Сағыныш Намазшамова: «…Терезеден тысқа елеусіз қараймын, Тағдырымды құйып алып кесеге»

ӘДЕБИЕТ
3220

Сағыныш Намазшамова — 1978 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. 1993 жылы əл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, оқу орынын 1999 жылы аяқтайды. Оқырманға Сағыныш ақынның өлеңдерінен  ағыны қатты тау өзенінің қарқыны мен гүл жарған кең даланың адалдық татыған иісін бірден аңғару қиын емес. Оның шығармашылығымен еріксіз көкте қалықтап, баяны тұрақты әлемге өздігіңнен саяхаттап кеткің келеді. Себебі, оның ерекше ақындық  қуаты — өлеңдеріндегі өзгеше лирикада, өзгеше сезімде жатыр…
Сағыныш Намазшамова 2007 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері.

Гүрілдеп аспан,
дірілдеп тастар
жатқанда,
біз де қызық деп,
Жарысатынбыз өзенге қарай
Бір-бірімізді қуып кеп.

Қорғалап қолмен жалаңаш басты,
Жауыннан тұрсақ жасқанып,
Өзенде сол шақ бір керемет би
Кететін кенет басталып.

Шуылы судың жаңбыр үнімен
Жарыса шықса күй тынбай.
Қимылмен ғана сөйлейтін тамшы
Су бетіндегі сиқырдай.

Секіреді де шыр айналады,
Жаныңды бөлеп ләззатқа.
Сіркіреп тұрған мен болсам, шіркін,
Сіңіп кетер ем ғажапқа.

Моншақты қыздар мың бұралады
Бұлттардан түскен мөлтілдеп.
Беймезгіл мені күтесіңдер ме,
Жағаға жақын келсін деп?!

Сол биді іштей үйренетінмін,
Күйге енетінмін бір ерен.
Билігі көктің қолымда болса,
Би билеп ұшып жүрер ем.

Басылды кенет төпеген жауын,
Қана алмай, көңілім, қалдың ба?!
Тыншыған кезде тамшының бәрін
Арнаңа қосып алдың ба?!
Ақсуым!

****

Еске түсті бала қиял
Ғажайыппен қауышқан.
Көп сәулелер көз арбайтын
Қас қарая алыстан.

Суы ағатын аузымның,
Ертегі елі шығар деп.
Жылтыраған сол оттардан
Жетті маған құмар леп.

Елегізітіп, елітетін
Түннің тылсым құшағы.
Қараңғыда біткен қанат
Жарық жаққа ұшады.

Сол отпенен ауылымның
Арасында жатты өзен.
Аядай сол арманымды
Адастырмас бақ көрем.

«Жар жағалап, өзен бойлап
Жата қоймас тегін ел?!
Не сиқыры бар, — деуші едім —
Түнде ғана көрінер?!»

Жатсам-тұрсам сол бір жарық
Сәуле шашты жаныма.
Күңгірт күнде бір жылт етіп
Көрінер ме ең тағы да?!

Балаң едік, бой түзедік,
Белді буып бекемдеп.
Және де ұзақ сапарладық
Сол жарыққа жетем деп.

Кейін бәрін ұққаныммен
Көңілімде қалды арай.
Көкейіме шырақ жаққан
Көрші ауылдың шамдары-ай!

****

Ағады Ақсу баяу ғана,
Шалқымайды, тасымайды.
Жағасында жан тыншиды,
Қалсам ба екен басыбайлы?!

Қашсам солай жан мұңынан,
Шаһардың шу-гүрілінен,
Болар ма екен дерт меңдеген
Жүрегімнің дірілі кем?!

Жал толқындар жымың қағып,
Жарысады ойнап ағып.
Жылылықты біз қалайша
Толқын құрлы ойламадық?!

Торықпайды жатса дағы
Толқын басын тасқа соғып.
Біз де сондай мықты болсақ
Қиындықтан қашпас едік.

Салқындатшы санамды енді,
Тербет, өзен, әлдилеші,
Әніңе ұйып ұйықтап кетсем,
Білем, дерттен жан күймесін.

Ағады өзен, оралмайды,
Уақыт деген ауыспалы.
Сен де арнаңа түссеңші енді,
Өмірімнің ағыстары!

****

Өткенді елес қып, есті із ғып,
Түйіскен жолдарды кеш түздік.
Мұнымыз ессіздік емес тек,
Мұнымыз – шексіздік.

