Әлібек Асқаров. Боямасыз баяндар (Төртінші дәптер)

ӘДЕБИЕТ
3086

Қайсыбір жылы біз Монғолиядағы қандастарымыздың шақыруымен Баян Өлгейге барып қайтқанымыз бар.
Алматыдан көрнекті мәдениеттанушы ғалым, білімдар ағамыз Мұрат Әуезов бастаған керуен шықты. Мен бұрын ешбір шетелде болмаған қаламгер ағамыз Қайырды Назырбаевты қасыма ертіп, Астанадан аттандым.
Естуімше, Мұрат Әуезовтың керуені Өскеменде бір түнеп, Шемонайха арқылы Сросткиге жетіп, әйгілі жазушы, кинорежиссер Василий Шукшиннің туған елінде біршама аял жасапты. Содан, Мәскеуде оқыған Мұрат ағамыздың танысы баршылық қой, олар Горно-Алтайск қаласында екі күн мейман болады. Ол жерде алтайлық прозашылар Борис Укачин мен Дибаш Каинчин қазақ керуенін құшақ жая қарсы алып, шама-шарқынша қонақ етсе керек.

Алтай жұртының астанасынан аман-есен аттанған Мұрат ағамыздың керуені Ресейдегі қалың қазақтың мекені – Қосағашта тағы бір күн дамылдап, ертесінде кештетіп Баян Өлгейге табан тірейді.
Араға бір күн салып, Өскемен арқылы ұшақпен екінші топ – біз де жеттік. Біздің топтағы шоқтықты тұлға – Болатхан Тайжан ағамыз, елге аты мәлім қоғам қайраткері. Москваның Мемлекеттік халықаралық қатынастар институты мен КСРО Ғылым академиясының аспирантурасын тәмамдаған кәсіби дипломат, араб тілінің мықты білгірі, тайпалған аудармашы. Кеңес заманында шет елдердегі елшіліктерде көп жылдар бойы алуан қызметте болған сирек қазақтың бірі. Ел тәуелсіздігінен кейін Қазақстан Сыртқы экономикалық байланыстыр министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Египеттегі Төтенше және өкілетті Елшісі, Марокко, Тунис, Алжир, Иордания, Сирия, Ливия мемлекеттеріндегі елшілік міндетін қатар атқарушы, кейін зейнет демалысына шыққанға дейін Қазақстанның Малайзиядағы өкілетті Елшісі қызметтерін атқарды. Каир қаласында Абай көшесінің ашылуына мұрындық болған азамат та осы Болатхан ағамыз еді. Бұрын атын сырттай естіп, бірер мәрте жиналыстарда көргеніміз болмаса, жақын танымайтынбыз. Бұл сапарда сол олқылықты реттеудің жөні түсті, дипломат ағамызбен армансыз әңгіме соқтық, ұзақ-сонар сырласып қайттық.

Бұрын естімеппіз, Мұрат Әуезов керемет балықшы екен. Өлгейге келген күннің ертесінде ол кісі құрығын арқалап күншіліктегі Сырғалы көлдеріне кетіп қалыпты. Араға бір күн салып, көңілденіп, бой жазып сергіп қайтып келген. Алматыдан бергі алыс жолда шаршап-шалдыққанның ізі де қалмапты. Таза ауа, Сырғалының таңғы шықтай мөлдір суы бәрін жуып-шайып жібергендей.Бәріміздің басымыз аман-сау қосылған соң, ресми шараларды бастап кеткенбіз... Кітапханаға кітаптар табысталды. Мәдениет үйіне бірнеше домбыра, музыкалық аспаптар сыйға тартылды. Біз жақтан Мұрат пен Болатхан сөз сөйлеп, Ұлан-Батырдан осы шараға арнайы келген Қазақстан Елшісі ел атынан тілек айтты. Моңғолия жағынан – Ұлы Хуралдың депутаты, Өлгей аймағының әкімі, тағы бірер зиялы ағайын сөз алып, қазақ делегациясына ризашылықтарын білдірді. Көкейдегі кейбір проблемалар да қозғалды. Соның бірі – Қазақстан теледидары хабарларын көре алмайтындықтары сөз болып, осы мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салмай, тездетіп шешіп беру жағы сұралды. Екі елдің халықтық қарым-қатынасына байланысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың жетіспейтіні төңірегінде де әңгіме болды. Біз алыстағы ағайынның осы өтініш-тілектерін маржандай етіп қойын кітапшамызға түртіп алдық. Соның нәтижесі – көтерілген көп сұрақтың біразы кейіндері ойдағыдай өз шешімін тапты да.

Өлгейге келген адам Сырғалы көлдерін көрмей, Бес Боғданың көз шағылыстырған қарлы шыңдарын қызықтамай қайтар болса – ол адам бұл жаққа бекер келгенмен бірдей дегенді естідік. Солай деген соң, қонақ қойдан жуас, біз бәріне көндік. Мұрат ағамыз, қасында Марат Сембин досы бар, өз шаруаларымен қала маңайына қыдырыстап кетті. Біз, Болатхан ағамызды бас етіп, екі машинамен Сырғалы көлдеріне тарттық.
Мамырдың соңы еді, жер әлі көктей қоймаған, тау мен тастың түсі күрең қызыл. Бұл жақта ағаш та сирек екен, қайда барсақ та тақыр жер, жалаңаш таулар. Сырғалының жолы да ауыр болды, көктемгі жылымықпен жіпсіп, жолдың бәрі қойбатпақ, езіліп кетіпті. Ауыр машинелер көп жүргеннен бе, аттап бассаң ойдым-шұңқыр. Біз мінген екі уазиктің алдыңғысы коллеяға білігінен салақтап отырып қалып, троспен кері тартып жүріп, әзер шығарып алдық.

Сырғалы – тау етегіндегі жазықта мөлдіреп жатқан қос көл екен. Биіктен қарасаң расында да қыздың құлағына салар қос сырғаға ұқсағандай. Екі көл біріне бірі, шамасы жарым шақырымдай, жалпақ өзенмен жалғасып жатты. Ақ көбігін аспанға атып күркіреген Қобда өзені осы көлдерден бастау алады екен.
Екі көлді жалғаған жалпақ өзеннің тайпақ тұсынан арғы жағаға өттік. Жазықтың бел ортасында ағарған үйлерді көріп, шағын ауыл ма десек, шекара заставасы болып шықты. Одан әрі өркештенген тау жоталары. Осы таулардың арғы асты Қытай елі десті. Ал, түстік жақтағы тау сілемі әлдеқайда асқақ, көз тартқан айбынды. Шошайған шың бастарынан бастап, етекке дейін аппақ қар. Сай-саланың бәрі қыздың шашбауындай бұратылған мұздықтар.

Атақты Бес Боғда шыңдары осы екен.
Айтары жоқ, көркем көрініс, көңіл сусындатқан әсерлі сурет. Мен Бес Боғдаға ұзақ телмірдім, көзім тоймай, зерттей үңілдім. Сыртылдатып суретке түсірдім. Осы ғажайып шыңдардың арғы жағында өзім туып-өскен өңір – Катонқарағай барын сезіп тұрмын.
Сырғалының «ақбалық» дейтін балығы да өзгеше ірі болады екен. Ер адамның санындай жұмыр, өлшеп едік, біреуі – 85 сантиметрге жетті.
Шекара заставасының арғы жағында, тау түкпіріндегі малшы үйінде қонақ болдық. Моңғол типті киіз үйде кеңінен әңгімелесе отырып, буы бұрқыраған жас етпен қоса, ақбалықтан да дәм таттық.
Күні бойы жайлау көркін қызықтап, таза ауада дем алып, күн екіндікке еңкейе келген жолымызбен кері қайттық.

* * *
Астана мен Алматыдан келген қонақтарды қалған күндері топ-топқа бөліп әр жаққа алып кетіскен. Қайырды екеуміз Өлгейдегі байланыс торабының бастығы Үзбен Құрманбайұлы деген ағамыздың қамқорлығына көштік. Мұрат Әуезов пен Марат Сембин ұшақпен ел астанасы Ұлан-Батырға аттанып кетті. Болатхан Тайжан ағамыз да келесі күні белгісіз жаққа жол жүріп кеткен.
Үзбен ағамыз Қайырды екеумізді қала маңындағы табиғатпен таныстырып, кешке қарай елдің зиялы жұртшылығымен кездесулерге қатыстырды. Қайда барсақ та өлгейлік ағайынның ақ ниеті мен ыстық ықыласына бөленіп, үлкен әсерге бөленумен болдық.
Бұл есте қаларлық тамаша сапар еді.
Кейін естігенім – Болатхан Тайжан ағамызды Өлгей өңірінің тумасы, қазір Алматыда тұратын қарымды журналист, ғылым докторы Досан Баймолда ішкі Монғолияға көлікпен алып кетіпті. Ұшақпен емес, ел мен жерді көру үшін көлікпен жүрейік деп тілек еткен Болатхан ағамыздың өзі екен. Сөйтіп екеуі екі мың шақырым жол жүріп, Моңғол даласын көктей өтіп, талай жерді шиырлапты. Күлтегінге барады, Тоныкөкті көреді, Қарақорымға жетіп зиярат етеді.
–Қарақорымда, Шыңғысханның ордасы тігілген маңайдан Болатхан ағам қос уыс топырақ алып, оны мұқияттап орамалға түйіп алды, – дейді Досан осы сапар жайын еске алып.
– Аға, топырақты не істемексіз? – деп сұраса:
–Бір асыл адамның аманаты еді, – дейді де қояды ағамыз.
Ол «не аманат» екенін Досан кейін анықтапты.

