Эксперттік кеңестен өткен кинотуындылар мемлекеттен қаржыланатын болады

КИНО
1678

Жақында Алматыда Qazaqfilm студиясында Мемлекеттік орталық жанынан құрылған Эксперттік кеңесінің бірінші мәжілісін өтті. Аталған ұйымның коллегиялық шешімі негізінде мемлекеттік қаржы алуға іріктелген кинотуындыларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің facebook.com  парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы". 



"Мемлекет кино түсіруге ниеттенгендердің барлығына мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетуге міндетті емес және көрсете алмайды - бұл менің өзгеріске ұшырамайтын пікірім. Қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын, тарихи, патриоттық, балаларға арналған кино мен мультфильмдерден басқасы, әрине. Мысалға ерекше физикалық  қажеттілігі бар балалардың қатысуымен түсірілген «Қыз және теңіз» фильмін келтіруге болады. 

Басқа жағдайларда киноиндустрия нарықтық қарым-қатынаста болғандықтан, менің пікірімше, коммерциялық киноның бір бөлігіне ғана, оның өзінде инвестициялық құрал ретінде дотация берілуі мүмкін. Мемлекеттік қолдаудың әрбір теңгесі есепке алынып, қоғамға жариялы болу керек", - деп жазды министр. 

Министрдің мәліметінше, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы осы салада қабылданған алғашқы заңнамалық құжат - ҚР «Кинематография туралы» Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылған. Бұл ұйымның қызметінің негізгі бағыты ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту. Нақты осы Мемлекеттік орталық арқылы ұлттық фильмдерге, ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті киножобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, сонымен қатар кинематография саласында субсидиялар беру іске асады.



Мемлекеттік орталықтың құрылымында жоғары білікті топ-менеджерлер және еңбегі сіңген кинематографистермен қатар креативті жас мамандар бар. Орталыққа жетекшілік ету философия ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР 2050 жылға дейінгі мәдени саясаты Тұғырнамасының және ҚР «Кинематография туралы» Заңы авторларының бірі Андрей Хазбулатовқа сеніп тапсырылды. Майталман режиссёр Сатыбалды Нарымбетов Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы кеңесшісі қызметін атқаратын болады. Кино саласында 50 жылдан аса қызмет еткен Олжабай Мұсабеков төраға орынбасары ретінде ұлттық киноның дамуына өз үлесін қосады. Тимур Бекмамбетовтың Bazelevs компаниясында еңбек ететін, «Профайл», «Іздеу» фильмдерінің продюсері Игорь Цай екінші орынбасар ретінде коммерциялық жобалар саласына жаңа көзқарас әкелетіні сөзсіз. 

"Мемлекеттік орталық штаты толықтай қалыптастырылды, әлемдік кинокомпанияларда жұмыс тәжірибесі бар штаттан тыс кеңесшілер тартылды. Мемлекеттік орталық жанындағы консультативтік-кеңесші орган - Эксперттік кеңес құрамы да толық. ҚР Үкіметі қаулысына сәйкес, оның құрамына  қазақстандық киноның  атақты қайраткерлері, майталман шеберлері енді. Әліпби бойынша айтып өтейін: аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов, көркем және анимациялық кино режиссёрі Адай Әбелдінов, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко, актёр және кинорежиссёр Досхан Жолжақсынов, Qazaqfilm вице-президенті Серік Жұбандықов, сценарийші, режиссёр, оператор Ахат Ибраев, режиссёр, сценарийші Алексей Каменский, режиссер, ақын, Qazaqfilm АҚ президенті Бақыт Қайырбеков, сүйікті әртісіміз, мақтанышымыз Жанна Қуанышева, театр режиссёрі, Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ректоры Асхат Маемиров, режиссер, кинодраматург Сатыбалды Нарымбетов, кино және театр әртісі Меруерт Өтекешова, сценарийші, өнертанушы Бекболат Шекеров, Arman Cinema кинотеатрлар желісі бас директоры Бауыржан Шүкенов", - деп жазды А. Мұхамедиұлы. 

Эксперттік кеңес төрағалығына жалпы дауыс беру нәтижесінде бірауыздан кинематографымыздың ақсақалы Асанәлі Әшімов сайланды, оның орынбасары - дарынды театр режиссёрі және педагог, Францияның ең көне және беделді оқу орны - Париждің Сорбонна университетінің түлегі, PhD Асхат Маемиров.

"Кино қайраткерлері жуық уақытта «Кинематография туралы» Заңның жағымды тұстарын, соның ішінде экономикалық преференциялар тұрғысынан баға беретініне сенімдімін. Мысалы, заңға сәйкес, қазақстандық фильмдер корпоративтік табыс салығынан кірістің 20% көлемінде босатылады - бұл кино көрсетушілер үшін жағымды жағдай, олар прокатқа біздің фильмдерді жіберуге мүдделі болады. Сонымен қатар, ұлттық киноны 12% қосылған құн салығынан босатуды қарастырдық. Инвестиция тарту үшін біз 30% рибейт енгіздік  - бұл әлем кинокомпаниялары үшін өте маңызды, олар өз жобаларын 45% дейін рибейт қамтамасыз ететін елдерде жүзеге асырады. «Кинематография туралы» заңның қабылдануы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қызметінің басталуы отандық қазақ киносының дамуы мен қалыптасуының жаңа тарихының басы болмақ. Алда жұмыс көп, біз кірістік, достарым", -  дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі. 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...