Әділет Қанатұлы. Қазақ поэзиясының бұйра бұлты

ӘДЕБИЕТ
529
Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған 
қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық эссе байқауына


Аманқос Ершуов

...Әдетте әр халықтың өз артықшылықтары мен кемшіліктері болады ғой.  Бізде де солай. Жақсы қасиеттеріміз де, басқасы да жетіп жатыр. Жақсысы сол, баһадүр батырлар да, ақиық ақындар да, ғибратты ғалымдар да, жалынды жыршылар да, керемет күйшілер де, бұраңбел бишілер де – бәрін де Құдай қазақтың бағына бұйырған. 

Ал, өкініштісі, сол тау тұлғалы тарландарымыз бен арландарымызды бар кезде бағалай алмайтынымыз. Мен бұл жерде Атыраудан алыстап, Астана асқандарды айтпаймын, туған жерге ту тігіп, бірақ, көңілден бір су іше алмағандарды айтамын. Қалай десек те, қазақта «өлгеннің жаманы жоқ, тірінің жаманнан аманы жоқ» болатыны қайран қалдырады! 

Атырауға тау әкелмесе де, өзі бір тау болған Табылды, қара сөзді қойша айдаған Рахымжан, өзі айтқандай «бір шумақ қара бұлтпен аты шыққан» Аманқос ағалардың бәрін де барында бағалай алмағанамыз өзекті өртейді. Олар басқалар сияқты Астана мен Алматыға көшіп кетпесе де, көштен қалған жоқ. Әдеби ортада жүріп атақ тізбеді, халықтың ортасына кіріп ақиқат іздеді. 

Әсіресе, өлеңі де, өзі де бұйра бұлттан аумай қалған Аманқос Ершуов – қазақ поэзиясында алтын әріптермен айшықталып қалды деуге болады. Мүмкін, өзге өңір оқырмандары «жерлесін жатып алып мақтап жатыр» деп жазғырар, бірақ, мен де Аманқос ағамыздың өзі секілді ақиқатын айтып отырмын. 

Ендеше, қазақтың қабырғалы қаламгері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Республика Халық ағарту ісінің үздігі – Аманқос Ершуов бүгінгі эссемнің басты қаһарманы.

Атыраудың тағы бір арда ақыны, жалынды жазушысы Әбу Сәрсенбаев қазақ әдебиетінің ақша бұлты атанғанын білеміз. Осы орайда, Аманқос Ершуовті «қазақ поэзиясының бұйра бұлты» деп атасақ, артық етпейтін сияқты. Бүгінде шүкір, ақын артында өнегелі өмірін баяндап, өрелі өлеңін аялап келе жатқан қалың қазағы бар. 

Ал, ақын ағамыздың өзін осындай жан жылытар жазира жыр жолдарын жазуға не итермеледі? Автордың жан дүниесіне үңілген біреу бар ма? Міне, мен осы бағытта ой тербегенді жөн көрдім. Сонымен...

Жалпы, біз адамдардың таңдай қақтырған талантын немесе ел алдындағы еңбегін көрсек, мақтаймыз, ал, еліне еркелеп бір ауыз сөз асырып айтса, даттаймыз. Егер аяғын алға басса, марқаямыз, шалыс басса шалқаямыз. Бұл нені білдіреді? Демек, біз оларды мүлде танымаймыз деген сөз. Яғни, аты мен затын білеміз, ал, жаны – жұмбақ. Бірақ, мін тағуға қашан да дайынбыз. Міне, өлең өлкесіне сапар шеккен ақындар да осындай әділетсіздікпен бетпе-бет келеді. Одан ешкім қашып құтылмайды. Ондайда оны тек өз оқырманы ғана құтқара алады. Өйткені, жазушының жанашыры мен жанкүйері оның жеке өмірінен басқасының бәрін біледі және әр жаңа жинағын құдасындай күтіп отырады. Ендеше, Аманқос ағамыздың өзі өмірден өтсе де, оның артында мол мұрасы мен қалың оқырманы қалды. Солар барда ақынның аты өлмейді, хаты өлмейді, оты да өшпейді, сәулесі де сөнбейді. 

Атыраудан шыққан тағы бір заңғар жазушы Зейнолла Қабдоловтың өзі Аманқос ақынды алғаш көргенде «Қазақ әдебиетіне жаңа Қасым келді...» деген сөз аузынан қалай ағып түскенін аңғармай қалған деседі.

«Жырына берілдім де құлақ түрдім,

Басымнан байғұс ойды лақтырдым.

Қасымның келер деген бір Қасымы,

Өзімнен сенбісің деп сұрап тұрдым» деп артынан ақынның өзі де өнегелі ой түйген екен.

