Амангелді Кеңшілікұлы. Кейіпкердің жан әлемін ашу мақсат

ӘДЕБИЕТ
2363

Соңғы жылдары проза саласында өзіне тән қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан талантты жазушылардың бірі – Есболат Айдабосын. Мүмкіндігім келгенше мен оның жазған әр шығармасын қалт жібермей, қадағалап оқуға тырысамын. Ең бастысы Есболаттың жазу мәнерінде нағыз прозаның көркем тілі бар. Ол кез-келген шығармасының құлақ күйін келтіріп алып, Алатаудың арқалы ақындарындай шабыттанып жазады. Суреткердің қаламынан туған хикаларында тау суындай тасыған поэтикалық сарын бар. Сондықтан да сұлу сөзбен өрілген оның дүниелері бір демде, жеңіл оқылады.

Бүгін «ҚӘ» газетінен Есболаттың жаңа әңгімесін оқып шықтым (Ит тірлік). Бұрын ол өмірдің сыртқы көрінісін суреттеуге қатты ден қоятын. Кейде онысы ұзын-сонар баяндауға ұласып кетіп, оқырманның ішін пыстырып алатын кездері де жоқ емес. Бұл жолы ол суреткерлік шеберлікпен өз кейіпкерінің жан әлемін ашуға бар күшін салыпты.
Есболатта төгіліп тұрған көркем тілдің бар екенін жоғарыда айтқанбыз. Сондықтан да ол прозада өзін суда жүзген балықтай еркін сезінеді. Шығарманы оқи бастағаннан-ақ оны бірден байқайсың. Бірақ, жазушы болып толық қалыптасу үшін, Есболатқа маңдай терін төгіп, стильмен, формамен әлі де біраз жұмыс істеу қажет. Әрине, Әуезов пен Кекілбаев сияқты суреткерлерде ғана кездесетін кестелі тілдің Есболаттың прозасында бар болғаны бізді қуантады. Бірақ, тым күрделеніп кеткен бүгінгі заманның прозасына оқиғаны көркем тілмен баяндап беру жеткіліксіз. Сондықтан да өз кейіпкерінің характерін, адамдық табиғатын жан-жақты ашып, жан әлеміне тереңірек еніп кету үшін келешекте Есболатқа психологизм, полифония, ішкі монологтың көмегіне де көбірек жүгініп, адамды еліктіріп әкете алатын ситуация жасауды үйренгені абзал.

Есболаттың мына шығармасы осы олқылықтың орнын толтыруға әрекет еткен қаламгердің сәтті талпынысындай болып көрінді, маған. Біз осы талпыныстың нәтижесіз болмайтынына дәмеленіп отырмыз. http://qazaqadebieti.kz/21093/it-tirlik?fbclid=IwAR15uXbYNOC3jC-XSfvGnL25nwfvCSR8kOhzAeuNbs69eVylA4YMyFwhUzY

Амангелді Кеңшілікұлы

author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...