Меңіреу қалпы, дел-сал болып мүлгіген жым-жырт түнді бетке алып, терең сайға шыққан Ләйлә-қыздың жо...
Нұркен Нұрғазы: Мен – өтірікпін! Екінші атым – Нұркен…
2114
– Еміс-еміс… Ол кезде шөпті де, шөңгені де, шұлықты да өлең деп жүрдік… Сөйтсек өлең деген басқа нəрсе екен, не нəрсе екенін əлі де анық білмеймін. Бірақ не болса да атауы «ш» əрпінен басталатыны белгілі… – Алғашқы өлеңіңіз жадыңызда ма?– Ақындық дегеніміз – сөз қадірін көптен артық түсіну деседі. Сіздіңше, ақындық дегеніміз не? – Ақындық дегеніміз – ақындық. Сөз қадіріне келсек, ақындардың бəрі сөз қадіріне жеткендер емес. Технократтар толып жүр… – Бүгінгі қоғамдағы ақыннның рөлі қандай? – Ақын рөлде ойнамайды. Ақынның рөлінде ойнап жүрген əртістердің бары рас… – Өлеңге əркез адалдық керек. Ал, сол адалдық неден басталады? – Мекемтас ата жиі айтады: ақындық екіге бөлінеді, – дейді. Бірі ет пен сүйектің арасындағы ақындық, бірі – сүйекке біткен ақындық. Ақындық сүйегіне біткен ақындар қашан да өлеңге адал болады. Үрлесең ұшып кететіндер өлең жазады, соған күлкім келеді… Яғни өзіме де күлкім келеді… – Жастар жылында жас ақын ретінде нендей мəселер шешілуі керек деп ойлайсыз? – Жас ақын ретінде… – дейсіз бе? Қызық екенсіз… Ақындардың мемлекеттік науқандарға қатысы жоқ. Журналист ретінде айтайын, шешілмеген мəселелер бастан асады. Соларды, тым құрса, бастың деңгейіне түсіру керек, аспандатпай… Мəселен, үлкен кісілер жастармен санасу керек… – «Өлең – ақиқатпен достастырады» деген Сағдидың сөзін қалай жалғар едіңіз? – Жалғамас ем… – Ақиқатпен достасу – шынайылықтан басталады деген. Сіз шынайысыз ба? – Мен – өтірікпін! Екінші атым – Нұркен… – Адамдардың бойында жүрегіңізбен жеккөретін нəрселер бар ма? – Иə. бар. Көп: екіжүзділік, сатқындық, тұрақсыздық, жасандылық, атаққұмарлық, асырадіншілдік, пайдакүнемдік, уақыт өлтірушілік, ұйқышылдық, салақтық, таққұмарлық, жүрексіздік, имансыздық, əсіреұлтшылдық, əсірежершілдік, əсірерушылдық, əсіреəсершілдік, топастық, алқаштық, арамзалық, дарвинизмдік жəне тағысын тағылар… – Адам жастығын қалай ұтымды пайдалана алады? – Құдайды, ақиқатты, шындықты сүю керек. Кітаптармен тұрмыс құрып, білім деген перзент тəрбиелеу керек. – Жас жүрегіңізді шабыттандыратын не нəрсе? – Бұрындары адамдар арасындағы проблемалар мен бір сұлу қыз шабыттандырушы еді… Қазір мені ештеңе шабыттандырмайды… Әрі-беріден соң маған енді шабыт керек емес. – «Əр өлең – толғаныс» деген Р. Гамзатов. Жас ақын ретінде сізді бүгінгі қоғамда не толғандырады? – Қыздар мен жігіттер арасындағы арақатынастың формасы, жастардың ғана емес, жалпы адамизат баласының психолологиясы, түрлі толып жатқан түсініксіздіктер толғандырады. – Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның рухани жай-күйі қандай? – Қазіргі қоғам үлкен психологиялық дертке ұшыраған. Өз кезінде Абай айналасындағы адамдардың надандығын, пасықтығын қазақы таныммен сипаттап берді. Бүгіндері адамдардың бойындағы қандай да бір нашар қасиетті ғылыми тұрғыда қарастыруға болады. Міне, осы кезде бізге психология көмекке келеді. Бір ғана мысал келтірейін: қазіргі қоғамдағы даңққұмар адамдарға бала кезінде назар жетіспеген, көбіміз «внимание» дейміз ғой. Бала кезінде жетіспеген «вниманиеге» қол жеткізу үшін адамдардың көбі жер өртеуге əзір. – Жастар рухани құндылықты қаншалықты қажетсінеді? – Олардың бұл құндылықты қаншалықты қажетсінетінін білмеймін, бірақ рухани құндылықтардан ажырасақ, шошқаға я итке айналып кететініміз рас. – Замандастарыңыздың рухын ояту – поэзияның еншісінде. Қаншалықты рух көтерер өлең жазып жүрсіз? – Рух оятатын өлеңдерді мектеп оқушысы кезімде жазғаным рас. Қазір рухты азғындайтын өлеңдер жазып жүрмін. Менің өлеңдерімді оқымаңыздар! – Нұркеннің ұғымындағы бақыт ұғымы… – Жаным сүйетін істермен айналысу маған бақыт сыйлайды. Мысалы, кітап оқу, кино көру, музыка тыңдау, сурет салу, қырдың басына шығып бар дауысыммен айқайлау. Меніңше, өмірімде бұлардан басқа бақыт сыйлай алатын дүниелер қалмады… – Жиі ғашықтық сезімін бастан кешесіз бе жəне сол сезімнің нүктесі өлең боп қойыла ма? – Мен осы күнге дейін үш қызды қатты ұнаттым. Бір қызығы, сол үшеуі бір-біріне қатты ұқсаушы еді… Мүмкін табиғаты дəл сондай қыздар ғана табиғатыма сəйкес келгендіктен ұнатқан шығармын… 21 жасқа толғалы ғашықтыққа ғылыми тұрғыда қараймын, содан болар соңғы кездері ешкім де, ештеңе де мені таң қалдыра алмайды… – Жас ақынның басты мұраты не болуы керек? – Білмеймін, өздерінен сұрасаңызшы. – «Ақын өзін дамытпаса, тоқтаған тоған сияқты хəлге түседі » – деген С.Есенин. Осы орайда заңды сұрақ, өзіңізді шығармашылығыңызды қалай шыңдаудасыз? – Әдебиетке мүлде қатысы жоқ дүниелер оқып жүрмін. Әдебиеттен шаршадым. – Сізді өрге сүйрейтін не? – Намыс. – Риясыз күлкі, риясыз пейіл қайсысы маңызды? – Екіншісі маңызды. Екіншісі болмаса, біріншісі де болмайды.
Сұхбаттасқан Мейірхан Топанбай