмай сол күндер сағымша ақты.
Тайға мініп жағаңда жарысатын,
Сағынамын оралмас жалын шақты.
Алтайымның басынан күн аумаған,
Көк түріктің мекені қыран далам.
Қобда деген бір су сол Алтайда,
Сыңарындай Ертістің сылаңдаған.
***
Айтсаңда өзің тағдырға нала,
Өзімді өзім жеңбедің.
Жасыңды жауған жаңбырға бала,
Қосыла аққан шерге мұң.
Қара шашыңа қара түн түнеп,
Қаймығып жүрген қалқам-ай.
Қазбауыр бұлттар қанатын тіреп,
Ай жатты көкте шалқалай...
Қосыла салған сол әнің қайда,
Сыбызғы сазы жалқы ма.
Орман ойлардың орамын ойла,
Бір сезім қалған артында.
Көңіл шіркін көк теңіз бе едің,
Толқыны бейне сан арман.
Жылт етер ме деп көктем іздедім,
Жапырақ кешкен жанардан...
***
Айға құшақ жаясың,
Күнге құшақ жаясың.
Сезе ме екен жүрегің,
Жүрегімнің саясын.
Ай да саған нұр берер,
Күн де саған гүл берер.
Бірақ жаным шуақты
Менен басқа кім берер.
Айға шақсаң мұңыңды,
Нұрын төшер уыстап.
Күбіріңді естиді,
Күз қыраулы күміс бақ.
Бір жол саған бастайды да тұрады...
Сейілгенде көңілімнің мұнары,
Толқындары жағалауды ұрады.
Жүрек әлде аңсай ма екен, сол жақты,
Бір жол саған бастайды да, тұрады!.
Мүмкін әлде...жүрегімнің тұмары,
Сол ма әлде, көңілімнің тұрағы.
Аңсарымда сол жақта ма білмеймін,
Бір сөз саған айтқым келіп тұрады!.
Бар ма сірә, бұл сезімнің тынары,
Бұл да солай жан жүректің сұрауы.
Өзің жаққа елеңдесем ертемен,
Бір күй саған тартқым келіп тұрады!.
Сен бе екенсің, Ұлытаудың ұлары,
Сол биікке көңіл ынта бұрады.
Қызыл арай кеш түскенде қырқаға,
Саған бір ән айтқым келіп тұрады.!
Ал жүрегім сезім күйін төгілдір.
Сағынсада солмайтұғын көңіл гүл.
Сезім жыры жас жүректің аңсары,
Солай, солай, солай қалқа өмір бұл...