Қарыз бен парыздың құны қанша?!

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2878




Менің Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметін шындап зерттеуім 2009 жылдан басталды. Оған бірден-бір себепші болған сол кезде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға жазушы әрі драматург Рахымжан Отарбаевтың бас директор болып келуі еді. Бұрында біз Қазақ радиосында бірге істегендіктен Отарбаевты жақсы білетінмін. Сондағы Рахымжан бауырымның айтқаны: «Мәке, кезінде есімдері бүкіл қазақ еліне кең танымал болған Мәшhүр Жүсіп атамыздың, көрнекті мемлекет қайраткерлері Жұмабек Тәшенев пен Еркін Әуелбековтардың есімдері ұмыт болып барады. Жастар бұл тұлғалар туралы білмейді. Жазылмаған және айтылмағаннан кейін оларды кінәлауға да болмайды. Осыған орай бірнеше жылдан соң жүз жылдық мерекесі жақындап қалған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке  арнап ғылыми-практикалық конференция өткізсек деп қолқа салды.

Содан бері мен үшін Тәшеневтің өмірі мен мемлекеттік қызметі мәңгілік тақырыпқа айналды. Қаншама әдебиеттер мен мұражайлардағы құжаттарды ақтаруға тура келді. Түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға хат жазып, олардан жауап күтудің өзі қанша уақыт алды. Сол ізденіс барысында кейбір шенеуніктердің ұлттық мәселе мен ұлттың бетке ұстайтын азаматтарына деген кереғар ұстанымдарының да куәсі болдым. Оның үстіне кітапхана бас директоры Рахымжан Отарбаев басқа жұмысқа ауысып, көмек беретін адамға зәру болдым. Сондай қысылтаяң кезде Ж.Тәшеневке байланысты конференцияны өткізуге қол үшін берген азаматтардың есімдерін  ілтипатпен атап өткім келеді. Олар мемлекет қайраткерлері, сол жылдары Сенат депутаты болған Оралбай Әбдікәрімов пен Мәжіліс депутаты Бауыржан Смайылов, соңғы жылдарға дейін Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болған, мемлекет қайраткері Қуаныш Алпысбеков және мәжіліс аппаратының жауапты қызметкері, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, «Қазмұнайгаз» АҚ сол кездегі басқарма төрағасы болған Қайыргелді Қабылдин мен АҚ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының президенті болған, қазір де ҚР премъер-министрі Асқар Маминдердің арқасында жоғарыда аталған республикалық конференцияны өткізу мүмкін болды. Соның нәтижесінде сол конференцияға қатысып сөйлегендердің сөзі жинақ болып шықты.

Бұл аталған конференция 2010 жылдың 18 наурызында Жұмабек Тәшеневтің туғанына 96 жыл толуына орай ұйымдастырылған еді және оны өткізуге мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Министрліктегі жауапты шенеуніктердің уәжі мынадай: «Қаржы тапшылығына байланысты сіздер белгілеген шараға ақша бөлу мүмкіндігі жоқ және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенев мерейтойы жақындағанда іс-шаралар өткізу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз». Мәдениет министрлігіндегі мамандардың бұл жазғандарын мен сол кезде Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімовқа жолдаған жауабынан келтіріп отырмын. Мұндай жауапты бюрократтық жауап дейміз бе жоқ әлде Мәдениет министрлігін жайлап алған біліксіз мамандардың жауабы дейміз бе? Олай дейтін себебіміз Жұмекеңнің 100 жылдығын өткізу алдында ынталы топ мүшелері сол министрлікке барып, Мәдениет комитетіндегілерден «Жұмабек Тәшеневтің мерейтойын өткізуге байланысты қандай шаралар белгіледіңіздер» деп сұрақ қойғанда, олар міз бақпастан – «ол кім еді» деп барған адамға сұрақ қойыпты. 

Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына үш айдай қалғанда мен екі тілде көлемді мақала дайындап, біреуін «Казправдаға», екіншісін «Айқын» газеттеріне бердім. Екі газеттің редакторлары — Александр Тараков та, Нұртөре Жүсіп те «мақалаңызды басамыз» деп уәде бергенмен, осы газеттерде мақала басылып шықпады. А.Тараковты түсінуге болады, қалай дегенмен ұлты басқа ғой, ал «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп редакцияның Астанаға көшер алдында былтырғы 2018 жылдың қазан айында сегіз жыл өткізіп мақаламды бастырыпты, бірақ ешкім мақаланы зер салып оқымай, редакцияламай «биыл 2015 жылы Ж.Тәшеневке 100 жыл толады деген сөйлемді» сол қалпында баса салған.

Көзі ашық, көкірегі ояу, намысы бар қазақтың Жұмабек Тәшеневті білмеуі  мүмкін емес. Ұлт мақтанышы болып саналатын осындай алып тұлғаларды әспеттеп ұлықтайтын қазақ қоғамы деп санаймын. Ол қоғамның мүшелері ұлтына шексіз берілген, ұлттық мәселелерді ту етіп көтерген, тарихи тұлғалардың ролін мемлекет көлемінде насихаттап, жастарға оларды кеңінен танытатын азаматтар болуы тиіс. 

2015 жыл ұлтымыз үшін мерейтойға толы жыл болды. Дәлірек айтсақ, халқымыз үшін мәңгілік ұлы тұлға болып дүниеге келген, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің, тарихи шындықты ту еткен екі бірдей теңдессіз тұлға – көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин мен атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың мерейтойлары бірдей келді. Ал енді біздер қазақ қоғамы осы ардақты ағаларымыздың жүз жылдығын қандай дәрежеде қарсы алдық? Бәрі бірдей ойдағыдай болды ма, жоқ әлде әттеген-ай дейтініміз басым болды ма? Сол тұлғалар алдындағы қарызымыз бен парызымызды қаншалықты өтей алдық? Мен Жұмабек Тәшеневке байланысты өзім куә болған бірнеше мысалдарды келтірейін. 

2010 жылы Жұмекеңе байланысты конференцияға дайындық кезінде белгілі мемлекет қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағадиев ағамыз «Мейрам, сендердің конференцияларыңды өткізуге билік рұқсат береме екен» деп қауіптенгенін жасырмап еді. Жоқ, ешкім кедергі жасамады, конференция өте табысты өтті. Оны сол жиынға қатысушылардың құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылжар, Шымкент, Жезқазған мен Аягөзден келушілер болды. Тіпті осы конференцияға Астана мешітінің діни қызметкерлері де қатысты. Осыдан-ақ, Тәшеневтің ел аумағын сақтаудағы азаматтық ерлігінің қаншалықты халық санасында мәңгілік сақталғанын аңғаруға болады. Соның бір дәлелі конференция аяқталысмен Шымкентте Тәшенев көшесінің бойында Жұмекеңе арнап бюст орнатылып, ас берілді. Осы сәтті пайдаланып, мен Оңтүстік Қазақстан облысының жазушылары мен журналистерінің Жұмабек Тәшеневтің қаталанбас сол ерлігін бүкіл Қазақстан бойынша тұңғыш рет жариялаудағы еңбектерін ерекше атап өткім келеді.

Ж.Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойы жақындаған сайын Жұмекеңе Астана төрінен ескерткіш орнату мәселесімен шұғылдануға тура келді. Үкіметке жолдаған хатымыз шыр айналып, әуелі Мәдениет министрлігіне, одан соң Астана қаласының әкімдігіне жетті.

Мәдениет министрлігі өзінің №07-01-14\б-231, 26.09.2012 жылғы хатында «Астана қаласы тарапынан Ж.Тәшеневке ескерткіш орнату туралы ұсыныс түскен жағдайда оны ҚР орнатылытын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруға дайын екенімізді хабарлаймыз» десе, Астана қаласы әкімінің сол кездегі орынбаса А.Балаева ханымның № жт-б-14975, 25.09.2012 ж жауабы көңілімізге сенім отын жаға түскендей болды. «Мемлекет қайраткері Ж.Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойын лайықты атап өту республикалық және өңірлік деңгейде өткізілетін атаулы күндер мен мерейтойлар тізіміне енгізілуі қажет. Сонымкен бірге ескерткіш орнату бойынша қаржы көзі анықталып, жоба Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның оң шешімін алған жағдайда жер бөлу мәселесі қарастырылатындығын жеткіземіз».

