Мәдениет порталы «Қаламгердің жары» айдары бойынша ақын, жазушы, ғалым, суреткер тұлғала...
Өтен Ахмет. Аштық келгенде (Әңгіме)
Жақсы көретін досы Мүтәллапты кешеден бері көрмеген еді. Қайда жүр деп ойлауын ойлағанмен, іздеп шығуға әзірге қолы тиер емес. Өйткені таңғы астан кейін интернаттың бар тіршілік тынысын уысында ұстайтын Масайын ағайы күндегі әдетімен бүгін де Ембергенге қағаздарын толтыртып, оны үстел басына мықшитып отырғызып қойған. Ол айтады, бұл жазады дегендей. Масайын кешегі күні интернат балалары не жеді, не ішті, қиқымына дейін есептеп, бөлмелерді жылытуға жағылған отынның соңғы бұрауына дейін ұмытпайды. Оның Ембергенге қояр талабы - цифрдан жаңылмау. Ол айтпаса да ондайдан жаңылайын деп отырған бұл жоқ. Жаңылудың арты неге әкеп соғарын Масайынның қарадан қарап отырып есік жаққа ауық-ауық жалтақтап қарай бергенінен-ақ сезеді. Есептен бір уыс қара тары кем шықса, жетіп жатыр. Сеніп тапсырған социалистік меншікті талан-таражға салған жау адам атанып, Масайын ағайы құриды.
-Аға, қорқасыз ба?
-Шырағым-ай, бір түйір тары оққа айналып ұшып кеп менің кеудеме қадалса қайтемін, өлемін ғой. Әрине.
Масайын ағасы қорқақ кісі болса да, оны Емберген жақсы көреді. Интернатқа алғаш келген күннен бастап ол бұған: «Атаңды көргенмін, әкеңді де білуші ем, елге сыйлы, қайырымды жақсы адамдар болатын. Сен сол айтулы текті тұқымнан екенсің ғой» деп, жылы қабақ танытқан. Мұның сауаты барын, жазуға да, есепке де жүйріктігін білген соң, «Бәсе, Күрдеубай қажының немересі болсаң, орысшасы орыстың өзін жаңылдыратын Омардың ұлы болсаң, сен білімді болмағанда, кім білімді болушы еді» деп, тіпті онан сайын жақын тарта түскен. «Маған көмекші боласың» деп, қасына алды. Масайын ағасының ауызша айтқандарын жазып тастау Емберген үшін түк емес. Есесіне тамағы тоқ. Қорыққанға қос көрініп, Масайын ағасы есік жаққа жиі қарағыштап, бойы қалтырап, тізесі дірілдеп жүрсе де, «бал ұстаған бармағын жалайды» демей ме, бұған дегенде көженің бір тостаған қоюын, бір кесек артық нанның орайын қалай да келтіре қоятын ептілігі бар; ара-тұра сармайдың асықтай түйірін ешкімге білдіртпей асатып та жібереді. Әлбетте, Масайын ағасы өз қарақан қу басының қамын да ұмытпайтын сияқты. Емберген оны да сезеді. Жас та болса, байқағанын ішке тоқып: «Әділдік, теңдік дегенді дабылдатып қанша айқайлап айтқанмен, ол пәлең жолындағы үңірейген өңешті көргенде, әділеттен тайып, қу құлқынға қарай ауытқи салады екен ғой» деп, оңашада өзінше ой түйіп те қояды.
Ембергеннің алдында қазір қол басындай күйлеш нан жатыр. Басқа уақытта болса, Масайынның айтқандарын қағазға жаза отырып, ауық-ауық нан шетінен қарбыта асап, ендігі түк қалдырмай жеп қояр еді. Ал бүгін жемек түгіл, нанға қолын созған да жоқ. Соны байқаған Масайын әлденеге іштей сезіктеніп:
-Әй, ана нанды далаға алып шығып жеуге болмайды, -деді жүзін суыта қатқылдау тіл қатып. –Жейтін болсаң, осы жерде жеп ал тез. Не пәле ойлап отырсың өзің, а?
-Ағай, егер рұқсат етсеңіз...
-Осы жерде же деп отырмын ғой мен саған. Егер даладағыларға көрсетер болсаң, менің басым кететінін білмейсің бе, а?
-Ағай, менің Мүтәллап досым... Кеше кешкісін көрген едім, халы жаман.
