Суретте: Сатыбалды Даумов«Шын талантты өлеңдер қаламға көп ілікпейді, көзге көп шалына б...
Тынық мұхитына тұншықпаған жерлесіміз
1974 жылғы елді елең еткізген оқиға көпшіліктің есінен әлі кете қойған жоқ. Қазақстанда туып-өскен спортшы Тынық мұхитында кемеден секіріп кетіп, үш күн бойы суда жүзіп, жағаға аман-есен жеткен. Дәл сол кезде бұл хабарды көпшілік естімей қалғаны анық. Себебі, бәрін құпия ұстайтын құқық қорғау органдары Кеңес одағының тар қапасынан құтылғысы келген қашқын жайлы мәліметті ашық айтқызбады. Тек “Америка дауысын” тыңдаған жұрт қана спортшының әрекетіне тамсанған еді.
Сол кездің өлшемімен алсақ – қылмыскер, қазіргіше батыр деуге тұрарлық азаматтың есімі – Станислав Курилов. Ол 1936 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ұшы-қиыры жоқ алып мұхитта жүзуді армандағанымен, анасы су айдынына мүлде жақындатпаған. Сондағысы жалғыз ұлы суға кетіп қала ма деген қорқыныш. Станислав жүзуді пионерлер лагерінде үйренді. Тіпті, түнде балалар ұйықтап жатқанда ай жарығымен айдында малтуды әдетке айналдырады.
Жазғы демалыстан келісімен барлық таныстарын өзен жағасына жинайды. Қаланың іргесінен ағып жатқан Ертіс өзенін жүзіп өтпек. Бұл – жарты километрдей қашықтық. Жағадан алшақтай бергенде өзен арқылы жүк таситын пороходтың астына түсіп кете жаздайды. Бір өлімнен аман қалған ол аяқ-қолының талғанына қарамастан арғы бетке жетеді. Сол сәтте көзінен ыстық жас ыршып түсті. Бұл – қуаныштың жасы. Енді оны “анасының жанынан шықпайтын үйкүшік” деп айтуға кімнің дәті шыдар екен?
Кітапқа құмар бала “Остров сокровищ”, “Граф Монте-Кристо”, “Робинзон Крузо” шығармаларын бірнеше рет қайталап оқып шықты. Әр оқыған сайын өзін қиял-ғажайып оқиғалардың ортасында немесе естен кетпес саяхатта жүргендей сезінетін. 15 жасында үйінен қашып кетіп, өзінің алғашқы саяхатына – Ленинград қаласына аттанады. Бірақ тұрақты тіркеуі болмағандықтан, оны айдынға жібермейді. “Мен алғаш рет теңізді көрдім. Бұл Фин шығанағы болатын. Киімшең су ішінде тұрып, қайтып ораламын деп өз-өзіме уәде бердім”, – деп кейін есіне алған екен.
Станиславты мектеп бітіргеннен кейін теңізшілер даярлайтын училищеге қабылдамай қояды. Басты себеп – көзінің нашар көретіндігі. Қанша тырысқанымен, медициналық комиссиядан өте алмайды. Теңіз туралы арманы тұманға айнала бастаған сәтте біреулерден мұхиттанушы мамандығына түсу үшін көздің өткірлігі міндет емес екенін естиді де, сонда барады. Ленинградтағы гидрометеорологиялық институтта Анатолий Майер есімді зертхана меңгерушісімен танысып, одан су астында жүзу туралы сұрай бастайды. Майер студенттерге кез келген қиын жағдайдан шығудың жолдарын көрсетеді. “Қиын сәтте ойлануға уақыт болмайды, тез шешім қабылдау керек. Әйтпесе теңіздің маңайына да жолама”, – деп ескерткені Станиславтың жадында мәңгілік сақталып қалады.
Майерды шәкірттерімен бірге атақты Жак-Ив Кустоның өзі Туниске зерттеу жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Болашақ мұхит зерттеушілері үшін бұдан асқан бақыт болсын ба? Алайда, Куриловтың әпкесі үнді азаматына тұрмысқа шығып, Канадаға көшіп кеткендіктен, яғни шетелде туысы тұратындықтан оған шекарадан шығуға рұқсат берілмейді.
