2021 жылдың 27 қыркүйек күні Түркістан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Низами Гәнжауидің туға...
Қуаныш Мақсұтов: «Мен еріксіз «Сары Тентек» атандым!»
10644
«Жетем, - деп, - арзан Табысқа», Қазығын жұлып Байыптың, Асығып жүріп Алысқа, Сапардан қалып қойыппын. Жүректен кетті Жыр ұзап, Жат Бақта жылдам гүлдеппін. Есігімді қақтың тым ұзақ, Бірін де соның білмеппін. Тірлікті күйттеп алғанға Айғайлап жүрдім ақ Таңнан, Босағам босап қалған ба, Тым ұзақ Өзің қаққаннан?!. Естілсе Мұңның кеш Үні - Көкейді Уайым тесті шын. Көңілі құрғырдың Есігі Сықырлай береді кешкісін. Бірі боп Мұңы тым аздың, Жасық Ой толып Санамда, Мұхит жасқаған Бұғаздың Жартасы болып қалам ба?!. Санамен талай арбасты Ар, Жетелеп Ойдың жетегі... Толқын қажытқан Жартастар Тереңге батып кетеді... *** Айтылмаған Ойдың бәрі - Іркінді... Көз жасыма илеп берем Күлкімді, Бәрі соған мәз болады, Ал, Сені көрген сайын Сезім билер біртүрлі. Өзін-өзі жиі алдайды күшпен Жұрт... Ақыл айтты арам «сезім» ішкен Қырт... Сүп-сүйкімді Алмаларды аршысаң - Көрінеді ішіне былтыр түскен Құрт. Күзгі бақта сәні кеткен көріксіз Түскен Жапырақ - өлген Тағдыр серіксіз... Сені тауып, Мен тістесем, Тістелген қабығыңнан Құрт түседі - ау еріксіз... *** Көктем. Махаббат. Түйсіну Үш күн өтті... Сен шықпайсың Ойымнан... Мұңын кештім Толқыныстың ғажайып, Ажырадым Парасат пен Пайымнан, Ақылым да кетті мүлдем азайып... Байқамадым Тіршілікті, Уақытты, (Өзімді-өзім жоғалтпаушы ем бұлай көп...) Бұл Жалғанда Мұңды Адам - Бақытты, Қол жетпестің бәрі кетер Құдай боп... Ынтызармын Бозбаладай төзімсіз, Тәтті Естелік жетелейді сол шаққа... Өмір сүру мүмкін емес Өзіңсіз, Біз Мәңгілік қосылмастай болсақ та... Жан жарасты. Тән сүйсінді. Келістік. Кездейсоқтық - ең мықты Заң, білемін... Аппақ Дүние, Бейкүнә Ақын, Кеңістік - Барлығының ауырттың-ау жүрегін. Жаратқанның Бейіштегі нұрына Шомылдық та, Жан тазарды. Осыны ұқ! Менің Мөлдір, Ақымақтау Жырыма Сенің ойсыз Әрекетің қосылып... Ақыл - Азап, Сезім - Жұмақ, Жол – Арман... Кім құтылар Пендеге тән Әуреден?.. Махаббат та, сірә, жаным, жаралған Сенен шыққан Жұмбақ, Таза Сәуледен. Үш жыл өтер... Қоштаса алмай Өзіңмен... Бір құпия Мұң кешермін ғажайып... ...Махаббатқа кездестік-ау Сезіммен, Ақылымыз кеткен кезде азайып!.. *** Сүйсінбесем өмірімнің жоқ мәні, Бір-ақ сәттік Ләззатта – Бостандық! ...Ғашық болу - Тағылықтың тоқтауы, Ал басқасы - Адамдыққа қастандық. Түсінбейсің, Жүрегімде - Ақылым, Сұлулардың шарпылатын деміне... Керек емес тастай суық Нақылың, Дауа болса өзің-ақ іш Еміңе... - Бар Ғаламның ауырғанда жүрегі Тек Сұлулық Шипа болар, - деседі... Құлағы бар Меңіреудің білері - Жанары сау Соқырлардың Өсегі. Қылығымен есімді алса нұр Қыздар - Ынтықтырған, естен кетпес Дәуренім! Жарқырайды жылуы жоқ Жұлдыздар, Жарығымен Менен түскен Сәуленің. Күнде Ғашық болу керек Адамға, Тәтті Ойға жетелейтін Қиялы... Сенбейсің бе? Он сегіз мың Ғалам да Бір Тарының Қауызына сыяды... *** Мен - Ұсқынсыз! Сен - Сұлусың Керемет!.. Ойсыз тобыр іздемейді Мені елеп!.. Пенде үшін Мен - ақымақ Ебелек, Анда-санда Жыр жазамын себелеп... ...