2018 жылдың 18 мамырында 18.00-ден 02.00-ге дейін ҚР Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі жыл...
Кітапхана ісін дамыту тұжырымдамасын жасау керек! - депутаттық сауал
25 қазан күні өткен Сенат отырысында депутат Д. Нөкетаева мен Б. Жұмағұлов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә. Сағынтаевқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Біздің депутаттық сауалымызға өңірлерге сапар барысындағы кітапхана ұжымдарымен кездесулер және Бүкілқазақстандық кітапханашылар съездінде көтерілген мәселелерді талдау нәтижелері негіз болып отыр.
Елбасының дамыған отыз елдің қатарына кіру туралы, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларында атап өткен міндеттерін орындау үшін қоғамның тұрақты дамуындағы және жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудағы кітапханалардың алатын орны ерекше.
Кітапхана саласының ағымдағы жағдайына сараптама жасай отырып, кітапханалар қызметтеріне кері әсер ететін және шешімін талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер бар екендігі айқын. Атап айтқанда, кітапхана саласының нормативтік-құқықтық базасының жетілмегендігі, кітапхана қорын толықтыру өзектілігі мен жаңаруының әлсіздігі, республиканың кітапхана саласындағы білікті мамандардың жетіспеушілігі, кітапхана қызметкерлері жалақысының төмендігі, кітапханалардың материалдық-техникалық, технологиялық базасының қанағаттандырғысыз жағдайы және т.б.
Осыған орай, кітапханалар қызметінің тәжірибесін зерттеу негізінде келесі іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылып отыр:
1) Қазақстан Республикасындағы Кітапхана ісін дамыту тұжырымдамасын жасаудың қажеттілігі;
2) Қазақстан Республикасының «Кітапхана ісі туралы» Заңын әзірлеу өзектілігі. Қазіргі таңда бар заңнамалық және нормативтік актілер кітапханаларға олардың ақпараттық, мәдени және білім беру қызметтерін толық түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Арнайы заң еліміздегі кітапхана ісін дамытуды құқықтық реттеуге, түрлі деңгейдегі кітапханалар жұмыстарының тепе-теңдігін қалыптастыруға мүмкіндік берер еді;
3) «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасындағы барлық кітапхана қорын толық цифрлық түрге көшіру қажет. Электрондық кітапхананы жасау және қалыптастыру барысындағы тежеуші факторлардың бірі қазіргі авторлардың шығармашылықтарын авторлардың немесе олардың құқық иеленушілерінің рұқсатынсыз толық көлемде цифрлық форматта ұсынуға мүмкіндік бермейтін «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы болып табылады. Осыған орай, аталған Заңға басылымдарды көшірмелеу және цифрлау мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгертулер енгізілсе;
4) еліміздегі кітапханалық-ақпараттық ресурстарды бірыңғай интеграцияланған жүйеге біріктіру қажет. Ол республика көлемінде ақпараттық ресурстарды, ҚазҰЭК комегімен цифрлық ресурстарды ашық түрде қалыптастыруға және пайдалануға мүмкіндік берер еді;
5) республиканың зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханалары қызметінің модельді стандартын жасау. Қазіргі таңда, елімізде мүмкіндігі шектеулі пайдаланушылар үшін кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсету жағдайын жасаудың тиісті деңгейі қарастырылмаған;
6) еліміздің кітапханалық қауымдастығымен бірлесе отырып оқуды қолдау және кітапханаларды насихаттау мақсатында «Оқитын Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жасалып жүзеге асырылса құба-құп болар еді;
7) кітапханалардың қорларын толықтыруды мемлекеттік қолдау және Қазақстанның кітап нарығындағы барлық буындармен өзара әрекеттестік жолымен республиканың өңірлік кітапханаларының қорларын сапалы және дер кезінде толықтыру үшін орталықтандырылған кітапханалық коллектор (бірыңғай орталық) жасау қажеттігі туындауда;
8) ЖОО мен колледждердегі гранттар санын арттыру жолымен кітапхана кадрларын даярлауды Мемлекеттік қолдау өте өзекті мәселе. Еліміздің кітапханалары бүгінгі күні жоғары арнаулы білімі бар мамандардың тапшылығын сезінуде. Мәліметтерге сәйкес, еліміздің 11 310 кітапханасында 20 мыңға жуық қызметкерлер жұмыс істесе, олардың 40%-ның арнаулы кітапханалық білімі жоқ болып табылады. Ал, Білім және ғылым министрлігі 2018-2019 оқу жылына «Кітапхана ісі» бойынша мамандарды даярлауға 70 орынға мемлекеттік тапсырыс берген. Біздің ойымызша бұл жеткіліксіз. Ақпарат нарығында бәсекеге қабілеттілік үшін тек жоғары білікті мамандар ғана қажет емес, сонымен қатар үздіксіз кітапханалық білім берудің нақтыланған жүйесі болуы тиіс;
9) кітапхана мамандарының білікті құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен өсіру мүмкіндігі қарастырылса және кәсіп беделі мен имиджін көтеру үшін республикалық кәсіби мереке – «Кітапханашы күні» белгіленсе құба-құп болар еді;
Аталған ұсыныстар еліміздегі кітапхана саласының жетілдірілуіне және қазіргі қоғам дамуының іргетасы болып табылатын сапалы адам капиталын қалыптастыруға оң нәтижесін берер еді.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден аталған ұсыныстарды қарастыруды және қолдаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Сенат депутаттары
Д. Нөкетаева
Б. Жұмағұлов