Жуымай қойса да жеңіс түк,
Біз — Жердің нүктесі ең ыстық.
Екеуміз жасаған бір әлем,
Ол әлем – кеңістік.

Мұң атып, біресе гүл атып,
Жылатып, біресе жұбатып
Жүретін біздерді
Баяғы – уақыт.

Аз күндер, жаз күндер — азық-құт,
Наз күндер жіберді нәзік қып.
Кеңістік қанша кең болса да,
Мен саған оралам,
Жазықтық.

****

Түс көрдім, маңайымыз желек екен,
Бәріміз шадыманбыз.
Ақ көйлегі желбіреп келеді екен,
Кешегі налыған қыз…

Жетерміз бір бақыттың бағасына,
Көгерер көсегем бол.
Айналыпты даңғылға, нанасың ба,
Батыс пенен шығыстың арасына
Екеуміз төсеген жол.

Вокзалды да сары аяз тоңдырмайды,
Көктемге тұрады ұқсап.
Мен секілді қия алмай қол бұлғайды,
пойызға шығарып сап.

Болмаса егер жүрегің мұздан, жаным,
Бір хабар айтар едің.
Көріп кетші гүліңнің бүр жарғанын,
Қайта келіп…

****

Мына жаңбыр басталып ед нешеде?
Тамшы біткен қонып жатыр көшеге.
Терезеден тысқа елеусіз қараймын
Тағдырымды құйып алып кесеге.

Терезеден көрінеді қақпам да,
Терезеден көрінеді аспан да.
Көлеңке боп төгіледі ақшам да,
Көрмейін деп көзімді алып қашсам да.

Маңай түгел айналса да лайға,
Тамшы жерге құшақ ашып құлай ма?!
Мүмкін олар асығып кеп аспаннан
Дәл осылай тәу етеді Құдайға.

Құшақтауға жетпейді, әттең, құлашым,
Жаңбыр даусы, бәлкім, оның дұғасы.
Отыратын ас бөлмеден аса алмай
Мен үшін де жалғыз тілек сұрашы..

****

Ғаламды жаратпас текке,
Жер бізге, біз Жерге кімбіз?!
Күлімдеп тұратын көкте
Күн деген – жай ғана жұлдыз.

Аспанның ажары дер ме,
Жұлдыздың жанары – шырақ.
Шырақтар тамады жерге
Асығып, адасып, құлап…

Құлау мен құлдырау теңдей,
Көңілің құлазиды аздап.
Сол шырақ жерде де сөнбей
Кеудемде тұрады маздап.

Білмеймін, көктен не көрдім?
Аңырып қараймын Айға.
Серігі емес пе ең Жердің
Селкеусіз сенімім қайда?

Жұлдыздар ілінген зәуге
Күрсініп қарайды бір қыз.
Күн деген – сөнбейтін сәуле,
Күн деген – ең алып жұлдыз.

****

Ұзақ сапар кезіндегі көңіл-күйден туған бір өлең…

Бір қара жол. Бір машина. Бір тілек.
Төгіп тұрды сағыныштың бұлты кеп.
Тамшы айғыздап жатты әйнекті.
Тіл үнсіз.
Жүрек қана сөйлеп жатты күркіреп.

«Жүрек назы» жүректерді шымшылап,
Екі жүрек мұң сұрамай, нұр сұрап,
Сағыныштан сана біткен сарғайып
Жүре берер ме екен өстіп кіл шыдап?!

Тыңдап келем, көп екен ғой ән-үлгі,
Жырға қосар ғашығыңды, жарыңды.
Ақ жауын-ай, тек әйнекті ғана емес,
Жушы менің жабырқаған жанымды.

Болғанымен ағыл-тегіл мол сезім,
Бес күндікте бөлінбейтін бөлшегім,
Құшағыңа еніп кеткім келгенмен,
Жете алмадым жерде отырып қол созым.

Кейде өмірге күлкі беріп қайғы алам,
Айтшы, жаным, мына ғалам қай ғалам?!
Көрген сайын күш аламын сонан соң
Жымың қаққан жанарыңды айнадан.

Солай. Жиі қарадың да тербеттің,
Мені сендей жаза алады емдеп кім?
Сездім, сенің сезіміңе шөлдеппін,
Білдім, сенің жанарыңнан сөнбеппін.

****

Бетегелер, жусандар!
Сендердің күн сүйген жамалдарыңа
Қалқып келіп қонушы еді ғой нұр шаңдар!
Егер расында осы өлкеде тусаңдар,
Сендер де қара жерді қорыңдар!
Сонда сендерге де орын бар.