Сенесіз бе, жоқ па, бірақ өнер адамының жүрегінде не жатқанын білу қиын. Әсіресе, ақындардың «ауа райын» аспанға қарап болжай алмайсыз. Бұл үшін олардың өлеңдерін оқып шығу керек болады. Қазіргі тілмен айтқанда, өлең – ақын мен халықтың тілдесетін «ватсабы» сияқты ғой. Мәселен, атыраулық ақындарды алсақ, Әбудің өлеңдерінен өмірдің өзі мен ақылдың көзін, Жұмекеннің жырларынан ерлік пен елдікті, Фариза арқылы қоғамдағы қыз бейнесін  жазбай тануға болады. Ал, Аманқос Ершуовтың шығармаларында осы айтылғандардың бәрі бар. Себебі, ол өлеңіне тақырып қойғанымен, мазмұнына шектеу қоймаған. 

Айтқым келгені, поэзиядағы табиғат пен махаббат лирикасы, сүйініш пен күйініш, өкініш пен жұбаныш – адамзат бойындағы барлық сезімді ақын жырларынан таба аласыз. Өзімшіл адамнан өнер адамы шықпайды деп жатады. Ақын бір нәрсеге сенгіш, романтик болуы керек. Жұрттың бәрі жамандық шақырып жатса да, ол жақсылыққа сенуі қажет. Міне, бүгінгі кейіпкеріміз – дәл осындай жан болғанын жырларының өзі айқын аңғартып тұр.

«Ару Жем-ау,

Ару Жем –

Жан дертіме дәру Жем!

Менің Мысыр Шәрімсің.

Намысымсың, Арымсың.

Дәмі аузымнан кетпеген,

Менің, менің алғашқы,

Гүл махаббат – балымсың.

Жүректегі жалынсың,

Ұмытылмас әнімсің.

Қажеттерім өзіңнен,

Табылмасын, табылсын.

Жарылайын ағымнан,

Менде, менде жүрек бар,

Өзіңді аңсап сағынған.

Менде, менде тілек бар,

Нұр арманға бағынған.

Сүңгігенмін, жүзгенмін

қасиетті суыңа,

Бекет атам шомылған...» 

Ақынның бұл өлеңіне қарап, расымен де Жем өзенінде басқаларында жоқ бір қасиет бар ма деп те қаласың. Әйтпесе, Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Өтеген Оралбаев секілді «қазақтың мен атайын, сен тұр» деген ақындары да осы өзеннің суына шомылып өскен жоқ па?! 

Жем демекші, Жылыой туралы жылы ойлап, Ақкиізтоғайын Алматының ақ тоғайларына да ауыстырмаған бір ақын болса, ол – осы Аманқос Ершуов. Шынында да, оны Әбу Сәрсенбаев та, Зейнолла Қабдолов та, Жұбан Молдағалиев та өздеріне шақырған көрінеді. Бірақ, Атыраудың бұйра бас баласы Ақкиізтоғайдың бұйра бұлттарын ақбасты Алатауға да қимаған деседі.

Бірақ, соған қарамастан елі сүйген сөз сүлейі болды. Өзі ақын болып қана қоймай, өзгелерді де осы өнерге баулыды. Бүгінде тек Атырау жұрты ғана емес, есімдерін ел Қаржау Оразбаев, Тементай Әділханов, Сәулеш Шәтенова, Амантай Оспановтар – Аманқос ағадан тәлім алған жыр түлектері. 

Тіпті, өзінің туған перзенті Маржан Ершуова да әке салған сүрлеуден сүрінбей, ізгі ізін жалғап келе жатыр. Ол да алашқа адуынды ақын, бұл аз болса, түбі бір түркі жұртына абыройлы аудармашы, ал, оған да көнбесеңіз, ғибратты ғалым – филология ғылымдарының кандидаты және бір емес, бірнеше кітаптың авторы!

Жалпы, қазақстандық өнер иелерінің көбісі ауылдан шыққаны белгілі. Бірақ, сол ақын, әнші, биші, күйші, актерлардың Алматыда қалып қоятыны қиын. Өйткені, ол жақтың мәдени орталықтарында барлық жағдай жасалған. Мәселен, актер театрдағы қызметімен қоса – кино, телевизиялық бағдарлама, сериалдарға түсе алады, дубляжға, радиоға барып нәпақасын табады. Осылайша, материалдық жағдайын жақсартып алады. Себебі, оның да жанұясы, баласы бар. Өнерді сүйем-күйем дей бергенмен, актер да жақсы үйде тұрып, әдемі көлік мінгісі келеді. Бір жағынан, кейде «өнер құрбандықты талап етеді» деп те жатады. Яғни, бір нәрсеге қол жеткізу үшін құрбандық келтіруге тура келеді. 

