Келесі жылы да су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі. Бұл туралы су ресурстары және ирригация м...
Парасаттылық басты ұстаным
Бүгінде Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа жол беру әрекеттері айтарлықтай азайған. Нақтырақ айтқанда, осыдан екі жыл бұрын арнайы кеңестің отырысында жылына 240-қа тарта тәртіптік іс қаралса, өткен жылы 62 іс қаралып, оның тең жарымына жуығы өзін өзі толық ақтап шыққан. Бұл туралы «23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні» қарсаңында Талдықорғанда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
БАҚ өкілдері алдында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев: –«Қазір Жетісу өңірінде 8 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Соның 91 пайызы жоғары білімді. Қалған 9 пайызы орта кәсіптік, техникалық білімі барлар. Олар негізінен аудандық және ауылдық деңгейдегі қызметшілер. Әрі аймақтағы жалпы қызметшілердің тең жарымына жуығын әйел адамдар құрайды. Оның үстіне биыл елімізде Жастар жылы. Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің 30 пайызға жуығы жастар. Сол үшін жастарды қолдау, оларды парасаттылыққа, адалдыққа баулу басты ұстаным. Оған күні кешегі өткен жастар форумы айғақ. Ал, мемлекеттік міндеттерді іске асыру үшін қажетті сандық құрамнан басқа адами капиталдың сапасы маңызды мәнге ие. Осыған байланысты өңірде мемлекеттік қызметшілердің уағында жұмысқа шығуы, уақытылы жұмыстан түсуі заңға сай қамтамасыз етілген. Олардың түрлі іс-шараларға қатысып, жұмыстан тыс уақытын бала тәрбиесіне арнап, басқада спорттық ойындарға қатысып көңілді өткізуіне бар мүмкіндік қарастырылған. Сонымен бірге Әдеп жөніндегі уәкілдер институты арқылы «Парасаттылық елшілері» деген түсінікті қалыптастырудамыз. Мемлекеттік қызметшілер қоғамда моральдық құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, басқа адамдарға адалдық пен парасаттылық үлгісін көрсетулері керек. Тек осындай жолмен ғана интеллектуалды және парасатты қоғам құруға қол жеткізе аламыз», — деді
Осыдан соң тілшілердің сұрағына жауап берген Серікбай Өрікбайұлы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады.