Дидахмет Әшімханұлы. "Өзі адамға - жұрт та адам"

ӘДЕБИЕТ
2861

Қысқа сөздің ұстасы

Қарашаңырақта жылына екі рет, әйтпесе одан да көп боламын. Көбінде достарым бірге келеді. Шешем олармен тәп-тәуір әңгімелесіп отырады. Кейін маған кімнің «есі бар», кімнің «мыжыма» екенін айтып қояды. «Есі барлар» – онымен тең дәрежеде сөйлесетіндер, «мыжымалар» – өздерін алжығанның алдында отырғандай сезінетіндер. Соңғылары күле отырып, шешемнен қайдағы-жайдағы мәнсіз, дәмсіз бірдемелерді сұрайды. Сондайда ол «мені осы кім деп отырсың» дегендей әлгі пәруардігерге сұқтана ұзақ қарар еді. Оны сезгендер жым болады. Сезбегендер «езіп, мыжи» береді.

Елге менімен бірге келгендердің ішінде шешеме ұнаған бір адам – Құлбек досым. Кәдімгі белгілі әдебиетші ғалым, профессор Құлбек Ергөбек. Ол туралы шешем: «Өзі адамға – жұрт та адам» деген.

Ал түсініп көр!.. Сол Құлбек онымен әңгімелескеннен кейін: «Енді сен сөйлетші, мен тыңдайын» деп маған сыбыр еткен. Мен әдеттегідей бейнекамерамды байқатпай қосып қойдым да:

– Тәте, папам түсіңе кіре ме? – дедім, жеті жыл бұрын дүниеден қайтқан әкемді еске алып.

– Кірмейді, – деді ол.

– Неге? – деймін таңданып.

– Өйткені ойламаймын. Ойласам түсіме кіреді. Түсіме кірсе, ол мені ана жаққа шақырады. Ал мен о жаққа әзірге барғым келмейді.

Құлбек маған қарады. Мен оған қарадым. Шешем «сөзім осымен бітті» дегендей төсегіне қисая берді.

– Әкең қандай кісі еді? – деді Құлбек маған.

– Мына кісіге қарағанда жақсырақ болатын, – дедім шешеме әдейі естірте. (Кейде өстіп қағытып та қоятыным бар. Өзінен үйренгенім ғой).

– Е, әкенің орны бөлек қой, – деп шешем терең күрсінді.

Мен ол жатқан төсектің төменгі тұсына көз салдым. Со жақ қабырғаның ортасында, ұзындығы – 70, ені – 50 см. болатын, майлы бояумен салынған портрет тұр. Жасы қырықтар шамасындағы ер адам.

Міне, 25 жыл болды, шешем таңертең осы суретке қарап оянады, осы суретпен кешке кірпік іледі. Кім ол? Алпыс жыл отасқан шалы дейсің бе? Жоқ, он төрт жасында тірідей айырылған әкесі ғой.

Он төрт жасында!.. Бұл жөнінде елдегі бір ақсақал маған мынадай әңгіме айтқан.

– 37-нің қақаған қысы. Қалың қар. «Халық жауы» ретінде ұсталған біздерді этаппен айдап барады. Жанымда сенің нағашы атаң Тәңірберген де бар.

Киімі жұқалау, дірдектеп келеді. Бір уақытта... үстіне қара тон жамылған, 13-14-тегі бір бала жан ұшыра жүгіріп келіп, Тәңірбергенге секіре ұмтылсын.

Мылтықты солдат оны желкесінен бүре ұстап, жол жиегіне лақтырып жіберді. Қарға жалп етіп құлаған бала жылдам ұшып тұрып, әкесіне қайта жүгірді.

Солдат оны дәл жаңағыдай қайта лақтырды. Бұл жолы бала тонын шеше салып, жағасынан сүйреткен күйі енді солдаттың өзіне ұмтылған.

– Ағатай-ау, ағатай, мынаны көкеме беріп кетейінші, – дейді шыр-шыр етіп.

Біз оны алғашында ұл деп ойлағамыз. Сөйтсек екі бұрымы желп-желп еткен қаршадай қыз екен. Әлгі солдаттың да сол сәтте жүрегі сәл жібіді ме, қыздың қолынан қара тонды жұлып алып, Тәңірбергенге ұстата салған. Сол қыз сенің шешең Бағди еді ғой, балам.

Осы әкесінен шешем 23 жыл бойы күдер үзген жоқ. 23 жылда әкем келе ме деп құмалақ салдырмаған бақсы-балгері де жоқ. 23 жылда оң қабағы тартса да, оң жамбасынан тұрса да, түнде жақсы түс көрсе де, бәрі-бәрін әкесінің келуіне жорып отыратыны әлі есімде. Ақыры 1960 жылы үйге келген бір кісі: «Шырағым, Бағди, енді әкеңді күтпей-ақ қой, 1943 жылы Колымада үстіне ағаш құлап өлген Тәңірбергенді өз қолымызбен жерлегеміз. Саған соны айтуға осы күнге дейін батылым жетпеп еді» дегенде, шешем өкіре құлап түскен.

Нағашы атамның суретін мен ұзақ жыл іздедім. Ақыры кездейсоқ таптым. Алматыдағы Ермұқан деген жерлес ағамның үйінде альбом қарап отырып, бір көне суретке көзім түскен. Бір топ адам. 1935 жылы Семейге жиынға келген Катонқарағайдың атқамінерлері. Жоғарғы қатарда, оң жақтан санағанда үшінші адам Сейдахмет ағама қатты ұқсайды екен. Шешем осы баласын «әкеме тартқан» деп жиі айтып отыратын. Суреттің көшірмесін алып, артынан шешеме көрсеткенімде әкесін жазбай таныған. Кейін сол суреттегі түймедей бастан үлкен портрет жасатып, шешеме сыйладым. «Екі дүниеде саған ризамын!», – деді ол әке суретін иіскеп отырып.

Өмірде шешемнен алған ең үлкен алғысым осы шығар. Қазір алпыстан ассам да алқымымды ашып тастап, алшаң басып жүргенім – сол шешемнің барлығынан, нарлығынан шығар.

Жә, болдым! Бұдан әрі созсам, ол: «Мынау не деп бәдіп кеткен», – деуі әбден мүмкін...

Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ, 

жазушы

author

Дидахмет Әшімханұлы

ЖАЗУШЫ