Орыс поэзиясында "Пушкин дәуірі" деген бар. Ол кезеңде алапат ақындар болған, бірақ оларды...
"Рахмет пе" әлде "рақмет пе": филолог-ғалым қазақтардың сөйлеу тіліндегі қателіктері туралы айтты
Stan.kz тілшісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д., тіл маманы Анар Салқынбаймен кездесіп, латын әліпбиіне көшу, қазақ тілінің қазіргі мәселелері, трендтер туралы сұхбаттасты. Сөз арасында ең жиі жіберілетін қателіктер, «ҚызықTimes» пен «Ninety one» жігіттері ана тілімізге қалай залал тигізіп жатыр, кейбір ғалымсымақтар не себепті «хайп, ұятмен, хейтер, т.б.» деген сөздердің сөздігін жасау үшін шапқылап жүргені - біздің сұхбатымызда.
Қазақ тіліндегі негізгі мәселе латын әліпбиіне көшу болып тұр. Қолдайсыз ба?
Әрине. Мұны кез келген өзін зиялы санайтын азамат қолдауы керек. Бұл тұңғыш президентіміз, Елбасы ресми бекіткен, заңдастырған шешім. Біз латын жазуына көрші түркі елдерінің 15-20 жылдық тәжірибесін ескеріп, таразылап барып көшіп отырмыз. Латынға көшу - бүгінгі таңдағы қажеттілік. Ең алдымен, біз бүкіл түркі әлеміне, түркі мәдениетіне жақындаймыз.
Қазір цифрлық технологиялар заманы. Еуропа мен Азияның ортасында, Ұлы Жібек жолының басты күретамыры қызметін атқарып отырған қазақ елінің жазуы латын қарпінде болса, біздің елдің қарыштап дамуының мүмкіндіктері де артады.
Латын әліпбиіне көшудің өзіндік кемшін тұстары бар. Қазірдің өзінде кейбір төл таңбаларымызды дұрыс жазбайтындар жетеді. Латынға көшкенде одан сайын сауатсызданып кетпейміз ба?
Кез келген жаңа іс басталғанда, кемшілік болмай қоймайтыны рас. Байқасаңыз қазір түрлі мекеме, дүкен аттары әртүрлі жазылып жатыр. Бір дүкен атауы кирилл таңбасымен, екіншісі латын таңбасымен, үшіншісі қазіргі латын әліпбилі жазумен жазылған. Мұндай әр алуандық өтпелі кезеңде болады ғой. 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшкенде, бұл мәселе толық шешіледі деп сенейік.
Сіздің сұрағыңыз қазіргі әліпбиге байланысты. Әліпби бекітілген. Ал онда кей төл дыбыстарымыздың таңбалануы туралы айтылып жүрген ғылыми пікірлер бар. Бұл і, ә, и, у, ч, ш, ң, дыбыстарының таңбалануына байланысты. Меніңше, мұны да болашақта шешудің жолдары бар. Өз ойымша, і, ң, ә, ұ дыбыстарының таңбалануын қазақ жазуының өзіндік ерекшелігі ретінде қалдырса да болады, әрі жаңа жазуды меңгеру үшін де оңтайлы болар еді.
Қазір дұрыс шешілуі тиіс негізгі мәселе емлеге байланысты. Қазіргі ұсынылып жүрген емледе біраз түйткілді мәселе бар. Бұл, ең алдымен, жазудың басты принциптері мен заңдылықтарын анықтауға, и мен у дыбыстарының жазылуына, күрделі зат есімдерді жазуға байланысты. Жаңа емледе «у» дыбысы мен «и» дыбысы дауыссыз деп танылған. Қазақ тіліндегі су, ту, жу, ки, ти сынды сөздер емлеге салсақ, екі дауыссыздан құралған сөздер боп шықпақшы. Екі дауыссыздан қазақта буын да, сөз де құралмайтынын білесіз.
Бүгінгі қазақ оқушысы қалай жазса, солай оқуға үйренген, соған орай қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы орындалмайды. Ақымет Байтұрсынұлы қағидаларында қазақ тілі - әріпке емес, дыбыстық жүйеге негізделген тіл екені нақты жазылған. Қазіргі ғалымдар мұны әріпке негіздегісі келеді.
Тілдегі шешілмей жатқан түйіткілдерді санамалап атап өтіңізші.