Бар Мақсатым - Сені алаңсыз аймалау! Содан артық Маған Арман не керек?! Хайуанға жайылым болған кең Дала Мені қайтсын, Уайымы жоқ Мен – Бала! Тәңір бәрін жаратса да Тең, Дара, Жемістерге нәр береді көң ғана... Науқасыма таба алмадым ем жаңа... ...Бар арманым – Паң, Тәкаппар Сен ғана. Жарық күнде көргенменен бәріңді, Құдай ғана Досым болды Кәдімгі... Ешкім Менің тыңдамайды Әнімді... Жұртқа бола өзгертпеймін Сәнімді... ...Құшу үшін Сенің сұлу Тәніңді Сайтанға да сатар едім Жанымды!!! *** Қарғалар Шыңдарға келмейді, Жемтік жеп, Төменде Ән салады. Ақылды Биікке өрлейді, Кемеңгер Биікте қалады. Арамнан жамандық болғанда, Бейшара Құдайды қарғайды... ...Көңілге Сағыныш толғанда, Күнәға орын да қалмайды. Құмарлық – пәк, таза кешті алдау, Армансыз, жай жоспар құрған нық... ...Шын сүю – өткенді еске алмау, Махаббат – ақылды Құрбандық. Адалға барыңды арнасаң- Өзіңді мәңгілік сыйлайсың... ...Сүйгеннің Құрбаны болмасаң, Ел үшін Жаныңды қимайсың! Еркіндік - Сүйгенмен бір болу, Мас болу, Ләззаттан ішіп У, Мықтылық – сүйгенге Құл болу, Адамдық – осыны Түсіну. *** Тірлікте мынау тасыған Ойлану керек басынан... Білімді Қызды көресің Ақымақ Жігіттің қасынан. Махаббат - шәрбат масынан Сұрама, достым, асыл ән... Еңбеккер Жігітті көресің Еріншек Қыздың қасынан. Жылап, жұбанып, тасынам, Жыр болып Жұртқа ашылам... Ақын Жігітті көресің... Бақытсыз Қыздың қасынан. Париж. Тургенев. Түйсіну Өз елімде бола алмадым Бас Тұлға, Адам болдым қу Тобырдан қаштым да Сүйгенімнің балконында - Мәңгілік, Париж жатыр аяғымның астында... Ешқайсысы қоштасқан жоқ кетерде, Қолдан Құдай жасап алды өтемге... Сұлулардан сүйкімділік таппадым, Бекзада Әйел табындырды шетелде. Отандастар жақсы Сөзін қимаған... Жетесіздер ақыл айтып қинаған... Мендегі бар құдіретті Бір Әйел Тұлға етіп Отаныма сыйлаған... Жігерсіздер Қателіктен сақтанар, Адамдығы Тобырларға тапталар... Пайдаланып Бір Әйелдің еңбегін, Керек кезде Атымды айтып... Мақтанар! Россия. Блок. Түйсіну Өткеннен аз жылу көріп, Келешек үшін тоңыпты, Момын Елде Жаны таза, Тентек Ақын болыпты. Жалғыздықтан жаны жүдеп, тілдесуге елімен, Қою түнде Шіркеудің қоңырауын соғыпты. Бейбіт Халық таңмен бірге Қораз ғана оятқан, Атып шығып сарай, лашық, барақтан, Шошып қалып оқыс шыққан Қоңыраудың үнінен, Жүгіріпті Шіркеу жаққа Тәңір өзі жаратқан... Жетесізден Ақыл менен Мұң безген... Шың-құздарды тек жаңғырық үн кезген... Қарыны аш, шала ұйқылы Тобырға Бейкүнә Ақын тіл қатыпты Күмбезден: «Уа, Халқым, пендең едім көріксіз!.. Құдайыңнан қорыққаннан келіпсіз!.. Жалғыздықтан Жаным жүдеп кеткен соң - Дініңе де қол сұқтым-ау еріксіз. Ұлы өмірден Өнер ғана өңгердім, Соған бола мені Жынға теңгердің. Ұқсамаймын тірлік қуған Пендеге, Дегенменен, Бөлшегіңмін сендердің...» ...Құдайдан да қорықпастан Қоңырау соғып Ақыны, Жұрт Ақынын Жалғыздыққа тастамапты ақыры... Өткеннен аз Жылу көрдім, Кездерім көп тоңатын, Ұшар едім Биігіңде - әлсіз әлі Қанатым. ...