Дөңгелегін санап айналдырғандай, кежегесі кейін тартып, өзін өзі қыстағандай әрең жүріп келіп тоқтағ...
АТАНЫҢ МАҒАН АЙТҚАН АҚЫЛ СӨЗДЕРІ
“Алатын кезде – алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа”
“Адам ешкімге сенбей, бәріне күдіктеніп, айналасындағыларды ылғи “алдамшы”, “қу”, “нашар адамдар” деп ойлап жүрсе, тура сондай сұмырайлар кездесе береді, қасыңа топталып, жинала береді”
Өзгеден артық боламын деп арындама, шамаңды шақта. Тең түскенге қанағат ет. “Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар” деген ата-бабаң. Бірақ тепкіге төзбе, ешқашан аяққа басылмағын”
“Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе…”
“Ғылым-білім деген – түпсіз тұңғиық. Жұмыр жердің бетінде оның түбіне жеткен жан жоқ. Дегенмен шетсіз-шексіз ілім-білім жолында әркім өзінің өресі, шама-шарқы жеткен жерге бір белгі – шыбық шаншып қалдырса, сол шыбық өсіп, өзінен кейінгіге сая болып, жол нұсқап жатса, есте қалған деген сол болады”
“Маңдай терің тамған еңбегің мен ақылың жұптаса қол ұстасып жүрмесе, тапқаның табаныңның астында тарыдай шашылады”
“Жақсы мен жаманның, шындық пен өтіріктің аражігі ажырамай қоймайды. Өмірдің негізгі бір мәні де сонда жатыр, әйтпесе, оның несі өмір, несі тіршілік?”
“Дүниеде ұқсас нәрселер көп. Құдай қарақұсқа бүркіттің түрін берген. Қыран бүркіт көптен құйылып келіп, аң алады, қарақұс өлексе жемтік іздейді”
“Жақсы адамның жақсылығын айтқын, мейірленсін. Бірақ жағымпазданып өтірік мақтама! Нашар адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа!”
“Өзіне пайда іздеп, күнә жасаған адам сол пайдасының арқасында сырт көзге бақытты көрінуі мүмкін. Алайда ол бейбақтың ішіндегі дауылды кім көрген, өртті кім сезінген? Адам өзгеден қашса да, өзінен ешқайда қаша алмайды”
“Біреуді өсектеп келген адамға сенбе, басқаға сені өсектейтініне сене бер”
“Мынау пәни жалғанда мінсіз адам болмайды. Бұл дүниедегі періштелер – сәбилер. Айыбың мен мініңді өзің түсінсең, санасыз болмағаның”
“Ақылдылық ертеңгі күн өзіңді бүгін аман сақтауға және барлығын бір күнде тындырамын демеуге тырысады”
“Өзіңді сыйлайтын жерге қайта-қайта жылтыңдап бара берме, қадірің кетеді”
“Сақалдының бәрі ақылды емес, сақал текеде де бар…”
“Арман жаста да болады, кәріде де болады. Адамның ой-арманы ешқашан таусылмайды, оны орындауға жолың таусылады”
“Іргетас мықты болуы керек деп көп айтамыз. Егер іргетастың үстіне қабырға берік қаланбаса, төбесі биіктеп еңселенбесе, шатыры жақсы жабылмаса, қанша мықты болса да, іргетастың құны шамалы болып қалады”
(с) Зейнеп Аxметованың “Бабалар аманаты” кітабынан