Адамзат өркениетіне біздің бабаларымыз қосқан ұлы үлес «Автокөлік қозғалтқыштарының қуат...
Құралайдың құпиясы
Біздегі киік екі түрлі популяцияға бөлінетін. Біреуі Бетпақтың, екіншісі Маңғыстаудың бөкені. Бетпақдала киігінің дене тұрқы биік, жазда Қарағанды, Жезқазған даласын жайласа, қыста Мойынқұмнан асып, тіпті, Қаратау сілемдерінің күнгей бетіне де ауатын. Ал Маңғыстаулық бөкеннің денесі шағын, көшіп-қонатын аймағы жыл мезгілдеріне сай Маңғыстау Үстіртінен Торғай, Ақтөбеден асып, Ресей аймағы.
Бала күнімізде ауыл-ауылдың арасына қысқы каникулда автобуспен қатынаймыз. Абай мен Сызғанның, Сызған мен Созақтың ортасында мыңдаған киік табын-табын боп еркін жайылып жүруші еді. Сөйтсек, сол кездері ақбөкеннің басы 3 млн-нан асқан екен ғой! Ол кездері далада ұйықтап қалған киіктің лағы малмен араласып, қорамызға да кіретін. Қазіргі жастар білмейтін шығар. Үлкендер арасында киік туралы небір әңгімелер айтылатын.
Жуантөбеде бір аңшы ақсақал бар еді. Жасы жетпістен асса да қуатты, мығым, жастардан анағұрлым сергек еді. Қазір атын да ұмыттым. Осы ақсақал киікті ұзақ жыл аулап қана қоймай, зерттеумен де айналысқан. Ақсақалдың киік аулау тәсілі де ерекше болатын. Жұрт секілді көлікке мініп, аңды алаөкпе қылып қумайды. Түйеге мініп алып, түннің ішінде табынға жақындайды. Ақбөкен түйеден қорықпайды. Алаңсыз жайыла береді. Ал атамыз болса, өркештің тасасына еңкейіп, жасырынып жатып, күйлі, семіз текесін іздейді. Іздегенін тапқан сәтте қоржынға салған аккумуляторға көліктің фарын қосып, киіктің көзіне түсіреді. Жарық жарқ еткенде, киік малы тұрған орнында сілейіп, қозғала алмай қалады. Сол сәтте 16-калибр тарс ете түседі де, аз уақытта әлгі киіктің еті отқа қақталып, атамыздың кешкі асына айналады. Ең қызығы, ақсақал ақбөкеннің адам жемейтін мүшелерін: шыбығы мен енін ғана жейді екен. "Бұл еркекке күш береді" дейтін.
Табындағы киіктер бір күнде қашып, бір күнде төлдейді. Және міндетті түрде екі лақтан туады.
Ең қызығы - мыңға жуық ешкіні жалғыз теке қашырады. Әлгі ақсақал осының құпиясын да зерттеп көріпті. "Киіктің әбден күйі келгенде, текесі тұяғын мұрнына тығып, кері тартып қалғанда оқ атқандай "тарс!" еткен дыбыс шығады. Ешкілер қаз-қатар тұра қалады. Сол сәтте ақбөкеннің текесі кезектеп жүріп, шаруасын бітіреді", - дейтін қария. Киіктің тағы бір ерекшелігі - оқ тиіп, жараланса да ұзақ жүгіреді. Оның да себебі бар екен. Ақсақалдың айтуынша, ақбөкен жайылғанда әлдебір құпия шөпті теріп жейді екен. Сол шөп дала малына допинг секілді қуат беретін көрінеді. Ақсақал осы шөпті өле-өлгенше іздеп өтті. Тапқан-таппағанын білмедім.
Әлгінде "киіктер бір күнде төлдейді" дедік қой. Сәуірдің соңында Қыземшектің астында түн ішіндегі жарқыраған миллион жарыққа кездесер едіңіз. Ол - жол үстінде төлдеп жатқан ақбөкен болып шығар еді. Алла-Тағалла да шебер ғой! Жыртқыштар жарып тастамас үшін, алғашқы аптада лақтың мүлдем иісі болмайды екен! Анығында, иісі бар ғой. Бірақ жыртқыш ол иісті сезбейді екен! Бұл феноменді ғалымдар осы соңғы уақытта дәлелдеді. Шөптің тасасында жатып қалған құралайды қасқыр байқамайды. Киік лақтағасын, көп ұзамай жып-жылы нөсер жауады. Оны "құралайдың көтжуары" деп атайды. Үлкендердің айтуынша, уызға әбден тойған лақтың құйрығына майлы құмалақ қатып қалады екен. Табиғат-ана осы сәтте құралайды бір азаптан құтқарып, боқ қатқан құйрығын жуып береді екен. Ақбөкеннің тағы бір қасиеті - жолда кездескен бөтен киіктің лағын тастамайды. Емізіп, ары қарай ертіп әкетеді.
Енесі теуіп тастаса да тәтті сүттен күдерін үзбеген құралай бірнеше күн бойы көк шөп жемейтін көрінеді. Сол сәтті күтіп тұрғандай, Бетпақдалада күн суытып, суық жаңбыр, тіпті қар да жауады. Аштық пен суықтан қалжыраған құралай міне, осы сәтте бастап, көкке ауыз салатын көрінеді. "Құралайдың салқыны" деген осы нәрсе. Қазір Бетпақдала популяциясына жататын ірі ақбөкен мүлдем жойылып бітті. Кезіндегі "мүйіз саудасы" дала тағысының түбіне жетті. Маңғыстау популяциясындағы киіктің саны 30-40 мың айналасында ғана. Жыл сайын пастереллозадан олар да қырылып жатыр. Меніңше, сол киіктің біраз бөлігін Бетпақдалаға әкелу керек сияқты. Сонда, Арқа мен Мойынқұмдағы экологиялық тепе-теңдік те орнар еді. Болашақ ұрпақ алдындағы қателікті түзетудің бір жолы осы болатын сияқты. Әйтпесе, бір перзентінен айырылған Бетпақдала қасіреті ұлғаймаса, азаймауы мүмкін...
Тоқтар ЖАҚАШ