2021 жылдың 30 тамыз күні Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен жыр алыбы...
Бір пікір – шын пікір емес! (ойсалар)
Сөз мырза менімен қалжыңдасқысы келді ме, ананы-мынаны айтып, маңызсыз бірнеңелерді қайта-қайта қопсытып тұрған. Аса жақтырмағанымды көз жанарымнан байқап қойды ма, дереу бойын жинай бастады. Сосын салмақты әңгімеге ауыса берген. Былай деді: « Қазіргі кездегі адамдарды мен еш түсіне алмаймын. Неге дейсің бе? Олардың көбісі-ақ кішкене сын пікір естісе бітті, жүні жығылып, күйреп-мүжіліп қалады – сол дұрыс па?
Жалпы, пікір деген қай уақытта да жеке адамдардың ішкі ой –талғамымен айтылады, сосын да оның барлығы бірдей шын яки шыншыл пікірге жатар ма? Біздіңше, кесімді пікір ешқашан, еш заманда да болған емес, бола алмайды да. Өйткені, он адамда он түрлі көзқарас бар – ал ақ-қарасын асығыс анықтап ал! Саған жақын тақырып қой, әдебиетшілер жайынан айта кетейін.
Кезінде орыстың ғажап жазушысы Тургенев Некрасовқа сәл-пәл ренжіңкіреп жүргенде, эмоциялық пікір айтып, ақынның ақындығына едәуір шүбә келтіре сөз арнапты. Өкінішке орай, сол пікір өз уақтысында Некрасов үшін қатаң үкім болып, көпке дейін аты «құрметті тізімнен» қалып қойған.
Қазақта да мысал бар. Атақты жазушы Мүсірепов әлдебір жағдаймен жап-жақсы жазушы Д.Досжанның әлдебір туындысындағы тіліне риза болмай, «сынап» тастады – сол үкім қаламгер інісіне ауыр соққы болып қана қойған жоқ, талай жыл қыр соңынан қалмады. ( Әрине, өз дәуіріндегі аузы дуалы, атағы шырқап тұрған кісілердің аузынан шыққан қандай да бір сөзін талдап-талқылап жатпастан, қалың жұрт сол қалпымен қабылдап, барынша сеніп те қалады, соның ессіз әсерінде тұсауланары да рас). Ал, бүгінгі заман көзімен қарағанда Некрасов орыстың маңдайалды ақыны, Досжан да қазақ үшін қаражаяу жазушы емес!. Арғы жағын өзің ойлап, салмақтай бергейсің...»
Осыны айтты да, жөнімен кетіп бара жатқан. Мен үлкен мағынадағы пікір туралы ойланып тұрдым. Бәріміз де пендеміз, қадам сайын пенделік жасап қоя береміз – ол ақиқат! Жастау кезде осы пақырыңыз да аз-кем сын саласымен әуейіленіп, қазақ қаламгерлерінің шығармаларына пікір жазған-ды.
Сондай күндердің бірінде «Бала ұғымы және шығарма» деген көлемділеу мақала жазылып, онда жас жазушы М. Қабанбаевтың «Арыстан, мен виоленчель және қасапхана» деген шағын повесіне азды-көпті сыни пікір білдіріп өтіппіз. Сынымыздың түйіні – шығарма бала ұғымына ауыр, тым пәлсапашыл, мейлінше қиындатып жазылған! Талантты аға, әрине, қатты ренжіді, онысын кездескен сәтте жасырмады да. Біз де қасарысып, өз ойымыздан қайтпаппыз.
Арада талай уақыт өтті, Марат ағам бақилық болды, бірақ біз сынады екен деп шығармашылығы ақсап қалған жоқ – қазір қазақтың саусақпен санап алар жазушылары сапында аталады. Біздікі, енді салмақтап байқасақ, эмоциялық пікір екен, біржақты талдаппыз, бір қырын ғана көре алыппыз – қандай аңғалдық! Сірә, эмоциялық пікір – шыншыл пікір емес! Нағыз шыншыл пікір салқынқанды, сабырлы, оған қоса тереңнен қазған, жан-жақты салмақталған, ақ-қарасы безбенделген, айтары астарлы, түйіні әділ, ойы өнегелі... болып келсе ғой, шіркін!
Осылайша білгішсініп, ауыз толтыра айту, әрине, оңай-ақ, Сөз мырза! Ал, өмірде...
Жолтай Әлмашұлы