Байқап отырған боларсыздар, осындай қазақ қоғамы үшін өзекті мәселені шешуге келгенде шенеуніктер оны бір-біріне сілтеп, жұртты әуре сарсаңға салатын әдеті бар. Осы жайттан хабары бар Астанадағы Гумилев атындағы ұлттық университеттің проректоры, филология ғылымының докторы, академик Тәшенев мерейтойын өткізу жөніндегі ынталы топтың мүшесі, белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы;- Астанадағы зиалы қауым өкілдерінің қолын жинап, «Егемен Қазақстан» газетінде ашық хат жариялауды ұсынды. Хат дайындалып, оған КСРО халық артисі, Мемлекеттік силықтың лауераты, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Кәкімбек Салықов, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова және филология ғылымының докторы, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтар қол қойды. Дереу оны «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Сауытбек Әбдірахмановқа табыс еттім. Лондон олимпиасынан көңілді оралған бас редактор «танысып шығайын, хабарын газет қызметкерлері берер» деп хатты алып қалды. Күн артынан күн, апта соынан апта өтіп, біржарым ай өткен соң ақыры шыдай алмай, бас редакторға тағы кірдім. Сауытбек Әбдірахманов мені көрісімен: «Мәке, мынадай ашық хатты жариялай алмаймыз. Оны жарияласақ, басқа адамдар да осы мазмұнда хат жолдап, қағаз астында қаламыз. Оданда хатқа қол қойған төртеудің біреуі өз атынан мақала жазып, соны газетке басайық. Басқа амалды көріп тұрған жоқпын»,-деді.

Сауытбек бауырымыздың сөзіне қарағанда біздің қазақтар күнде ерлік көрсетіп, атамекен жерін қорғаумен айналысып жүрген көрінеді.Солардан жаппай ашық хаттар келетін болса, оларды жариялау газет редакциясы үшін қиынға түспек. Бұған не айтарсың!

Ашық хатқа қол қойған зиялылардың ең үлкені Еркеғали ағамыз бірден кесіп айтты: «Арамыздағы ең жасымыз Мырзатай, сол жазсын. Кәкімбек екеуміздің денсаулығымырыз сыр беріп жүр. Фариза да емделуге Германияға кетіпті,- деп сөзін аяқтады Ер ағамыз.

Мән-жайды бірден түсінген Мырзакең, «онда маған Тәшенев туралы материалдарды жеткіз, ар жағын көре жатармыз,- деп мақала жазуға қарсы емес екенін байқатты. Дереу бар материалдарды жинап, оған қоса жазушы, әрі тарихшы Кәрішал Асановтың маған силаған «Шынжырда өткен жолбарыс...» кітабін қоса бердім. Ара – тұра Мырзакеңмен кездескен сайын қал жағдайын сұрап қоям. «қол тимей жатыр, бір сәті болар» деп жұбатып қояды мені. Содан не керек, үш жылдай уақыт өтті, уәде берілген мақала із-түзсіз жоқ. Оның есесіне «Егеменнен» Мырзакеңнің өз жерлестері туралы жазған құлаш-құлаш матариалдары жарық көре бастады. Есімдері елге белгілі жерлестері мен нағыз қайраткерлер туралы жазуға ешкімнің қарсылығы жоқ. Алайда, Жұмабек Тәшеневтің Қазақстан тарихындағы орны да ролі де тым асқақ, тым ерекше ғой! Осыны біздің зиялы қауым өкілдері түсіне ме екен, жоқ әлде Абай атамыз айтқандай, «бас басына би болған өңшең қиқым» дегендей, әрқайсымыз өз руымыздың қамын ойлап бет-бетімен жүрген парықсыз адамдармыз ба!? 