...Аманқостай аузын ашса көмейі көрінетін, жыр жазса жүрегі езілетін ақын енді дүниеге келе ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ, «Пассионарность» деген Гумилевтің термині бар. Берді ғой өз заманында алаштың арыстарын – Жүсіпбек, Ахмет, Бейімбет, бесаспап Халел мен Шоқандарды. Арада бір тыншу болады. Кейін төгіп тастайды. Арал тартылып кетті дейміз, артынша астынан ежелгі адамдардың сүйегі табылды. Демек, бұл жерде бұрын теңіз болмаған. Әйтпесе, адамдарды су түбіне жерлемеген болар?..

Айтпақшы, біз қазір суицид жөнінен алдыңғы орынға шығып кеттік қой. Осындайда Аманқостай ақындардың Абай айтқан «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» жұмыр жырлары жетіспейді. Ең жаманы – болашаққа сенбеу. Бұл – қауіпті, қорқынышты дерт. Қазіргі жастар тез ашуланады, психологиялық тұрғыдан әлсіз. Балалар күні бойы компьютер алдында отырса, түнімен ұйқысы қашып, шошып оянады. Ал, далада жүрсе, тыныш ұйықтайды. Осылайша, құбыжық фильмдер бала психикасын бұзады. Ертең одан қандай адам өсіп шығады? Міне, қоғамдағы қатыгездік те осындайдан болып жатыр. 

Жалпы, поэзия әлеміне кез келген ақын емін-еркін еніп кете алмайды. Мен мұны өз тәжірибемнен де жақсы білемін. Өйткені, өзім де өлең жазамын. Жақында «Армантау» атты Атырау ақын-жазушыларының жаңа антологиясына да шығармаларым енді. Айтайын дегенім, қазір бізге уақыт жетпейді. Қаншама бастауын бастап, аяқтамай тастаған жырларым жатыр... Солар үшін жүрегім ауырады. Мен бірнеше шығарманы қатар жазамын. Үнемі төгіле бермейсің ғой, тоқтайсың. Сондайда қызықты өмір көріністерін бақылап, идея туып кетеді. Мәселен, кеш сайын көрші үйдің терезесінің алдында қозғалмай бір қыз тұратын. Сөйтсем, кейін ол гүл болып шықты. Осыны әңгімеме арқау еттім. «...Бірде байдың дуалмен қоршалған үлкен үйі болады. Жанынан өтіп бара жатқан жарлы жігіт үй терезесінен бір қыздың қарап тұрғанын көреді. Бірақ жақындап бара алмайды, дуал тым биік. Сөйтіп ақша жинап, бинокль сатып алады. Қараса, гүл екен!» Сол сияқты ғой...

Толқыннан толқын, ойдан ой туады демекші, Станиславскийдің керемет сөзі есіме түсіп отыр: «сені қырық адам мақтап, бір адам ғана сынаса, сол біреуін тыңда». Ал, біз оны керісінше жау көреміз. Айталық, кезінде Болат Атабаев мысқылдап «таланттылар толып жүр» дейді екен. Ол күліп айтқан сөзі. Құдай берген дарын білім мен еңбексіз сол күйінде қалады. Ізденбеген ақын да тоқырап, қайталауға ұшырайды. Осы орайда, мен Аманқос ақынның өнегелі өмірі мен өрелі өлеңінен үлгі алып отырамын.  

...Сөзімнің соңында айтарым, Аманқос Ершуов «Келешегім – көкжиегім», «Шырқау», «Шопан баласы», «Жылқышының ұлы», «Ойсылқара», «Алтын босаға», «Шұғылалы шақтар», «Пір Бекет пен жыр зекет», «Оғыланды» жыр жинақтары мен «Жаралы жылдар», «Мәңгілік махаббат» атты драмалық шығармалары арқылы шабыттың шыңына жете білді. 

«Бақытты болу қас-қағым еді,

Шабытың барда маздаған.

Бір өлең жазып тастағым келді,

Өзгелер әлі жазбаған...» деп өзі жырлағандай, басқалар жазбаған жауһар жырларды дүниеге әкелген Аманқос ақынның ойлағаны орындалды, арманы ақиқатқа айналды. Сірә, алаштың арқыраған ақыны енді жоғарыдан жұлдыз болып жарқырамақ!


Әділет ҚАНАТҰЛЫ, 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 1-курс студенті


author

Аманқос Ершуов

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...