ҰБТ-2019: тест кезінде кімге жеңілдік беріледі?

Жаңалықтар
1694

20 маусым мен 5 шілде аралығында ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. 

© Sputnik / Болат Шайхинов

Ұпай саны қалай есептеледі?

Биыл тест тапсырмалары 30 процентке жаңартылды. Талапкер бұрынғыдай үш негізгі пән – Қазақстан тарихы, математика және оқу сауаттылығын тапсырады. Бұдан бөлек, екі салалық пән бар. Оны талапкер өзі таңдайды.

Бес пән бойынша 120 тапсырма бар. Алайда 140 ұпай жинауға болады. Өйткені кейбір тапсырмаларда бірнеше дұрыс жауап болады. Мәселен, екі салалық пәннің 30 тапсырмасы бар. Соның ішінде 20 тапсырмада 1 ғана дұрыс жауап берілсе, 10 тапсырмада бірнеше дұрыс жауапты табу қажет.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға 3 сағат 50 минут беріледі.

Қанша ұпай жинау керек?

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін тестілеуден, кем дегенде, 65 балл жинау керек. Ал "Педагогикалық ғылымдар", "Ауыл шаруашылығы мен биоресурстар" мен "Ветеринария" бойынша ұпайдың саны 60-тан кем болмауы шарт.

Басқа жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне өту үшін 50 ұпай жеткілікті. Дегенмен, медицина мамандықтары бойынша 65 балл жинау қажет.

"Алтын белгінің" бір ғана артықшылығы бар. Егер екі талапкер тест қорытындысы бойынша бірдей ұпай жинаса, онда мемлекеттік грант "Алтын белгі" иегеріне беріледі.

Тест тапсырудан кім босатылады?

Былтырдан бері ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік бар. Алайда Қазақстан тарихы тек қазақ және орыс тілінде ғана тапсырылады.

Талапкердің ағылшын тілін меңгергені туралы халықаралық куәлігі болса, "ағылшын тілі" пәні бойынша тест тапсырудан босатылады.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы

Бұған дейін жоғары оқу орындары мамандықтардың нақты тізімі бойынша жұмыс істеген. Биылдан бастап оның орнына білім беру бағыттарының классификаторы енгізілді. ЖОО-лар сол бағыттарға қарай оқыту бағдарламаларын даярлап отырады. Гранттар да нақты мамандықтарға емес, білім беру бағдарламасына бөлінеді.


Мәселен, "Математика мұғалімдерін даярлау" тобына "математика", "математика-физика", "математика-информатика" мамандықтары кіреді. Сол сияқты "Ақпараттық технологиялар" тобында "информатика" мен "ақпараттық технологиялар" мамандықтары бар.

Бір топқа мың грант бөлінді дейік, конкурс дәл осы топты таңдаған барлық талапкерлер арасында өткізіледі. Ал грантты ұтып алғаннан кейін талапкер университетке қабылданады да, білім бағдарламасының нақты мамандығын таңдайды.

Мамандықты қалай таңдау керек?

Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен барлық талапкерлерге куәлікпен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Онда бірнеше пайдалы мәлімет болады. Олар:

  • Білім беру бағдарламаларының тізімі;
  • Биыл бөлінген гранттардың саны;
  • Бұған дейінгі конкурстардың нәтижелері;
  • Грантқа өтудің орташа ұпай саны;

Аталған мәліметтердің көмегімен грантқа түсу мүмкіндігін сараптап, нақты мамандықты таңдауға болады.

Төрт рет тест тапсыруға болады

Биылдан бастап мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуді төрт рет тапсыра алады. Бұған дейін тестілеу қаңтар, маусым және тамыз айында болатын. Оған тағы бір кезең қосылды.

  • 15-20 қаңтар аралығында (ақылы), өтініштер 1-15 желтоқсанда қабылданады;
  • 24-29 наурыз аралығында (ақылы), өтініштер 1-15 ақпан күндері тапсырылады;
  • 20 маусым мен 5 шілде аралығында (тегін), өтінішті 10 наурыз-10 мамыр кезінде беру керек;
  • 17-20 тамыз аралығында (ақылы), өтініштерді 25 шілдеден 3 тамызға дейін тапсыру қажет;

Ақылы тест бағасы - 2 242 теңге. Оның нәтижесі бойынша тек ақылы бөлімге ғана түсу мүмкіндігі қарастырылған. Ал мемлекеттік грантты алу үшін жазда өтетін тегін ҰБТ-ға қатысу қажет.

Ұпай "ұтудың" жолдары

Қазіргі ережеге сәйкес, тест өткен күні ҰБТ-ның нәтижесі ақпараттық стендке ілінеді. Сондай-ақ, мемлекеттік комиссия оны www.testcenter.kz сайтында жариялайды.

Талапкер тест нәтижесімен келіспесе, тапсырма сұрақтарына қанағаттанбаса, аппеляциялық шағым түсіреді. Арыз-шағымды бірден сол күні, болмаса, келесі күні сағат 13:00-ге дейін тапсыру қажет. Комиссия оны бір күн қарайды. Аппеляциялық шағымның арқасында бір-екі ұпайды "ұтып алған" талапкерлер де болады.

Қажетті ұпай болмаса, не істеу керек?

Талапкер шекті ұпайдың санын жинай алмаса, жоғары оқу орнына шартты түрде түсе алады. Ондайда тек ақылы бөлімде ғана оқуға мүмкіндік бар. Алайда бір семестрден кейін, яғни, қаңтар айында ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыруы қажет.

Қысқы тесттен өткен студент оқуды жалғастыра береді. Ал тесттен өте алмағандарға университетпен қоштасуға тура келеді. Жазда ұлттық бірыңғай тестілеуді тағы тапсырып көруге болады.


sputniknews.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...