-Мүтәллап, Мүтәллап... А, Сейіт молданың соңғы тұяғы... Білем ол баланы. Үй-іші толайымен аштықтан қырылып қалыпты байғұстың. Алдыңғы кезекте молдалардың тұқымына да аяушылық болмау керек деп жатыр белсенділер...
-Ағай-ау, ол әлі кішкентай ғой, мен сияқты.
-Кішкентай болса, өседі. Бөлтірік өскенде қасқыр болмай ма, ол да сүйтеді.
-Ағай, ол өте жақсы, тәртіпті бала, өскенде молда боламын деп жүрген жоқ. Бәлшебек боламын дейді.
-Оның ол ойлағаны бола қоймас, қу неменің. Бәлшебек болу үшін, сен білесің бе, адамның тұқымы таза болу керек, яғни жеті атасынан бермен қарай алдарына шыр бітпеген, киім мен асқа жарымаған кедей болуы керек. Ал сен мақтап отырған Мүтәллап дегенің елден тегін ас жеп үйренген, қарапайым адамдардың мойнында масыл болған арамтамақ азғын молданың баласы. Біз бұрын ондайды білмей келіппіз. Оның үстіне дін дегенің апиын екен, адам санасын улайтын.
-Онда Ағай, менің атам Күрдеубай Мекке-Мәдинаға барып келген қажы болса, қажы деген молдалардың молдасы емес пе. Ендеше мен де...
-Әй, жап аузыңды, үндеме, біреу естіп қойып жүрмесін... Сен маған, шырағым, өте керек баласың. Бұдан былай Күрдеубай қажының немересімін дегенді айтпақ түгіл, ойыңа да алмайтын бол. Ұқтың ба?! Әйтпесе тірі қалмайсың.
-Жақсы, ағай, сізді ұятқа қалдырмаймын. - деді Емберген үстел шетінде жатқан нанға қол созып жатып. -Тек мынаны Мүтәллап досыма жегізуге рұқсат етіңізші. Ешкімге көрсетпей жегізем. Өтірік айтсам, тілім кесілсін.
-Жә, жей алса, мейлің енді... Бірақ өте сақ болғайсың. Егер бүлдірсең бар ғой, өзімді қорғау үшін сені ұрлықшы етіп шығарам, аямаймын...
Емберген бір жапырақ күйелеш нанды қолтығына тығып сыртқа
шыққанда, ала бұлтты шағырмақ күн сәске түске таяп қалыпты. Ол кірпігін жыпылықтатып, бұлт арасынан сығалаған күннің өткір сәулесіне жанарын үйретіп алды да, жан-жағына шола көз жіберді. Аула іші бос, жел гулеп қаңырап тұр. Біраз уақыт болған, мұндай кезде әдетте сабақтан қолы босай салысымен ойынға жинала қалатын балалар, аштық келгелі, бұрынғыдай белсенді емес. Ол дәурен қазір жоқ, көзден бұлбұл ұшқан. Аштықтан күн сайын бір бала - екі баладан, кейде одан да көбірек, шетінеп кетіп жатыр. Олар әуелі ауырып «Тышқақ қораға» түседі, сосын... Әрі қарай жаман ойлағысы келмеген Емберген қойнына тыққан кесек нанды сыртынан бір сипап қойып, жүре беріп Мүтәллап досын есіне алды.
Мүтәллап көзі қарамықтың толысып піскен жемісіндей боп мөлдіреп тұратын, жалбыраған ұзын кірпікті, маңдайы кере қарыс, ұяң мінезді бала. Ұяңдығына қарамай, әңгімеге шебер-ақ. Ембергенмен алғаш танысқанда –ақ бар сырын ашық ақтарған. Бір шаңырақтан бес ұл, төрт қыз өрбіткен үлкен отбасы екен. Әкесі қырағаттап құран оқып, бата жасайтын, елге сыйлы момын кісі болыпты. Бірде үй-іші адамдары төрт көздері түгел отырғанда, мезгіл тападай тал түс уақыты екен, телпегінің маңдайына жарқыратып қызыл жұлдыз тағып алған, қайыстай қалың беті күбінің өңезіндей безеу-безеу, бойы еңгезердей ұзын бойлы біреу, қасында қызыл жағалы тағы екі адам, - бәрі апыр-топыр үйге кіріп келіп, әйт-шүйт жоқ, Мүтәллаптың әкесіне жабыла кетіп, сақалынан алып далаға қарай сүйрей жөнеліпті. Мүтәллаптың әкесі әлгіні танып: - «Әй, шырағым, мұның не?-депті күңірене сөйлеп.- Сен барымташы Шоқалақ тентектің баласы Қисық емеспісің? Әкең Шоқалақ мал ұрлағанмен адамға тиіспейтін. Шырағым, есіңнен шығып кеткен болса, есіңе салайын, бала кезіңде сені сүндетке отырғызған мына мен болатынмын. Мұның не, айналайыным-ау, мені бүйтіп сонша қорлап сақалымнан алып сүйрегенше, онан да тура осы жерде атып тастасайшы біржолата сеспей қатырып...»
