Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
Өтен Ахмет. Шын дос еді Шынболат (эссе)
Ділдебаев -
жүретін Жезқазғанда
күнде байып.
(Өз сөзі)
Артқы қатарда: мен және Шынболат
Жезқазғандық Шынболатпен, жалпақ қазаққа кең танылған, белгілі жыршы – ақын, термеші марқұм Шынболат Ділдебаевпен мен 1956 жылдың жазында танысқан едім.
Жезқазғанға келген бетім. Бұған дейін жабық қала болып, кеніштер, зауыттар, фабрикалар лагерь тұтқындарының тегін күшімен жұмыс істеп тұрыпты. Сталин өліп, лагерьге жазықсыз қамалғандар таратылып, бастарына бостандық алғандардың кететіні кетіп, барар жер, басар тауы жоқтар бұрынғы тұтқындарға арналған ескі барактарында қала беріпті. Дегенмен жұмыс күші бұрынғыдай емес, көп азайған. Алып өндірісті тоқтатуға болмайды. Қазақстанның түкпір – түкпірінен, бүкіл СССР шеңберінен мол ақшаға қызықтырып, адам іздеп жатыр. Осыдан бір жыл бұрын Жезқазғанға туған ағам Жарас, алпысыншы жылдардың басында қатардағы жәй кенші болып жүріп-ақ «Өгей шеше», «Гүлшат» атты повестерімен, «Періште» деген әңгімесімен қазақ әдебиеті көгінде жарық жұлдыз болып жарқырап, өнер ортасына екпіндей кірген, әдебиет сәуегейлері қазақтың Шыңғыс Айтматовы деп мақтаған Жарас Ахметов кеткен болатын. Мен ағам жалғызсырамысын, қасына серік болайын деп артынан ере келгем.
Кеніштегі № 42 шахта. Кадр бөліміндегілер құжаттарымды көріп, жасың 18 – ге толмай жер астында жұмыс істеуге болмайды десті де, қобалжыған көңілімді байқап, тұлға - тұрысымды көздерімен сынай бір шолып өтті де, жарайды, аяқ – қолың балғадай екен, қабылдандың деп қуантты да тастады. Шахтадағы ең ауыр жұмыс – проходкашы болып кірістім.
Кеніштің жан-жақтан жапырая ентелескен қиқы – жиқы барактарының қақ ортасында Мәдениет сарайы өзгеше пішім – пошыммен асқақтап тұрар еді. Туғалы, осы жасым ішінде, мен көрген ең салтанатты ғимарат. Биік тас басқыштар, аспан тірегендей шіренген колонналар. Қабырға, маңдайшаларында социализмнің кереметтігін жырлайтын фрескалар.
Ол заман халықтық көркемөнерпаздықтың кең құлаш жая бастаған шағы. Имене есік аштым. Талдырмаш, біршама бойшаңдау келген, ақсары өңді, шашы жаңа туған қозының елтірісіндей тығыз бұйра, өзім құралыптас бозбала жігіт қарсы алды. Содан танысып кеттік. Шынболат көркемөнерпаздар үйірмесін басқарады екен. Оның құрамында домбыра оркестрі, драма, хор топтары бар. Маған домбыра тарту қонбаған. Жастығым астына жастап жатсам да болмады. Бірақ сөзге аздаған ебім бар. Асқар Тоқмағамбетовтің кейбір сықақтарын айтып жүрдім.
Анау тұрған асхана,
Ішіне кірсең, масқара!
Қасық деген қайысып жатыр,
Вилка деген майысып жатыр.
Шәй дегенің - өлі су,
Оны айтсаң, керісу...
Ол кездегі ел – жұрт пейілі кеңдеу ме, әлде басқа қызықтап көретіні болмаған соң ба, өз аулымыздың жаман ұлдары мен қыздары демейтін, концертімізге қаптап келіп, дүбірлетіп қол соғып, бізді де қуантып, өздері де мәз – мейрам болатын.
Кәдімгідей көңіліміз өсіп, жұрт алдындағы жауапкершілігімізді сезіне түсетінбіз. Мен де сүйтіп жүріп өзімше жетіліп, спектакльде рөл ойнайтындай дәрежеге жеттім. Әсіресе, Мұқан Иманжановтың «Сөнген шала» пьесасында журналист болып ойнағанымды қалай ұмытармын. Осындай «өнеріммен» Жезқазғанда, Қарағандыда өткен конкурстарға қатысып жеңіп алған марапат қағаздарым жеке мұрағатымда әлі сақтаулы. Сонда Құдайым өзі жол бастап, келешекте үй тігіп, қызмет істейтін жерлерімді алдын – ала әдейі көрсетіп жүрді ме екен, қайдам.