Тілден түйіткіл іздей бергеннен қорқамын. Тілдің тек жақсы жағын көп айтқым келіп тұрады. Түйіткілді көп айта беруден гөрі, оны шешудің жолдарын қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Кез келген тілде өзінің шешілмей жүрген ғылыми-практикалық мәселелері болады. Тіпті дамыған ағылшын, испан, орыс тілдерінің өзінде өздерінің түйткілді мәселелері жеткілікті. Өйткені тіл – қатып қалған құбылыс емес.
Шешімін табуға тиісті басты мәселе тілімізге еніп жатқан жат сөздерге қатысты ма деп ойлаймын. Шетелдік сөздер бар, шетелдік терім сөздер бар, шетел сөздеріне еліктеуден туған жаргондар бар. Бұлардың арасын ашып қарау орынды болмақ. Шетелден енген сөздердің қазақ тіліндегі сөздігін жасау қажет.
Қазақ тіліне енген шетелдік терім сөздерді аудару немесе өз тіліміздің дыбыстық заңдылығына сәйкес бейімдеп қолданудың жолдарын көрсету де үлкен ғылыми-практикалық мәселе. Ал, өздеріңізге жақсы таныс «хайп, ұятмен, хейтер, т.б.» деген сөздердің сөздігін жасайық деп жүрген азаматтар да бар.
Бұл студенттердің, жасөспірімдердің аузында уақытша жүрген сленг, жаргондар ғана. Қазіргі жастардың аузында жүрген жаргондар мен сленгтерді әдеби тілге енгізуге ұмтылудың қажеті жоқ. Көптеген терім сөздердің түркі тілдеріндегі қолданылып жүрген аударма нұсқалары бар, соларды қазақ тіліне қабылдауға болар еді.
Қазіргі таңда қазақ тілін ағылшын тілінің баламаларымен алмастырып қолданып жүр. Мысалы, уайым- why M, талқылайық-talklike, ол айниды- All I need т.б. кете береді. Осы қаншалықты дұрыс?
Бұл - пиджинизация. Тілдің бұзылуы. Ерекшелеу үшін бір сөзді қазақша, бір сөзді ағылшынша біріктіреді. Мысалы, айналайын деген сөзді «айнonline», қызықтаймыз дегенді «ҚызықTimes» деп орын ауыстыру. «Ninety one» жігіттері мен телеарнада хабар жүргізіп жүрген жігіттер тілді бұзуға қалай үлес қосып жатқанын білмей жүр. Тіл үшін бұл қатер. Бұл тек сөздегі тұлғалардың орнын алмастыру ғана емес, тілді бұзу.
Сондықтан ұлт болашағын ойлайтын жігіттер мұндай арзанқол қолданыстардан бой тартуы оң болар еді. Тілдің грамматикалық құрылымы бұзылғанда, тіл өледі. Ана тіліміздің грамматикалық құрылымын бұзбай, лебіздік екпініне кінәрәт түсірмей, сөздің мағынасына дат салмай, әдеби қалпын сақтай отырып дамытуды әрқайсымыз ойлауымыз керек.
«Маған қарап тұрған не бар дейсің?» деген тоғышарлық ойдан жастар аулақ болса дейміз. Ана тіліміздің дамуы қазақ тілінде сөйлейтін әрбір тұлғаның дұрыс сөйлеуіне тікелей байланысты.
Қазақ тілді адамдардың өз ана тілінде ең көп жіберетін қателіктері қайсы?
Қазіргі таңда қазақ тілінде еркін сөйлейтін азаматтардың «ң» дыбысын дұрыс айта алмауы жиі кездеседі. Бұл орыс тілінің әсері ғой.
Сөйлеу тілімізде, лебізде үндестік заңы және дауыссыз дыбыстардың ықпалдасуы деген заңдар орныққан. Түбір сөзге қосымшаның ыңғайына қарай үндесіп жуан немесе жіңішке болып жалғануы, сөздің басы еріндік дыбыстан басталса, одан кейінгі буындарда да еріндік болып айтылуы сияқты.
Қазіргі сөйлеу тілімізде осы ерін үндестігін сақтау бірте-бірте қалып барады. Оның басты себебі у мен и дыбыстарын біріктіріп жазып, ұ, ү, і, ы сияқты төл дыбыстарымызды жазуда елемеуден шығып отыр. Мұның ар жағында да сталиндік саясат жатыр.