Бұл әңгімені Мүтәллап қара көзінің аясында тарыдай жас тамшылары домалана мөлтілдеп, жылап отырып айтқан-ды. «Саған қарағанда менің жағдайым әлдеқайда жақсы екен, деп ойлаған еді сонда іштей Емберген. Шешем бар, Аллажар деген інім де бар...»
Сол әкеткеннен Мүтәллаптың молда әкесі отбасы шаңырағына қайта оралып келмейді. Артынша, көп ұзатпай, шиеттей жанның қолындағы күн көрістік азын-аулақ малды да, тігерге тұяқ қалдырмастан, түгел тәркілеп алып кетеді. Ал өздеріне үйден ешқайда ұзап шықпауға бұйырады. Өз бастарымен қайғы боп қорқып, жасып қалған айнала ағайын жұрт болса, бұларман араласпақ түгіл, жәй жөн білісіп амандасудан да қашады. Сүйтіп бүкіл қазақ даласын адам өлексесімен сасытқан зұлмат аштық келгенде, бұларға қол ұшын беріп септесер маңайларында жанашыр ешкімі болмапты... Өлген туыстарының ең болмаса бетін жасырып, жерленген-жерленбегенін де білмейді екен Мүтәллап. Іздесе, моласын да таппайды. Әйтеуір, өз басы аман қалыпты. Аштықтан ес-түсін білмей талып жатқан жерінен біреулер тауып ап, балалар үйіне өткізіп жіберсе керек. Ал мұнда молданың баласы, маған бәлесі тиіп кетеме деп көлеңкесінен қорқатын интернат қызметкерлері құнарсыз аз тамақтың өзін аузынан қағып, оған суық қарайтын көрінеді. Емберген онымен кеше кешкісін кездескенде, ол ішім бүріп шыдатпай ауырып тұр деп, әзер әрең сөйлескен болатын.
Ауырып жатып қалмаса екен деп, бойын билеген осындай үрейлі оймен Емберген ауланы көлденеңдей кесіп өтті де, ұзын қораның сықырлауық есігінен ақырын сығалап ішке бас сұқты. Шола көз жіберді. Анадай төр алдында, екі-үш жерде, балалар бес-алтаудан үйірілісе қалып, бес тас атып, қақпақыл ойнап отыр. Емберген бір сәт ойын қызығына сүйсіне қарап қалды. Бес тиындық бақыр ақшаның үлкендігіндей біркелкі дөңгелек жалпақ тастар. Асық орнына қақпақыл ойнауға жарап-ақ кетіпті.
Мал қора сияқты үлкен, ұзын бөлменің арғы түкпірінде, жерге қалай болса солай тастай салған, төсек деуге келмейтін ескі қомшалардың үстінде, тізелері иектеріне тигенше бұрала бүктетіліп, екі-үш бала қатар жатыр. Ойнауға шамалары жоқ әлсіздер немесе ауырып қалғандар ғой, деп ойлап қойды Емберген.
Бұл есік босағасында тұрып, көзімен ұзын қора ішін әрлі-берлі тінткілей бастағаннан-ақ Ембергеннің кімді іздегенін біле қойған болу керек, бергі пысықай топтың ішінде қақпақыл ойнап отырған, қияқтай қара шашы кірпідей тікірейген бадырақ көз қара бала, тік сөйлеп:
-Сейіт молданың соңғы тұяғын іздеп жүрген болсаң, “Тышқақ қораға» бар, -деп, дүңк еткізіп қойып қалды.