Қарағандының осы күнгі Бұқар жырау мен Чкалов көшелерінің қиылысқан жерінде «Динамо» атты спорттық тауарлар дүкені болды. 1958 жылы осында концерт қойып, спектакль көрсетуге келген өнер сапарымызда Шынболат сол дүкеннен спорттық жарыстарға қолданатын старт пистолетін сатып алды. Патронда тек дәрі ғана және жоғары қарай атылады. «Тарс» еткен дыбысы ғана ғой спортқа керегі. Бірақ Шынболаттың әріден өз ойлағаны бар екен. Өнер сапарынан оралып Жеғзқазғанға келген соң, ұсақ калибрлі мылтық оғын тауып алып, қорғасын оқтың ұш жағын жонып қысқартып еді, старт пистолетіне дәл бола кетті. Ол кезде Шөкеңнің балалығы әлі басылмаған делқұлылау шағы, әлгі пистолетпен атып, мені өлтіріп тастай жаздағаны бар.
Ол былай болды. Марганец өндіретін Жезді поселкесіне барғанбыз. Онда Шынболаттың енесі тұратын. Мен тақтайдан соғылған аралары арса – арса әжетханаға кіріп отыра бергенім сол еді, мылтық даусы оқыстан «тарс» ете қалды. Есікке қатты бірдеңе соғылып, теңселіп кетті. Шошықырап, не болды деп, тақтай саңлауынан қарасам, сыртта қалған Шынболат ыржаң-ыржаң мәз. Қолында пистолет.
Артынан анықтап қарасақ, қорғасын оқ тақтайға жартылай кіріп кетіпті. Қуысқа жарты елідей тақау жерден.
-Әй, егер оқ мына қуыстың дәл ортасынан өтсе, менің қақ маңдайымнан қадалмай ма?
-Ха-ха, қорқытайын деп едім...
«Динамо» дүкені болған орын кейінірек облыстық радиоға беріліпті. Мен мұнда 1973-74 жылдары қазақ тіліндегі хабарларға басшылық еттім.
Шынболатпен алғаш танысқан сәттен-ақ бір-бірімізге магниттей тартылып, жақындаса бердік. Ол тым ерте үйленген екен. Жатаған барактың жалғыз бөлмесінде шешесі, ағасы, келіншегі Әлия, тұңғышы Ғайша – бәрі бірге тұрып жатты. Темір жол бойында жұмысшы ортасында туып-өскендігімнен бе, қазақтың ру, жүз дегендерінен хабарым еміс – еміс қана, ондайға көңілім әсте бұрылмайды. Шынболат та сондай білем. Әйтеуір, жақсы доспыз, керемет түсінісеміз. Жұмысшы – жастардың кешкі мектебінде бір сыныпта оқыдық.
Аядай бөлменің дәл ортасына дастарқан жайылып, айналасына қазақша малдас құрып қаз-қатар жайғасатынбыз. Ол кезде дастарқанға қазіргідей сын айту, мін тағу деген атымен жоқ. Қара нан тұрса, бірер түйір шақпақ қант жатса болды. Үй иесі де мәз. Қонақ та дән риза. Нанға тойып, шәйға қанып алған соң, аяғын апыл-тапыл басып жүрген кішкентай Ғайшаның «өнерін» тамашалаймыз. Ол дөңгеленіп билейді. Бізге қосылып алақанын шапаттап мәз болады. Өскенде не биші, не әнші болатын шығар дейміз сүйсініп. Жоқ, әр жанның өз қалауы жолы бар ғой, Ғайша өскенде емші дәрігер боп кетті.
Шынболаттың шешесі талдырмаш келген, қараторының өңдісі еді. Ашуланып күйгелектенгенде тілі удай ащы, тиген жерін ойып түседі. Және тоқтамай ұзақ сөйлеуші еді, марқұм. Күйінетіндей себеп жиі табылады. Не Шынболат, не Ташболат тентек су ішіп қояды. Тіпті нан алатын соңғы саршұнаққа дейін жұмсалып кететін күндер болатын. Шынболаттың қыз-қырқынға әуестігі және бар, арттарынан көп жүгіріп, кейде сыртта түнеп те қалады. Қалтасы қағылып, кейде келіншегі Әлияны ренжітіп қояды. Мұндайда ана жүрегі езілмегенде, күйінбегенде қайтеді.
Шынболаттың үйіндегі шешеміз біртүрлі тілін шайнап, қазақ сөзін бұрмалаңқырап айтатын. Себебін кейінірек білдім, ол кісінің тегі башқұрт екен. Жарықтық, үйелмелі – сүйелмелі соқтауылдай екі ұлды шанаш сүйреткен иттей тартқылап – созғылап жүріп ержеткізген ғой.
Шынболаттың өз айтуынша руы Найман, Қызылорда облысының Нәнсай деген жерінде туып-өсіпті. Көктем шыға әкелері мал айдап Сарысу бойын жайлайды екен. Ажал айтып келе ме, бірде жайлауда әкесін құтырған ит қабады. Дәрігер жоқ, қатынас жоқ. Арада қырық күн өткеннен кейін, қатты қиналып жантәсілім беріпті жарықтық...
Кішкентай екі ұлмен жесір қалған тегі башқұрт, іштартар жақын жанашыры жоқ қайран ана қайтсек жан сақтаймыз деп басын тауға да, тасқа да соғады. Күйеуінің әлдебір алыс жамағайыны бар деп естіп, соның есігін күзетіп, күлін шығарсам да бізді өлтіртпес деген үмітпен Қарсақбай мыс зауытына көмір беріп тұрған Байқоңыр кенішіне жол тартады. Сүйтіп асқар таудай әке тірегінен айрылған отбасы өлмейді, одан басқасының бәрін көреді.
Ташболат шешесіне тартыңқыраған қара өңді әрі жұқалтаң келген әлжуаздау еді. Қабағы жадырап бір ашылмайды, үнемі көңілсіз түнеріңкі жүретін. Тыржаңдап кісі жақтырмайтын. Кісіні мінеп-шенеп кемсітіп отырғанды жаны сүйетін. Сол Тәшекең жұмыс істеп жарытпады. Әне жерде үш ай жұмыс істесе, тоғыз ай үй төрінде шалқасынан түсіп жатып алатын. Үйленіп өз алдыма шаңырақ көтерейінші деп те талпына қоймайтын. Шынболат оған өз қолымен жеке үй де салып берді. Бірнеше мәрте зорлағандай етіп үйлендірді де. Бәрібір келеге келмеді, сол берекесіз қалпында, бала ұрпақсыз, жарық дүниені менсінбегендей, қабағын жадыратып бір ашпаған күйі бұл фәниден қайтқан көлеңкедей із-түзсіз өтті де кетті. Фәниден таппағаныңды, бәлкім, бақидан тапқан шығарсың, жаның жәннатта болғай, бауырым.
Суретте: Шынболат, жұбайы Әлия. Мен, жұбайым Райхан.
Әлия, бойы Шынболаттың кеуде тұсынан сәл-пәл ғана жоғары, мұрны пістедей, көзі еліктің көзіндей мөлдіреген, күлгенде күрек тісі жарқырап ақсия қалатын, қуыршақтай ықшам бәденді-ақ. Шын дос сыр жасыра ма, бұлар үйленгенде Шынболат он жетіде, Әлия небары он төрт жарым жаста екен. Отбасының ауыр тауқыметін жеңілдету үшін жасалған әрекет қой. Менің өз түсінігімде Шынболаттың мұнысы үлкен естілігі, ержеткен екі бірдей соқтауылдай жігітті бағып – қағу өмір тауқыметінен әбден қажыған жалғыз анаға тым ауыр соғарын түсінгендігі еді.
Әлия да әкесіз жетім өскен екен. Шешесі Жезқазған мен Ұлытау аралығындағы Жезді жұмысшы поселкесінде тұрады. Домаланған, бәкене бойлы кісі еді. Оның да тұрағы жарбиған ескі барактағы жалғыз бөлмелі үй. Кеңсе еденін жуып, өзек жалғап жүрген қарпайым жан. Қазаққа тән кеңпейіл, мейірімді. Шынболат пен Әлияға еріп барып, адал қолынан талай-талай дәм таттым. Барын алдымызға тосып, бәйек болатын, жарықтық. Балаларымның досы деп мені төріне шығарып құрметтейтін. Арзанқол қызыл шараптан бірер шынысын ішіп алып біз де төбеміз көкке жеткендей боп мерейленіп қаламыз. Ананың ыстық ықыласына елтіп, тағы келсек екен деп қонақжай үйден артымызға қарай-қарай аттанатынбыз.
Кейінірек білдім, Әлияның әкесі бар екен. Шешесін ертеректе тастап кеткен бе... Е, мейлі ғой, өмірде не болмайды. Қалай десек те биологиялық өз әкесі. Бойы екі метрге жуық ұзын, еңгезердей қарабұжыр кісі екен. Шынболаттың аты шығып, тұрмыстары түзелген кезде, қашқын әке табыла кетіп, олар нағыз әкелі-балалардай жақсы араласып тұрды.
Тақырыптан сәл ауытқысам, осы жерде де бір қызық заңдылық бар-ау. Әлияның кішкентай бойлы шешесі бойы екі метрдей еркекпен көңіл қосса, қуыршақтай Әлия да Шынболаттың кеудесінен бойы сәл-сәл асып, қасында сүп-сүйкімді боп домалаңдап жүруші еді-ау, беу, жалған дүние-ай.