Осы оқиғадан кейін оның саяси жүйеге деген өкпесі қара қазандай болады. Қайтсе де шекара асудың қамын ойластыра бастайды. Дінге бет бұрып, иогамен де айналысады. Иога жаттығулары оған еш қиындық тудырмайды. Себебі, Қазақстанда мектепте оқып жүргенде спорттық гимнастикадан құрама командаға алынып, бірнеше жарысқа қатысқан. Алғашқы дене шынықтыру пәніндегі оқиға әлі есінде. Турникке тартыла алмағаны үшін балалар мазақтап, жаттықтырушы мұны қызға теңеген еді. Намыстан жарылып кете жаздаған. Станислав әлгі жаттықтырушымен жеті жылдан кейін қайта кездеседі. Бұл жолы жаттығу залында емес, үлкен жарыста. Курилов жеңіс тұғырына көтеріледі, ал жаттықтырушы төрешілер қатарында оған қызыға қарап тұрған еді.
1974 жылдың қарашасында жергілікті газеттердің бірінен “Ленинградтықтар! Егер демалыстарыңыз қысқа сәйкес келіп қалса, саяхат бюросы сіздерді экваторға шақырады. Аязды қыс мезгілінен шуақты жазға саяхаттап қайтасыздар” деген хабарландыруды көзі шалып қалады. Кеңес одағындағы ең үлкен кемелердің бірімен 20 күн бойы Тынық мұхитында саяхаттаудың тағы бір тиімді тұсы – ешбір елдің шекарасына кірмейтіндіктен виза алудың қажеті жоқ. Курилов тар қапастан қашып шығу үшін ең оңтайлы мүмкіндік туғанын түсінді де, дайындық шараларына кірісіп кетті.
Барлық достарымен қоштасып шықты. Бірақ бұл сапардан қайтып оралмауы мүмкін екенін айтпады. Кемеге міну үшін Ленинградтан Владивостокқа ұшақпен жетті. Саяхатшылардың көңілі шат. Адамдар бейне бір темір тордан бүгін ғана босап шыққандай өздерін еркін сезінеді. Қолдарында бокал толы шарап, музыканың ырғағымен би билеп жүр. Күннің көзіне қыздырынып жатқандар да бар. Ал Курилов болса кеменің қандай бағытпен жүретінін анықтау үшін карта іздеумен әлек. Барлық аялдамалар көрсетілген карта үшінші күн дегенде ғана қолына түсті. Қарап отырып, кеменің жағаға ең жақын өтетін тұсы Сиаргао аралы екенін аңғарып, сол жерде секіруді ұйғарды.
“Жолы болғыш жігіттің жеңгесі шығар алдынан” демекші, түнгі аспанға қарап, қашу жоспарын ойланып тұрған сәтте жанына жүзі жылы бейтаныс әйел келіп қосылады. Не қарап тұрғанын сұраған оған Курилов: “Аспаннан өзімнің бақыт жұлдызымды іздеп тұрмын, таба алар емеспін”, – деп қысқа ғана қайырады. Бейтаныс әйел астроном екен, ол Станиславқа жұлдыздардың орналасуы, адаспау үшін қайсысына қарап бағыт ұстау керектігін үйретеді.
Суға секіретін күні ол түскі асқа бармады, себебі, суда ұзақ жүзер алдында асқазан бос болуы керек. Кешке қарай сөмкесіне керек-жарақтарын салып, жасырып қойды. Қас қарая бәрі би кешіне кетті. Алайда, бұл секірмек болған басты палубада үш матрос отыр. Уақыт тоқтар емес. Кеме аралдан ақырын жылжып алыстап барады. Ақыры матростардың екеуі кетіп, үшіншісі теріс қарап отырған сәтте Станислав суға күмп етті. Ешкім аңғарған да жоқ.
Кеме алыстап кеткенше су астында бола тұруға тырысты, тек демі таусыла бастаған кезде ғана шықты. Керек емес-ау деген сөмке мен орамалды лақтырып жіберіп, арал жаққа қарай жүзе бастады. Бұл шамамен кешкі сегіздердің кезі болатын. Осылайша, алып мұхитта жалғыз өзі қалды. Қанша қараса да, арал көз ұшына ілінер емес. Кеменің жарығы көрінбей кеткен соң бағытынан да жаңыла бастағандай. Аспанға қарап еді, қою қара бұлт торлап алған. Біраздан кейін бойын үрей билей бастады. Жүрек соғысы жиілегендей.
Таңға жақын ақырындап бұлттар сейіліп, жарқырап жұлдыздар көрінді. Бағытын анықтап алған Курилов тағы жүзе бастады. Қанша уақыт өткені белгісіз, қол-аяғы талған кезде бірақ тоқтады. Қарманатын бірдеңе іздеп еді, қолына ештеңе ілікпеді. Бұл кезде ағараңдап таң да атқан. Күн шыққан соң қорқынышы да сейілгендей. Бірақ жердің көрінетін түрі жоқ. Аяғы талса, салмақты қолына салып, қолы талса шалқалап жатып жүзеді.