«Тышқақ қора» дегенді естігенде, Ембергеннің жүрегі кеудесінен ұшып кетердей зірк ете түсті. Қара тышқақ басталғалы ол жерге барған баланың қайтып қатарға қосылғанын естіген де, көрген де жоқ. Емберген келген ізімен дереу кері бұрылды да, аула үстімен асыға жүгіріп өтіп, ауыл шетінде оқшаулана қарауытып тұрған «Тышқақ қораға» қарай тартып берді.
«Тышқақ қораның» қорқынышты жаман жер екенін біледі. Жол түсіп жанынан олай-былай өте қалғандай болса, ішінде не боп жатыр деп көз тоқтатып қарағысы да келмейтін. Енді осы бір қасыретті әрі жиіркенішті жерге Мүтәллап досы да түсіпті. «Ашыққан шығар. Тек қара тышқақ болмаса екен. Ол келсе... Жоқ, ол өлуге тиісті емес. Нан жесе, қарнына ас барса, ес жинайды ғой. Еңсесін тіктеп, қатарға қайта қосылып кетпей ме сосын. Мүтәллаптай жақсы баланың өлуіне Алла жол бермеуге тиіс қой. Сөзі оның қандай әсерлі, ойлы әрі терең десеңші».
«Білесің бе, Емберген дер еді, біз бәріміз бір қаннан тараған туыспыз ғой. Терең тамырлы тайпалық дарағымыз ортақ. Қаз дауысты Қазыбек баба туралы естігенің бар шығар. Толайымен бүкіл қазақтың басын біріктірген, жоңғар қалмақтарынан ел қорғаған әрі әулие, әрі батыр атақты кісіні. Сонау бір ерте заманда, қазақтар өздерінше жеке патшалық, мықты ел болып тұрғанда, осы мына Қарқаралы, Қу таулары аумағына біздің аталарымызды со кісі бастап әкеліпті. Оған дейін бұл жерлерге қалмақтар малын жайып, үйлерін тігіп, мекен етіп отырса керек. Қазыбек би бастаған жауынгер аталарымыз оларды «өздеріңнің түп атамекендеріңе, шыққан жерлерің Алтайларыңа барыңдар» деп күштеп қуып салыпты. Бұл аймақтың тау-тасты, ұсақ шоқылы қойнаулары толған бұлақ, өзен, көл, шөбі шүйгін малға жайлы болғасын, санымыз қабағат өсіп, тез көбейіппіз. Содан қоныстарымыз біртіндеп кеңейіп, ауыл-ауылдың арасы ұзара беріпті. Осылайша жер шалғайланып, кешегі бір бұлақтың басында қатар отырғандар бір-бірінен алыстаңқырап кеткені болмаса, негізінде бәріміз бір ата тектен тарайтын жақын туыстармыз ғой. Олай болса, менің момын молда әкемді белсенділер келіп сақалынан сүйреп, көзге көрінбейтін белгісіз жаққа алып кеткенде, елдің алдындағы адалмен жиған бар малын түгін қоймай тартып алғанда, енді мінеки, жаппай келген аштықтан шетімізден баудай түсіп шыбынша қырылып жатқанымызда, аяқ астынан бізге сонша не болды, неге біріміздің етімізді біріміз тірідей жейтіндей шарасыз бейшара қалыпқа оп-оңай түсіп қалдық, бәріміз бір атадан тарайтын туыс едік қой, деген ойға қамалып жүрмін. Шырмалып шыға алмайтын саз батпақ ұйыққа түскендей күйдемін. Осы бір жас жанымды жегідей жеген мазасыз сарсаң ой санама қадалған ащы тікен сияқты, ұйықтасам түсіме кіреді, оянсам басымнан кетпейді...»
Жоқ, Мүтәллаптың өлуіне болмайды!
