Нұркен Нұрғазы: «...арамызда мыңдаған ғасыр жатыр»

ӘДЕБИЕТ
2315

Нұркен НұрғазыБесік жыры

"...знакомый ваш - Сергей Есенин!!!"
(с) 
Есенин

 "алып кетсем өзіңді сол мекенге
 ...сол мекенде өзіңмен қалып кетсем..."
 (с) Автор


 тағы бір рет қайтеді жылап көрсек?
 һақ тəңірден ақ сезім сұрап көрсек..?
 сен жыласаң күлетін адамдарға
 тастан қатты,
 тапжылмас
 тылақ көрсет...
 /отырасың
 жалғыз қап, тізіп елес...
 ...айқай салар айналаң қызыл өңеш...
 сен төгесің, мəселен, көз жасыңды,
 ал қоғамға ол мүлде қызық емес...
 /жылама енді,
 жасың сүрт...
 күлгін,
 ойна...
 кірпігіңнен біткесін сырғып айлар...
 сыртыңдағың тартады адамдарды
 (ішіңдегің аян ғой бір құдайға...)
 /мына менің
 /өртей алар дəтім жоқ қамыс елді,
 таныс елдің содан да жаны сөнді...
 ...бір Альфонс ішімнен сақ-сақ күлер:
 қорықпа, Нұркен,
 қыздардың бəрі - сендік...
 /иə, маған... қай дана не демеді?
 есім дұрыс,
 ешбірін елемедім...
 жүрегімде бір ғана ару қалып,
 басқалары бақытқа жөнеледі...
 /сен кетесің... тартасың адамдарды...
 айна алдында сыланып таранған күн...
 ей, сұлуым, сен осы білесің бе,
 мұңды ғана жазуға жаралғанмын...
 /...жылы болып тұрмайды ара мəңгі...
 жылы түннен қаншалық сауап алдық?
 ...ағаларым: мұңды өлең жазба... - дейді...
 мұң жеңеді бəрібір
 ағаларды...
 /ағама ұқсап соңғы рет қамыққандай,
 қарбаласқан көштен де қалып қоймай
 көшесің-ау сүлдеңді сүйретумен,
 тірі жүрмей,
 тым құрса өліп қалмай...
 /сонсоң тағы
 /...отырасың
 жалғыз қап,
 тізіп елес...
 ...айқай салар айналаң қызыл өңеш...
 сен төгесің, мəселен, көз жасыңды,
 ал қоғамға ол мүлде қызық емес...
 /кетейікші (кеткендер қайтып келер)...
 келуіміз болады жай күтпеген...
 жасқа тұнған көзіңнен сүйемін де,
 ең ғажайып ертегі айтып берем:
 "əлди-əлди, ақ сүмбе..."
 /кетейікші...

11.12.2018

Үзік

тосын болған
бəрі де...
тосын болған...
мойыныма білегің асылғанда
өзімді іздеп кетуші ем ғасырлардан...
ашылғанда құшағың
адасушы ем,
тура жолды табуға тосылғанда...
...білесің бе, қалды ғой жетімсіреп
бойымызды қоғамнан жасырған маң...

құлақ аспай көп айтқан тілекке де,
тек сол маңды торығам,
гүл еккен ем -
бауыр басу-дан болса соның бəрі
қоңыр кеште шым етті жүрек...
неге?

 сені ғана көруші ем өткен күннен,
 сені ғана күтуші ем жеткен күннен...
 құрбыңды да қызғаншақ жек көрдім мен
 жігіттерден көңілі қалып қойған -
 арадағы аяулы əппақ сезім
 сөзге еруден ендігі жалықпай ма?

 жалықпай ма жалғаннан баз кешуден?
 ал баз кешу күй ме еді аз кешірген?
 жанымызды жауратып алдық па екен,
 арамыздай суыған жаз кешінде...

 мас болғанда ащылау ойларды ішіп
 орнатқым кеп аспанға
 айдан
 мүсін,
 басқа арудың мүсінін сызыппын-ау
 (келді оның да аңызға айналғысы)...

 дүнияны қарғама,
 доғар! доғар!
 ендігіңді өткенге көп арнама...
 ...а, айтпақшы, сəбиің құтты болсын,
 талай түнде əкесі оралмаған...

10.12.2018

Шизофриник

сұм өмір абақты ғой саналыға... 
(с) Мағжан

 мен мына өмірге сəбидің көзімен немесе сана дейтін абақтыдан босап шыққан жанның көзімен қарасам ғана тазалық биігіне көтеріле алады екем...
 (с) Автор

ол айна алдында:

