Әлеуметтік желіде бір тойда кәрі шешелерін бесікке бөлеп, тербеттен бір топ адам түскен видео тарап,...
Тоқаев: Домбыраның пернесінен шыққан үнде халқымыздың терең тарихы бар
Бүгін еліміз бойынша Домбыра күні мерекесі аталып өтіп жатыр. Елордадағы мерекелік концертте сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан мектептерінде домбыра сабағын өткізу керектігін айтты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" baq.kz тілшісіне сілтеме жасап.
"Құрметті отандастар! Құрметті қауым! Ең алдымен, баршаңызды үлкен, бірегей мерекемен, Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мейрамды ұлттық руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсінуіміз керек. Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген бастамасының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді. Домбыра күні мерекесі соның айғағы", - деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күні қазақ пен домбыраның егіз ұғым екенін айғақтай түскенін айтты.
"Бүкіл халқымыз осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ақын Қадыр ағамыз қасиетті домбырамызды "нағыз қазақ" деп жырлаған. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бола беруі тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, ол бабалардан аманат болып қалған мұрамызды дамытуды атады.
"Бүгін міне, барша халық болып, ұлтық аспаптан шыққан күйдің құдіреті мен қуатын сезіндік. "Сарыарқа", "Балбырауын", "Адай", "Әлқисса" күйлері ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан үнде халқымыздың терең тарихы бар. Біз бабаларымыздан аманат болған асыл мұрамызды сақтап, дамытуымыз қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Мереке кешке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда "Нағыз қазақ - домбыра" концертімен жалғасады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерттің басталуы - сағат 18.00-де. Кіру - тегін.
Еске салайық, өткен жылы Ұлттық Домбыра күніне орай "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда домбыраның құлағында ойнайтын 2 мыңнан аса өнерпаздан құрылған оркестр өз өнерін ортаға салды. Флэшмобқа қатысу үшін еліміздің өңірлерінен де домбырашылар елордаға ат басын тіреді. Шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.