Аяғын асыға басып, ентіге жетіп келген бетінде бірден байқады. Ұзынша шағын қораның күнес бет ығында, оң иығын қабырғаға сүйеп қойып, Мүтәллап жерде шоқиып отыр. Қабырғаға иық қойғаны - құлап кетпеу үшін өзінше сақтықпен тапқан амалы екен. Өзінде құйрық дейтін құйрық жоқ, өзара басын қоса салған қос қалақ тәрізді бірдеңе. Есесіне, көтеншегі қып-қызыл сүйемдей боп сыртқа айналып шығып кеткен. Ембергеннің мұндай сұмдықты бұған дейін де көргені бар. Үйде жүргенінде бірге туған тетелес бауыры Тәңірберген де бұратылып аштан өлерінде тап осындай қара тышқақ болған-ды. Қайта-қайта дәретке отыра бергісі келетін. Отыра беріп, өзінше бар күшін сала қатты-қатты күшенетін. Бет-аузы күптей боп ісіп көгеріп, сонша қатты шіренгенде, бәрібір іштен шығар ештеңе көріне қоймайтын. Қанды су ма, ірің бе, желімдей жылбысқы түсініксіз бірдеңелер кейде бей-берекет шашырап түсетін. Бар болғаны сол. Ең жаманы ұзақ күшенуден көтеншегі қып-қызыл қызыл шиқандай боп сыртқа айналып шығып кететіні еді... Сұм ажал өрімдей жас Мүтәллапты да аямайын дегені ме? Қан-сөлсіз көкаязданған бет-аузы көнектей болып домбыға ісіп, жарқылдап от ұшқындап тұратын мөлдір қара көзі сөнген шоқтың күлі секілді жансызданып кетіпті. Күшенуге де халі жоқ, құр сүлдері ғана. Отырған жерінің айналасы аяқ басарға орын жоқ, адамнан шыққан нәжіс деуге келмейтін, әлдеқайдан бір белгісіз мақұлықтан шашырап түскен қан аралас ірің сияқты бірдеңелер. Мұндай нәжіске жаз болса, сірә, шыбын да қонбас, деп ойлап қойды Емберген.
Ембергенді көрген бетте Мүтәллап отырған жерінде болар-болмас қозғалақтап, бұған бірдеңе айтқысы келгендей ұмсынып еді. Иығы қабырғаға жабысып қалғандай боп орнынан қозғала алмады. Ерні ғана болар-болмас жыбырлады, бірақ бәрібір үні шыққан жоқ. Емберген бұдан ары қарап тұра беруге шыдай алмай, кең адымдап кеп, Мүтәллаптың қолтығынан ұстай алды. Досын отырған жерінен қолымен демей көтеріп, тұрғызып алмақ. Бірақ Мүтәллап былқ-сылқ, демегенге көнер түрі жоқ. Сонда да Емберген оны қолтығынан айқара құшақтап, отырған жерінен күштеп қопара көтерді де, әрең деп аяғына тұрғызып, арқасымен қабырғаға сүйеп қойды. Бір қолымен құлап қалмасын деп қалтырап зорға тұрған досының денесін сүйеп, екінші нан ұсынып: «Мә, жеші», деп еді. Мүтәллап өз бетінше талпынып, нанға қолын созуға да жарамады. «Ендеше мен жегізейін, сен тек аузыңды аш, жарай ма?». Мүтәллап үндеген жоқ. Оның тамақ жеуге де күш-қайраты қалмағанын түсінген Емберген нанды кесегімен әкеп шетінен аз-аздап тістетпек болды. Мүтәллаптың жағы қарысып қалған ба, аузын да дұрыстап аша алмады. Емберген оны иегінен ұстап қозғап, тістері арасынан сәл-пәл сызат түскесін, сол қуысқа нан кесегінің шетін зорлағандай етіп тықпалай бастады. «Жеші досым, жеші, осыны жесең, жазылып кетесің. Сосын екеуміз палуандық күреске түсеміз. Осындағы балалардың бәрін бет қаратпай кезектесіп жығатын боламыз. Біздің интернатта екеумізге қарсы шығып, шақ келетін бала болмайды, көрерсің, досым, көрерсің».
Мүтәллап аузына түскен нан түйірін, ұртын әлсіз қимылдатып, ақырын-ақырын аздап талмағандай болып еді. Бірақ жұта алмады. Тістегені шайналмаған түйіршік-түйіршік күйінде аузынан сырғып, иегі үстімен омырауына домалап кетті де, өзі де аяқтары кілт ете бүгіліп, арқасымен қабырғаны сыза, төмен қарай біртіндеп шөге берді. Бір қолына нан ұстап, бір қолымен досын сүйемелдеп тұрған Емберген қапелімде ештеңе істей алмай қалды. Төмендегі быжынаған нәжіс үстіне екеуі бірдей ұмар-жұмар құлап түсті. Құлаған кезде Ембергеннің қолындағы бір тілім нан ұшып кетті де, анадай жердегі қанды ірің араласқан нәжістің үстіне барып топ ете қалды. Бірақ Ембергеннің оған қарап жатар мұрсасы болған жоқ, бар ойы досын қалай да жерден қайта тұрғызып алу болатын. Жығылған бойда өзі бірден тұрып кетсе де, бірақ досын тұрғызып алу оңайға соғар түрі жоқ. Оны жерден көтерем деп жүргенде, екеуі де аяқ астында қаз-қатар бықып жатқан нәжіске әбден-ақ былғанып бітті. Досын тұрғызып алмақ әрекетін Емберген сонда да қоймады. Қапсыра құшақтап алып қайта-қайта көтереді. Мүтәллаптың аяғы басуға келмейді, дүрс етіп қайта құлайды. «Көзіңді аш, басыңды көтер, дейді Емберген досына өлердейін жалынып. Міне, мен басыңды сүйедім, енді өзің талпынып көр...». Кенет бірдеңе дегісі келді ме, Мүтәллаптың еріндері болар-болмас жыбыр ете қалған, Емберген құлағын тоса қойды. Дыбыс па, әлде ауыздан ысылдап шыққан дем бе, әйтеуір, «сен» деген сөз естілгендей болды. Сосын ол басын шайқағысы келгендей қимыл жасаған. Сол бетінде, басын бір жағына қарай сәл қисайтқан қалпында, қыбыр етпестен қатты да қалды. «Сен» дегені түсінікті еді, әрі қарай басын шайқап ымдамақ болғанда, не айтқысы келді екен? «Сен... өлме», дегені ме? «Бауырым-ай, деп қатты дауыстап қалған Емберген иегі кемсеңдеп жылап жіберді. Біз әлі кішкентаймыз ғой, Алла бізді неге бүйтіп алып кетіп жатыр? Онан да жас сәбилер мен кішкентай балаларға қамқор болып, неге қорғамайды екен бізді? Алланы мейірімді деуші еді ғой»
Біреулердің аяқ басқан тықыры естілгесін басын көтерген. Көзінен парлап аққан жас арасынан бейнесі бұлдырап тұрса да, келген адамды бірден таныды. Мана бір әзірдегі «ұзын қора» - интернат жатақханасынан көрген бадырақ көз қара бала екен, анадай жерде бұған жайбарақат қарап шайнаңдап нан жеп тұр. Жеп тұрғаны әлгінде Мүтәллаппен бірге құлағанда, қолынан ұшып кетіп, нәжіс үстіне барып топ ете түскен бір жапырақ күйелеш нан. Нанға нәжіс жұғыпты деп қиналып тұрған қара бала жоқ, қомағайлана қарбыта асап, рахаттана жеп тұр. «Не, досың өлді ме? Оған несіне қиналасың, «Тышқақ қораға» түскесін, кім болса да өлетіні белгілі ғой», дейді. Ол сөйлеп, аузын жапқанша, «Қарағым-ау, бұл жерге неге келдің? Бұл адам келетін жер емес қой» деп, аңыраған әйел даусы естілген. Жәмила апасы екен. Қара бала нанға бір тойдым деп өзін бақытты сезінген болар, анадай ұзап өз жөніне кетіп бара жатты. Ашуға мінген Жәмила апасы болса, асығып жеткен бетінде Ембергенді жерде жатқан жерінен жұлып алды көтеріп. «Немене, өлік көрмей жүрмісің? Таста анауыңды! Жер жұтып қоймаса, бұл жүгірмек қайда жүр деп сені іздеп бармаған жерім жоқ. Біреуге біреудің жаны ашитын заман ба қазір. Өзіңе өз сорың да жетерлік». Осылай деп сөзбен біраз сыбап алған Жәмила апасы, сәл тоқтап, даусын өзгертіп қайта аңырай жөнелді. «Қарағым-ау, өзіңді ойласайшы алдымен, әркімге өз жанынан қымбат не бар. Қайтерсің, бұл бір ешкім қашып құтыла алмайтын, үш ұйықтасаң түске кірмеген, басы бар да аяғы жоқ, ел басына түскен мың батпан сұмдық зұлмат болды ғой. Әне, аштықпен келген мейірімсіз сұм ажалдың шалғысы Аллажар бауырыңды да аяған жоқ, қыршынынан қиып кетті...»