Тіпті «үйіңе барасың ба?» дегенді «үйүңе барасың ба? деп айтуымыз керек қой. Осылай жазбаған соң, айтуда да сақтамай, лебіздік үйлесімді сақтай алмай отырмыз.
Қатаң дыбыстардан кейін ұяң келген кезде олардың арасында бір-бірімен ықпалдасып айтылуы; үнді дыбыстардан кейінгі үнді дыбыстардың, ұяң дыбыстардан кейін ұяң дыбыстардың айтылуы да қолданыстан кетіп бара жатыр. Аманкелді – Амаңгелді, Ақнұр - Ағнұр, Ақниет - Ағниет, Ақмаржан –Ағмаржан болуы керек еді. Қазіргі менің студенттерім өз аттарын дұрыс айта алмайды. Қалай жазылса, солай айтады.
Қазақ тілді адамдар үшін дұрысы қайсы екенін ажырата алмай жататын, не үшін солай болу керектігін білмей жататын сөздер бар. Солардың бір қатарын айтатын болсақ, «Нұр-Сұлтан» неге дефис арқылы жазылады?
Бұл кісі есімі мен қала атын ажырату мақсатында қажеттіліктен туындаған. Осылай жазылуы заңды да, дұрысы да – осы. Неге десеңіз, бұл сөз қала атауы ретінде жаңадан жасалды. Кезінде Қызыл-Орда, Қызыл-орда болып жазылып жүріп, құлаққа сіңімді болып, қала атауы ретінде орныққан кезде біріктірілді. Сол сияқты Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының дефис арқылы жазылуы қазіргі кез үшін дұрыс.
«Елбасын» бас әріппен жазу керек па?
Ия, Елбасы сөзі бас әріппен басталып жазылады. Өйткені бұл есім тек бірінші президентке ғана берілді.
«Рахмет» пе әлде «рақмет» пе?
Академик Рабиға Сыздық құрастырған Орфографиялық сөздіктерде «рахмет» нұсқасында жазылған. Ал енді х дыбысының орнына қ дыбысын жазып, қазақшалайық десек, онда дұрысы «рақымет» болуы тиіс. Өйткені қазақ тіліндегі дыбыстардың тіркесімділік заңдылығына назар аударар болсақ, «қ» дыбысы мен «м» дыбысы тіркесе алмайды. Бұл жайында жазылған көптеген ғылыми зерттеулер бар. Байтұрсынұлы өз есімін Ақымет деп жазған екен.
«Мұны» ма әлде «бұны» ма?
Бұл екеуі бір-біріне дублет сөздер. Әдеби тілде қалыптасқан негізгі нұсқасы-мұны.
«Соң» шылауынан соң үтір қойыла ма?
Бұл сөйлемдегі қызметіне байланысты. Пысықтауыштық қатынаста келсе, үтір қойылмайды, ал баяндауыштық қатынаста тұрса, соң шылауынан кейін үтір қойылады.
Сауатсыз журналистер мен газеттер көбейген. Себебі неде?
Қазақ баспасөзін оқып отыратын қазақтың бірімін. Әсіресе, Фейсбук беттеріндегі ақпарттарды қараймын. Айтарым, әлеуметтік желілер де сауатты бола бастаған. Ірі-ірі республикалық басылымдар туралы сөз бөлек. Олардың тілінде қате дүниені табудың өзі құмнан ине іздегенмен бірдей. Қазіргі баспасөз осыдан 7-8 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда сауатты жазады. Аға газеттер: «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері ХХІ ғасырдағы қазақ публицистикалық стилін дамытып отыр.
Тіл бүлініп бара жатыр, қателікке ұрынып жатыр деп байбалам салудың қажеті жоқ. «Бар десең бар болады, жоқ десең жоқ болады» дегендей жастардың құлағына қазақ тілінде әдеби тіл кеміп, олқылықтар мен кемшіліктерге толы, оның мәселелері көп деп әртүрлі сайт беттеріне жаза беретін болсақ, онда олардың тілге деген құштарлығы кемиді. Өскелең ұрпақтың санасында тілге деген күмән пайда болады. Ақпараттық агенттіктер тілдің кемшілігін термей, қазақ әдеби тілінің барын бар деп айтуға көшу керек деп ойлаймын.
Анар ханым, сұхбатыңыз үшін рахмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!