***
Менің білетінім, Алматыда алыстағы бурят халқының бірнеше атақты перзенттері өмір сүрген. Солардың бірі – әйгілі мүсінші, қолөнер шебері Сэренжеп Балдано деген кісі еді. Балдано ақсақалдың қызымен мен Көркемсурет училищесінде бірге оқығам. Ол кісімен Ақселеу Сейдімбектің жақсы қарым-қатынасы бар, рухани достар болғаны да есімде. Келесі бір атақты бурят – Африкан Бальбуров, Бурятияның халық жазушысы, фольклор зерттеуші, Одаққа аты мәлім публицист еді. Бальбуров денсаулығына байланысты Алматыға көшіп келіп, жұмақтай болған осы қалада көп жыл өмір сүрді. Алматыда дүние салды.
Ал, Болатхан Тайжанның аманат арқалап жүргені – Цирен Хандуев атты тағы бір бурят азаматқа қатысты екен. Ол кісі 1920 жылы Бурятия мен Моңғолияның шекарасындағы Кяхты деген мекенде дүниеге келіпті. Әкесі бурят, шешесі жапонның қызы деседі. Цирен Хандуев соғысқа қатысқан, майдангер, биология ғылымдарының докторы, профессор. Ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында тұрған, КСРО Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институтында жауапты қызметтер істеген.

Болатхан ағамыз сол кісіні құрмет тұтып, отбасымен қатты араласқан көрінеді. Жасы ұлғайып, ауру меңдеген кезде Цирен ағамыз ылғи да Болатхан інісіне «Моңғолияға бір барсам, Қарақорымды бір көрсем» деп арман етеді екен. Әкесінің тікелей Моңғол буряттарының ұрпағынан тарайтынын, арғы аталары Шыңғысханның жасағында шайқасқанын, сол далада ата-бабасының қаны сіңгенін әңгіме ете беріпті. Осы жайды ескеріп, Болатхан бурят ағасын Моңғол сапарына өзімен бірге ертіп алмақ та болған екен, бірақ ақсақалдың денсаулығы жол жүруге жарамай, кемсеңдеп Алматыда қала беріпті.
Болатхан Тайжан Монғолия сапарынан аман-есен Алматыға оралғанда – Цирен Хандуев ауруханада жатса керек. Бөкең аға-досының көңілін сұрап, оны ауруханаға іздеп барады. Барған сапарын әңгіме ете отырып, орамал түйіншекті ұсынады.

– Мынау Қарақорым жерінің топырағы! – дейді Бөкең. – Сіз өзіңіз аңсаған ата-баба жеріне жете алмадыңыз. Соны ескеріп мен сізге қасиетті жердің топырағын түйіншекке түйіп ала келдім!
Бұл хабарды естігенде қарт оқымысты кемсеңдеп жылап жіберіпті. Көз жасын орамалымен іліп сүртіп, топырақты қайта-қайта иіскей беріпті.
Ғалым балаларын шақырып алып:
– Мен өлгенде осы топырақты басыма жастаңдар! – деп аманат етіпті.
Арада бір ай шамасы өткенде Цирен Хандуев дүние салады. Ғалымның тілегі бойынша Қарақорымнан әкелінген бір уыс топырақ ол кісінің басына жасталыпты.
Досан Баймолданың айтуынша, Болатхан ағамыз Қарақорым топырағының бір уысын өзінде қалдырса керек. Көп уақыт өтпей, бір жарым жылдан кейін асыл ағамыздың өзі де дүниеден өте шықты ғой...
Қарақорымнан келген бір уыс топырақ ол кісінің де басына жасталыпты деседі.
Былай қарағанда алып-жұлып бара жатқан оқиғасы жоқ, әдеткі бір сапардың сыры, мінеки, осы!

author

Мұрат Әуезов

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...