 "жек көреді,
 білемін, таңдар мені,
 шет көреді
 қағидат, заңдар мені.
 мені "есінен адасқан..." дейді адамдар,
 адаспауда о сонда мəн бар ма еді?
 /бір кездері мен дағы қылықты едім!
 жүруші едім тойларда күліп керім.
 мен бар жерде
 қобалжып сұлу қыздар,
 мен бар жерде
 үркетін жігіттерің.
 /той иесі жататын таныстырып,
 таныс жандар менімен қағыстырып...
 ешкім мені қалжыңмен қағытпайтын -
 мойынымда тұратын галстугім...
/бас тартпадым бауырым деген жаннан,
 ақылым да қалтам да терең болған.
 менен қалған сайыс пен бəс тігулер,
 қыпша белді вальс те... менен қалған.
 /жөн көруші ем жүректі қинамауды,
 сыйлаушы едім
 сүйікті,
 сыйлы адамды...
 ол мəселен өтірік құралыпты...
 ал мен кеше шынайы қирағанмын:
 /жасыра алмай күлімді күйсем іштей,
 сүйсем іштей, мұңымды үйсем ішке...
 мені əлемнің бар мұңы меңдеп алып,
 бір-ақ сəтте қирағам күйзелістен.
 /о несіне
 "мен! мен! мен!
 мен!" - дей бердім?
 менім өлген!
 менсізбін!
 сендей болдым!
 сен үстінен қарайсың бəрінің де:
 мансап,
 атақ,
 дəреже-
 деңгейлердің...
 /...шашымды да бір-бірлеп санап үздім,
 шашпен ғана жалғанбақ сана біздің.
 арамызда мыңдаған ғасыр жатыр,
 əйнек бөліп тұр біздің арамызды.
 /өтінемін, басқаға елікпе тек,
 ессіздігің ерке екен,
 көрікті екен...
 мен бір күні əйнекті сындырам да,
 сенің əлеміңе еніп кетем." 

24.11.2018 

ЕСТЕЛІК

Көшкен бұлтқа айтушы ем "Қош... аман..." -деп.
Ескен желге айтушы ем "Қош...аман..." - деп.
"Қош...аман.." - деп өзіме айтып тұрмын
 Ескі сурет ішінен есі алаң боп...

 Жырларымды білердей тəңір жатқа,
 Судыратып айтардай өмір жоқта,
 Тіршілікті жүруші ем түк те елемей,
 Көктем келіп қалардай көңіл жақтан.

 Қайда кетіп барады қылықты ойлар,
 Жанымызды сол қылық суытпайды-ау...
 "Қатарласың жұмысқа тұрды" - дейді,
 Одан бұрын жұмысқа тұрып қойғам

 Жазу деген... Жаздық па, жазбадық па?
 Жылап жазған түндерден сөз қалып па?
 Дертті қылып қойыппын керісінше,
 Үлгермепті ол дағы назданып та...

 Төге берді-ау ол дағы көрпеге жас,
 Көрінер деп ойламай ертең оғаш.
 Мені көргіш келеді-ау соқыр көздер,
 Тебіренгіш келеді-ау тентек ағаш...

 Бұрын-соңды ешкімге ұсатпаған,
 Жан еді ғой сезімін қыс ақтаған...
 Жылып сала берген-ді тəнім кенет -
 Өзім екен өзімді құшақтаған...

 Аспан - дінім екен ғой, жаңбыр - ұлтым...
 Ділім мұңның сындырып алды құлпын,
 Бөлмесінен шықпаушы ем... шығып кеттім -
 Күліп тұрып шығарып салды бір күн...

 Қарап қалғам өткенге "Қош...аман..." - деп.
 Қарап қалғам көктемге "Қош...аман..." - деп.
 "Қош...аман.." - деп өзіме қарап тұрмын
 Ескі сурет ішінен есі алаң боп...

04.11.2018

ТҮС

Түс көрдім мен:
Түсініксіз көргенім,
Салып жатты суретші сәт өрнегін.
Түсініксіз тамашалап тұрдым мен,
Абайлардың, Мағжандардың... өлгенін...

Өлді бәрі...
Сөздер өлді... сөз өлді...
Аспан жерге қара мылтық кезенді..
Мұхиттардың құшақтары тарылды,
Құрлықтардың сәби жүзі кезерді...

Дос силаған кітаптарым бұлқынып,
Кітапханалардан және жымқырып
Жинақтаған жаны нәзік кітаптар
Ақша болып шыға келді құлпырып...

Құлпыру ма, қуару ма, білмедім,
Қуандым кеп, не сасқаным бұл менің?
Кітаптардың әр парағы ақшаға
Айналды ма, тұлпар енді мінбегім...

Тұлпар мінем,
Үй саламын, қыз құшам...
Әлеуметтік еріп кетер мұз-тұсау.
Тағы нелер сатып алсам болады? –
Ми ішінде секеңдейді жүз мысал...

Басеке! – деп қарсы алуда бір қауым,
Досеке! – деп жан салуда бір қауым...
Өлеңдері өшіп кеткен кітаптар,
Енді олармен егіз емес мұңдарым...

Ескі мұңды, қауымды да танымай,
Өз ішімде шашылдым мен тарыдай.
Маяковский жоғалыпты, Блок та,
Федерико Лорка да жоқ... тәңір-ай!

Ұлы ақындар, жазушылар, сыншылар
Айтқандары аянышты тұншыға
Кете барды... Шерхан ата «Қош!» - деді,
Қолын алып қалуға оның құлшынам...

Көк ақшаның осы болса пайдасы
Ысқырығым бес ешкіні айдасын...
«Қозапая» қайда-а-а-а-а-а?! – дедім, ақырып,
«Тортай мінер ақ боз аты-ы-ым», қай-да-сың?

Табанына тәңірі атқан ұранның
Ең сұрықсыз үлгісі осы құлаудың...
Сөз бұтағын иіп тұрып жанымның,
Өз кітабым жоқтығына қуандым... 

11.10.2018. 




author

Нұркен Нұрғазы

АҚЫН

Жаңалықтар

Иранда студент қыз көшеде киімін шешіп тастады, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz сайтына сі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында жоғалған балықшы көл жағасында ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды mad...