Жастық асаулық, Құдай берген мінезі ме, иә, Шынболат әйел жыныстыға үйірсектеу болды. Және олардың ұлтына да, түр-келбетіне де, жас шамасына да онша мән бере қоймайтын. Мен жасымда тым «түзу» болдым да, оған мораль оқып, беймазалап ызыңдай беретінмін. Шынында оның кей-кейдегі бей-берекет жүріс-тұрысы имандылық, әдептілік, ар-ұят жайындағы түсініктеріме қайшы келгендіктен кәдімгідей ренжитінмін. Оның үстіне Шынболаттың бұл «ерліктері» бүкіл кенішке мәлім болып жататын. Қаңқу сөз жерде қала ма, әрине, Әлия да естиді ғой. Алайда оның қызғаныш білдіріп, сен сөйтіпсің дегенін, жарықтықтың, олармен қанша жақын жүрсем де бір естіген емеспін.
Қазақ пен башқұрт қаны араласқан Шынболат өте көрікті жігіт. Домбыра тартады, өлең айтады, сықақ оқиды. Абайдың, Қасым Аманжоловтың, Жұбан Молдағалиевтің, Төлеген Айбергеновтің, Мұқағали Мақатаевтың, Қадыр Мырзалиевтің тәуір өлеңдерін түйдектетіп жатқа соғады. Той-думанның сәні. Басқаға ерсі нәрсе Шынболатқа жараса береді. Шалбарын шешіп тастап үстел үстіне шығып билесе де, ешкім оған мұның сөкет демейді. Қайта қол соғып қолпаштап, мәз-мейрам болысады. Мұндай адамға жеңілтек шөпжелкелердің үйірсек келетіні белгілі ғой.
Әлия... көнбісті, ұстамды, мейірімді, аңғал да адал, байырғы қазақ әйеліне тән ең жақсы қасиеттердің бәрі соның кішкентай тал бойынан табылатын. Шынболаттың өнерін ұштап шығармашылық үлкен табыстарға жетуіне, шыңырағы шайқалмай салиқалы отбасы болуына кішкентайдан қосылған сүйікті жары Әлияның қосқан үлесі шексіз деп білемін. Үш ұл, екі қыз тауып беріп, ара-арасында оты өшіп қала жаздаған шаңырақтың көрігін қыздыра білді ол. Қиын-қыстау күндер келген сәттерде білекті түріп жіберіп жұмыс істеп те отбасы берекесі үшін аянбай күресетін.
Бірде машинаға май құятын жерде істегені бар. Тұтас жақпар тастың ортасы астау сияқтандырылып ойылған да, жермай сонда су сияқты жарқырап шалқып жатады. Әлекең үлкен ожаумен әлгіден көсіп алып, кімге қанша керек, құйып бере салады. Ол уақытта бензин, керосин дегенің кәдуілгі қара судан әлдеқайда арзан болатын. Есіл дүние-ай десейші.
Әлия енесін алақанына салып күтті. Шынболаттың жолдастарына да аса мейірімді, елгезек болды. Бара қалсаң, дастарқанға барын салатын, шын пейілді ықыласымен күтетін. Көп достарының ішінде мені туған қайнысындай жақсы көрген еді.
Алматыда университетте оқып жүргенімде спортпен қатты шұғылдандым. Грек-Рим күресінен кете-кеткенімше университет құрама командасының мүшесі болдым. Сол құрамдағы Марат Құсайынов, Бақытжан Хасанов, Сағындық Сатыбалдин сынды жігіттер кейін ғұлама ғалымдығымен республикаға кең танылды. Менің спортшы балуан екенімді жақсы білетін Шөкең каникулға бір келгенімде, әуелі онда-мұнда апарып қыдыртып шарапқа әбден тойғызып алды да, кеніштің Төртінші деген жеріндегі үйіне шақырды. Ол кезде қазіргідей қаптаған көлік жоқ. Адамдар күндіз де, түнде де барар жерлеріне жаяу тарта береді. Тас қараңғы түн. Сылпылдап ұзаққа сілтеген жаңбыр толассыз жауып тұрды. Жезқазғанның сазы су тисе желімге айналады. Сар балшықты былшылдатып кешіп келеміз. Дұрысы, табанымыз толарсақтан сазға жабысып зорға жүріп келеміз. Қызба Шөкең ондайға қарасын ба, кел, күресеміз, деп мазамды алып қоймайды. Жармаса кетіп, алыспасқа амалымды қалдырмайды. Мен әдіс-айла білем. Досымды қайта-қайта жерге алып соғам. Ол менен денелілеу, соған намыстана ма, әлде жығылған күреске тоймайдының кері ме, ұшып тұрып қайта жармасады. Қойшы, сонымен қорысқа аунаған шошқалардай үсті-басымызда батпақ жұқпаған сау жер жоқ, көзіміз ғана жылтырап, әйтеуір, үйге жетіп құлаппыз. Таңертең тұрсақ, екеуміз де көрпе астында тыр жалаңаш жатырмыз. Киімдеріміз керілген жіп басында ілулі, самсап тұр. Екі азаматтың ішкі-сыртқы лыпалары – қаншама киім және анау-мынау емес, желімнен де жаман сарсазға былғанған. Соның бәрін Әлекең айналайын бір түннің ішінде жуып, сығып, біз ұйықтап тұрғанша кепсін деп іліп қойған.