Бейбіт жатқан, Момын Елмен тілдескім-ақ келеді... Әттең... Әттең... Әттең! Әттең! Қоңырау жоқ соғатын! *** Мен – Ақымақ! Жұрттың бәрі – Ақылды! Күнәсіз Мұң Жерұйыққа шақырды. Өмір – Өзен қорқыта алмай келеді, Көз жасына шалқып тұрған Ақынды! Пәтуасыз пайдалы Сәт аңдады, Ойсыз Ғашық күнәлі Іске бармады. Күнәсіздер Менен Ақыл сұрады, Ал, Найзағай биік Ағаш таңдады. Әдетіне Құл болған соң Талғамы, Қосылмасты Үзілгендер жалғады... Тіршілігім Өмірімді өсектеп, Достастырды Сайтан менен Молданы. Тұлға іздеумен Қасиетті Халықтан, Болашаққа сығаладым жабықтан... Тағдыр, сірә, Менің Тентек Ойларым Өлмеу үшін Махаббатқа жолыққан. Мекке. Жақсы Жанғұтты. Түйсіну Аллаға жағам десең - азанды бол! Халқыңа жағам десең - қазанды бол! Судай таза, жердей көтерімді бол! (Шабанбай бидің Жақсы Жанғұттыға берген батасы) Жақсы Жәке! Қалай Жақсы атандың? Келеді ылғи бір Жақсыдан бата алғым... Пәтуәлі Ақсақалы аз елде Мен еріксіз «Сары Тентек» атандым! Құштарлығы кеміген соң Кітапқа, Ұрпақ кетер тамырынан жұтап та! ...Ұстап тұрған бұтақ сынса - Маймылдар Жармасады келесі бір бұтаққа... Парасатпен Бірі аспаса Бірінен, (Не пайда бар жылтыраған түрінен?..) Жаман үйде жақсы Бала өсе ме Іргелері Көз Жасына шіріген?.. *** Пабло Пикассо бейбітшіліктің белгісіне айналдырған Көгершіндер қоқыс салған жәшіктен нан теріп жүр екен... Момын, Тыныш, Бейкүнә Көгершіндер, Тауқыметін Тірліктің көрерсіңдер. Айыра алмай Өмір мен Тіршілікті, Босқа өкпелеп Тағдырға сөнесіңдер. Ақылы жоқ, Алаңсыз Көгершіндер, Әрекетсіздер күндерге көнесіңдер. Момындықтан айырмай Сорлылықты, Бос тірлікте мәз болып келесіңдер. Арамтамақ, Рухсыз Көгершіндер, Бар кінәні Біреуден көресіңдер. Талмағы жоқ Тобырлар ұнататын, Белгі боп Тарихқа енесіңдер. Арамтамақ, Сұрқия, Көгершіндер, Биіктікті сезінбей өлесіңдер. Еңбек етіп тамақ та таппайсыңдар, Қоқыс төккен жәшікке келесіңдер... Кешіріңдер, бейкүнә Көгершіндер, Тек өзіңнен әлсізді жеңесіңдер... ...Тегі нашар сорлыға не айтайын?.. ...Шыңда емес, Шатырда өнесіңдер... ...Момын, Тыныш, Бейкүнә Көгершіндер! Қазақстан. Сары Тентек. Түйсіну Адал Адам Тәубе тілеп жатады, Тәңіріне күбірлеп тіл қатады... Тірлігіне өкпелеген Бейшара Кісілігін Арсыздарға сатады. Оты жоқтар лақтыра алмай қақпағын, Өрісі тар, Көңілі де шап-шағын, «Ақсақал», - деп сақал сатқан қақпасты, «Жыр», - деп оқыр қарабайыр тақпағын. Есер Науқан - Мезгілдердің жеңісі, Жақсыларсыз жүдеп кеткен ел іші... Ауру жайып, бұтағында шіріп тұр Қурап қалған, паң Ағаштың Жемісі. «Сапамыз», - деп көрсетумен Сандарды, Өміріңе үлгі етіп Заңдарды... Тобыр өзі сайлап алған Төбеттер Жалап жатыр жарадағы қандарды... Түспеген соң Миға - Салмақ, Ойға - Сын, Аруақтарға кім құдайын байласын?.. ...Тобырларда Мемлекет, Отан жоқ... ...Қасиетті Қазақ Халқы, қайдасың?.. *** Құдай түгіл Өздеріне сенбеген, Сорлылар көп Тәнін түзеп: «Мен!» - деген. Ауа райы бұзылады кенеттен, Күн өкпелеп, алыстаса Пендеден... Түңілерсің сөнген Оттан Күл көріп, Түйсінерсің мазаалса Мұң келіп... Күй аңсаған, Жыр сағынған Көңілге, Селт етпестен, түкірді екен Кім келіп?! Тағдыры бар Түйіршіктің, Тастың да, Құдайы бар Кәрінің де, Жастың да... Тебіреніп талай Гүлдер күрсінді, Сенің күс-күс Табаныңның астында! Жақсылықтың алу үшін Жамбысын, Ақылыңның көрсет ойлы, сәндісін! ...Бір Пенденің алу үшін алғысын, Арқалама мың Адамның қарғысын! Қуаныш Мақсұтов (SARY TENTEK) Халықаралық, республикалық ақындар айтыстары мен фестивальдердің