«...Шикін-ай әңгіме...» (Р.Отарбаевтың әңгімесін оқығанда)

ӘДЕБИЕТ
3168

Бәріміз де қолға қалам ұстап, атымыз дардай жазушы атанып, шалқақтап жүретініміз ып-рас! Өз жазғанымызға өзіміз риза бола, «бізді ел неге тамсанып оқымайды осы!» деп қинала күбірлейтініміз де жасырын емес. Ал, оқу үшін... Міне, тағы бір әңгімені оқып тауыстым. Өзі шап-шағын. Шаршатпайды. Тез-ақ қағып тастайсың. Содан соңғы әсері... Жә, түсіндіре кетейін. Әңгіменің аты – «Ауылдас аға». Жазған жазушы өмірден ерте озған, сөйтіп ендігі у-шу мен дау-дамайды мына бізге қалдырған қаламгер досым Рахымжан Отарбаев. Жарияланған жері – «Мәдениет порталы». http://www.madeniportal.kz/article/3824

Әңгіме кейіпкері әлдебір тосын мінезді, ешкімге ұқсамайтын, сөзінде береке жоқ, тірлігі де керкеткен, бір сөзбен айтқанда бар болғыр адам. Оның "жүріс-тұрысы қыр қазағына таңсық". Ал, бет әлпетіне көз тоқтатсаң, «иегі қылтанақсыз көсе...», «даусы жіп-жіңішке». Тағы бір таң қаларлық әрекеті – «зәуеде бір көршіден шырпы алса, жаққан талын санап қайтаратын-ды». Өзінің өмірде ешқашан жолы болмаған сыңайлы. Әйелден ұшыныпты. Ауылдың қағынды қатындары оған қатын құтаймайтыны содан деп сөз сабақтап жатады. Ауылға келген соң да, қарап жатпай, ескі әдетіне басып, үш рет үйленіп үлгерген. Үшеуінде де ағасын қолқалап, шаруаға жаратып отырған аса зәру ат-арбасын әурелегені тағы бар. 

Біріншісі бұның басының таз екенінен қашады, екіншісі кәріс әйел екен, орысшаға шорқақ деп теріс айналады, ал үшіншісі де бірге тұруға тым көңілсіз көріп, төркініне қайтады. Қысқасы, отбасы бақыты деген ұғым бұның басынан әлдеқашан-ақ айналып ұшып кеткендей. 

Әңгіме аяғына таман әлгі бір атайдың айтатын сөзі бар: «... шапқан шөпті әкеле қояйық десем, осы арба арлы-берлі қатын тасудан бір босамады...». Е-е, сондай болғысы келді ме сол бейшараның! Маңдайына жазылған тағдыры солай да. Бәлкім, тағдырын тастаққа салып жүрген өзі ме? Қалай десек те, жолы ауыр, тірлігі тікенді, шаруасы шатқаяқ! Даусы жіп-жіңіше сол адамның әйел затын алғаш көрген сәтінде өз көңілінің ішкі сырын жасыра алмай «шикін-ай, әлгі бір келіншек...» деп таңдана тілге келетіні бар-ды. 

Сол сөз – сөз-ақ! Сол сөз оның бар болмысы! Сол сөз оның образы! Тіпті, тереңдете айтқанда – әңгіменің ұтып тұрған жері де осы! Әдетте, мықты да шымыр әңгіме жазамыз деп, тілімізді сүрмелеп, бояуды баттастыра жағып, детальден соң деталь іздеп, оқиғаны мейлінше қоюлата түсіп, әуре-сарсаңға ат байларымыз бар. Рахымжан олай етпеген. Ол жағынан мүлде бас ауыртып жатпаған. Өмірдің өзінен қалай қабылдаса, сол қалпында көшіре салған. Әңгімеге табиғилық тән! Сосын да бұл әңгіме оқылады, оқыла бермек те! Ал, біз...тап қазір тартымды әңгімені риза көңілмен оқып болып, марқұм досымызды сағына еске алып, еріксіз «шикін-ай, әңгіме...» деп күбірлеп отырған жайымыз бар!

Жолтай Әлмашұл

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Шымкент қаласының әкімдігі жаңа жылдық безендіруге 80 миллион теңге жұмсамақ, деп хабарлайды madenip...

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...