Жаялыққа бөленген нәрестедей көрпеге оранып отырып шәй іштік, бас жаздық. Әлекең сендер сүйттіңдер деп бір сөз айтпады-ау сонда, жарықтық. Мұндай зәт әйелді бұрын-соңды көрсемші. Осы кездесуімізге арнап Шөкең өлең жазған. Есімде «Жаттық қой екі ортада батпақ жалап» деген бір ғана жолы қалыпты.
Шахтада екі жыл ауыр жұмыс істеп, ілініп-салынып жүріп кешкі мектепте оқығандықтан ба, университетке түскенде білім жағынан өзімді қатарластарымнан көп кем қалғандай сезіндім. Сондықтан бар уақытымды кітапханаларда көзім бозарып жоғымды толтыруға, одан қалды аптасына үш рет спорт залында ақ тер, көк тер боп тән тәрбиесіне жұмсадым. Қыз-қырқын ортасына әуестенбедім. Әр нәрсенің өз уақыты бар, оның кезегі кейін келер деп есептедім. Спортпен шынығып, әбден толысқан балғын шақ қой, шіркін. Араға біраз жылдар салып ақыры мен де үйлендім. Шынболатпен достығымыз бұрынғыдан да беки түсті. Бірде Шөкең үйінде әзіл қосып әңгімелесіп отырғанбыз. Әлия менің тіземнен сәл жоғарырақ тұстан ұстап санымды мытып-мытып жіберді де:
-Уызыңнан айырылыпсың ғой, - деді күрек тісін ақсита күліп. Ә дегенде қайсымыз да түсінбей қалып, артынан барып аңғарып жатырмыз. Үйленбеген бозбаланың саны балғынданып, дүрдиіп тұрады емес пе. Үйленген соң балғын бұлшық ет таралып, тарамыстанып қатая түседі білем. Бізден бұрын тұрмыс құрған, тәжірибесі озық Әлекең соны байқап, аңғарғаны екен ғой.
Жалпы, менің көңіліме Жезқазған өте-мөте ыстық боп көрінеді. Мен мұнда алғаш еңбек жолымды бастадым. Осы кеніштің топырағында әкем мен шешем жатыр. Әкем Ахмет 1965 жылы жасы алпыс бірге қарап тұрған шағында қайтыс болды. Мен ол тұста Қарсақпайда мұғалім едім. Үлкен шаңырақтағы нан табушы жалғызбын. Бірақ қиындық көрмедім. Шынболат бастап, Мұрат, Бақыт Барсов сынды адал достарым бар ауыртпалықты өздері көтеріп әкетті.
1993 жылы шешем Саржан дүние салды. Бұрынғы Одақ көлемін шулатып, Қарағанды телерадиокомпаниясына төрағалық қызметке бекіп жатқан кезім. Дегенмен бұрынғыдай емес, қауқар бар, ептеп бедел алып қалған шақ. Шешемді әкем қасына апардым. Тағы да Шынболат бастаған жезқазғандық достарым аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті. Иә, біз бергеннен, алғаннан гөрі таза ықылас –пейілді, адамгершілікті жоғары қойып өскен ұрпақпыз.
Менен бір жылдан кейін Шынболат та Алматының политехникалық институтына түсіп, біраз уақыт қатар оқыдық. Көңілі оқудан гөрі ойын-сауықтарға көбірек ауып, жастықтың қызыл –жасыл бақшасында сайранды салып-ақ баққан еді. Ақырында оның бұл оқуы он бес жылға созылып, Жезқазғандағы техникуммен аяқталғанын қайтерсің.
Алматыда қатар оқып жүрген шағымызда, мен бірде достарымды пойызға шығарып сала барып, тентек суға қызып жүрген бір топ жігіттің ортасына түсіп қалдым. Олар менің жалғыздығыма қарамай пышақ жұмсады. Қолымнан, арқамнан оңдырмай жаралап кетті. Темір жол бекетіне жақын жердегі, бұрынғы Пастер, қазіргі Мақатаев көшесіндегі әскери госпитальға операцияға түстім.
Арада көп жыл өткеннен кейін, осы оқиғаны еске алып Шөкең айтады:
«Қалтамда көк тиын жоқ. Көше бойынан арақтан босаған екі шөлмек тауып алып өткіздім де, содан түскен тиындарға бір бөтелке айран, екі бәліш сатып алып, саған бардым. Есіңде ме?» Мен ұмытыппын. Ұмытқаныма ұялдым. Дос десе қоң етін кесіп береді деп, Шынболаттай жігітті айтатын шығар деп ойладым.