Міне, ұлтымыздың ұлы тұлғалары алдындағы қарызымыз бен парызымыздың өтелу құны осындай. Ал, Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына келетін болсақ,ол қарапайым азаматтардың арқасында әртүрлі дәрежеде атап өтілді. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада, Ұлттық мұражайда, Республика Сарайында Ж. Тәшеневке арналған конференциялар мен «дөңгелек үстелдер», Елордадағы қазақ мектептерінде түрлі танымдық жиындар өткізілді. 

Ең маңызды шараның бірі Көкшетауда Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында драматург, ҚР халық артисі Ерсайын Төлеубайдың Жұмабек Тәшеневке арналған «Алдаспан» спектакльінің тұсаукесері болып өтті. 

Тағы бір ерекше атап өтетін шара Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Еженді кеңшарында өтті. Оған ұйтқы болған аудандық маслихаттың депутаты, ауыл бойынша меценаттықты дамытқаны үшін Құрмет орденімен марапатталған Қанат Жарияұлы Отарбаев өз ауылында Тәшеневке арнап ас берді, көрші ауылдардың футбол командалары арасында Жұмабек Ахметұлы атындағы турнир ұйымдастырды, аудан көркем өнерпаздарының концертін тамашалатты. Концерт соңында Жұмабек Тәшеневке арналған «Дәуір дарабозы» маршы орындалды. Оның сөзін жазған қарағандылықтар Қанат Отарбаев пен әнін жазған Амангелді Базарбайұлы Шаhарбаев. 

Бұл марш сол жылдың мамыр айында тұңғыш рет Қазақстан ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай»  бағдарламасында орындалды. Осындай шаралардың бәрін өткізуге себепші болғандар ұлтын ұлықтайтын, нағыз ұлтжанды азаматтар. Солардың қатары көбейе берсін деп тілейік. 

2009 жылы Астанада өткен «Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие» атты ғылыми-практикалық конференция барысында Ж.Тәшенев тұлғасы, оның атқарған істері мен қалдырған мұрасы біздің жастарымызды бей-жай қалдырмайтынына көз жеткіздік. Сонау шалғайдағы Аягөзден келген жас экономист Ертіс Нұрқасым «Ж.Тәшеневті ұлықтау – ұрпақтар парызы», Астанадағы № 56 мектеп-лицейдің сол кездегі 10 сынып оқышысы Жібек Садырова «Ж.Тәшенев ерлігі – ұрпаққа үлгі», ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының түлегі Ерікболат Қабылдин «Туған жер үшін жан пида» атты баяндама жасап, Жұмабек Ахметұлына байланысты тақырыптың біздің жастар арасында өте өзектілігін байқатты. Сондай-ақ, Мемлекеттік тарих институтының ғылыми қызметкерлері, тарих ғылымының кандидаттары, Қанат Еңсенов пен Сейтқали Дүйсендер үшін Жұмабек Тәшенев мұрасы оның ғылыми ізденістеріндегі мәңгілік тақырыпқа айналды. Мұндай феноменді ұлы Абай сөзімен айтқанда: «Өлді деуге болама, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, Жұмекең біздің ұрпаққа қазақтың қасиетті қара жерін қалдырды, елін, жерін қызғыштай қорғау керектігін аманат еткен мұра қалдырды, небір қисынсыз қысымға төтеп беретін қазаққа тән қайсар мінез қалдырды, қандай бір қиын жағдайда болмасын басын тік ұстап, ұлттық болмыстың қайталанбас үлгісін паш етіп өтті. 

Ал біздің қоғам ұлт мақтанышы болған ұлы тұлғалар алдындағы қарызымыз бен парызымызды өтей алдық па? Бұл сауалды әрқайсымыз өзімізге қойып көрелік.






Мейрам Байғазин журналист, Астана қалалық ардагерлер

Кеңесінің мүшесі

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...