Қазақ әдебиетінде прозаға бүкіл өмірін, арман-үмітін, қала берді жүрегін арнаған қаламгердің бірі &n...
Қабдеш Жұмаділов. Тасмағамбетов сайлауға түссін!
Кеше Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешіміне орай бір топ ақын-жазушы бас қосып, алдағы сайлаудың мән-маңызын талқылады. Жиынға Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап, Қабдеш Жұмаділов, Марал Ысқақбай, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы қатарлы бір топ қаламгер қатысты. Сол жиында сөз алған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов батыл ойларын ортаға салды. Біз соны ықшамдап ұсынуды құп көрдік.
– Мен бұл сайлаудың кезектен тыс өткенін құп көремін. Өйткені, қазір халық аң-таң. Бізді екі президент басқарып отыр қазір. Бірі бүгінгі Президент - Қасым-Жомарт Тоқаев болса, екіншісі – бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл не жағдай? Нұрсұлтан Әбішұлы кез келген мекеме басшысын, министрлерді шақырып алып, есеп алады екен... Сондықтан, тезірек сайлау өтіп, тізгінді бір адамның қолына берген дұрыс. Бір елді екі адам билесе, түсініксіз жайттар пайда болуы мүмкін...
Сондай-ақ, бұл сайлау - ұлттың потенциалын айқындайтын сайлау болуы тиіс. Ешкімді алаламай, бәріне бірдей мүмкіндік туғызуы керек. Қазіргі уақытша Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауға түсемін десе, түссін. Ел сыйлайтын азамат. Сосын Иманғали Тасмағамбетовті ел жақсы көреді. Ол да сайлауға түсуге құқылы. Халық қолдайды. Оны неге шеттету керек екенін түсінбеймін.
Ол түгілі әртүрлі себеппен шетте жүрген саяси тұлғалар, мықты азаматтар да елге келіп, өзінің нақты жоспарымен сайлауға түсемін десе, неге еркіндік бермейміз? Біз демократиялы мемлекет емеспіз бе?!.. Өз басым Жақияновты жастайынан білемін. Қазір қайда жүр сол жігіт? Дарыны да, қабілеті де жететін азамат қой. Оны неге шақырмасқа. Біз солай істесек, елдің бірлігін, ынтымағын нығайтамыз. Нағыз дамыған қоғам құруға қауқарлы екенімізді көрсетеміз.
Мені мына қамауда жазықсыз отырған азаматтардың тағдыры алаңдатады. Жәкішевті айтам. Осы сайлаудың алдында неге соларға рақымшылық бермейміз? Олардың түрмеде ұзақ отыруына кімдер мүдделі өзі? Қазаққа болсын деген, уранды ел игілігіне жаратсақ деген ізгі арманы үшін осылай жазалауға бола ма?..
Әдебиет дегенде, "Назарбаев дәуіріндегі әдебиет" деп күні ертең жазыларына, айтыларына сенемін. "Рухани жаңғыру" дегеніміз - рухани бостандық, құлдық санадан, жеке басқа табынудан арылу. Келесі президент болам деген адам осыларды ойланғандары жөн-ақ...
Арман Дүйсенхан.