Қызғалдақтар, лала гүл,
Көктемеге көрік берген қарағым,
Сендер де қызғыштай қорыңдаршы,
Тұмар ханшайымы секілді даланың!

Қорымдар!
Қара жерді сендер де қорыңдар!
Қара жерді мен де қорғайын, сонда ғана
менің тәніме сол қорымнан орын бар!

 ****

Көктем күледі, Жаз қабағын ашып,
Бірақ менің жаным Күзге ғана ғашық.
Қоңырсалқын дидарын көрсем болды
Жүрегім соғады, көңілім тасып.

Боялады өңір қызғылт сары түске,
Сол сары түс кейде түсіп кетіп ішке,
Мазамды алады менің сағыныш болып,
Екі жүрек кенет бөлінеміз үшке.

Сол жүректе ерен болғанымен күш бар,
Жадырауға емес, жабырқауға құштар.
Алып кетсе ғой деп армандаймын сосын
Жылы жаққа кетіп бара жатқан құстар.

Құстар мені қайтсін көшіп жүрген шақта,
Жылы жақта көзі жәудірейтін жатқа.
Жер бетіне қыс кеп, кәрін төккен кезде,
Бала көктем ғана қалып қойса бақта.

«Сонда сен де, әй, құс, кетпес едің менен,
Солай болса сенің кетпесіңе сенем».
Сенетінімді айтып ұйқысырап жатсам,
Тоңазып-ақ қапты толықсыған денем.

****

«Кірпігіңнен көркем емес,

Көздеріңнен терең емес»,-

деші маған жалғанды.

Сонда маған керек емес,

керек емес жар мәңгі.

«Күлгеніңе татымайды,

Бір меңіңе тұрмайды»,-де

«шартабақтай шар мына»

Сонда өзімді айыптаман,

Жайып салсам алдыңа.

***

Қызыл көйлек

Қыз келеді кигені қызыл көйлек,

Қызу тірлік жалғанды үзілмей кеп.

Қызыл көйлек қызыдырып көңіл отын

Кей жандардың көкейін кеміретін.

Қызыл деген от екен ойран етер,

Ойран етер салдың-ай ойға бекер

Сескенбегін қызылдың басқы мәні-

Алауға жалау болған жастық әні.

Қызыл деген құлшыныс лапылдаған,

Қаймықпайтын қайсарлық батыл қадам.

Қызыл деген өмірге құштар адам,

Осы түстен қуат пен күш тараған.

Қызыл кидім, несіне сөз қыласың?

Басқа киіп қайсысын озды басың?

Қызыл көйлек тағы да киіп келем,

Өрттей болған өмірді сүйіп келем.

***

Жол үстінде жолығып,

Жол үстінде қоштасып,

Үлгердік пе, білмеймін

Қимас жандай достасып?

Түйістіріп көзге көз

Қарадық па дұрыстап,

Екеумізді күтті ме?

Ақ қар басқан күміс бақ.

Ести алмай кеттік пе

Жүректердің қағысын,

іңкәрліктің тынысын,

сезімдердің дауысын?!

Сүйікті де демедік,

Сүйе де алмай қанып бір,

Сіздің жұлдыз әнекей

Жоғарыда жанып тұр.

Түсіме ене береді

Сұлу, суық түсі ақ қар…

Қыспай қалған құшақтар…

Ұшпай қалған ұшақтар…

****

Жарқын күннің бәрі де кетіп іште
Мен сен үшін айналдым өкінішке.
Біліп ең ғой әйтеу тап боларыңды
Бет қаратпас бетпақтау бекініске?!

Біліп ең ғой сол жолға түскеніңді,
Біліп ең ғой тәп-тәтті у ішкеніңді.
Мен отырмын сыртым сау, ішім дүлей,
Жегі құрттай жиып ап ішке мұңды.

Ойы бекем, қадамы нық деп едім,
Көлбеңдетті өмір көп нүктелерін.
Қалқаным да жоқ менің қорғанатын,
Қауқарым да жетпейді түкке менің.

Мен өйткені өзіңді тау көріп ем,
Сағым көшті көзімнен әлде кілең.
Әлде ұшып кетсем бе құс легімен
Әлде тарап кетсем бе таң демімен.

Сені бірақ демеймін өкінішім,
Өкініш деп атамашы – өтінішім.
Мүмкін келген болармын бұл фәниге
Сені өлердей шын сүйіп кету үшін.

author

Сағыныш Намазшамова

АҚЫН

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...