Қарсақбайда мұғалім болып жүрген кезім, бірде көркемөнерпаздарын шұбыртып Шынболат келе қалды. Поселке клубында концерт қойып жатқан. Түс әлеті. Келіншегім Райхан екеуміз үйде болатынбыз. Жанұшыра екпіндеп Шынболат кіріп келді. «Ойбай, ішім өртеніп өліп барам!» «Не жедің?» «Жегем жоқ, іштім».
Райхан үйдегі бар айран-сүтті аузына тосып жатыр. Аздық еткен соң, зыр жүгіріп, көрші-қолаңнан ағарған тасыды. Алдына келгенін қотарып ішіп, лақылдата жиі-жиі құсып, Шынболат ақыры жан шақырды.
-Не іштің? – деймін ғой қадалып.
-Білмеймін. Асығыс өтіп бара жаттым да, құнжыңдасып жатқан жігіттерге маған да құйыңдар дедім. Құйып берді жарты стақан. Қарамастан қағып салдым. Сәлден соң ішім ал кеп бүрсін. Өртей бастады. Іш құрылысым жиди бастағанын сездім. Райханның айран-сүті болмағанда... Сірә, ацетон сияқты ішкенім...
1974 жылдың жазында мені Қарағанды теледидарына бас редакторлық қызметке бекітті. Әдеттегідей күнделікті жұмысыма кірісіп жатқанмын. Қолында валетка деп аталатын кішкентай сандықша, Шынболат келіп тұр. Жезқазған – Петропавл пойызынан түскен беті екенін біле қойдым. Үсті - басы біреу таптап кеткендей мыж-мыж. Бет іскен, көз қызыл, ұйықтамаған.
-Шөке-ау, бұл не жүрісің?
-Екі қолымды төбеме қойып безіп шықтым.
-Бағыт?
-Өзім де білмеймін. Бірақ әуелі саған соғып ақыл сұрауға ұйғардым.
-Ақшаң бар ма?
-Қалды-ау деймін бірдеңе.
-Ендеше жақын дүкендердің бірінен жартылық ал да, саябақ ішінде күт.
Редакциядағы шұғыл шаруаларымды реттеп, мекеме іргесінде тиіп тұрған саябаққа кірдім. Ұзынша орындықтардың бірінде Шынболат тосып отыр екен.
-Не болды?
-Бұл өмірде түк мән жоқ.
-Содан?
-Екі қолымды төбеме қойып қатыннан да, баладан да безіп барам.
-Дұрыс.
-Демалыс алғам. Қолыма төрт жүз сомдай (ол кезде бұл өте көп ақша-Ө.А.) тиген еді. Жезқазғаннан шыға вагон - ресторанға жайғасқам. Жолай танитындарды да, танымайтындарды да суғарумен болдым.
-Қаншасы қалыпты?
-Жүздің үстінде.
-Жартылық алдың ба?
-Алдым.
-Онда былай болсын. Жартыны бөліп ішеміз. Сосын сен кешкі пойызбен кейін қайтасың. Үйіңе барған соң ішкілікті қоясың. Шын ниетіңмен менен ақыл сұраймын, айтқанына тоқтаймын деп келген болсаң, саған бар айтарым осы...
Әрине, жартылықты бөліп іштік. Өмірдің мәні, адам пенденің тіршіліктегі орны жайында өзімізше біраз әңгіме қыздырдық. Жасымда инабатты тым түзу жүргендігімнен бе, әлде университеттен алған білімімді сыйлағандықтан ба, құрбы-құрдас, жора-жолдастардың біразы сөзіме құлақ қоятын. Шынболаттың: «Сенің ақылыңды тыңдауға келдім», деуінің осындай сыры бар еді. Қалай болғанда да Шынболаттың ара-тұра сүрініп кетіп жүргенін есептемесек, екеуміздің осы кездесуімізден кейін арағын қойды. Айтыскерлік ақындыққа бейімделді, бұдан біраз өндіртіп, жыршы – термешілікке бет бұрды. Бұрынғы жыршы – жыраулар ізімен өзі де заман - уақыт, тіршілік – тағдыр хақында толғаулар шығарды. Онысы бодандықтың қамытынан шығып, егемендік алып жатқан еліміздің көңіл күйіне дөп келді. Осы екі өнерді шебер ұштастыра білуі арқасында халыққа кең танылды. Ел сүйіктісіне айналды. Риза болған көпшілік қауым оған қос-қостан машина сыйлады, ана ауыл, мына ауыл астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты.
Сайып келгенде, осының бәрі адал жары Әлияның да арқасы еді. Мен көрген қазақ әйелдерінің төресі Әлекең. Жасы елу екіден аса бере дүниеден тым ерте өтіп кетті. Шынболат оның басына айшықты күмбез тұрғызды.