Күн қызарып барып, тағы да ұясына қонды. Көзге түртсе көргісіз қою қараңғылық. Бір кезде су бетінде ұсақ жарықтар пайда болды. Бастапқыда мұны жағалаудағы электр шамдарының сумен шағылысуы шығар деп қуанып кеткен. Алайда, жарық шашып келе жатқан физалия медузалары екенін білгенде көңілі құлазып сала берді. Бұл – улы медуза. Тиген жерін күйдіріп, сал қылып тастайды. Мұны жақсы білетін Станислав жарықты айналып жүзіп өтті. Үшінші күн дегенде алыстан келе жатқан кемені көзі шалды. Бұдан асқан қандай сый керек? Қолын бұлғап, бар даусымен айғайға басқанымен, балықшылардың кемесі жанынан баяу жылжып өте шықты. Ешкім аңғармағандай.
Аяқтың сіңірі жиі-жиі тартыла бастады. Қолы да әбден талды. Әрі қарай жүзуге еш дәрмені жоқ екенін сезді. Тағдырдың басқа жазғаны – мұхитта өлу шығар, оған да мойынсұнғандай. Шалқасынан жатып, көзін тас қылып жұмып алды. Бас еркі мұхиттың толқындарында. Су түбіне әкете ме, әлде жыртқыш балықтардың біріне жем қыла ма? Мүмкін, жағаға алып шығар? Осылай ойға беріліп жатып есінен танып қалды. Қанша уақыт өткені белгісіз. Денесін құмырсқалар шаққанда барып есін жинады. Жан-жағына қараса, жағалауда жатыр екен. Тұрайын десе, аяғы ұстамайды.
Мұны жағада жүрген балалар байқап қалып, үлкендерді шақырады. Өзге планетадан келген адам көргендей бәрі аң-таң. Бұл мұхитты меңзеп, жүзіп келгенін қолымен ербеңдетіп көрсеткен болды. Қуанышына орай, арал тұрғындарының арасында аздап ағылшынша білетіндер бар екен. Кемеден секіріп кеткенін айтса, бәрі аң-таң. “Өлгің келген шығар”, – деді біреуі. Жоқ. Өлім үшін емес, жаңа, еркін өмір үшін үш күн бойы арпалысқанын ол еш бүкпесіз айтып берді.
Арал тұрғындары қонақжайлық танытып, мұны үйлеріне алып кеткісі келген. Бірақ қайдан естігені белгісіз жергілікті тәртіп сақшылары жетіп келіп, ай-шайға қарамастан, түрмеге апарып бірақ тоғытты. Бастысы жататын орын, ішетін тамақ берді. Дәл қазір одан басқаның қажеті де шамалы. Түрмеде жарты жылын өткізді. Осы уақыт аралығында Филиппин билігі Куриловтың кім екенін тексерді. Бірнеше рет тергеді. Ақыры Кеңес одағының жансызы емес екені анықталған соң ғана бостандыққа жіберді.
Канадада әпкесі тұратынын айтқан соң оны Солтүстік Америкаға жөнелтті. Сол елде 12 жыл тұрғаннан кейін Израильге қоныс аударып, отбасын құрды. Хайфа қаласындағы институтқа мұхиттанушы болып жұмысқа орналасты. Дәл сол уақытта сатқындығы үшін оны Кеңес одағы 10 жылға сырттай соттап жіберген болатын.
Станислав Курилов тамақсыз, сусыз ашық мұхитта өткізген үш күн өмірі туралы кітап жазып шығарды. Кезінде қиял-ғажайып оқиғаларды жаны жақсы көретін оның басынан кешкені де бәзбіреулерге адам сенгісіз ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл шындық еді.
Алып империяны тар көріп, тас қамалды бұзып шыққан батыр 1998 жылы дүние салды. Өлімі де сол судан келді. Балықшылардың құрған ауына оратылып қалған ол скафандрдағы ауа бітіп, су бетіне әзер шығады. Алайда, арада екі күн өткен соң ереже бойынша тыйым салынғанына қарамастан, қайтадан су түбіне сүңгиді. Бұл соңғы сапары еді, жүрегі соғуын мәңгілікке тоқтатады. Мәйіті Иерусалимдегі құрметті орындардың бірі – тамплиер рыцарьларына арналған зиратқа жерленді.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: С.Курилов (оң жақта)