Қазақ өлеңінің келешегі кемел ме?

ӘДЕБИЕТ
2507

Қазіргі қазақ әдебиетінде бір қарасаңыз, өткен дәуірлердің тенденциясы сақталып отыр деуге болатындай. Ол – поэзияның оқылымы жағынан алдыңғы орында тұруы. Прозада іргелі шығармалар жазылып, кәсіби проза қалыптасқанмен, өлең сөздің орны айрықша. Қазіргі қазақ ақындары әдебиетімізде бұрындары болмаған тақырыптарды қамтып, қалыптастырып жатыр. Қаланың өмірі, қалалық қазақтың образы жасалуда. Яғни, кешегі поэзияда даланы аңсау, оны асқақ рухта жырлау басым болса, бүгінгі ақындар мүлдем жаңа бағытта ойлайды. Бір кезде Мұқағали:

-Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта, -

десе, біздің уақыттың поэзиясы осы қайшылықта жасалып жатқандай сезіледі. Қазақ намысының алдаспаны Махамбет ақын:

-Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн, -

деп, поэтикалық ойды этнографиялық ұғымдармен әдіптесе, бүгінгі қазақ ақындары:

-Итпен ит боп таласып,

Тілдесемін бұлбұлмен.

Бұлт қалқиды көгімде,

Оның мәнін кім білген?

Ән-күйінен қазақтың,

Арша иісі кісінеп,-

деп (С.Рахметұлы) таныс та бейтаныс ұғымдарды образға айналдырады.

80-жылдардың соңы мен осы ғасырдың басында әдебиетке келген ақындардың үлкен тобы қазіргі поэзияны жасап жатыр. Олардың әрқайсысы еліктеуден өтіп болған, өз жол-соқпағына түсіп, бағыт-бағдарын анықтаған ақындар. Бұл қалам иелерінің қазіргі талқыда жүрген жазып-сызғандары болашақтың еншісіндегі рухани байлығымыз бола алады десек артық емес. Осы топтан Жанна Елеусізова мен Бауыржан Қарағызұлын айырықша стилі мен тынысы бар ақындар деуге болады. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Сұраған Рахметұлы, Жанна Елеусізова мен Бауыржан Қарағызұлы жазған өлеңдер, сөз жоқ, келер ұрпақтың інжу-маржан ретінде қабылдап, іздеп жүріп оқитын поэзиясы болады.

90-жылдары өлеңсүйер жұрттың бәрі Тыныштықбекпен «ауырғаны» рас. Себебі, басқалар айта алмаған, жаза алмағанның барлығын осы ақыннан табылды. Белгілі таптаурын шаблондарға мүлдем кереғар, тіпті, кейде қыңыр-қисық түрде түзілген Тыныштықбек өлеңдері, қарасаңыз әлемнің үздік деп бағаланатын поэзиясынан кем емес қой!

Жасқандым.

Алайда, қалайша қайран қалмайсың,

Жұпарымен көтеріп тұр Аспанды

Бұл – Тыныштықбек ақынның «Гүл» деген өлеңінің соңғы шумағы.

Гүлді айтып отырғанымен, адамның жаны, сезімі айқын лүпілдеп сезіліп тұр ғой. Ақын бір сәттегі сан түрлі көңіл-күйді сан бояулы сезімді суретке айналдырады. Қарама-қарсы ойлардың арпалысы кейіпкерді анық көрсетеді. Аз сөзбен астарлы, көркем поэзия жасау деген осындай болса керек-ті.

Қызғалдақтың – даласы бар.

Гүлзар бақтың – қаласы бар.

Өз ортасын таба алмаған –

менің Жаным аласұрар… (Жанна Елеусіз.)

Талантты адамдардың басынан өтетін рухани жалғыздық,өзі өмір сүріп жатқан қоғамды жатсыну, қоғамдағы лас дүниелерден жеріну, ортаға сыймау секілді әлеуметтік мәселелерді өлең тілімен аса сезімталдықпен осылайша жеткізе білу – қазақ ақындарының пешенесіне жазылған ба дейсің, кейде!

Қазақтың тағы бір талантты жас ақыны Бауыржан Қарағызұлы «Бізде қанша уақыт бар, сүйіктім?!»өлеңінде:

-Бізде қанша уақыт бар, сүйіктім, еске алуға өмірді?!

-Бізде қанша уақыт бар, жан бауыр, көтеруге көңілді?!

-Бізде қанша уақыт бар, жан аға, үнсіз ойға шоматын?!

-Бізде қанша уақыт бар, жан құрдас, әзілдесіп қалатын?! –

деген риторикалық ой тастайды. Осы өлеңнен әр адам өзін табады десем артық айтқандық емес. Мына қамшының сабындай бес күндік жалған өмірдің өткінші екенін, адамның уақыт алдындағы дәрменсіздігін еркісіз мойындағандаймыз. Жалпы, Бауыржанның қарапайымнан күрделендіріп шиырып тастайтын өлеңдерінен өмірлік терең философияны байқауға болады. Бұл – ақынның талант қарымының көрсеткіші. Осыған қарап қазіргі кезең поэзиясы келер уақыт еншісінде жоғары баға алатынына күмән жоқ.

Өмірдің өзі секілді, қазақ поэзиясы да, үздіксіз жаңару, жаңғырумен, өзгеру мен түрленуден тұратын үздіксіз процесс. Ұлттық бояудан ажырап қалмастан, заманауи әлемдік үрдістерді шеберлікпен кіріктіріп сөз сарасын қиыстыра білген қалам иесінің ғана есімі ғасырлардан ғасырларға кетері анық. Осы жолда қазақ ақындары да қарап қалмас, қазіргі кезең поэзиясы келер уақыт еншісінде жоғары баға алатынына күмән жоқ деген замандас оқырмандық сеніміміз зор. Қазақ өлеңінің қазіргі ауаны туралы біз түйген аз-кем оқырмандық тұжырымымыз осы еді.


Ислам Шәжей, әдебиеттанушы

adebiportal.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...