Шынболат төсек жаңартты. Ақтөбеден, балалары ержетіп кеткен, жасы қырықтың белортасына шыққан Оразбике деген басы бос әйелге үйленді. Қарағандыға арнайы әкеп бізбен таныстырды. Шашылып-төгіліп бар ықыласымызды көрсеттік. «Теледидар қонақжайында» деген айдармен берілетін хабарымыз бар еді. Соған шақырып жыр-термелерін айтқыздық, өлеңін оқытқыздық. Облыстық мәдениет департаментінің бастығы Рымбала Омарбекова иығына әспеттеп шапан жапты. Оразбике бізге иман жүзді, кісілігі мол жан иесі сияқты көрінген еді. Жақсы әсерде қалғанбыз.
Сол жылдың тамыз айында Абай Құнанбаевтың ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылған 150 жылдық тойы өтті. Қарағанды облысынан тойға арнайы шақырылған ресми қонақтардың құрамында мен де бардым. Абайдың Жидебайдағы қыстауы мен ескерткіш кешенге дейін жаяу келе жатқанбыз. Жол үстінде бозбала күннен айнымас досым Шынболат кездесе кетті. Құшақтасып, сүйісіп жатырмыз ғой. Тілін аузыма салды да жіберді.
-Өтен, соңғы кезде осындай мода шыққан,- деп қарқ-қарқ күледі айтулы серің. Сасыңқырап қалған мен де еріксіз күліп жібердім. Басқалар да күлкіден қыран-топан болып жатты.
Араға жыл салып, Шынболат бір шаруамен Қарағандаға келе қалды. Жағдайларын сұрасам:
-Біз айырылысып кеткенбіз,- деп қарап тұр.
-Оу, не болды? Не көрінді?
-Мен сені миллионер екен десем, пенсионер екенсің ғой деп тайып тұрды.
-Қойшы, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды екен.
-Ұлы, қызы, келіні, күйеу баласы – бәрі бірдей жұмыссыз қалыпты,- деді Шынболат байсалданып.- Жезқазған бір пұшпақта тұйықталып отырған ел. Ақтөбемен ешқандай қатынас та, байланыс та болмай қалды. Оразбике ОРС- та бас есепші боп бүкіл әулетті жалғыз асырап жүреді екен. Мазасызданып алаңдай берді. Елдің қазіргі жай-күйін өзің де білесің ғой. Рұқсат бердім...
Енді ол Қызылорданың Арал жағынан танысқан бір қызға аңсары қатты ауып жүрген көрінеді. Қыз келіссе, үйленбек ойы бар. Өзінен он сегіз жас кіші екен. «Ертең жарамай қалып жүрмеймін бе?», - деп басымды қатырды.
-Алпыстағы дені сау еркекті кәрі деп айту қиын. Әркім өз қауқарын өзі шамалай алатын шығар. Шамаңа қарап байқарсың. Атам қазақ ұрғашының жасына қарамаған. Ертеңгі күйім қалай болады деп тіпті ойланбаған да.
Шөкең кеңк-кеңк күліп ап:
-Сен осы Кіші жүзсің бе? – деп қуланды.
-Оны қайтпексің. 1956 жылдан бері сұрасаң қайда жүрдің?
-Сенің қарындасың болып қала ма дегенім ғой.
-Солай ма? Бірер жас менен үлкендігіңді сыйлап, алдыңда кішірейіп жүруші ем. Бәлем, қолыма түсші осыдан. Есік жаққа отырғызып қойып, баяғыдан бері кеткен есемді бір қайтарайын...
-Ол қызды қолыма қондырар болсам, көндім айтқаныңа.
-Оу, Жезқазған қайда, Арал қайда, екі арада үстінен құс ұшырмай тандыры кеуіп Бетпақтың шөлі жатыр дегендей, онымен қалай танысып жүрсің?
-Бір жағы Қызылорданың атақты термешілерінен үйреніп, бір жағы өзімнің де шығарғанымды елге таныстыра шыққанмын ғой. Аралда қасыма аудан әкімінің орынбасырын қосып берді. Өте бір пысық, елге сөзі өтетін қадірлі жан екен. Жүріс-тұрысы, мінезі қатты ұнады. Және басы бос екен. Бірақ өзіне көңілімді қалай білдірудің жолын таппадым.
-Шау тартып, жігерің жасып қалғансың ғой.
-Жоқ, бір беймәлім тылсым күш тілімді байлап тастады.
-Е-е, көңілің шын құлаған екен де.
-Иә, содан гастролім бітті. Қоштасу дастарқаны жайылды. Аудан басшысы халыққа көрсеткен өнеріме ризашылығын білдіріп, қазақы салтпен:
-Ал не тілегің бар, қалауыңды айт,- дегені ғой. Ойланбастан аузыма бірден сап ете түсті:
-Қисаңыздар, маған осы қыздарыңызды берсеңіздер, - деп айттым да салдым.
