МҰҚАҒАЛИ ТУРАЛЫ СӨЗІОсыдан біраз жыл бұрын «Жалын» баспасы ағайын-туыс, қаламдастары мен...
Мұхтар Әуезовті алғаш көруім. Әуезов әсері.
Мұхтар Әуезовті алғаш көруім 1959 жылы еді. "Айман-Шолпанды" тамашалайын деп драма театрына барғам. Театр онда қазіргі Наурызбай батыр көшесіндегі ескі ғимаратта болатын. Спектакль маған айрықша әсер етті. Жыр сұлбасына бұрыннан қанықпын ғой, бірақ өзіңе белгілі кейіпкерлерді сахнадан көрудің жөні мүлдем бөлек екенін аңғардым. Дөңестеу тау етегіне ұқсатып жасалған сахна төрінде шапанын жастанып Көтібар батыр жатыр күңіреніп.
Ой, һай-һай, дәурен-ай,
Басқа түскен әурені-ай!
Қатар құшып жатар ма ем
Екі бірдей сәулені-ай! –
дейді ол. Дірілдеген зор дауысы залды түгел күмбірлеткендей болады. "Екі бірдей сәулесі" – Айман мен Шолпан. Көтібарды ойнап жүрген марқұм Ыдырыс Ноғайбаев еді де, ағайынды екі қыз рөлінде Шолпан Жандарбекова мен Зәмзәгүл Шәріпова болатын.
Сілтідей тынған зал толы жұртқа ду қол шапалақтатып барып ойын да аяқталды. Көп ішінен: "Автора, автора!" – деген айқай естіліп қалды. Сол-ақ екен, алдыңғы қатардан маңдайы жарқыраған Мұқаң тұрып, жайымен басып, асықпай сахнаға көтерілді. Маңғаз қалпында барып, қаз-қатар тізіліп тұрған актерлердің бірін құшақтап, бірінің қолын қысып, әйелдердің қолынан иіле тұрып сүйіп шықты. Залдағы жұүрт сол тік тұрған қалпында бір кісідей қол соғып, көпке дейін босатпады. Мұқаң қол көтеріп, алғысын білдірген ишаратын жасап, бас изеп, иіліп қояды. Көрермен қауым оған басылар емес, дуылдасып біраз жібермей тұрып алды. "Шіркін-ай, осындай бір ғана ұлы шығарма жазып, содан кейін өліп кетсең де армансыз болар едің-ау!" – деп ойладым мен жазушыға деген көпшіліктің осынау құрмет-қошаметіне таңырқай қарап, жандүниеммен сүйсіне тамашалап.
1960 жылдың көктеміне орай "Лениншіл жас" газетінде қызмет істеп жүр едім. Марқұм Сейдахмет Бердіқұлов (маған ләйім бір жылы қабақпен қамқорлық жасай жүретін еді) бір күні: "Қазақ университетіңде Мұхтар Әуезов сөз сөйлейді, сонда барайық!" – деп, менің тартынғаныма болмай, алып барған. Мұқаң мінбеге қолына төрт-бес кітап ұстай шықты. Жас ақындардың сол жылы шыққан кезекті ортақ жинағы болатын бірі. Көбіне соны ақтара тұрып, кей шумақтарына сілтеме жасай тұрып сөйледі жазушы. "Толыспаған Толстойлар мен шала Шекспирлер" жайлы айта келіп: "Танылмай қалам-ау деп қам жемеңдер",– деп еді жастарға, – екі ауыз жақсы өлең жазған ақын, екі жақсы ән шығарған композитор есімі ел аузында жүреді. Бұл жағынан творчество адамынан бақытты жан жоқ. Америкада Бруклин көпірі бар, әлемнің жеті кереметінің бірі іспеттес құрылыс, бірақ соны кім жобалап, кім салдырғанын сол елдегі екінің бірі біле бермейді, – деп, атын шығарам деп әлекедей жаланудан сақтандыра сөйлеп еді. Есімде сол қалыпты.
Ұлы адамды үшінші бір көруім Қазақстан Жазушылар одағындағы бір жиында еді. Онда да мені ешкім шақырмаған болуы керек, өзім ізденіп бардым-ау деймін. Әдеби тілдің әлдене проблемасы жайлы сөз болып жатты да, мінбеге Мәулен Балақаев (тіл маманы еді) шығып, көр-жерді сөз етіп, біраз тұрып алды.
– Мәулен, негізгі мәселеңе қарай ойыссаңшы! – деп емеурін танытты Мұқаң.
– Өзім де солай ойысайын деп тұрмын, Мұқа, – деген профессор тағы да айналсоқтап, әңгіме желісін тап баса алмай, орағыта берген.
– Оу, Мәулен, тақырыбыңа қарай көш деймін, – деп кейіді Мұқаң.
Біз жас едік. Көп сөздің парқына бара бермейтінбіз. Бірақ нақты да дәл айтар ойдан ауытқып, әлдеқайда лағып кете беретін шешендерге Мұқаңмен жарыса іштей біз де риза болмай отырдық. Әжептәуір түсін бұза кейіс білдірген Мұқаңды аядық бір жағы.