Бір соққыдан соң, бір соққы. Бірақ мұнысы қалай? Бұл не өзгеріс? Емберген қапелім арасында көз жасының құрғап қалғанын сезді. Бойында жаңа ғана жан дүниесін бордай езген әлсіздік жоқ. Жасу, егілу сезімдері әп-сәтте жүрек деген нәзік ауылды тастай қашып, кеудесін суытып, ішінде жылуы жоқ құр қуысқа айналдырып кеткендей ме, қалай? Бұл фәниден күнәдан пәк кіп-кішкентай Аллажар да озған болса, бір үйдегі барлық еркек кіндіктіден жалғыз өзі қалғаны ғой сопайып. Анадай қабырға іргесіндегі құжынаған нәжістердің үстінде бүктетіліп өліп жатқан Мүтәллап досына көзі тағы түсті еріксіз. «Мүтәллап та бір шаңырақтан қалған жалғыз тұяқ еді». Іштей осылай деп ойлауы мұң, жүрегі кеудесінен ұшып кетердей боп қатты алқынып су ете қалды. Егер аштық атты аяусыз ажал бір күні мені де өстіп алып кетсе ше?.. Жоқ, анам айтқан, сен тірі қалуың керек деген. Мүтәллапқа жегізсем деп әкелген бір тілім нан туралы ойлады. Егер тап сондай нанды Аллажар жеп алса ше, онда өлмес пе еді?.. Ал Мүтәллап?.. Аштық өзегінен өтіп кетіпті, әлі құрыпты, жей алмады. Есесіне, нәжіс жұққан ол нан бадырақ көз қара балаға бұйырды. Біреу өлмей біреуге күн жоқ деген осы ма? Қара бала, сірә, енді өлмейді... Масайын ағайының ренжігеніне қарамай сыртқа алып шыққан бір жапырақ ұрлық нан еді. Әйтеуір, бір кәдеге жарады. Қара баланың өмірін ұзартатын болды. Бұған да шүкір, деді іштей.
Өліп жатқан Мүтәллапты тастап кетуге көңілі қимай тұрғандай екен. Жәмила апасы: «Жүр де жүр, деп жұлқылап, алдына салып алды да, арқасынан ауырта қатты түйіп жіберді. «Жүр!» Туған анасы да белгісіз ұзақ жолға қалай аяқ басарын білмей, бойын үрей билеп өстіп дағдарып тұрғанда, ол да тап осылай «Жүр!» деп, арқасынан оңдырмай қатты соғып қалған-ды. Ізіңе өкшелеп өлім түскенде, одан құтылудың бір амалы, сірә, тоқтап тұрмау, жүру, әрекет ету болса керек. Әрекет істеп қимылдап жүре берген жігерлі адам ғана өлімнің жезтырақ қанды қолына оңайлықпен түсе қоймайтын сияқты.
-Мүтәллап... жерлеу керек, - деді Емберген әлі де болса артына қарағыштап, досын қимай міңгірлеп.
-Осы жолы аштықтан өлгендер көп екен, - деді Жәмила жайбарақат, ашуын тежей сөйлеп. - Бәріне ортақ бір үлкен көр қазып жатқан. Қаласаң, жерлеуіне барарсың. Алдымен үсті-басыңды нәжістерден қағып-сілкіп, киімдеріңді жуып тазартып берейін...
Түс әлетінде ауыл шетіндегі жайпақ төбенің етегінен қазылған үлкен шұңқырға жасы мен кәрісі, әйелі мен еркегі араласқан жиырма адамның мәйіті бірден тоғытылды.
Жиырма адам бірден тоғытылған қабір басында атаусыз кеткен бишаралардың ең болмаса ортақ жаназасы да шығарылған жоқ. Бес күндік жалған фәнидегі демі біткен пенделерге арттарында қалған тірілерден бұйырар соңғы тілек - имандары салауат болсын да айтылмады. Кешегі күні тәлімсіп, осы елді Алланың хақ жолына уағыздаған Сейіт молданың соңғы тұяғы Мүтәллап бала да көппен бірге ортақ көрге, басқалар сияқты ол да кебінсіз түсіп, көміліп кетті...
Емберген қабір басынан осымен балалық бал дәуренінің біржола аяқталғанын, оның енді қайта айналып келмейтінін, бұдан былайғы өмірінің айла-амал сипаты басқа арнаға қарай ойысарын ойлап, үлкен қора-интернатқа, аяқ астынан кенет өзгеріп кеткен біртүрлі сабырлы да салқын көңілмен мүлде басқа адам боп есейіп оралған еді...
Өтен Ахмет.