Аудан әкімі кеңк-кеңк күліп алып:
-Өзіңдей ел қадірлеген азамат сұрап тұрса, бір қызымызды қимастай не көрініпті бізге, ал, ала ғой, - дегені. Гүлсара бетін басып жылап біраз бұлқан-талқан болды. Бірақ кет әрі емес. Жақында Алматы қаласында Қызылорда облысының күндері өтпекші. Сол шараға мына жақтан мен де барып асау қызды көндіріп қайтпақ қамында жүрмін...
Шынболат бір жолы Ақмолаға барып, аса бір бай адамның жауапты тойын өткізетін болды. Жолай маған соғып, бір күн кідірген. Онда кетерінде үстіндегісі күздік жұқа шапан еді, ол жақтан жылы дубленка тон киіп оралды.
-Мына біздей марғасқалардың қатарында қыстың қақаған аязында жұқа шапанмен қалтырап тоңып жүруге болмайды, ұят келтіресің деді де, дереу базға апарып таңдатып, осы тонды кигізді.
Қазақ үшін асабалық, жыршы-термешілік өте үлкен өнер. Тек соның асабалығымен ғана талайлар ел үстінен күндерін көріп жүр. Шынболат, бұл жағынан, әрине, ондайлардың көбінен бірнеше бас биік тұр. Бірақ бәрібір Әлияның жоқтығы Шынболат досымның бұрынғы қылаусыз қадірін сәл төмендетіп жібергендей ме, қалай? Бұрынғыдай арындап тұратын асаулығы жоқ. Біртүрлі жуас, пәс. Сосын ба, білмеймін, мені іштей «жақсы әйел ер азаматтың киесі екен-ау» деген бір тосын ой мазалай бергені...
х х х
1998 жылдың қараша айының басы. Мен Қарағандыдан көшіп, Алматы облысының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Мыңбай деген ауылдан, Қарағанды облысының Нұра ауданынан шыққан атақты ғалым Кәрім Мыңбаев атындағы ауылдан, екі қабатты кодтедж үй сатып алып, сыртта соның жылыту жүйелерін жасатып жатқан едім. Қар әлі түсе қоймаған. Күн шағырмақ болса да, ауа дымқыл, ызғары сай-сүйектен өткендей. Пошташы жеделхат әкелді. Оқысам, Шынболаттың хабары. Марқұм болып кетіпті. Жерлеуі 10 қараша, бүгін сегізі. Құс болып ұшпасам, басқаша жолмен жете алмаймын. Көзімнен ытқыған тамшы ызғарлы ауада мұрнымнан жылтыңдаған сұйықпен араласып, аузыма тиді. Ащы кермек дәмді үнсіз талмап, пұшайман боп селтиіп тұрып қалдым...
Осыдан бір жыл ғана бұрын алпыс жасы мен үйлену тойын, кеніштің баяғы Мәдениет сарайының өзі өмір бойы көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, жастық шағының жалынды үні қалған колонналы биік залында өткізген еді. Күйеу жолдас әрі қайнағасы ретінде қасында отырған ем. Өйткені егде тартқан шағында шын ықыласы кетіп алғаны Арал өңірінің Гүлсарадай аруы болатын. Беу, дүние-ай, адамның басы Алланың добы деген осы ғой. Жазмыштан озмыш жоқ. Сәтбаев қаласында «Байқоңыр» атты үлкен кинотеатр салынғанда, Шынболат соның алғашқы директоры болды. Арада бірер жыл өткеннен кейін кездескенде жөн сұрасам, ол қызметтен кеттім дейді.
-Неге тез, не боп қалды?
-Өй, директор боламын деп, е... ұрып ала жаздадым.
Түсіндім. Шөкең бүкіл жан-тән жаратылысымен өнер үшін туған тұлға ғой. Әлдебір жерде мүлгіп-шүлгіп мәжілістерде отыру, қағаз жазу, есеп беру, лауазым алдында мәймөңкелеу, ақша айналымы деген не, оны шотқа қағу – оның табиғатына мүлде жараспайтын. Соны айтып, аман-есен құтылғаның өз басыңа үлкен абырой болған екен, деп құттықтаған да едім.
Қалай десек те Шөкеңнің арты жақсы болғанын алыста жатсам да естіп-біліп қуанып жүрдім. Қырық жылдан астам ел - жұртын қызықты өнерімен сусындатқан табанды еңбегі зая кетпепті. Өзі тұңғыш директоры болған театрға Шөкеңнің есімі беріліпті. Сонау Аралдан ер азаматтың асыл басын қадірлеп етегінен ұстап келген аруы Гүлсара Шөкеңнің шаңырағын шайқалтпай, артында қалған ұл-қыздарына ұйытқы болып аналық парызын бекем атқарып отыр деп естимін. Қазақтың қай шыңырағын да Алла әмәнда биік те берекелі ете берсе екен деп тілеймін.
Өтен Ахмет, Еңбек ардагері.
Нұр-Сұлтан