Мұқаңды осылай үш рет, үш ретте де алыстан көріп едім. Айтпақтай, әлгі жиналыстан соң сыртқа беттеген көппен бірге сығылыса мен де кимелей барып, Мұқаңа жақындап едім. Тағы бір сөзін естігім келіп өліп барам. Көрікті екі келіншек жұрттан оңашалай бере:
– Мұқа, студенттермен кездесу ертең сағат үште ғой, – деп пысықтап жатты. "Бұлар Мәскен Сармұрзина мен Тұрсынхан Әбдірахманова", – деп сыбырлады оларды танитын біреулер.
Мұқаң машинасына мінерде әлгі әйелдердің бірі, Сармұрзина болуы керек:
– Мұқа, ұмытпайсыз ғой, – деп ескертіп еді.
– Түу, сендерге не болған! Айтылды ғой! – деп Мұқаң тағы кейіді.
Соның бәрі бүгінгідей болып көз алдымда қалыпты.
Мұқаң туралы әртүрлі әңгімелер айтыла береді. Әсіресе ол кісінің бала сияқты өкпелегіш, әсершіл мінезін сөз ететіндер көп. Кейде жаңа ғана өзі айтқан пікірінен тез айнып шыға береді екен. Белгілі аудармашы Мұхамет Нұртазин ақсақалмен бірер жыл бірге қызмет істегенім бар еді. Сол кісінің бір әңгімесі көкейде қалыпты. "Соғыстан кейінгі жылдардың бірі еді, – деді Нұртазин ақсақал, – бір топ баспа қызметкерлері, ішімізде Мұхтар Әуезов те бар, қала сыртына шығып, сейілдеп, бой жаза демалып қайтпаққа ұйғардық. Ол кезде автобус жоқ, "грузотакси" деп аталатын, қорабының екі жақтауына жағалата қойылған орыңдығы бар жүк машинасымен бардық. Мұқаң көтеріңкі көңілмен сөйлеп отырды. Қайдан қосылғанын білмеймін, ішімізде көріктілеу келген бойжеткен қыз бар еді. Мұқаңның көзі түсе бергенін байқадым. Таудағы отырыста: "Міне, қазақ қызы да жетілді ғой, шіркін, көрік десең, көркі бар, білімді, ақылды, ажарлы. Мен мына қарындасқа қарап, түп-тура өзімнің Тоғжанымды көргендей болып отырмын!" – деп мөлдіретті-ау дейсің. Қызда да ес қалмады, бота көздері жасаурап, жанарынан нұр тама ажарлана түсті.
Дастархан мәзірі тағы бір ауысқанда әлгі бойжеткен қасындағы жас жігіттердің бірімен сыбыр-күбірге барыңқырап, сылқ-сылқ күліп отыр еді, Мұқаң: "Қарағым, мұнда, менің қасыма келіп отыршы, өзің шынында менің Тоғжанымнан аумай қалыпсың!" – деп шақырды. Мұқанды кәрісінді ме, әлде қасындағы жігітті қимады ма, не өресінің жеткені сол ма, әлгі қыз: "Жоқ, ата, осылай отыра берейінші", – деп, Мұқаң ишаратын ұға қоймаған сыңай танытты. Сол-ақ екен, Мұқаң: "Пәлі, бұ қазақтың қызы қашан оңып, қайдан ғана жетіле қоюшы еді, көріп отырсындар ғой, үлкен бар, кіші бар демейді, ырың-жырың бос күлкі, дүңк-дүңк жауап!" – деп теріс айнала бергені. Біз үнсіз ғана көзімізбен жер шұқи бастадық...
Енді әйгілі жазушы Тахауи Ахтанов айтқан бір әңгімені еске түсіріп көрейін.
Тахаң жарықтықтың өзі де сөзшең еді-ау. Әңгіменің майын тамызып отырып айтатын еді де, жұртты ұйыта, аузына біржолата қаратып алатын-ды.
"Мұқаңның әртүрлі сынға ұшырап жүрген кезі болатын. "Абай жолының" кезекті бір талқылауында баяндама жасау маған тапсырылды. Алғашқы бес-алты бетте Мұқаңа деген махаббатымды үйіп-төге мақтап келдім де, енді... Осыдан арғысын академик Ахмет Жұбановтан естідім, – дейтін Тақаң, – Мен мақтап тұрғанда Мұқаң қасында отырған Ахаңа сыбырлап: "Осы бір аса білімді, талантты жігіт. Оқығаны да, тоқығаны да көп мұндай жігітті біле жүру теріс болмайды!" – деп сыбырлап отырыпты да, мен: "Бірақ романның мынадай-мынадай кемшілігі де (маған солай тапсырылған ғой) бар", – дей бастағанда: "Пәлі, мынау да көп пысықтың бірі болып шықты ғой!" – деп, өңі күреңіткен қалпы Ахаңнан мойнын бұрып әкетіпті.
Бұл әңгімелерде де Мұқаңа деген өлшеусіз махаббат байқалар еді. Көріп те тоймайтын, оқып та болмайтын, сөзін естіп те қанбайтын, әңгімелеп те бітпейтін тұңғиық бір тұлға екен-ау, жарықтық-ай!
Сәкен Иманасов