Бауыржан Байбек жаңа қызметке келді

ТАҒАЙЫНДАУ
579

Осыдан алты жыл бұрын Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қызметіне кірісе салысымен, Астанадағы бір топ зиялылардың басын қосып, әңгіме-сұхбат құрған еді. Жүзі жылы, үлкенмен де, кішімен де сыпайы сөйлесетін кішіпейіл жігіт дастархан басындағы өнер адамдарының көңілін қарапайымдылығымен баурап алды. Анау-мынау шенеунікті менсіне бермейтін Фариза (Оңғарсынова) апама дейін, оның ұлтжандылығына риза болғаны есіме түсіп отыр. Басқосудан кейін жаңа қызметке тағайындалған қағылез жігіттен сұхбат алып, ол «Айқын» газетіне шықты. Арқамызды кеңге салып сөйлескен әңгімеміз беделді басылымда жарық көре салысымен резонанс туғызды. Маған, отызында орда бұзып, қырығында қамал алып, партия басшылығына келген азаматтың шындықтан жалтармай, көп дүниені батыл айтатын турашылдығы қатты ұнады. Кейін жұмысқа шақырып, Баукеңнің жанында жүріп қазақтың мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне қатысты халыққа пайдалы біраз істерге қолқабысымызды тигізгенімді мақтанышпен айта аламын. “Nur Otan» партиясында ол өте жақсы жұмыс істеді. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» сияқты партия жұмысының жандана түсуіне қатты серпін берген ондаған жобаларды жүзеге асыруды ең алғашқы болып қолға алған - тап осы Бауыржан Байбек екенін әлі ешкім ұмытқан жоқ. Кейін жақынымдай жақсы көріп кеткен азамат Алматы қаласына әкім болып кеткенде көңілімде бір қимастық сезімнің болғанын жасырмаймын. Бірақ, үлкен қалаға әкім болып барған Бауыржан ол жақта жүріп те маған зор шарапатын тигізді. Әкем, қазақтың аса көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтың жетпіс жылдық мерейтойы кезінде ширек ғасырға жуық уақыт бойы талай шенеуніктер меселімізді қайтарған, әкем тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатып беру мәселесін еш ойланбастан, бір-ақ күнде шешіп берді. Баукеңнің сол кездегі азаматтығына Торғай елі ғана емес, киелі әдебиетті пір тұтатын бүкіл қазақ халқы риза. Бүгін, Бауыржан Байбек партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып тағайындалды. Баукеңмен қайтадан бірге жұмыс істеу мүмкіндігінің туып отырғанына қатты қуаныштымын. Мүмкіндікті пайдаланып, осы қызметте болып, көптеген игілікті істерді атқарған Мәулен Әшімбаевқа да зор ризашылығымды білдіргім келеді.

Жаңа қызметке келген Бауыржан бауырымның ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, адамның болмысында болуы тиіс үш нәрсені «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» жанына серік қылып, халыққа адал қызмет етіп, алатын асуларының биік бола беруіне тілектеспін!

Амангелді Кеңшілікұлы

author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Шоу-бизнес

Танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде марқұмды еске алып жазба арнады, деп хабарлады madeni...

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...